Өзекті мәселелер

  • 11.10.18

    Облыстық прокуратура әкімшілік істер бо­йынша қабылданған шешімдерді зерделеу барысында полиция қызметкерінің әкімшілік өндіріс материалдарын бұрмалау фактісін  анықтады.

    Нақтырақ айтатын болсақ, жергілікті полиция қызметінің полицейі Д.Амангелдіұлы қызметтік автокөлікпен кезекшілікте жүрген кезін­де қаладағы дүкендердің бірінің тұсында тоқтап тұрған «Hyunday Accent» маркалы авто­көлігі...

    Толығырақ...
  • 11.10.18

    КӘСІПКЕРЛІК –  ЖЕТЕКШІ   КҮШ

    Еліміздегі басты саяси құжаттардың қатарында «Қазақстан – 2050» страте­гиясы да бар. Ұзақ мерзімді дамуды бекіткен бұл стратегияда айтылған міндеттерді жүзеге асыру үшін орта мер­зімді кезеңге арналған мемлекеттің 2025 жылға дейінгі жоспарлау құжаты да айналымда. Бұл құжаттың басты мақсаттарының қатарында жеделдет...

    Толығырақ...
  • 11.10.18

    Жат діни ағымға еріп, адасу Әселдің жастық ғұмырының біршама жылдарын жалмады. Бойжеткен өміріне жағымды өзгеріс енетініне сенген. Дәл сол сенімнің «арқасында» ә дегеннен ештеңе түсіне алмады. Мұнысын жастыққа жарасатын аңғалдық дерсіз. Уақыт өте келе өзінің және жұбайының «роботқа» айналып бара жатқанын сезген ол көңіліндегі күмәнмен арпалысты. Рухани дертке ұшыра...

    Толығырақ...
  • 11.10.18

    Бауырлас он екі мүше,

    Бір анадан туғанмен,

    Әрекеттері әртүрлі...

    Бас – ақшаға тартып,

    Аяқ – басқаға тартып,

    Әуреге салды әркімді...

    ...
    Толығырақ...
  • 11.10.18

    Елуде еді өз жасым,

    Тыйылмады көз жасым...

    Жұмыс іздеп шығып ем,

    Киім-кешек тозғасын...

    ...
    Толығырақ...
«СӨЗ БОСТАНДЫҒЫ – АШЫҚ ҚОҒАМ ОРНАТУДАҒЫ НЕГІЗГІ «ҚАҚПА»
21.12.2017 12:33

Расул  ЖҰМАЛЫ,

саясаттанушы:


«Базарға  барып  жүріп  талай  мәрте  байқаған  шығарсыз.

- Маған үш-төрт килограмм ет өлшеп жіберіңізші! - дейсіз, өзіңізге ұнаған майлы жамбасты немесе бел омыртқаны көрсетіп.

Сатушы Сіз нұсқаған қой етін таразының табағына сылқ еткізіп тастай салады. Тілі әрлі-берлі теңселіп, табақтары жоғары-төмен көтеріліп-түсіп, қалш-қалш етіп, біразға дейін таразы өзіне-өзі келе алмай тұрады.

Дәл болу, әділ болу оңай дейсің бе?!».

Бұл – Қадір Мырза Әлінің «Ғибратнама» кітабындағы әңгіме. Алғашында сауда мен таразы туралы ой түйгеніңізбен, соңында мәселенің әділдік, шындық туралы екенін аңғарасыз. Қоғам да кейде осы таразы секілді көрінеді. Өйткені нақты шешім қабылдап, әділдігін ашып көрсету үшін өлшегіш құралдың тіліндей теңселеді де тұрады. Ал сол таразының көрсеткен бағасын бұқпантайламай айтудың өзі – әділдік. Елдегі елең етерлік әр оқиғаның мән-маңызын ой елегінен елеп-екшеп өткізіп, сана сүзгісімен сараптап, не әрі, не бері өте алмай көпірдің қақ ортасында тұрған халыққа бағдар беріп жүрген мамандар сирек кездесетін элементтердей тапшы. Саясат мінберінде осындай мәртебеге ие тұлға – саясаттанушы Расул Жұмалы.

Айтулы азаматпен бүгінгінің бақай есебін бажайлап, «сүзбелі» саясатын сараптап, кесімді келісімін «кестелей» отырып  ашық  әңгімелесудің  сәті  түсті.

- Расул  Берекетұлы, қазақта  «балуанға  оң-терісі бірдей» деген сөз бар. Ал Сіз кез келген мәселеге қырын қарамайсыз. Елдегі жүргізіліп жатқан реформаларға, саяси ахуал­дарға  көзқарасыңыз  қандай?

- Біріншіден, Қазақстан азаматы болғаннан кейін еліміздің тұрақтылығын, көркеюін, халқының бақуатты өмір сүріп және қазіргі рефор­малардың осындай нәтиже әкелуінен үміт күте­міз. Екінші жағынан, әрине, сыни көзқарас. Себебі соңғы 10-15 жылда қабылданған саяси,­ экономикалық реформалар толық нәтиже бермей отыр. Реформалар мен даму бағдарламаларының  кейбі­рі­нің басы бар да, аяғы жоқ. Керісінше, ел ішінде әлеуметтік-экономикалық түйт­кілдер мен ішкі саяси мәселелер туындап жүр. Мұның барлығы ауыз толтырып ай­тарл­ықтай нәтиженің жоқтығынан. Сондай-ақ, қабылданған  реформаларға  жауап­ты мемлекеттік органдардың жауапкершілік танытпауы – сыни көзқарастың туын­да­уына  себеп болады.

- Сіз үшін Тәуелсіздіктің маңызы қандай? Еленбей, көлеңкеде қалып жатқан тұс­тар  бар  ма?

- Еліміздің Тәуелсіздігі – баға жетпес құндылық. Еуропа, Азия, Америка мемлекеттерін алып қарасақ, егемендік мәселесіне өте үлкен маңыз беріп қарайды. Олар үшін құндылықтың жоғарысы – осы тәуелсіздік. Американың, болмаса Қытайдың тәуелсіздік күні бола ма, өте жоғары дәрежеде өткізеді. Бізде бұл ұғымды үстіртін түсінік ретінде қабылдау басым, саяси-ақпараттық маңызды орындардың ағаттығы мен кемшілігінен болар, маңызын ұғынбау басым. Шын мәнісінде, Тәуелсіздік – ұлы ұғым, байлығымыз, қасиетті күн. Бір ғана мысал келтірейін, әлемде үлкенді-кішілі 2000-ға жуық ұлт бар. Солардың 200-інде ғана мемлекет­тілігі бар, қалған 1800-інің егемендігі  жоқ. Оның ішінде халық саны 40 миллионға жететін күрдтер, 20 мил­лионға жететін халқы бар ұйғырлар сияқты ұлттардың дербес мемлекеттілігі жоқ. Бұлардың қасында Қазақстанның тәу етер тәуелсізді­гінің бар болғанына мың да бір шүкір. Тәуелсіздік – сөз жүзіндегі рәміздер ғана емес, бұл – әр адамның мақтанышты түрде дінін, дәс­түрін, мәдениетін өз ал­ды­на дербес басқара алуы. Сонымен қатар ақпараттық, саяси, экономикалық тұрғыда басқаларға тәуелділіктен арылу. Өз проблемаларыңызды өзіңіз шешім қабылдау арқылы шешу. Өскелең ұрпақты өзіміздің әдебиет, мәдениет, тіл мен діліміз тұрғысында тәрбиелеп шы­ғару. Бірақ біз осы тәуелсіздік ұғымын қаншалықты пай­даланып, сөз жүзіндегі тәуелсіздіктен іс жүзіндегі тәуел­сіздікке қаншалықты өтіп отырмыз? Бәсекеге қабілет­тілігіміз қай деңгейде? Бұл сұрақтарға  әлі  де  жауап іздеп жүрген  жайымыз  бар. Дегенмен, «Үмітсіз - шайтан» деген.­ Шетел тәжірибесіндегі жоғарылыққа жету елдегі кәсіби саясаткерлер мен мемлекеттік органдардың жұмысы емес, әрбір азамат атсалысып, соны ұғыну керек. 200-250 жылға жуық отаршылдық саясаттың астарында қалып, бодан мемлекет болғаннан кейін тілімізді жоғалтып, мәдениетімізді ұмытуға шақ қалғанымызды үлкен буын өздері ұғынып барып, кейінгі жастарға түсіндіру – азаматтық парызымыз.

- Кеңес өкіметі кезінде қазақ тіліне шорқақтығы­мызды  сол  тұстағы  саясаттан көрдік. Қазір де сол шырмаудан толық құтылған жоқпыз. Тіл  мәртебесін көтеру үшін не істеу керек?

- Мемлекеттік тіл – ең алдымен, кез келген мемлекет­тің діңгегі. Тобырды ұлт ететін, түрлі азаматтардың жиынтығын халық ететін бірден-бір алғышарт – тілі. Мысалы, Ресей – түрлі халық­тардың, конфессия­лар­дың, мәдениеттердің өкілі тұратын орта. Бірақ, соның барлығын бір арнаға тоғыс­тырып, ұйыстыратын маңызды шарт – тіл. Ресейден орыс тілін алып тастасақ, онда не қалатынын ойша елестету де қиын. Франция, Жапония, Германияда да солай. Әлемде негізі 200-ге тарта мемлекет бар, барлығы да көпұлт­ты, көп конфессиялы мемлекеттер. Мәселен, Францияда 230 этностың өкілі тұрады. Бірақ барлығы да өздерін Француз мемлекетінің азаматы ретінде сезінеді және сол  дәрежесімен  мақтанады. Бірақ соларды біртұтас ұлт, бірлікті халық ететін де – тіл. Өйткені тіл арқылы сол ұлттың  дәстүрі,  өміртанымы, мәдениеті, әдебиеті, заңдары ұлықталады. Өкінішке орай, Қазақстанда Тіл туралы  заңның­ қабылданғанына 28 жылдан асты, сонда да қазақ тілі өзінің мемлекеттік дәрежесін алған жоқ. Бұл төңірегіндегі наразылық ашық хаттар да, өтініштер де жазылып келе жатыр. Дегенмен, қарқынды даму процесі көрінбейді. Әлі де қазақ тілі орыс тілінің көлеңкесінде қалып келеді. Бұл мәселеде бір нәрсені айтар едім, ол – мемлекеттік органдардың селқ­остығы, қарым-қатынас тілінде орысшаға басымдық беруі. Жұмысты Конституция мен Тіл туралы заңның талаптарын бұза отырып, ресми тілде жүргізіп отыр. Бұл өзгелерге де осындай ұғым қалыптастырады. Ең маңыздысы, мемлекеттік органдардың мемлекеттік тілмен санасуы, қазақ тілін құрметтеуі өз деңгейінде емес. Екінші мәселе – қоғам. Қоғам расымен өзгерді. Сонау­ 1991 жылы еліміздегі қазақтардың үлесі 42 пайыз болса, қазір 71 пайыз. Яғни демократиялық өсім бар. Енді санның сапаға ауысатын кезі келді. Қазақ тілі – Қазақстандағы қазақтардың ғана емес, елдегі барлық азаматтардың тілі. Сондықтан қазақ тілінің мәртебесін көтеру­ үшін мемлекеттік органдарды кінәлай беру емес, қайталаймын, әр азамат туған тілінің дәрежесі жоғары болуы үшін барынша күресіп, қазақ пен қазақ қазақ тілінде сөйлесуі керек. Біз осындай мүмкіндіктен өзіміз қашқақтап отырмыз. Елбасымыз айтқандай, он қазақ отырса, барлығымыз орысша сөйлеп кетеміз. Орыс өкіл­дерінің өзі кейде бізге «неге сіз бізбен қазақша сөйлеспейсіздер? Неге бізге қазақша үйретпейсіздер? Өзде­ріңіз бас салып орысша сөй­леуге құмарсыздар!» деп ренішін білдіріп жатады. Демек­, өзіміз де қазақ тіліне немқұрайды көзқараспен қараймыз. Яғни, тілдік ортаны қалыптастыру – қолдан келетін шаруа. Мұстафа Шоқай­дың «Бала қай тілде білім алса, сол ұлтқа, сол мемлекетке қызмет етеді» деп айтқаны бар. Қазір кей қазақ ата-аналар балаларын орыс мектебіне оқытып жатыр. Орысша тілі шығып, сол кеңісті­кте дүниетанымы қалыптасқан балалар қай елге қызмет етіп, қай елдің патриоты болады? Бұл – жай ғана сөз емес, өте үлкен пробле­ма, идеологиялық-саяс­и қауіп. Сондықтан кінә­ні өзімізге артқанымыз жөн.

- Қазақ тілінің латын графикасына негізделген әліпби қабылданды. Бұдан сауаттылық артады ма әлде «шала­жансарлар» көбейеді деп ойлайсы­з  ба?

- Кез келген реформа адамдар үшін жасалады және оны іске асыратындар да азамат­тар. Латын әліпбиіне көшу – тілдік, ғылыми, саяси, өркениеттік тұрғыдан алып қарағанда, дұрыс ше­шім, жөнді бастама. өз басым шүбә келтірмеймін. Кирил­лица 1940 жылдан бастап­ қолданыста келе жатыр­. Бұл қазақ тілінің қажеттілігіне сай келмейтін, шын мәнісін­де, қазақ тілінің емес, қазақ-орыс тілдерінің алфавиті болып­  табылады. Сондықтан қажеттілік дау тудыр­майды. Мәселе – оның  орындалуында. Кәсіби мемлекеттік құрылымды қам­тамасыз ете алсақ, қиынға соқ­пас еді. Бұл әліп­биге қазақ ғана емес, 20-ға­сырдың басында Ресей де өткен. Оның сапалы түрде іске асуы – біздің  елімізге, қоғамымызға берілген  емтихан.

- «Шолақбелсенді»  дегенді қалай  түсінесіз?

- «Белсенділер» тобының мұндай түрінің біздің қоға­мымызда бары шындық. Қоғамдық  мәселені көтеру арқылы өз қара басын ойлап кеткендерді, тасада отырып сыни көзқарас айтып отыратын азаматтар деп білемін. Ондай  белсенділік таныт­қанша, белсенді болмаған артық. Шынайы белсенділік бола ма, «шолақбелсенділік» бола ма, мақсат бір – елдің тұрақтылығы, бірлігі, мәселенің шешім табуы. «Ешнәрсе істемеген адам қателік жасамайды» деген сөз бар. Кеңес өкіметіндегі «жұмған аузыңды ашпа», «бәлесінен аулақ, тыныш отыр» деген ұғым ескірді. Оның жақсылыққа әкелмейтінін сол заманның өзі дәлелдеді. Мемлекет өзі шешеді деген де пікірден ада болған  жөн. Осы ретте «Саясат – өте маңызды дүние. Оны саясаткерлерге сеніп тапсыруға болмайды» деген де сөзді естен шығармау керек­  сияқты.

- Елдегі  конфессияаралық келісім, дінаралық татулық мәселесіне «жақсы» деген баға қойылады. Шыны керек, кейде ішінара толқулар, діни алауы­здық мәселесі қауіп төн­діріп тұрған сияқты көрі­неді.

- Әрине, қазіргі кездегі өте  өзекті  түйткілдердің    бірі – дін саласындағы экс­тремизм. Басқаша айтқанда, асырасілтеушілік.  Дінді арандатушы құрал ретінде пайдалану, халықтың бір бөлігін екіншісіне айдап салу азаматтардың ашынуына, кереғар ағымдардың соңына ілесіп  кетуіне, қауіпсіздікке кері әсер етеді. Бұл бірін­ші­ден, елдегі саяси ахуалдың ушығуына алып келсе, екіншіден, шекара асып кетіп жат­қандар бар. Бұл – әр адамның  өз мәселесі көрін­генімен, қоғамның үлкен қателігі. Әсіресе, буыны қатпаған, «ұлттық иммунинеті» әлсіз жастардың сол ағымдардың жетегінде кетуі қоғамдағы идеологиялық, діни-танымдық  көзқарастағы тиісті балама ұсына алмау­ынан. Олардың дені өз елінде жүріп түрлі қиындықтарға ұшырады, жұмыссыздық мәселесі шешілмеді, әлеуметтік  ахуалы сын  көтермеді, оны жеңіп шығуға рухани жігері жетпей, ақыры сол құрдымның соңында кетті. Демек, сондай қолдау мен демеуд­і  сол ағымдардан көр­ді деген сөз. Меніңше, радикалдық топтардың әрекеті мемлекеттік түйткілдері көп, ақпараттық насихаты әлсіз, идеологиялық саясаты сын көтермейтін мемлекеттерде ушығады. Әлемдік картадан қарайтын болсақ, мұндай жайттардың барлығы жем­қорлыққа ұрынған, әлеу­мет­тік жағдайы нашар, әді­лет­сіздік орнаған, бай мен кедейге бөлінген, жұмыссыздық жайлаған Ауғанстан, Ирак, Ливия, Сирия, Судан сияқты мемлекеттерді шарпып  тұр. Жағдайы жақсы жасал­ған  елдерден болымсыз әрекеттерді байқамаймыз. Өйткені  халқының  жағдай­ы жақсы, идеологиялық қабілеті  бәсекеге  мықты, сыртқы күштерге қарсы тұра алады, рухани бай. Де­мек­, мұндай жайттың орын алуына 99 пайыз сыртқы күштердің әсері жоқ, бұған ішкі  әлеуметтік мәселелер­дің  түйінді  күйінде қалуы себеп­. Бұл мәселелерді кешенді түрде шешу керек, тек қазіргі дағдыдағы «қысып» тас­тау, тыйым салу, жауып тас­тау секілді әрекеттер, менің­ше ұзаққа  апармайды.

- Экономикалық одақты құр­ғанда төбеміз көкке жетті. «Импорт-экспорт мәселесі оңалатын болды» деп. Сонда да ішкі жалпы өнім көлемі әлеуметт­ің әлеуетін көтеруге жарамай тұр. Неге?

- Ел   экономикасын  алып қарасақ, аумағы зор, мүмкін­діктері  елеулі, табиғи бай­лық­тары­ мол мемлекетті тәуел­сіз­дік жылдары пайдалана алған жоқпыз. Әлі де бұл сала мұнайға, шикізатқ­а тәуелді. Ал халықтың жағдайын  көтеруге  жетпей тұр­ған себебі, әрине, жемқорлық, тиісті мемлекеттік орындардың жауапсыздығы, қоғамның  сел­қос­тығы, талаптың жоқтығы, негізгі факторлардың екінші орында тұруы. Соңғы 10-15 жылда тек «жылтырақ» өнімдермен айналысқанымыз, халықаралық деңгейдегі татула­стыру жұмыс­тарын жүр­гізуіміз меніңше, ба­ғамыз «беске» жеткенде айна­лысқан  жөн  секіл­ді. Бәлкім, ол да  қажет шығар, бірақ мәселе онда  емес, басымдықта.

Жалпы, интеграциялық ұйым­ға мүше мемлекет өзінің тәуелсіз лауазымын басқаға беріп қояды. Оның әу бастан меңзегені сол. Біздің бір қателігіміз – осы тектес­ егемендік лауазымымызды Еуразиялық экономикалық одаққа тәуелді етіп қойғанымыз. Біздің мүддемізді Ресей де, Қытай да, Еуропа да шешіп бермейді, өйт­кені ол – бізге ғана керек дүние. Мұны  ретке  келтіретін тек қазақ, ал қазақтың  қолы  интеграциялық  жағдайда «байлаулы» болса, біздің  қажетімізге қарай шешілуі  неғайбыл.

- Түркіменмен түбіміз бір деп тарих­ты  ақтарамыз. Қырғызды да бір  туғанға  санап, жақын тартамыз. Атамбаевтың айтқандарын сарап­қа  салып  көрдіңіз  бе?

- Бұл мәселені бірталай сарап­қа салдық. Қалай болғанда да шалғай­ жатқан мемлекет емес, бауырлас, көршілес, өте жақын халық, шекаралас мемлекет. Осындай байланыстағы екі ел арасында дау-дамайдың туындауы өкінішті жайт. Арада жүрген саясаткерлердің «айдап салуынан» бауырлас мемлекеттер арасына кірбің түсті. Тәуелсіздік алғалы Қырғызстанмен ондаған емес, жүздеген келісімдерге қол қойылды. Қазақ-Қырғыз достық, ынтымақтастық ұйымдары құрылды, осы мәселелердің тізгінін ұстап отыруға тиісті үкіметтеріміз бен елшіліктеріміз бар. Өкініштісі сол, Атамбаев мемлекетаралық қарым-қатынасқа сызат түсіретін, достық жігін ажыратуға апаратын «орынсыз» мәлімдеме жасай бастағ­анда осы жауаптылар үн қатпады. Ақылға салып, тоқтамға шақырған жан болмады. Меніңше, бұл – ойландыратын мәселе. Саясат сахнасынан алшақтап бара жатқан бір ғана саясаткердің арандат­уына төтеп бере алмаған ортақ мәмілелер мен келісімдердің күші қайда? Екі елдің зия­лылары мен саясаткерлерінің де төбесі көрінбеді. Бетін әрі қылсын, жағдай қайталанса, не болмақ? Тіпті  түрлі  жорамалдар мен болжамдар  болды. «Екі ел арасына іріткі салатын кішігірім мәлімдеме жасаушының «тіреуіші» бар ма екен?»  деген  күмән­ді ой  туғаны  да  рас. Десек  те, бұл да бізге  емтихан  болды.

Тағы  бір  айта  кетерлігі, Атамбаевтың мәлімдемесі екі ел арасындағы беріктікті бұзып ғана қойған  жоқ, Қазақстан халқының саясаткерді жақтаушылар мен даттау­шылар болып екіге бөлінуіне  әкеп соқтырды. Түптеп келгенде  бір­тұтас мемлекет, біртұтас ұлт болу үшін сырттан төнген ақпараттық қауіп-қатерге төтеп беріп, халы­қты ұйыстыру керек. Бізде мұндай әрекет­  болған  жоқ. Бұл  біздің  ішкі әлсіздігімізді  көрсетті.

- Сіз сол екіге бөлінген топтың қай  жағында  болдыңыз?

- Әлбетте мен Атамбаевтың айтқандарына үзілді-кесілді қар­сы  шықтым. Себебі, оның сөзін­де айтылған жемқорлық, әділет­сіздік секілді еліміздің ішкі проб­лемалары бары рас. Бірақ, бұл – біздің ішкі ісіміз. Сыртқы мемлекеттер бұл мәселені сөзіне арқау етер болса, Қазақстанның ішкі  ісіне  араласа  отырып, халық­аралық заң талаптарын бұзумен тең болып есептеледі. Осы тұрғыдан қарсылық біл­дір­дім. Біріншіден. Екіншіден, сая­си­ мәдениетке жатпайтын әңгі­ме. Оның ішінде билікке ғана қатысты емес, тұтас халыққа, елге қатысты ащы сөздердің айтылуы, қазақ халқының тарихына, Кенесары ханға қатысты сөздері ар-ождан­ға тиетін дүниелер. Осы келтірілген уәждерді қырғыздардың өздеріне аударып көрейік, әлдеқайда қиындық тудыратыны белгілі. Оларда жемқорлық жоқ па, әлде әділетті қоғам орнатқан ба, реформаларының нәтижесі тап-тұйнақтай ма? Меніңше, біз­ге қарата айтқан мәселелер өздерінде де бар, алдымен соны шешу­ге  талпынсын. Үшіншіден, Атамбаев неге Қазақстанға шүй­лікті? Әлгі мәселелер біздің елде ғана емес, кез келген мемлекетте бар. Наразылығын неге Ресейге қаратпады? Өзінің ішкі технологияларын енгізіп, үміткерін билік басына алып келуді көздеген сияқ­ты.­

Біршама уақыт өткенде ғана Қырғызстаннан делегация өкіл­дері келді. Екі тарап кездесіп, айтылған мәселелердің барлығы көтерілді. Саясаткерлер билік басына келеді, кетеді, ал халық орнында қалады. Сондықтан жа­қын,­ көршілес елдердің арасында­ мұндай келеңсіздіктер болмауы тиіс. Арандатушы саясаткерлер­дің айдап салуынан халық­ты қорғау үшін жұмыс істеу керек. Өйткені зардап шегетіндер де – солар. Дау-дамайдың салдарынан екі жақтың сауда-саттық саласындағы мамандары жапа шекті. Сондықтан елдер арасындағы жағдайға қырын қарамау керек.­

- Ақпараттық  қауіпсіздік  туралы жиі сөз болып жүр. Сандық жүйеге өткен жағдайда қалай сақтай­   аламыз?

- Қазіргі кезде сандық экономика, сандық мемлекет мәселесі жиі айтылып жүр. Бірақ мұны айты­п жүргендердің кейбірі өздері дұрыс түсінбейді. Дұрыс, даму керек. Бірақ даму оның атауы­нда емес, қалай жүзеге асуын­да. Негізгі мазмұн сапалы, қарқынды даму сипатына сай келу керек. Әсіресе идеологиялық, ішкі саясат тұрғысында көптеген мәселелерді шеше алмауымыз осы ақпараттық қауіпсіздік мәселесінің  бір  жолға қойылмауынан. Сыртқы ақпарат көздеріне тәуел­ділік те басым. Шынын айтқанда, әлемде өзінің ақпараттық кеңістігін ашып қойған Қазақстаннан басқа мемлекет жоқ. Әр ел өзінің ішкі саяси идеологиялық кеңістігін бақылауға, қор­ғауға  тырысады. Американы алып қараңыз, Ресеймен екі арадағы ушыққан жағдайдан кейін сондағы Ресейдің жалғыз телеарнасының  жұмысын тоқтатып тастады. Ресей де солай. Шетелден келген бірде-бір бұқаралық ақпарат құралын кіргізбейді. Оған мысал, кезінд­е осы Қазақстаннан шы­ғатын мәдени-танымдық журналды сондағы қандастарымызға қазақша журнал жеткізбек ниетпен  келісім сұрадық көрші халықтан. Сонда олардың берген жауабы: «Журналдың әр санының соңғы бетіне дейін орыс тіліне аударып әкеліңдер, нотариалды түрде  бекітіп, ақпарат  министрі­не көрсетеміз. Рұқсат беріле ме, берілмей ме, содан кейін белгілі болады». Олар өз ақпараттық кеңістігін осылайша сыртқы қатерден қорғайды. Ал біздің бұл тұрғыдағы  есігіміз ашық. Нәтижесінде өзге елдердің идеология­сы насихатталып, солардың көзқарастары беріліп жатыр. Мәселен, өткен жылдары бір­қатар азаматтарымыз сепаратистер  қатарында соғысуға Донбасс­қа аттанды. Қайтып келгеннен кейін өз елінде сотталды. Бәлкім, барған азаматтардың өз жауапкершілігі шығар. Бірақ, белгілі бір дәрежеде мемлекеттік идеологияның да кем кеткен тұсы бар. Тәулік бойына өзге мемлекеттің көзқарасын дәріптеп, ожданын қорғайтын ақпарат таратуға рұқ­сат беріп қойған. Біздегі ақпараттық кеңістіктің 70-80 пайызын әлі де болса Ресей жасақтап отыр. Сондықтан біз әлемде болып жатқа­н оқиғаларға сол елдің көз­қарасымен, пайым-пікірімен қараймыз. Біздегі баспасөз саласы мемлекеттік деңгейдегі мақтау-марапаттаулар, «құрғақ» жаңал­ықтар мен көңіл көтеретін арзанқол дүниелерді көрсетуге машықтанып алған. Бізде әділдік орнататындай ток-шоу жоқтың қасы, сараптамалық дүниелер мүлде жоқ, сала ретіндегі журналистік зерттеулер де ақсап тұр. Бәрі бос кеңістік, кіріптарлық басым. Менің көзқарасым, елдегі ресейлік  арналарды шектеу керек. Неліктен Қытай қазақтарының, Қырғызстан, Өзбекстан, Укра­инаның бірде-бір арнасы жоқ. Өзіміздегі БАҚ-ты бәсекеге қабілетті дамытып, ішкі-сыртқы қауіпсіздікті реттей алатын деңгейге жеткізетін тетік қажет. Ең осал  тұсымыз – осы.

- Елде  демократия  бар. Мәжі­лістің  мақұлдап, Сенатқа жіберген БАҚ туралы заңында сөз бостандығына  сыпайы түрде шектеу қойылған  көрінеді. Хабарыңыз бар ма?

- Біздің қоғамда көптеген түйткілді мәселелер бар. Негізгі басымдық берілуі тиіс мәселелерден гөрі екінші, үшінші деңгейдегі проблемаларды шешкенді жөн көреміз. «Ауруын жасырған өледі» деген. Бұл мәселелерді ашық айтып, қоғамдық, мемлекеттік деңгейде талқылау керек. Барлық мемлекетте елдегі ішкі ахуал сөз бостандығы арқылы іске асырылады. Проблема тек бізде емес, дамыған мемлекеттердің өзінде шешілмеген мәселелер бар. Ал оларды шешуде ақсап тұрған тұсымыз осы – бұқаралық ақпарат құралдары. Біздің жүйеде проблеманы шешу жолын қарас­тыруға емес, оны бұғаттап, жауып тастауға басымдық беріледі. Одан проблема жойылып кетпейді, керісінше, астыртын жатып, ушыға түседі.

- Уақыт бөліп, әңгімелескеніңіз үшін алғыс білдіремін!

Сұхбаттасқан   Н.ҚАЗИҚЫЗЫ

 


 

Қысқа-нұсқа

- Қазақстан азаматы ретінде сізді толғандыратын негізгі мәселе­  қандай?

- Сөз бостандығы. Ашық қоғам орнатудағы негізгі «қақпа» – осы.

- Ұлттың ұлт болып ұйысуы үшін  қазаққа  не  жетіспейді?

- Белсенділік. Мемлекетшілдік көзқарас. Жауапкершілік.

- Тұрақты ұстанатын қағи­даңыз  бар ма?

- Қолыңнан келгенін істеп қал, қалғанын өмір көрсетеді.

- Бала тәрбиесіне қоятын шарттары­ңыз  бар  шығар?

- Еркін таңдау, бақылау, қазақы тәрбие.

- Мемлекеттің  сыртқы борышы үшін өзіңізді қарыз адамдардың қатарынан көре аласыз ба?

- Әрине. Мемлекеттің қазіргі сыртқы борышы – 176 млрд АҚШ доллары. Елдің  әр азаматы 10 мың доллардан  берешек.

- Заңның  күші мен әділдікке сенесіз бе?

- Әділдікке сенемін, оны іске асыратын – қоғам, халық, азамат.­

 

Пікір қалдыру


Қорғаныш коды
Жаңарту

Күнтізбе

< Желтоқсан 2017 >
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 22 23 24
25 26 27 28 29 30 31

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары