Өзекті мәселелер

  • 15.11.18

    Сыр елінің серпіні ерекше екенін аймақ тұрғындары да, сырт көз – сыншылар да жиі айтып жүр. Экономикалық даму тұрғысынан кей салаларда сәл шегініс болса, басым бағыттар да жеткілікті. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» екендігін дәлелдеп келе жатқан қызылордалықтар мемлекеттік бағдарламалар аясында біраз шаруасын шалқытып отыр. Әсіресе кәсіпкерлер тарапы жолдауда айтылған тапсырмалар бойынша өз міндет...

    Толығырақ...
  • 15.11.18

     

     

    Берікбол  БАЙХОЖАЕВ,

    ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызы...

    Толығырақ...
  • 15.11.18

    «Балама әйелді өзім таңдап алып беремін. Байдың байлығына қызықпаймын, бидің билігіне қызықпаймын, асыл пышақ қап түбінде жатпайды. Келінім ақылды болса, ұлымның елге даңқы кетеді. Би түскендей үй болу – әйелден. Әйелі жақсы болмай ер оңбайды? Ердің бақытын кетіретін де – әйел, ерге бақыт әперетін де – әйел» деп келінін өзі таңдайтынын айтқан Төле бидің Данагүлді қалай жолық­тырып, баласына айт...

    Толығырақ...
  • 15.11.18

    Қытық! Қызылы бар қызық сөз, құмары бар құнды сөз. Мұны солдан оңға қарай оқысаң да – қытық, оңнан солға  қарай  оқысаң да – қытық. Бұрын­ғы қыздардың бетінде қызарып, көз тартып­, көрініп тұрушы еді. Қазір ше? Зәру. Қат дүние. «Бүгінгі күні бүтін махаб­бат бар ма? Әй, қайдам? Сезім шіркін семіп кеткен. Ал қытық байғұс қырық жыл бұрын қайтыс болған» деп гөйітеді баз біреулер. Жо-жоқ, қытық әлі ...

    Толығырақ...
  • 15.11.18

    Бір күні қарап отырмай жеке бизнес жасағым келді. Жұрттың бәрі байып жатыр.­ «Кедей бол» деп менің маңдайыма біреу бормен бадырайтып жазып қоймағ­ан болар. Ауладағы жазғы үйді бұзып, «шындық» сататын дүкен аштым.

    - Әй, балам көп ұзамай тақырға отыра­сың,­ - деп әкем басын шайқады.

    ...
    Толығырақ...
«ШАҺНАМАҒА» БАРАР ЖОЛДА (Т.Ізтілеуовтің мұрасы хақында)
11.10.2012 10:47

«Шаһнама» - парсыша «патшалар туралы кітап» деген сөз. «Шаһнаманы» өлеңмен жазған ақын – Әбілқасым Фирдауси. «Шаһнаманың» жазылуына себеп­ болған жағдайды әдебиет­танушы, шығыстанушы ғалымдар Мұхаметжан Қаратаев («Рево­люция рухымен», Алматы, 1978 ж.), Нығымет Ғабдуллин («Уақыт сыры», Алматы, 1981 ж.), Ислам Жеменей («Шаһнамаға кіріспе», Алматы, 2004 ж.) ғылыми зерттеу еңбектерінде: «Араб халифатының үстемдігі мен өктемдігіне қарсы Орта Азия халықтарының екі ғасыр жұлқысқан ұзақ күресі ІХ ғасырдың аяқ шенінде сасанидтердің орасан зор мемлекет орнауымен тынып, бұл мемлекет жүз жылдай дәуірлеп дәурен сүреді. Жүз жыл бойында иран халықтарының шетел басқыншыларына деген кек, өшпенді­лігі өршіп, Отан қорғау сезімі үнемі үдеу қалпында болады.

Осы патриоттық сезім Иранның баяғы арабтар келмей тұрғанда­ғы көне тарихына мойнын бұр­ғызып, ондағы ел қорғаған ерлер мен батырларды еске түсірт­ті, жауынгерлік пен қаһармандықты дәріптеген аңыз, ертегі жырларды қопартты. Араб халифаты тарапынан тағайындалған әмірлер парсы халқына өз елінің тарихи аңыздары мен батырлық жырлары, ертегілері мен әңгімелерін жинауға, оны құрастыруға тапсырма берді», - деп келеді. Ғалымдардың Әбілқасым Фирдаусидің өмірдерегін жеткізудегі ізденістері де, тұжырым, анықтамасы да бір-біріне өте ұқсас.

Иран халқынан жиналған аңыз әңгіме, батырлық жыр­ларды, ертегілерді құрастырып жырлау талабы туындайды. Мақсат – халқының ар-ожданын, намыс-жігерін, басқыншыларға деген наразылығын, ұлттың рухын­ оятып, тәуелсіз Иран мемлекетін құруға ұмтылдыру. Бұл ұлы істі алғаш қолға алған парсы шайыры Дакихи болды. Шайыр­ қолға алған ісін аяқтай алмай, күншілдер қолынан қаза табады. 940 жылдар шамасында Қорасан өлкесі, Тус аймағына қарасты Баж (Фаз) ауылында диқан Хасанның баласы Фирдауси Дакихи жырлаған «Шаһнаманы» әрі қарай жалғас­тырады, 34 жастағы шайыр 30-35 жыл өмірін осы кітапты жазумен өткізеді.

Ұлы шайыр өз еңбегін сол кездегі сасанид­тердің патшасы Махмұд Сұлтанға тарту еткенде, кітапты сыйға алмақ түгілі, өміріне қауіп төндіреді.

Шайырдың сондағы Махмұд Сұлтанға арнауында:

...Ойлашы өзің! Өлтірсең,

Менің сөзім өлер ме?!

Ол бір туған көкте күн,

Екпін тисе сөнер ме?!

Мен сондықтан отыз жыл,

Оған бердім өмірді,

Аш-жалаңаш тарықтым,

Жасытпадым көңілді, - деп бұл кітаптың құнын, бағасын, өз арман-мүддесін баян етеді. 60 мың бәйіт, 120 мың жол өлең, «Евгений Онегин», Гомердің Иллиадасынан 8 есе үлкен, 50 патшаның шежіресі бар «Шаһнама» кітабы әлем әдебиетіндегі теңдессіз туынды саналған. Немістің ұлы ақыны Гетенің өзі: «Иранда ығай мен сығай жеті ақынның ең нашарының өзі менен көш ілгері» деп баға беретін, ұлы Абай сыйынатын шығыстың жеті жұлдызының атасы атанған Әбілқасым Фирдаусидің осы туындысына әлемнің көптеген халықтары көз тігіп, бұл асыл қазынаға ұмтыла қол созған. Әлем халықтары тілдеріне аударыл­ған, оның 100-ден астам варианты болған.

Уақыт талабына сай әлемдік құндылықты игеру алға тартылған уақытта «Шаһнаманы» аудару ісіне 400-ден астам талапкер атсалысады. Бірақ «Шаһнамадай» ұлы туын­ды кез келген талапкерге өз есігін оңай ашпаған сияқты. «Мифтік» бөлім, «Батырлық бөлім», «Тарихи бөлім» сияқты салиқа­лы да, салмағы бар туынды, жауапты жүгі бар кітап өз аудармашысын тосқан сыңайлы. Қазақстанда «Шаһнаманы» танушылардың тұжырымында оны алғаш қолға алған кісі – найман Ораз молда. Ол ХVІІІ-ХІХ ғасырларда өмір сүрген. Елу төрт жасын­да прозалық үлгіде (қара сөзбен) жазады­. Түпнұсқаға жақын, әрі толықтау аударылған нұсқа боп есептелген. Екінші аударушы – Сердалы Мырзалыұлы. «Қисса Рүстем» деген атпен 1988 жылы Қазанда басылған. Үшінші аударуш­ы – Мұхамеджан Сералин.

“Шаһнамаға” барар жолда ақындық, көптілділік, жан-жақты терең білім, саясаттану, тарихи білім, әдебиетшілік, шежіре­шілдік, діни сауаттылық, көркем сөз зергері, әдет-ғұрып, салт-сана сияқты бір таланттың басына жинақталатын қабілет-қарыммен қатар, қарапайымдылық, сабырлылық, ақылдылық, қайрат пен жігер сияқты қасиеттер тоғысы күтіп тұрды. ХХ ғасыр басында «Шаһнаманы» аудару мәселесі туындаған тұста өз білгірлігімен озған талант иесі – Тұрмағамбет ақын еді. Тұрмағамбет - Қазақстанда «Шаһнаманы» аударушы­лар қатарындағы төртінші есім. Қазкра­йком арқылы ауылдан 1935 жылы Алматыға алдырылған ақыннан Оқу Халық Комиссары Т.Жүргенов:

- «Шаһнаманы» білесіз бе? Аудара алар ма едіңіз? - деп сұрағанда, Тұрмағамбет:

- «Шаһнаманың» түрікшесі мен шағатайшасын, парсышасы мен арабшасын да оқыдым. Көптеген жерін жатқа да білемін. Оны аудармай несі бар, - дейді. Сөйтіп, 1936 жылдың 21 желтоқсанындағы №77 Қазақ АССР Орталық Атқару Комитеті Президиу­мының қаулысы бойынша Тұрмағамбет Ізтілеуұлы «Шаһнама» дастанын аудару жөнінде мемлекеттік тапсырыс алады. Елу төрт жастағы Тұрмағамбет ақын «Әлемнің жауһары», «Шығыстың Иллиадасы» атанған­ «Шаһнамаға» қалайша батыл кірісіп, нық қадам жасады? Араб тілін – «ғылым тілі», түрік тілін – «әскери тіл», парсы­ тілін – «поэзия тілі» деп сараптасақ, Тұрмағамбет осы тілдің үшеуін де жетік меңгергендігін өз сөзінен көреміз.

«Бауыңа жеміс ағаш тігіп берем» деген өлеңінде:

«Жатырмын ана тілмен етіп өлең,

Білуші ем: араб, парсы, рум...» - десе,

«Шаһнамаға кіріскенде» деген өлеңінде:

«О баста оқыған соң парсы, араб,

Хикая жыр жазушы ем соған қарап...» - деген өлең жолдары-ақ ақынның осы тілдерден «Шаһнаманы» толық аударуға дайын екендігін айғақтайды. Көп тілді маман­ кереметтей парсы поэзиясын өз тілінде сөйлете білуге дайын ақын екенін де мойындатқан. Өз оқырманына көптіл­ділікті меңгеруді «Шаһнаманың» «Зал батыр»­ тарауында мегзейді. Онда:

Самұрық бала атын қойды Дастан,

Болған соң сөйлеп көп сөз көңлін ашқан.

Үйретті он екі ғылым, жетпіс үш тіл

Бір дана болсыншы деп ақылы асқан.

(«Шаһнама»1 кітап, 2004 ж. 215-б.)

Ақын тағы да өз өлеңінде:

Баяғы балалықтың базарында,

Өлеңді отырушы ем үйірілдіріп, - деп сөзді қашырмайтын жүйрік екенін,

Жасымнан назым сөзге шебер едім, - деп ақындық өнердің ұстасы екенін білдіреді.

Тұрмағамбет мұрасын зерттеуші  М.Байділдаев зерттеулерінде «Қарақоңыз» дастанын ақын он төрт жасында жазған дейді. Он төрт жасында дастан жазған бала, өлеңді 9-10 жасынан бастап жазған деген болжамымызды ешкім терістей алмас. Ғалым Ө.Күмісбаев: «Қарақалпақ бала­ларына» деген ақын өлеңі 18 жастағы жігіттің емес, 40 жастағы ақыл тоқтатқан жігіт ағасының жазған ақыл-ойымен бараба­р» деп пікір білдіреді.

Бұқараның «Көкілташ» медресесінде оқып жүріп шығыс әдебиетінің інжу-маржандары арабтың «Мың бір түні», үндінің «Тотынамасы», парсының «Шаһнамасы», сол сияқты Омар Хайям, Хожа Хафиз, Шайхы Сағди, Низами, Новой, Рудаки мен Физулидің сұлу сазды лирикаларын жады мықты ақын Тұрмағамбет оқып-тоқып­, онымен сусындаумен бірге сол үлгіде қисса, жыр-дастандар жазып, өзін үнемі өлең мен өнер, ғылым мен білім жағына­н кемелдендіріп отырған.

1993 жылдың 14 қазаны күнгі облыстық газетке Тұрмағамбет ақын жайлы көлемді мақала жазған Жалағаш ауданы «Жаңаталап» кеңшарының еңбек ардагері Мақсұт Нұрылдаев: «Ақын Әбдікәрім Оңалбаев жас кезінде Тұрмағамбеттің үйінде бір айдай қонақта болғанын айтатын-ды. Сол кезде Тұрекең «Рауа бану» деген дастанды жазуға кіріскен екен. Үйіне қаншама қонақ келіп-кетіп жатса да, оларды елең қылмапты. Арасында келген адамдармен сөйлесіп отырып-ақ әлгі дастанды небәрі үш күннің ішінде жазып шыққан. Өлеңді жазғанда көп ойланбай-ақ бір жазғанын екінші рет өзгертпейтін көрінеді. Өлең жазуға отырғанда көзі қызарып, ерекше тебіренеді, екеуара әңгімеде кейде өлеңдетіп жібереді екен», - деген айғақты келті­реді. Ал ғалым Ә.Қоңыратбаев: «Тұрекеңді мен 1929 жылы көрген едім. Ауылына барып­ қондым. Қасымда Қармақшы жер бөлімінің бастығы болды. 10-15 ешкісі бар екен. Үй тірлігі өте жұпыны болып шықты. Содан соң Алматыда кездесіп, көп істес бодым. «Шаһнамадан» күніне 250 жолдан аударады екен... Тұрекең бір бөлмелі жатақ­ханада тұратын. Үйіне жиі барып, аудармасынан үзінді алып «Социалистік Қазақстан» газетіне жарияладым. Сондағы байқағаным: Тұрекең өте кішіпейіл, момақан, кемеңгер адам еді. Мен ішімнен: «қазақ жабының жалы қарыс, жүйріктің мойыны ойық болады» деуші еді, Тұрекең мыңнан озған шын жүйрік екен» дедім. Мінезі баладай жұмсақ болатын», - деп емірене еске алыпты. Сол сияқты «Шаһна­маны» жазған Тұрмағамбет туралы өз ізденістерінде кешегі мүйізі қарағайдай ғалымдар мен әдебиеттанушылар, шығыстанушылар, сыншылар Р.Бердібаев,­ М.Қаратаев, Ә.Тәжібаев, Ә.Қоңыратбаев, Н.Ғабдуллин, Ы.Дүйсебаев, М.Байділдаев, Ә.Саты­балдиев, Ж.Арыстанов, Ә.Жәмі­шев, Б.Ысқақов, Ә.Бәйменов, Б.Кенже­баев сынды талғампаздардың сүзгісі – әлем әдебиетіндегі «Шаһнама» сынды алып бәйтеректің қазақ топырағына сұлу бойлы шынарын әкеп қадап кеткен ақын – Тұрмағамбет деген бір байламға келіп, «Шаһнаманы» жазуға ақын кемеліне келіп кіріскенін түгел мойындады.

«Мәдени мұра» мемлекеттік бағдар­ламасы аясында 1961 жылы жарық көрген «Шаһнаманың» 12 мың жолдық «Рүстем-Дастанынан» басқа «Жәмшитнама» (24 мың жол), «Дарапнама» (4 мың жол) бөлімдерімен толықтырылып, 2004 жылы және 2010 жылы ақынның қолжазбасы негізінде (факсимиле) қайта басылып қолымызға тиюі әлемдік құндылықпен толық танысуға жол ашты.

Оқығанда байқағаным, Тұрмағамбет Ізтілеуовтің сөз қорының молдығы, сөз қолданыстағы шеберлігі, ақылы мен білімі қосылып келіп оқырманын жалықтырмайтыны, асып-тасып жатқан рухани байлықты айтсаңызшы! Наным, сенім, діни көзқарас, әдет-ғұрып, салт-сана, адами қасиеттер мен ар-намыс, батырлық пен отаншылдық, күншілдік пен сатқындық, бәрі-бәрі бірімен-бірі астасып жатқан біз бастан кешпеген, көрмеген ғажайып бір заман, керемет­  бір  әлем!

Иә, оқып отырып ой түйесің. «Шаһнаманы» жазу жолында Тұрмағамбет ақынның талай тарихты парақтап түйгені, құпия шежірелердің сырын ұққаны, өз халқы мен өзге халықтардың да әдебиеті мен мәдение­тін, ділі мен дінін, тілін жіті меңгергендігі, оны өз халқының игілігі үшін жұмсауға батыл барғандығы теңдессіз ерлікпен бараба­р екендігін ұғасың. Талайға таңдай қақтырған дарыны мен талантына тәнті болып­, мерейің өсе түседі.

ҚР Премьер-Министрінің 2007 жылғы 21 ақпандағы №32-ө өкімімен Тұрмағамбет­ Ізтілеуовтің 125 жылдық мерейтойын туған жері Қармақшыда ашқан сол кездегі облыс әкімі, қазіргі мемлекеттік хатшы Мұхтар Құл-Мұхаммед «Шаһнама» туралы:

- «Шаһнаманы» қазыналы биік тау десек­, ол таудың қазынасында алтыны, күмісі, қоласы бар делік. Талғампаз Сыр тумасы Тұрмағамбет атамыз сол таудың қазынасынан алтынын ғана алуды мұрат еткен. Олай дейтініміз – Әбілқасым Фирдаусидің «Шаһнамасында» зоростра дінінің ғұрпы бойынша Баһман патша өзінің қызы Гумаға үйленед­і. Екеуінен Дарап туады. Дараптан Ескенд­ір туады. Мұндай қазақ ұғымына жат (масқаралықты) нәрсені Тұрмағамбет атамыз­ қиып тастап, қысқар­тып отырған», - деп Тұрмағамбет ақын бойында­ғы биік парасатты­  паш ете айт­қан еді.

Шынымен де, ақын бұл оқиғаны баяндауда төмендегіше:

«Алып ед Қаһарманның Зүһак қызын,

Қызының және қалған көріп жүзін,

Оны да алған еді қоса қабат,

Өзіне ұят-арды  көріп ұзын.

Жиғанмен сол күндегі ғұламаны,

Онысы шариғатқа ұнамады...» - деп адами қасиетті таразыға тартып өтеді. («Шаһнама» 1 кітап, 2004 ж. 113-б.)

«Шаһнамаға» барар жолда бес қаруын бойына іліп сайланған батыр тұлғасындағы Тұрмағамбет басқаға бой алдырмаған қамалды небәрі 10 айда өзінің меншігі етті.

Заманымыздың заңғар жазушысы М.Әуезов алғы сөзін жазған алғашқы тарау­ «Рүстем-Дастан» атымен 1961 жылы жарық көргені мәлім.

Көзі тірісінде тер төккен еңбегінің нәтижесін көре алмаған ақын тағдыры ұстазы Әбілқасым Фирдаусимен неткен ұқсас еді деп қамығып, бас шайқаған сәтіңде ақынның асқақ та, өршіл рухы:

Дүниеден өмір бітіп өтсем де өзім,

Аралап жердің жүзін жүрер сөзім,

Көре алмай кейінгіні кеттім-ау деп,

Арманда болмай-ақ қой екі көзім, - деп тіл қатады. Көрегендік пе, әулиелік пе? Екеуі де шығар.

Әбілқасым Фирдаусидің «Шаһнамасына» бірден-бір жақын келетін Тұрмағамбет ақынның толықтырылған нұсқасы басылым көріп, 2010 жылы тотықұс терісімен қапталып, алғашқы беті алтынмен апталып Елбасына тарту етілді. Қазақстан Республикасының Президенттік мәдениет орталы­ғынан орын алған Тұрмағамбеттің «Шаһнамасы» өз халқының қолына толық тиген жоқ. Таралымы аз болғандықтан бірлі-жарым әдебиетшілер мен өнертанушылар және ғалымдардың қолына ғана тиді. «Елде болса ерніңе тиеді» демекші, бірінен-бірі там-тұмдап алып шөліркеген ел қанбаса да, шөл басуда.

Сырдың саңлақ сүлейі, шығыс шайыры атанған Тұрмағамбет мұраларын алғаш таратушылар – оның туған елінің жыраулары екенін ескере отырып, ақынның «Шаһнама» сияқты қаһармандық жырын бүгінде аудандық Көшеней Рүстембекұлы атындағы «Жыраулар үйінің» үйірме жетекшілері Зәуре Кәрібаева, Дінислам Тоқсанбаев, Әйгерім Ешбаева, Балтабай Бедебаев­, дарабоз және даңғайыр жырау Жиенбайдың немересі, шебер кластың жетекші­сі Бидас Рүстембеков орындап, халыққа тарату үшін аянбай тер төгуде. Сыр сүлейлерінің дәстүрлі жыраулық өнерін жаңа биікке көтеріп кеткен Тұрмағамбет даңғайыр Жиенбай жыраудың баласы Рүстембек жырауға «Әнің үшін әпсанамды аямаймын» деуі Тұрмағамбет жырларын халыққа тарату жолында мақамына риза болғандығын айғақтаса керек.

Иран елінде Әбілқасым Фирдаусидің «Шаһнама» дастанын әрбір қышлақ сайын­ жас балалар мен сақалы омырауына түскен қарт­қа дейін түрлі аспаптарда күні бүгінге дейін жырлайды екен. Бұл да біз үлгі аларлық­ өнер.

Тұрмағамбет ақын көз майын тауысып, өмірінің соңғы кезінде халқына әдеби алып мүсін етіп қалдырған жырын ақынның сүйген еліне жырлап беру бүгінгі жыраулар мен жыршылардың алдында тұрған абыройлы міндет болып табылады.

Т.ДОСЫМОВА,

К.Рүстембекұлы атындағы аудандық

«Жыраулар үйінің» директоры,тұрмағамбеттанушы.

Қармақшы ауданы.

 

18 қазан күні Қармақшы ауданыорталығында Т.Ізтілеуовтің туғанына

130 жыл толуына орай және «Алтын дән-2012» мерекесі аясында

ұйымдастырылатын мәдени іс-шаралардың

БАҒДАРЛАМАСЫ

- 10.00-13.00 «Шұғыла шашқан Шаһна­ма» атты аймақтық жыршы, термешілер байқауы (Күрделі жөндеуден кейінгі аудандық Мәдениет үйі)

- 10.00-13.00 Ауылшаруашылық өнім­дерінің жәрмеңкесі (Е.Сексенбаев атындағы көше)

- 10.30-12.30  “Шайыр Тұрмағамбет Ізтілеуұлының қазақ әдебиетіндегі орны” атты ғылыми-танымдық конференция (Көшеней Рүстембекұлы атындағы Жырау­лар үйі)

- 13.00-15.00 Түскі ас (Орталық стадион­ алдындағы этно-ауыл)

- 15.00-17.00 “Алашқа аты мәшһүр Тұрмағамбет” атты облыстық жыршылар байқауы (Көшеней Рүстембекұлы атындағы Жыраулар үйі)

- 15.00-19.00 Қазақ күресінен сайыс (Орталы­қ стадион)

- 16.00-17.00 Абаттандырылған Дүр Оңғар ауылының жұмысымен танысу

- 17.30-18.00 Жосалы кентіндегі Дендро­парктің ашылу салтанаты

- 18.00-18.30 Этно-ауыл, көкпар, ұлттық ойындар көрінісін тамашалау (Орталы­қ стадион алды)

- 18.30-19.30 Т.Ізтілеуовтің туғанына 130 жыл толуына орай арнайы ас (Орта­лық­ стадион жанындағы киіз үйлерде)

- 19.30-20.00 Орталық стадионның ашылу салтанаты, қазақ күресінің ақтық сайысы, тақырыптық театрландырылған қойылым, «Шұғыла шашқан Шаһнама» атты облыстық жыршы, термешілер байқауы жеңімпаздарын, қазақ күресі сайысының жүлдегерлерін марапаттау рәсімі

- 20.00-22.00 Эстрада жұлдыздарының мерекелік концерті (Орталық стадион)

22.00 - Мерекелік от шашу

 

Пікір қалдыру


Қорғаныш коды
Жаңарту

Күнтізбе

< Қазан 2012 >
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30 31        

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары