Өзекті мәселелер

  • 20.09.18

    Биыл облыс экономикасының бәсі жоғарылайтын, негізгі көрсет­кіштердің көбеюіне қолайлы жыл. Өндіріс ошағына айналмағанымызбен, өнім өндіру мен экспорттауда алдыңғы қатарда тұрғанымыз рас. Өңірімізде соңғы жылдары көптеген зауыттар мен өндіріс ошақтары салынуда. Солардың қатарында молибден өндіру, балық өңдеу, цемент және шыны зауыттары да бар. Әрине, бұл төртеуі де – аймақтық индустрия­ландыру ...

    Толығырақ...
  • 20.09.18

    КӨНЕ  ҚАЛА  мен  ЖАҢА  ҚАЛА

    Біздің дәуірімізден әрі асатын шежіре-тарихы бар Сақтар мәдениеті көм­бесінің бір бөлігі Сыр бойында жатыр. Ашық аспан астында ата-баба аманатын арқалап, біздің дәуірімізге дейінгі ІV-VІІ ғасырларда ғұмыр кешкен Шірік-Рабат, Бәбіш молда, Бұланды, Сығанақ тарихи-мәдени ескерткіштері бүгінде көздің қарашығындай мемле...

    Толығырақ...
  • 20.09.18

    Ұшы-қиыры жоқ ну орман жым-жырт тыныштық құшағында мүлгіп тұр. Желмен тербелген зәулім талдар­дың жапырағынан күн көзі зорға көрінеді. Айнала өзгеше, рақат күйге бөленгендей. Табиғаттың дәл осы сәттегі ана уызына тойып маужыраған нәресте тектес кейпіне қарап маңай­да қанды қырғын соғыс жүріп жатыр десе, сенбес едіңіз. Алайда амал қан­ша?! Бірін-бірі жыртқыштан бетер жұлмалап, қыршын боздақтарды...

    Толығырақ...
  • 20.09.18

    Тағдыр тауқыметі болар, Аяулым анасынан ерте айы­рылды. Бар-жоғы 7 жасында ең ардақтысынан көз жазып қалды. Әкесі мен әжесі шешесін жоқтатпаса да, періште көңіл ананы аңсап тұрады емес пе? Күніге кешкілік жатар алдында ақ сүтін беріп аялаған аяулысының қойнында ұйықтайтын сәттерін еске алғанда, көзіне еріксіз жас келе­тін. Бала ғой. Енді ғана мектепке­ барды өзі. Сыныптастарын аналары әкелгенде...

    Толығырақ...
  • 20.09.18

    Леннокс Льюис, аса ауыр салмақта әлемнің бұрынғы абсолют чемпионы:

    - Жекпе-жек тең болды деген ойда едім, бірақ Головкин мықтырақ көрінді және екі раундта басым болғандай. Екі боксшы да барлық күшін рингте сарп етті! Жеңісті екеуіне де беруге болатын раундтар болды. Тамаша жекпе-жек! Ең мықты екі боксшыны да көрдік. Екеуін де сыйл...

    Толығырақ...
ҚАЗАЛЫНЫҢ ҚҰЗЫРЕТТІЛЕРІ ҚАШАНҒЫ ҚАТЫНАЙДЫ?
27.07.2017 11:52

Санаулы күннен соң Қазалыда өкілеттігі аяқталған және өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған ауылдық округтер және Әйтеке би кенті әкімдерінің сайлауы өткізілмекші. Қазіргі таңда бұл тақырып аудан тұрғындарының басты назарында тұр десек, артық  емес. Кіммен тілдессеңіз де, әкімдер сайлауына бір тоқтамай кетпейді. Олай болатыны түсінікті де. Қашанда ел тыныштығын бәрінен жоғары қоятын қарапайым бұқараның ауыл тізгінін ұстайтын ел ағасының бойынан нағыз әкімге (әділетті, кішіпейіл, ізетті, мейірімді) тән қасиеттерді көргісі келетінін кімнен жасырамыз? Бұл пікірдің бұған дейін қызмет жасаған әкімдер өз міндеттерін дұрыс атқармады дегенді білдірмейтінін, керісінше ел тізгіні сеніп тапсырылған сол азаматтардың адамгершілігі, білік-парасаты, ұйымдастырушылық шеберлігінің арқасында аудан көлемінде ұрпаққа ұлағат тұтатын талай өнегелі шаруалар тындырылғанын атап кетпеу әділетсіздік болар еді.

Десе де, «айтылмаған сөз жетім». Осы ретте Қазалыда көптің көңілін алаңдатқан мына мәселені бүгіп қалу да жарамас. Бәлкім, біз көтерген жайт кейбіреулерге ұсақ-түйек болып көрініп, тілшінің өзі жазғандай міндетті жұмысын ұқыпты ат­қарса, онда тұрған не бар деп қынжылыс танытуы да мүмкін. Алайда тәртіпке бас игеннің құл болмайтынын Бауыржан Момы­шұлы атамыз текке айтты деймісіз. Бар гәп ауылдық округ әкімдері, мектеп дирек­торлары, мекеме басшыларының қызмет жасайтын жеріне көшіп бармай, аудан орталығы – кенттен, Қазалы қаласынан қатынап жүргенінде болып тұр. Әрі әлденеше жылдан бері қозғалып жүргенімен, әлі күнге дейін ащы ішектей созылып шешімін таппай келе жатқан түйткіл.

Қазалының төл перзенті (бұл жерде осы ауданда туып-өскендіктен тыныс-тір­шілігіне жете қанық деген мағынада) Нажма­дин Шамұратов аудан әкімі қызметі­не тағайындалған сәттен бастап осы мәселені жолға қоюға құлшыныс танытқан еді. Бір сәт қолдағы дерекке көңіл бөлсек. Қазалы аудандық мәслихатының кезектен тыс 47-ші сессиясында жасаған өзінің баян­дамасында Нажмадин Шәкизадаұлының «Кейбір округ әкімдері мен мектеп дирек­торлары аудан орталығынан қатынап жұмыс істеп жүрген фактілер бар. Қатынап­ істеуге қатаң тыйым салынады. Сол елдің тыныс-тіршілігімен қоян-қолтық араласпаған адам қалай басшы болады? Бұл мәселені де бір ай мерзімде шешетін боламыз. Жұмысқа қатынап істейтін лауазым иесінің орнына жұмысты адал әрі сол елге көшіп барып, жұмыс істейтін адамдар отыратын болады. Және де алдағы уақытта кадр мәселесіне аса жауапкершілікпен қарайтын боламыз. Басшылар арасындағы тәртіп бірінші кезекте тұратын болады» деген сөзін жергілікті «Тұран – Қазалы» газетінен (№77 (1237), 11 шілде 2015 жыл) оқы­ғандардың көңілінде аталмыш мәселенің шешімін табарына сенімі зор болғаны айдан­ анық. Арада тура екі жыл өтті. Бірақ аудан әкімінің тапсырмасын орындау тым созылып кетті. Табаны күректей жиырма төрт айдан бері әрі-бері қатынап жұмыс жасайты­н басшылар әлі де баршылық. Мұның өзі (аудан әкімінің сөзімен айтсақ) «Сол елдің тыныс-тіршілігімен қоян-қол­тық араласпаған адам қалай басшы болады? Қатынап істеуге қатаң тыйым салынатыны, бір ай мерзімде шешілеті­ні қайда? Орынды тапсырма неге уақытылы орындалмады? Елдің ортасына көшіп барып, жұмыс істеуге не кедергі?» деген көп­теген сұрақтарға жол ашты.

Қазекеңнің «пәлегі ащы, түйнегі тәтті» деген даналық сөзі бар. Мұны бекерге еске алып тұрғанымыз жоқ. Ауылға көшіп бару­ды түрлі себеппен кешеуілдетіп жүрген кейбір басшылардың тірлігін көргенде осылайша қынжыласың. Қазіргі таңда жалақ­ы төлеу төңірегінде (әсіресе бюджеттік сала қызметкерлерінің) ешқандай кедергі, кідіріс жоқтығы әмбеге аян. Жал­ақыны уақытылы алып (еңбегінің өтеуі екені де рас) тұрғанымен, ауылға көшіп баруғ­а құлықсыз. Себебі де белгілі. Кей­бірінің келіншегі аудан орталығында жұмыс жасаса, балалары да аудан орталығында оқиды. Жылы орнынан кім қозғалғы­сы келеді дейсіз? Алайда мойынға міндет алып, өзінен жоғары басшылар сенім білдірген соң қамданған да абзал сынды. Осы тұрғыда Нажмадин Шамұратовтың әрекет­ін өзгелерге үлгі қылып жеткізу әбден лайықты болар еді. Ауданға әкім болып тағайындалған соң ол іле-шала көшіп келіп, елдің ортасына орнықты. Әлдекімдердей ырғалып-жырғалып уақыт жоғалтпады. Осындайда бірінші басшының (аудан, мейлі ауыл, әкім немесе директор болсын) қашанда елдің ортасында жүргеніне не жетсін деп толғанасың. Көпшіліктің ішінде асқар таудай болып, жақсылығы (өмірде не кездеспейді дейсіз) мен реніші­не ортақтасып жүрсе, қабырғалы қауымға ғанибет, телі-тентекке айбат екені сөзсіз.

Бір қызығы, көршілес Арал ауданында басшылардың аудан орталығынан қатынап жұмыс жасау дерегі мүлде кездеспейді. Басшыны айтасыз, мамандарға да осындай талап қойылған. «Қызмет жасағыңыз келе ме, елдің ортасында болыңыз. Отбасыңызбен көшіп барыңыз» дейді теңіз төскейіндегі ел ағалары. Қазалыда неге осылай болмасқа? Бұл қадам «әкім бол, халқыңа жақын­ болды» тағы да дәлелдей түссе, мемлекеттің көлігімен ерсілі-қарсылы қатынайтындар­ға қазына қаржысын үнемдеуге септігін тигізер еді. Алысқа бармай-ақ, Қазалы қаласына аудан орталығынан немесе кент­ке қаладан қызметтік көлікпен қатынайтындарды мысалға алайықшы. Таңертең бастығын жұмысқа әкелу үшін жүргізуші әлденеше шақырымдағы қалаға немесе кентке келеді. Түсте, кешке тағы да әрі-бері жүретіні бар. Осы ретте мемлекеттік қызметшілердің әдеп кодексінде «Мемлекеттік меншіктің сақталуын қамтамасыз етуге, өзіне сеніп тапсырылған мемлекеттік мен­шікті, автокөлік құралдарын қоса алғанда, ұтымды, тиімді және тек қызметтік мақсатта­ ғана пайдалану тиіс» деп жазылғанын ескер­сек. Әрине, қызметтік мақсатта, мемлекеттің жұмысымен жүретіндігіне дауымыз жоқ. Алайда тәулігіне әрі-бері бірнеше мәрте жүретін көліктің айына, жылына қанша бензин жағатынын, бүгінгі бағамен қыруар ақша тұратынын есептесек, ұтымды­, тиімді деу қалай болар екен? Ал ауылдық округтерге қызметтік көлікпен қатынайтындар туралы айтпасақ та түсінікті.

Осы орайда жоғарыдағы аудандық мәслихаттың кезектен тыс сессиясындағы Шамұратов айтқан «Алдағы уақытта кадр мәселесіне аса жауапкершілікпен қарайтын боламыз» деген сөздерге де тоқтала кетсек. Кеңес өкіметінің «кадр бәрін шеше­ді» деген қанатты қағидасы естеріңізде шығар. Сол кезеңде Ленин орденінің иегері Шынтас Жалғасбаев басшылық жасайтын Қазақстанның 40 жылдығы атындағы кеңшарды (қазіргі Жанқожа батыр ауылы) сырт көз әзіл-шыны аралас «директорлар дайын­дайтын ауыл» деп атаушы еді. Осының айғағындай ауылда жемісті жұмыс жасап, мол тәжірибе жинақтаған Өткелбай Жолмырзаев, Қабақ Бимырзаев, Берік Бисенбаев, Жолдыбай Құлманов, Мәлкайдар Дүйсенов сынды тағы басқа бірқатар азаматтар кейін аудан, облыс көлемінде кеңшар директоры қызметін абыроймен ат­қарды. Ол тұста қатынап жұмыс жасау деген атаудың өзі мүлде ақылға сыйымсыз-тұғын.

Сондай-ақ Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы заңының 37-бабындағы «Мемлекеттік қызметшілерді мемлекеттік қызмет бабында ілгерілету олардың бiлiктiлiгi, құзыреттері, қабілетi, сiңiрген еңбегi және өзiнiң қыз­меттiк мiндеттерiн адал орындауы ескері­ліп жүзеге асырылады. Мемлекеттік органда мемлекеттік қызмет бабында ілгерілеу мемлекеттік органның штат кестесінде көзделген жоғары тұрған мемлекеттік лауаз­ымдарға сатылап көтеріліп орналасуды көздейді» деген сөйлемдер көңілге алуан ой салғандай.

Бір сөзбен айтқанда, Қазалының құзыреттілері қашанғы қатынайды?

Жұмабек ТАБЫНБАЕВ,

Қазалы  ауданы

 

Пікір қалдыру


Қорғаныш коды
Жаңарту

Күнтізбе

< Шілде 2017 >
          1 2
3 4 5 6 7 8 9
10 11 12 13 14 15 16
17 18 19 20 21 22 23
24 25 26 28 29 30
31            

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары