Өзекті мәселелер

  • 12.07.18

    Қазақтың ұлттық болмысындағы өзіне ғана тән қасиеттердің бірі – «аманат­» қағидасы. Ұлы даланың демо­кра­тиялық принциптерінің нақты көрі­нісі болып табылатын осынау ерекше түсінік отарлық жүйенің қасаң саясатының негізінде «майдаланып» та кетке­нін жоққа шығару қиын шығар. Мұның сыртында ұлтымызды рухани мешел­дікке ұшырату мәселесі тұрғаны белгілі. Кезінде заманымыздың заңғар, данагөй қайратк...

    Толығырақ...
  • 12.07.18

    Шығармашылықтың шыңына лезде­  шығу екінің бірінің қолынан келе бермейтіні белгілі. Ал Аралдың жағасын­да  туып, анау асқаралы Алатауды бағындыру – бөлек әңгіме. Тұңғыш рет «Білім және еңбек» журналы­нда «Аралды қайтсек сақ­таймыз?» мақаласы басылды. Жұрт назары­ бірден ауған. Сонан соң «Қазақстан пионері» газетінде «Бо­з­айғыр»   әңгімесі   жарыққа  шықты. 1971 жылы республикалық жастарға арна...

    Толығырақ...
  • 12.07.18

    Жаз айлары еліміз үшін мерекеге толы. Сол мерекелердің бірегейі – Елордамыз Астана қаласының туған күні. Ел болып атап өтетін Ел­ордаға биыл – 20 жыл. Қызыл­орда қаласының 200 жылдығымен  тұспа-тұс келген мерейтойдың  қуанышты еселей­ түскені рас. Еура­зия­ның жүрегінде бой көтерген қаланың тынымсыз еңбек пен даму жолына түскеніне де жиырма жыл. Ару қала Астананың туған күнімен құт­тықтауды Сыр...

    Толығырақ...
  • 12.07.18

    Қазақта «балалы үй – базар, баласыз үй – мазар» деген мақал бар. Расымен, үйдің іші сыңғырлаған бала күлкісіне толы болғанға не жетсін, шіркін! Отбасын құрудағы басты мақсат та – осы. Алайда үлкен жауапкер­шілікті талап ететін бұл ұғым ер мен әйелге өзіндік қиыншылықтар тудырады. Дүниеге бала әкелу адамның денсаулығына байланысты, бірақ оған тәуелді емес. Физикалық, психологиялық және әлеуметті...

    Толығырақ...
  • 12.07.18

    Әке жүрегі таудан үлкен, ана жүрегі теңізден терең деп бекер айтылмаса керек. Әрбір ата-ана сәбиі дүниеге келген сәттен бастап мәпелеп, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсіреді. Бөбегінің былдырлаған тілін қызықтап жүріп, бірінші сыныпқа баратын уақытының келгенін де аңғармай қалады. Бірінші сыныпқа барған соң, оң-солын танытып, бар керегін алып беру үшін күні-түні еңбекте...

    Толығырақ...
Германиялық депутат этноауылда мейман болды
31.07.2017 09:44

Киелі Қармақшы жеріндегі Қорқыт ата мемориалдық кешені жанынан «ЭКСПО – 2017» халықаралық мамандандырылған көрмесіне орай этноауыл ашылғаны белгілі. Қазақ ұлтының көшпелі өмірін бейнелеген ауылға бүгінде туристер жиі келіп жатыр. Өткен аптада «ЭКСПО»-ға келген Германия елінің Бундестаг депутаты Ф.Ленгсфель Ақмешіттің топырағына да табан тіреді. Сыр еліне сапары барысында оны облыс әкімінің орынбасары С.Қожаниязов арнайы күтіп алып, кездесу өткізді. Басқосуға Халықаралық Аралды құтқару қорының Қазақстандағы өкілдігі басшысының орынбасары А.Кеншимов қатысқан. Мұнан соң делегация Арал ауданына жол жүріп, аудан басшылығымен, балық өңдеу зауытымен танысып, музей аралады. Келесі күні делегация құрамы Кіші Арал теңізі және Қамбаш көлінің жағасындағы «Қамбаш» балаларды оқыту-сауықтыру орталығының жұмыстарына куә болғаннан кейін Қармақшыдағы этноауылға ат басын бұрды.

Қорқыт бабамыздың кешені тұрған маңның қасиетті болмауы мүмкін емес. Ол жердің құмы да, аңызақ желі де шетелдіктер үшін таңсық. Осы өзгешеліктердің қатарын халқымыздың мәдениеті мен тұрмыс-салтынан көрініс беретін этноауыл толықтырып тұр. Мұндағы Хан ордасы аталатын киіз үйдің ішіне кіріп, бауырсақтан ауыз тиіп, шұбат ішкен германиялық өкіл Ф.Ленгсфель алған әсерімен бөлісті.

- Қазақтың салт-дәстүрін көргеніме өте қуаныштымын. Барлығы қызықты болды. Бұл – Қазақстанға үшінші рет келуім. Ал осы ауданда бірінші рет қонақ болып тұрмын. Этонауыл мені өзінің ерекшеліктерімен қызықтыра алды. Себебі, бүгін мен Арал қаласына барып, трагедиядан кейінгі Арал қандай болды, соны көріп келдім. Этноауылды, барлығын керемет деп бағалаймын! Қазақстан – көркімен тамсандыратын ел. Қазақ елі көңілімнен шығады, - деді ол өз сөзінде.

Этноауылда жүріп делегация мүшелері ұлттық асық ойынын ойнады. Зергерлік бұйымдар үйінен ұсталардың қолынан шыққан туындыларды тамашаласа, былғары бұйымдар үйінің ұсынған заттары көпшілік көңілінен шықты. Хан ордасында қазақ қызы айтқан термені тыңдаған қонақтар қазақылықтың тереңіне дендеп енгендей болды.

Этноауылға бүгінге дейін 12 мемлекеттен 5000-ға жуық турист келген. Соның ішінде өте жиі келетін қонақтарымыз – германиялықтар. Олардың барлығы – әлем саяхатшылары. Қазақстанға Орал, Ақтөбе, Қызылорда облысы арқылы келіп, Шымкент қаласынан Өзбекстан елінің шекарасына өтеді. Сондай-ақ голландиялық ғарышкерлер де этноауылдың құрметті мейманы болған. Олар Байқоңыр ғарыш айлағына бара жатқан бетте ауылды көріп кетіпті. Жапония, Францияның азаматтары осында аялдап, қазақтың байырғы өміріне қызығушылық танытуда. Этноауыл қызметкерлерінің айтуынша, туристер тарапынан ең көп қойылатын сұрақ ұлтымыздың салт-дәстүріне байланысты. Тіпті кішігірім зергерлік немесе қолөнер бұйымдарын сатып алғанның өзінде оның белгілі бір мән-мағынасы, тарихы болғанын құп көреді дейді.

Мұндағы киіз үйлердің бірінде жүннен, киізден түрлі бұйымдар жасалған. Қамзолдан бастап, тұрмыстық заттар, сәндік үшін қойылатын ескерткіштер бар. Ал келесі бірінде сурет, тігін өнерімен айналысатын кісілер отыр. Суретші Бибігүл Жүсіпованың айтуынша, келушілер тарапынан өзінің өнер туындыларының ішінен «смайлик» пішіндес жастықшаларға деген сұраныс көп. Сонымен қатар, қыз-келіншектер орамал орнына тағатын сәнді тюрбанды алушылардың салмағы басым. Оның құны – 2000 теңге. Б.Жүсіпованың қамзол, тақия тігумен айналысқанына 15 жылдан асқан. Ал сурет салуды серік еткеніне 4 жыл болыпты. Майлы бояумен салып жатқан картиналарын жинап, «ЭКСПО» біткеннен кейін жеке көрмесін ашып, сонда ұсынуды армандайды.

Бүрмелі жастықтар, құрақ көрпешелердің сан түрін көргіңіз келсе, тігіншілер отырған киіз үйге бас сұғасыз. Мұнда қыз жасауына қажетті бұйым ғана емес, Қармақшыдағы «Аңсаған» мүмкіндігі шектеулі балалар қоғамдық бірлестігінің өнерпаздары ұсынған туындылар да көзге жиі ұшырасады. Ал Бақытгүл Райымбаеваның бейнетті еңбегі жұртшылық жүрегінен орын алып, ыстық ықыласқа бөленгені рас. Ол 3 жыл, 1 ай бойы көз майын тауысып жайнамаз-кілемшесін тоқыған. Жайнамаздағы өрнектер өте ерекше. Себебі, мұнда ислам дініне қатысты бір сыр бар. Бұл өрнектерді мағынасын ұғынып, ілімін пайдалана білген адам көп жетістіктерге жетеді-мыс.

Келесі бір үйде мүйізден жасалған шаш қыстырғыштар бар. Оны қиялына қарай әртүрлі етіп өзгерте түскен шеберлер сүйектен жасалған тарақтардың бас терісіне пайдалы екенін алға тартады. Бұрымды аруларға арналған шаш қыстырғыштардың дизайны да таңдай қақтырарлықтай. Шебер Мырзабек Қаныбаев мүйізден жасалған ескерткіштерінде қазақы отбасының ерекшеліктерін, мінезін айшықтай білген. Былайғы уақытта майыстыра қалсақ морт етіп сына кететін мүйіздерді өз әдістерін қолдана отырып иіп, оны өз ойындағы мүсінге айналдыра білген шеберлердің өнеріне сүйсінбеске шара жоқ.

Ханның Ақ ордасы іспетті киіз үйде ханның тұтынатын заттарын көрмеге қойған. Мұнда енген кісі өзін жаугершілік замандағы қазақ халқының өміріне біртабан ене түскендей сезінетініне сенімдіміз. Далада алтыбақан теуіп, қазақ күресіне де орын табылады. Қазаққа тән ою-өрнектер бейнеленген қамзол киген ұзын етекті қыздар ұршық үйіріп, диірменге талқан тартып отыр. Ал жылқы мінген шабандоз жігіттер өзара жарысып жүр. Жан-жағыңызға жай ғана көз жіберсеңіз болғаны, шекарасына жетуге құс қанаты талатын жазық дала менмұндалайды. Тек осы көріністің өзі дарқан, өр, еркін мінезді қазақ ұлтының өмір сүретінін дәлелдеп тұрғандай.

Жазира  БАҒЛАН

 

Пікір қалдыру


Қорғаныш коды
Жаңарту

Күнтізбе

< Шілде 2017 >
          1 2
3 4 5 6 7 8 9
10 11 12 13 14 15 16
17 18 19 20 21 22 23
24 25 26 27 28 29 30
           

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары