Өзекті мәселелер

  • 17.05.18

    Адам тағдырының ақ-қарасын таразылау үлкен төзімділік пен қажырлы еңбекті талап етеді. Бар ғұмырын сот төрелігін атқаруға арнап, ардың ауыр жүгін арқалауға бел буған әділ қазылар қашанда қадамын қате жасамауға тырысады. Судья атты қасиетті ұғымға кірбің...

    Толығырақ...
  • 17.05.18

    Мұрат  НАСИМОВ,

    саяси  ғылымдарының  кандидаты,

    қауымдастырылған  профессор,

    Толығырақ...

  • 17.05.18

    Нәзипа – қарапайым ғана ауылдың қара торы келіншегі. Осыдан 11 жыл бұрын ата-анасының қолынан ұзатылып, өзге босағаны аттаған еді. Бүгінде жасы 36-да. Адал жары, 3 баласы бар. Екі жыл бұрын әкесі өмірден озар шағында, «осы үй мен аналарың сендерге аманат, бас-көз  болыңдар» деп қызы мен күйеубаласына табыстап кеткен. Содан бері бұлар жалдап жүрген пәтерлерін біржола тастап, осында көшіп келген....

    Толығырақ...
  • 17.05.18

    Статистикалық мәлі­меттер бойынша елімізде болатын қылмыстардың үштен бірі тұрмыстық зорлық-зомбылықтан орын алады екен. Ал бұл ретте қара күштің иесі ер-азаматтардан, әсіресе, әйелдердің таяқ  жеп, зардап шегетінін ескерсек, олардың тұрақтар жерге зәру болатыны анық.

    Қаламыздағы «Қамқорлық» дағдарыс орталығы дәл осындай жағдайға тап бол­ғандарға қол ұшын созады, уақытша болса да панала...

    Толығырақ...
  • 17.05.18

    Айтыстың   абаданы  Серік ағам 60-қа келіпті. Ұлтының уызына жарығ­ан елдің еркесі Серік Ыды­рысовтың Сыр елі үшін орны бөлек. Сәкеңді өзімнің аяғым сынып, бауыр­ымнан  айырылып, қайғының уын ішіп жүрген көңілсіз күндердің, мазасыз түндердің бірінде ұялы телефо­н арқылы іздедім. 2017 жылдың 24 қыркүйегі түнгі сағат 11-ден 36 минут өткенде хабарлама жібер­дім. «Серік ағам бар ма екен кең дүниед­...

    Толығырақ...
«ТӨРТІНШІ БИЛІК» ТӨҢІРЕГІНДЕГІ ТАЛҚЫ
16.11.2017 14:30

Жақында Алматыда «МедиаАльянс» қоғамдық бірлестігінің бастамасымен жоғары оқу орындарында журналист мамандарын даярлау мәселесі талқыланған еді. Жиында бірлестіктің тең құрылтайшысы Арман Шораев «ҚазҰУ-дан басқа университеттерде журналистика факультеттерін жабу керек. Басқалары талабы, дарыны жоқ мамандарды шығарып жатыр. Тек ҚазҰУ-дан шыққан санаулы азаматтарды ғана мықты журналист деп айтуға болады, қалғаны мұғалім, оқытушы бола алады», - деген еді. Бұл ұсыныстан кейін қоғам қақ айырылды. Бір қолдады, екіншісі қарсылық білдірді. Біз де осы салада тер төгіп жүрген мамандар мен жастардың пайымын білген едік.

 

Аманқос  МЕКТЕП,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты:

– Журналистикаға топырлатып студенттер қабылдауға мен қарсымын. Шындығында, журналист маман-дығын дайындауда саннан гөрі сапа керек. Тәжірибеге сүйенсек, осы уақытқа дейін журналист маманд-ығын қалаған шәкірттердің 25-30 пайызы өз мақсаттарына жетіп, шығармашылық тұлға ретінде елге таныла бастайды. Ал қалғандары да елдің кәдесіне жарап, өз орындарын табады. Ең үлкен мәселе оқу орындарында журналистика кафедрасын ашуға материалдық база бар ма? Журналистиканың қыр-сырынан теориялық және тәжірибелік дәріс беретін оқу құралдары мен маман оқытушы бар ма? Ең маңыздысы, ұлттық журналистикаға тән оқу бағдарламасы түзілуі тиіс. Журналистика факультеті шығармашылық факультет болғандықтан, аудиториялық сабақ пен тәжірибелік сабақтың 70-те 30-дай тепе-теңдігі, пропорциясы сақталса және оны жүзеге асыруға оқу орнында мүмкіндік берсе, құба-құп болар еді. Әлбетте, журналистика факультетінде қазақ тілі мен әдебиеті, тарихы мен этнографиясы, қазақ тілінің стилистикасы мен төлтума руна жазуы, қолөнер тарихы мен қазақ журналистика тарихын тереңдетіп, жүйелі түрде оқытылуы шарт.

 

Қуандық ШАМАХАЙҰЛЫ,

халықаралық журналист,

«Астана мәдениеті» журналының бас редакторы:

– Арман Шораев ашып айтпай қысқа қайырғаны болмаса, “журфак жабуының” түпкілікті ойы басқаша ма деп қалдым. Өзі журфак екі-ақ жерде бар: ҚазҰУ мен ЕҰУ ғана. Ол “ҚазҰУ қалсын” деді. Ендеше, ЕҰУ-дегі журфакты жабылсын дегені болса керек. Шораев кешегі “1-студияда” «ЕҰУ-дің қызыл дипломын алып келеді де, бір сөйлем құрап жаза алмайды» дегендей әңгіменің шетін шығарып алып, тағы да қысқа қайырып арыға бармады. Дәл осы айтқан сөзінің жаны бар. Расында, ЕҰУ журналистика факультеті жайында санқилы сынды жиі естиміз. Бітірген түлектерінің де, сол ұжымда сабақ беретін ғалымдардың да өткір сын айтып қалатын кездері болады. Өзім де бұрын орталарында болдым. Талай “сырлары” маған да мәлім. Олай болса, «Qazaqstan» арнасы кешегі бағдарламасына аталмыш факультет түлектерінің арасынан соңғы 5 жылда қанша танымал журналистер шықты, олар қазір қайда қызмет етіп жүр деген сауал тастап, жауап алулары керек еді. Сондағы білім сапасы жайында сауалнама жүргізіп, нәтижесін жарияласа, ток-шоудың салмағы арта түспей ме? Ондай дерек-дәйек болмады. Әркім өз субъективтік пікірін айтты да тарқасты. Бір адам пікір айтты екен деп журфак жабылмайды.

 

 

Гүлмира ӘШІРБЕКОВА,

ҚМУ-дың қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика кафедрасының аға оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты:

– Аймақтардағы жоғары оқу орындарындағы журналистика бөлімдерін жабу мәселесі осыдан он шақты жыл бұрын да көтерілген. Одан кейін біраз талқыланды да, тоқтап қалды. Өйткені әр аймаққа қажетті журналист мамандарды сондағы ЖОО әзірлеп беріп отыр. Мәселен, біздің облыста жарық көретін интернет-басылымдар мен газеттерде, телеарналарда қызмет істейтін мамандардың 75-80 пайызы – Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің түлектері. Айталық, Астана мен Алматыда білім алған студенттің оқуды тамамдаған соң анау Аралдағы «Толқын» газетіне баруы да екіталай. ҚР Білім және ғылым министрлігі бекіткен типтік оқу жоспары бізде де бар. Соған сәйкес студенттерді оқытамыз. Жылда 70-тен аса талапкер журналистикаға түсуге үміттенеді. Оның ішінде іріктеліп 20-25-і ғана қалады. Бәсекелестік өте жоғары. Тек оқ бойы озық шыққандары мемлекеттік грант игері атана алады. Ал ҚазҰУ мен ЕҰУ бітіріп шыққан 50 түлектің барлығы мықты журналист болды десек қателесеміз. Менің ұсынысым, тілшілікке тек осы саланы таңдаған балаларды қабылдауымыз қажет. Біз соған ақырындап келе жатырмыз. Сондай-ақ, аймақтарда екі тілде де ақпарат тарата алатын журналистерді де даярлауымыз керек. Қорыта айтқанда, өңірлердегі журналистика бөлімдерін жабуға толықтай қарсымын.

 

Гүлмира СҰЛТАНБАЕВА, саяси ғылымының докторы, профессор,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультеті баспасөз және электронды БАҚ кафедрасының меңгерушісі:

– Меніңше, басты мәселе өңірлердегі журналистика кафедраларын жабу емес. Алдымен сол жоғары оқу орындары сапалы маман даярлауда ма? Осыған мониторинг жүргізілуі керек. Сәйкес келмегендері қысқартылуы қажет. ҚазҰУ жыл сайын халықаралық аккредитациялардан өтіп тұрады. Ал аймақтарда журналистика кафедраларына мұндай талап қойылмайды. Облыстарда журналистика кафедраларын ашуды ең әуелі қолға алған ҚР БЖҒМ бұған жауап беруі тиіс. Маман даярлау бар да, оны әрі қарай нарыққа, яғни жұмысқа орналастыру бар. Ал журналистикаға жолдан қосылғандар ойын-күлкіге айналдырады.

 

 

Мөлдір ҚҰЛМЫРЗАЕВА,

«Qyzylorda» телеарнасының

шеф-редакторы:

– БАҚ-қа БАРМАҚТАЙ БАҚ КЕРЕК! Рас, журналистика саласы үлкен депрессияны бастан кешіруде. Оның бірнеше себебі бар. Айталық, әлеуметтік желіде битше өріп жүрген сайттардан пәтуасыз әңгімелерді оқыған жұртшылық жорналшыны қаралайды. «Make Up» құдіретімен сұлуланған жасанды қылықты «жұлдыздар» телеарнаға адасып келіп қалса да, тізгінді беріп қойған сол баяғы жорналшы кінәлі. Экраннан жылт етсе, баз біреулер кәсіби маманның алдын орап кеткендей күй кешеді. Осы «болдым-толдымдар» БАҚ-ты күйелеш-күйелеш қып бітті. Аға журналистердің шеберлігі өз алдына, өз басым жергілікті жас тілшілердің әбжілдігіне, табандылығына, төзімділігіне тәнтімін. Біле білсеңіз, олардың көбі – өзіміздің Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін бітіргендер. Туған топырақтың перзенті ретінде өңменінен өтетін ащы шындықты шырқырап жазып жүрген де, жаңалық атаулыны жаһанға жариялап, экологиялық аймақтың бар ауыртпалығын халықпен бірге өткеріп жүрген де – осы шынайы еңбекте шыңдалған жергілікті мамандар. Сондықтан жергілікті жерде журналистика факультеттерін жабу керек деген пікірмен мүлдем келіспеймін. Ал, енді дана да, данышпан да, әртіс те, бала да дәл сондай журналист бола аламын деп ойласа, демек, бұл – ең керек мамандық! Ұғынғанға, кәсіби журналист – ұлттық идеологияны қалыптастырушы. Бойда қызығушылық болу аз, журналист болу үшін икем мен қарым-қабілет керек. Кешелі бері әлеуметтік желіде ең көп қаралым жинаған бейнежазбаны бақылап отырмын. Ол Ерлан Кариннің парақшасындағы «Жер жиһан» бағдарламасына қатысты. Еліміздегі емес, әлемдегі оқиғаларға сараптама жасалатын хабар несімен қызықтырды дейсіз ғой? Бар гәп – оның жүргізушісінде. Сөз саптауы керемет, құнарлы әңгіменің тиегін ағытып, құлақ құрышын қандыратын Ғалым Боқаштың тұздықты сараптамасына ең әуелі біздер, әріптестері сусап қалғанымыз жасырын емес. Себебі ол – кәсіби маман. Иә, МАМАН! Шын мәнісінде, халықты алдай алмайсың! Халық та өткір тілді, орақ ауызды, ұлттық рухы басым «жантақ жегіштерді» жақсы көреді. Соларды оқиды, тапжылмастан теледидарды көреді. Бәлкім, БАҚ-қа топырақ шашпас бұрын, олардың әлеуметтік тұрғыдан қорғалу жағын реттеп алған жөн болар. Әлі күнге елімізде төмен бағамен, түрлі бағдарламамен үй алуға үміткерлер қатарында «төртінші биліктің» өкілдері неге жоқ?! Соған қарамастан, журналистер елдік, ұлттық мәселелерді көтеруде басқа кез келген сала мамандарынан артық жұмыс істеп отырғанын көпшілік біледі. Ендеше көпке топырақ шашуға хақыңыз жоқ!

 

 

Маржан ҚҰРМАНҒАЛИЕВА,

ҚМУ-дың студенті:

– Мен мектепті тамамдағаннан кейін ҚМУ-дың қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика кафедрасына оқуға түстім. Мәселен, кейбір «журналист боламын» деп талпынған жастардың әлеуметтік жағдайы көтермейді. Ол Алматыға бара алмауы мүмкін. Сондықтан өңірдегі ЖОО-да білім алады. Егер өңірлердегі журналистика кафедраларын жауып тастайтын болса, көптеген жастар үшін қиынға соқпақ.

 

 

Әділет МӘДЕНИЕТ,

ҚазҰУ-нің студенті:

– Арман Шораев айтқан пікірді екіжақты қарауымыз керек. Ол кісінің “журналистика жолбикелерге толып кетті” деген сөзінің жаны бар. Басқа сала арқылы ел алдында имидж қалыптастырған тұлғалардың бірқатары абыройын телеарнада өсіргісі келеді. Ал бұл ұмтылыс кәсіби журналистердің, ашығын айтқанда, «нанына» ортақтасады. Енді жорналшы қауымның өзіне келсек, жылына басқаны қойғанда ҚазҰУ-дың өзінен жүздеген маман өсіп шығады. Бірақ солардың қалам тербеп, камера алдында сөйлеп, кәсіби қызметіне орналасатындар саны бітірушілердің жартысының жартысына да жетпейді. Демек, журналистиканы ішінара “жолбикелерден” де тазарту керек. Ол дегеніміз – “ҰБТ-дан аз балл жинаған талап-кердің соңғы үміті - журналистика” деген стероетипті жою. Екі пән ғана есептейтін мамандыққа жыл сайын

сүйіп келетіндер де, сынақтан “күйіп” келетіндер де жетерлік. Сол “күйіп” келгендер таза жорналшылар бәсекесін қалыптастыруда айтарлықтай кедергі болады. Егер Арман Шораев “жабу керекті” тура мағынасында айтса, өз пікіріне қарсы шыққаны болар еді. Олай дейтінім, журналистика факультеттерін жапсақ, әлгі тазартылуға тиіс “жолбикелерге” кедергісіз даңғыл жол ашып бергеніміз болмай ма?

Пікірлерді топтастырған Қозы Көрпеш ЖАСАРАЛҰЛЫ

 

Пікір қалдыру


Қорғаныш коды
Жаңарту

Күнтізбе

< Қараша 2017 >
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30      

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары