Оқырманнан хат
Келіп кету есептегіші








![]() | Бүгін | 196 |
![]() | Кеше | 2006 |
![]() | Осы аптада | 10985 |
![]() | Өткен аптада | 14901 |
![]() | Осы айда | 31173 |
![]() | Өткен айда | 52979 |
![]() | Бәрі | 3568193 |
ОН КІТАППЕН АДАМ ЖАҢҒЫРЫП ШЫҒА КЕЛМЕЙДІ |
14.12.2017 14:51 |
жазушы: «Жазушы – адам жанының инженері» деген қанатты сөз бар. Бұның өзі қолына қалам ұстаған қаламгерлердің оқырман көкейіндегісін дөп басатын, жүрегіне мейірімділік ұялататын қасиетке ие екендігін аңғартса керек. Олар әрдайым ұлтымыздың зиялы қауымына айналып, ел-жер үшін, әдебиетіміз бен мәдениетіміз үшін қан майдандағы майдангерлердей отқа да, суға да түсіп келеді. Солардың бірі – Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, жерлесіміз Молдахмет Қаназ десек қателеспейміз.
Жуырда ауданымызда үлкен көлемде мерейтойлар өткендігін қалың жұртшылық жақсы біледі. Сол жолы қарымды қаламгер ағамызбен сұхбат құрудың сәті келген болатын. – Молдахмет аға, туған жерге қош келдіңіз! Әңгімемізді әуелі шығармашылығыңыздағы жаңалықтардан бастасақ... – Мен түртінектеп, архивте жұмыс істеп жүрген адаммын. Мұрағаттардың сөрелерін ақтарғанда бір тақырыпты іздейсің. «Осы мәселенің басы қайда, аяғы қайда, кімдер қатысты, жағдай қалай болды?» деп толғанасың. Мұрағатта отырған адам да жолаушы сияқты. Атқа мініп, түйеге мініп келе жатып, жолында қажетін тапса, іле кетеді. Қазақта «керек тастың ауырлығы жоқ» дегенді осындайда айтқан деп ойлаймын. Шаң басқан архивті аралауымдағы мақсат – осы елдің шаруасы. Біздің зерттеп жүргеніміз Қазалыны айналып өте алмайды. Халықтың тағдыры, жердің жағдайына қатысты материалдар баршылық. Бұл туралы жазылмады деп айтуға болмайды. Жазылды. Орыстың Крафт дейтін авторының «Сырдарияның қалалары» деген кітабы бар. Сонда Сырдарияның бойында салынған қалаларды айтқан. Осыдан 150 жыл, 200 жыл бұрын жазылған дүниелерді көргенде елең ете қаласың. – Сіз келсеңіз, бос келмейтініңізден көзіқарақты оқырман хабардар. Сол мұрағаттардан тапқан олжаңызды ел-жұртпен бөлісе отырсаңыз. – Империализмді ұстанған алпауыт мемлекеттердің бұлтартпас саясаты бар: қасында әлсіз ел болса, жаулап алғысы келеді. Орыс отаршылдары Орта Азияны жаулап алуды өзінің түбегейлі мақсаты етіп қойды. Бірақ, соны жүзеге асыру екі жүз жылға дейін созылды. Оның себебі, түрік соғысы мен ішкі жағдайы болды. Орта Азияны жаулап алу үшін алдымен қазақ жерін бағындыру қажет деп танылды. Сонан кейін барып, негізгі жаулары Хиуа, Қоқан, Бұқар сияқты жерлерге кезек тиді. Біздің солтүстік шығыс шекарамызды басып алу орыстарға оңай болды. Ертістің бойынан солтүстікке қарай, қытайдың шекарасынан шығыс Қазақстанға дейін бекіністер салып тастады. Қазақта «орыстың орамы» деген сөз содан қалған. Ол жақ бекітілді. Оңай болатыны, араласып отырып тез қатынайды. Екінші жағынан, қарсылық аз болды. Ал, кіші жүздің аумағына келгенде кідірді. Себебі, кіші жүздің өр мінезі бар, қарсылықтары көп болды. Бірақ, жаулап алу күн тәртібінен түскен жоқ. Содан баршаға мәлім Орынбор, Ақтөбе салынды. Сөйтіп, жақындап келді де, Ырғыз бекінісін тұрғызды. 1847 жылы осы аумақтан Райым бекінісі салынды. Бұл қолайсыз жерге орнатылып, Обручовтың таңдауы «қате» деп есептелді. Өйткені, шабуылға шығып, дариядан өтетін бір ауыз өткелек те салынбады. 1855 жылдың 17 ақпанында Райым бекінісі қайтадан патшаның ұсынысыменен Арал бекінісі болып өзгертілді. Себебі, патша «Сол жерде мұсылмандардың әулиесі жатыр. Райым дейтін көл бар. Бізге жараспайды», – деп атын өзгертуге 1851 жылы жарлық шығарды. Отаршылдарға енді дарияға жақындау керек болды. Сонымен, бірінші, бекіністі салу ұйғарылды. 1856 жылдың бесінші сәуірінде Аралға елу казак отбасы әкелінді. Райым арқылы 1-ші портқа келтірілетін болды. Қазалы алғашқыда бірінші порт болып аталған. Келген казактарға мынандай талаптар қойылды: әр үйде екі жұмысшы, екі пар өгіз немесе екі ат, бір сиыр, алты қой, бір соқа, бір тырма, екі шалғы, екі орақ, ыдыс-аяқ, екі балта болу керек делінді. Сосын, міндетті түрде арба қажет деп саналды. Осындай адам іріктелгеннен кейін әр адамның басына 65 рубль бөлінді. 65 рубль сол кездегі баға бойынша жарты үйір жылқыға тең. Сондай-ақ, бір әскер сыбағасы берілді. Үй басына 300 рубльдан ақша төленді. Казактарға бекініске барғаннан кейін, қалаған жеріңнен жер аласың деп тапсырылды. Екінші, бұрын Райымға кеткен адамдардың ішінде мұсылман болатын болса, ол Орынборға қайтарылып алынды. Үшінші, жаңадан шоқынғандар кездессе, олар да қайтарылатын. Сөйтіп, бекініс ұлттық жағынан нығая түсті. Бұлар бөлек ауыл болып қалыптасты. Жалпы, отарлау саясатын жүзеге асыруға, осы бекіністерді салуға, Сыр бойындағы орыстардың ықпалының күшеюіне генерал-гурбернатор В.А.Перовскийдің тікелей септігі тиді. Ол Сырдың бойындағы үш порттың да барлығының жобасын жасап, патшаға ұсыныс жазды. 1956 жылы 1-ші портты салуға патшадан 20 мың рубль, бұрын салынғанның жөнделуіне 10 мың рубль жазбаша түрде сұралды. Соның 525 рублі «түтін салық» деп жергілікті қазақтардан жиналды. Бұл үш порттың сызбасын Бюрно деген инженер жасаған. Әсіресе, үшінші порттың, яғни Ақмешіттің жобасы үш рет қайта жасалды. Бұны Перовскийдің өзі қарап отырды. Райымнан құрылыс заттарының барлығы тасылды. Есте болатын жағдай, құрылыс заттарының көбісі (кірпіштен басқасы) Орынбордан әкелінді. Жұмысты жүргізуге Орынбордан 240 өгіз айдап әкелінген. Сол кездері Қазалыда жаяу әскер – 558, атты әскер – 367, артиллерия 55 болған. – Сыр бойындағы бекіністердің тұрғызылуына генерал-губернатор Перовскийдің еңбегі орасан. Енді осы Перовскийге аз-кем тоқтала кетсеңіз. – Василий Алексеевич Перовский 1795 жылы дүниеге келген. Өкпе ауруынан 62 жасында Қырымда қайтыс болды. 1812 жылы ол орыс-француз соғысына қатысады. Патшаны қорғайтын арнайы әскери гвардияда оқыған. Сол соғыста сол қолының шынашағына қылыш тиіп, жараланған. Тұтқынға түскен. Кейін құтқарушы армия жасағының арқасында бостандыққа шығады. 1828-29 жылы түріктермен болған соғысқа қатысқан. Орынбор губерниясының әскери губернаторы болды. Перовский – патша үкіметінің шығыстағы отарлау саясатын дәйекті жүргізушілерінің бірі. Орынбор губернаторы болып тұрған кезде оған Орта Азия хандықтарымен, Иранмен және Ауғаныстанмен сыртқы саясат мәселесін өз бетінше шешуге құқық беріледі. 1835 жылы Перовскийдің нұсқауымен жаңа шептер белгіленіп, бекіністер салынды. Жаңа шептерге жоғарыда айтқан Орынбор казактары қоныстандырылып, қазақтар жайылымдық жерлерінен қуылды. Перовскийдің басшылығымен Жоламан Тіленшин, Исатай - Махамбет, Есет, Жанқожа батырлар бастаған ұлт-азаттық көтерілістері жаншылды. 1839-40 жылдары Перовский патша әскерлерінің Хиуаға жорығын, 1853 жылы Ақмешітке жасаған жорығын басқарды. Осындай қалаларды алғаны үшін патшадан граф атағын алды. Орыстардың ортасында өте беделді болды. Бір қызық жері, Перовскийдің бір қарындасы декабристь болған. Өзі де мәдениетті, өнерлі адамдармен жақсы байланысқан. Орыстың ұлы ақыны Пушкинмен де қатысып тұрған. Осындай мәртебелі адам болғаннан кейін, орыстың атақты жазушысы Лев Толстой бұл туралы шығарма жазғысы келіп, қолға алған. Өлгеннен кейін жазам деп зерттеп, біраз айналысқан. Бірақ, оның қаныпезер екенін біліп, «Бұл жазуға тұрмайтын адам екен» деп жазбай қойған. Бұл кісі қазақтардың жер үй салуына қарсылық танытқан. Отырықшы болуын, егін еккенін қаламаған. «Бұлар көшіп-қонып, босып жүре берсін» деген ойда жүрген. Перовский Кенесары Қасымұлымен жақсы қарым-қатынаста болып, оған полковник шенін бергізген. Перовскийдің Ақмешітті алуына Сырдария қазақтары үлкен көмек көрсетті. 1853-67 жылдары Перовскийдің атымен Перовск порты, 1867-1922 жылдары Перовск қаласы аталды. – Өзіңіз Жанқожа Нұрмұхаммедұлы туралы көп зерттедіңіз. 1857 жылы 9 қаңтарда болған осы Жанқожа батыр бастаған ұлт-азаттық көтерілісіне биыл 160 жыл толды. Тарихта «Арықбалық көтерілісі» деген атпен қалған шайқас өзінің қаншалықты бағасын алды деп ойлайсыз? – Бұның жағдайы мынау. Жанқожаның көтерілісі – таза шаруалардыкі. Сосын, діни сипаты да бар. Көтеріліс басында имамдар жүрді. Екінші жағынан Жәкеңнің өзі өте діншіл адам болған. Біз Арықбалық шайқасы түгілі, батырдың басын шаққа аршып алып отырмыз. Бұны зерттеген Т.Шойынбаев деген жалғыз-ақ адам бар. Ол жүз пайыз жақсы зерттеген. Кеңес үкіметі кезінде қаншалықты мықты зерттесе де, дін жағына жоламаған. Тек «егінші шаруалар көтерілісі» деп көрсеткен. Бұл ғалым батыр бабаны бай десе, дін туралы айтса, Сібірге айдап жіберетін еді. Сондықтан олай айтылмады. Фитингофтың губернаторға берген мәлімдемесінде өлген адамның санын жазбайды. Өйткені адам ретінде өзінің істеген жұмысының әділетсіз екенін білген. Жалпы, алғашқы жасалынған бастама ретінде еске алу өте дұрыс. Алдағы уақытта тарихы ашыла түскен сайын оның да өзіндік орны болады деп ойлаймын. Ол келешектің еншісінде. – Қазіргі таңдағы елімізде ең өзекті мәселенің бірі – латын әліпбиіне көшу. Сол туралы не айтасыз? – Жеке өзімнің мүддемнен алатын болса, оның маған маңыздылығы шамалы. Жазған-сызғанымның бәрі осы кириллицада қалды. Ақын-жазушының көбісі тек бүгінгі күнге ғана жазбайды ғой. Бәрі келешекте өскелең ұрпақ оқыса екен дейді. Сондай үміті болады. Менің де үмітімнің қазір жазушы есебінде он-ақ пайызы қалды. Тоқсан пайызы жоғалды. Себебі, кейін интернеттегі адам ағылшынша оқиды, орысша оқиды, латынша оқиды, сонау кириллицадағы менің шығармамды оқиды ма? Осы бір қауіп мені мазалайды. Сосын, кириллицадағы нәрсенің барлығын мемлекет латынға әкеліп шығара алады ма? Оның барлығына қаржысы жетеді ме, кітап қылып шығаруға?! Бұл да бір мәселе. Бұлар жұрттың да, көпшіліктің де көңіліндегі пікірі ғой. Бұған данышпандықтың керегі жоқ. Кейбіреулер «3 секундта компьютерден шығара қоямыз» деп айтады. Сонда, «Абай жолы», «Война и мир» секілді ұлы кітаптарды компьютерден кім оқиды? Онсыз да кітап оқу азайған уақытта оқырмандарды жоғалтып алмаймыз ба? Бұл аса ойланатын мәселе деп білемін. Президент қабылдағаннан кейін оған қарсылығымыз жоқ. Бірақ, біз компьютерге емес, компьютер бізге бағынуы керек. Латынға қазақ көшпейді, латынға қайта оралғаны жақсы. Сонымен қатар, бір дыбыс пен бір әріп әдемі болар еді. – Елімізде биыл «Рухани жаңғыру жылы» болып жарияланды. Біз қаншалықты рухани тұрғыда жаңғырып жатырмыз? – Жалпы, қазір жаңғыру өте саясиланып тұр. Әсіресе адамның өзінің тәрбиесі қысқа уақыттың ішінде басқа адам болып шығып, рухани жағынан өзгеріп шыға келуі қиын. Бір жыл, екі жыл аздық етеді. Мысалы, ата-бабаның рухын тірілту, ұлтқа адал болу, тарихыңды меңгеру, соны білу, бойға сіңіру – атам заманнан айтылып келе жатқан нәрсе. Он кітаппен адам жаңғырып шыға келмейді. Осы Елбасы тапсырмасы арқылы қаншама жұмыс атқарылып қалады. Қазіргі таңда өте керекті бағдарлама. Осы арқылы қоғамда алға жылжу болады. Бұл осы жылмен ғана тоқталып қалмай, алдағы уақытта да өзінің жалғасын таба беруге тиісті. – Әңгімеңізге рақмет! Сұхбаттасқан Есет ТАБЫНБАЕВ, Қазалы ауданы |