Футболдан ҚР Премьер-лигасы басталған тұста, сырбойылық бас командаға белгіленген меже турнир кестесінде алтылықтан төмен түспеу болатын. Әрине, бірінші лигадан енді келген ұжымға бұл оңай тапсырма емес-ті. Маусым алдындағы жиында облыс әкімі Қырымбек Көшербаев: “Қайсарда” қаржылық қиындық болмайды”, - деді. “Қайсардың” №1 жанкүйері керек кезінде алаңнан табылып, қолдау көрсетіп келеді. Сырбойылық футболшылар сенімді қаншалықты ақтап жүр? “Байқоңырдың”, “Қайсар” жастарының ойыны қандай дәрежеде? Жергілікті клубтарды жарнамалау жағы қалай жүргізіліп жатыр, т.б. сауалдар төңірегінде ізденіп көрген едік. Осы орайда “Қайсар” футбол клубы басшылығына хат жолдадық. Өз кезегінде олар қысқа да нұсқа жауап беріпті...
Әлгі сенім дегеннен шығады ғой. Негізі, “Қайсар” сенімді ақтап келе жатыр деуге болады. Себебі сол, әзірге “Қайсар” 28 ұпаймен турнир кестесінде 6-орында келеді. Егер маусым соңында осы орында қалса, қуантарлық нәтиже көрсеткені. Одан да жоғары орындарға тұрақтаса, облыс әкімінің ақшалай сыйынан бөлек, жанкүйерлерінің ыстық ықыласына бөленер еді. Қуанарлық жайттың бірі – “Байқоңырдың” ойыны. Төл клубымыз әзірге бірінші лигада 22 ұпаймен 4-орында келеді. Жерлестеріміздің көрсеткіші “бәрекелді” деуге тұрарлық. “Байқоңыр” “Қайсарға” мықты ойыншылар дайындауды мақсат етеді. Ерекшелігі сол, құрамында жергілікті ойыншылар және қазақтар доп тебеді. Ал, “Қайсар” жастарының нәтижесі көңіл көншітерлік емес. Тіпті, айтуға тұрмайды...
2017 жылғы “Қайсарға” бөлінген қаржының көлемі 2 миллиард теңгені құрайды. Ал, клубта барлығы (бапкерлер, футболшылар, т.б.) 133 қызметкер жұмыс істейді. Қазіргі таңда команда Қызылорда қаласының белсенді жастарынан құралған “Жастар-фан” қозғалысымен тығыз байланыс жүргізуде. Жанкүйерлерге демеушілердің көмегімен жейделер берілген.
“Қайсар” футбол клубының эмблемасы бейнеленген, жазуы бар мойынорағыш, кепка, футболка, кәдесый т.с.с. заттар қаламызда өте аз. Бұл өз кезегінде футболға деген қызығушылықты оятпай, клубтың жергілікті жердегі танымалдығына кері әсерін тигізуде. Осы мәселенің алдын алу үшін клуб тарапынан қандай іс-шаралар атқарылып жатыр?”, - деген сауалымызға “Қайсар” командасының эмблемасы бейнеленген мойынорағыш сатылымда бар” деп жауап жазыпты. Украина елінде “Қайсар” атты жазуы, эмблемасы бар қаламсаптың 2000 таралыммен сатылымға шыққаны туралы ғаламтордан оқыған едік. Ал ютуб желісінде Африка құрлығында спорттық киімдерге қызылордалық клубтың аты жазылғанын көріп шын қуанғанбыз. “Неге өзгенің ісіне қуануымыз керек, неге өзіміз осылай істемейміз?” деп шағымдануға болатын шығар. Бұл бастан-аяқ клубтың атқаратын шаруасы емес секілді. ҚР Премьер-лигасының XXI туры аясындағы “Ақтөбе”-“Қайсар” арасындағы ойынды көруге батыс өңірге жолым түскен еді. “Қобыланды батыр” атындағы орталық стадионның айналасында “Ақтөбе” футбол клубының заттарын сататын дүңгіршектер бар екен. Бір байқағаным, мұны клуб келісімін алған жеке кәсіпкер істеп отыр. Бас пайда үшін деңіз, мейлі жанашырлық деңіз, бәрібір. Бастысы, ішінде қажетті барлық заттар бар, сауда да жүріп тұр.
Мұны неге жазып отырмын? Футбол – әлемдік спорт. Ол – көңіл сергітетін, көтеретін, тіпті демалатын жер. Мыңдаған көрерменді жинау үшін тек командаға жеңіс мақсат емес, басшылыққа оң іс маңызды. Түптеп келгенде біз футболдан бизнес жасай алмай жатырмыз. Яғни, көрермендердің футболға деген сезімін ояту, жанкүйерлердің қызығушылығын арттыру үшін еңбек ету керек сияқты. |