Өзекті мәселелер

  • 24.05.18

    «Ауру – астан». Алайда біздегі білім ордаларындағы асханалардың жай-күйі біраз жайттың бетін ашып бергендей. 18 мамырда Жаңақорған ауданы, Келінтөбе ауылдық округіндегі №192 орта мектептің асханасынан тамақтанған 25 оқушы уланып қалды. 21 балаға алғашқы медициналық жәрдем көрсетілсе, 4-еуі аудандық ауруханаға жеткізілген. Ақ халаттылардың айтуынша, эпидемиологиялық ...

    Толығырақ...
  • 24.05.18

    Сыбайлас жемқорлық – қоғамның жегі құрты. Онымен күрес барлық уақытта да маңыздылығын жолғалтпаған. Соңғы кезде қанатының кең жайылып кетуінен қауіптенген еліміз оның тамырына балта шабу үшін жаңа стратегиялар қабылдап, үзіліссіз күрес жүргізіп келеді­. Тіпті 2017 жылы Елбасына  «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы Ұлттық баяндамасы» ұсынылған болатын. Онда әлеуметтік зерттеу қорытындыла...

    Толығырақ...
  • 24.05.18

    Қашанда таланттыларды  тасада  қалдырмаған  қазақ  тағы бір өнерлі ұлын ұлықта­ды. Сыр елі ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, әнші, композитор Батырхан Шөкеновті еске алуға арналған ау­қымды шара ұйым­дастырды.

    Бұл жолғы сән-салтанат пен халық құрметі айрықша есте қалды. Себебі кейбір сарсаңға са­латын «көпсөзді» жиынға  барудан шаршаған жұртшылық  көңілді кон­церт­ке  келіп, рухани демалыс ...

    Толығырақ...
  • 24.05.18

    Жоғарыда аталған тақырыпқа орай жастар арасында­ сауалнама жүргіздік. Бірі былай тартады, енді біреуі былай тартады. Пікірлер сан алуан. Расымен, сөз байласып жүрген жастардан бұрын, біраз жыл бірге тұрып, ажырасып кететін отбасылар да аз емес. Сенімге селкеу, сыйластыққа сызат түсіп, сүйгеніне берген сертін бұзатын білектілер мен бұрымдылар баршылық. Қос ға...

    Толығырақ...
  • 24.05.18

    КІСІНЕГЕН   КІСІ

    Сықақшы

    Ғаббас  ҚАБЫШҰЛЫНА

    Толығырақ...
“ҚАЙТҚАН ҰЛДА ҚАЙЫР БАР” немесе...
20.01.2018 12:48

Немесе “Қайсарды” өз түлектерді түлетеді. Нақтырақ айтқанда түлете ме, түте-түтесін шығара ма, ол жағы әзірше белгісіз. Сәл кейінге шегініс жасайық. Алдыңғы жылы премьер-лига ойындарына жолдама алған “Қайсарды” бірінші лигаға қайта қадам басудан құтқаруға бірнеше жерлестері желпініп жеткен-ді. Тағы да нақтылай түсейік. Өткен маусымда қызылордалық клубтың сапына қайта оралған Сыр футболының түлегі Мақсат Байжановтың еңбегі зор болды.

Алаңда капитандық қызметті атқарып, футболшылар тұрмақ, жанкүйерлерге де жігер, рух бергендей. Одан өзге Алдан Балтаев та команданың тасын өрге домалатуға білек сыбана келген болатын. Өкінішке қарай, жерлесіміз жарақатына байланысты жасыл алаңға жарытып шықпады. Оларға Елжас Алтынбеков, Думан Нәрзілдаев, Айбол Жахаев сынды сырбойылық таланттар да көмектесті. Маусым ортасында туған жерін түлетуге келгендердің бірі Тоқтар Жаңғылышбай болатын. Байқоңырдың тумасы Сыр клубына жолдан қосылса да, жаңалық әкеліп, серпін бере алды. Қалай десек те, былтыр “Қайсар” футбол клубы басшылық жүктеген міндетті жүз пайызға орындады. Ал, биыл қалай болмақ?

 

ТАҒЫБЕРГЕННІҢ  БЕРЕРІ КӨП

Тақырып турасында тағы да түрте кетсек. Осы жылы да бір­не­ше Сыр футболының түлегі “Қайсар” сапында доп теппек. 2008-2012 жылдар аралығында “қасқырлар” құрамын толықтырған Асхат Тағыбергеннің командаға оралуы футболдың иісі мұрнына баратын жер­гі­лік­ті жанкүйерлер үшін жағымды жа­ңалық болды. Неге? 2012 жыл­дан кейін “Ақтөбе” намысын қорғап, 2016-2017 жылдарда “Астанада” ойнаған Тағы­бер­геннің берері көп секілді. Өт­кен жылдың алғашқы жар­ты­сында Қостанайдың “Тобы­лын­да” доп тепкен Асхат футболдан ел біріншілігінің екі дүркін чемпионы, бірнеше мәрте жүлдегері болды. Сондай-ақ, ол кубок және суперкубок ойындарының жеңімпазы атанды. Одан қалды Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасында ойнаған тәжірибесі тағы бар. Қысқасы, “туған жерге ­туыңды тік” деген даналық сөз­ден хабары болып, елге ат басын бұрған болса, Асхаттан кү­те­ріміз көп.

ДӘУРЕНБЕКТІҢ ДӘУІРІ БІТКЕН ЖОҚ

Қызылорда футболының түлегі, отыз екі жастағы шаб­уылшы Дәуренбек Тәжімбетов те шау тартқан шағында “Қайсарға” оралды. Әлеуметтік желіде оны командадан көргісі келмейтіндер де табылып жатты. Әсірелегеніміз ғой, әйтпесе техника мен тәжірибе керек-ақ. Сондықтан, Дәуренбектің дәуірі өткен деуден аулақпыз. Ең бастысы, ол – қызылордалық. Бөліну үшін емес, бірігу үшін айтып жатырмыз. Оның үстіне жасы келген уақытта футболшылар туған жеріне табан тіреп, толағай табысқа жетуге барын салады және мансабын сонда аяқтауды мақсат тұтады. Бұл – әлемде қалыптасқан құбылыс. 2004 жылы “Қайсар” құрамында ойнай бастаған ол премьер-лигада 6 ко­манда сапында өнер көр­сет­ті. “Қайсарда” 121 ойын өткі­зіп, 16 доп соқ­са, “Астана” сапында 4 рет алаңға шықты. Сондай-ақ, “Ордабасы” (133 ойын, 32 доп), “Тараз” (15 ойын, 2 доп), “Шахтер” (30 ойын, 6 доп) және “Атырау” (9 ойын) командасы құрамында да доп тепті. Жалпы, премьер-лигадағы 312 ойын­да 56 доп соқты.

ЕЛЖАСТЫҢ   ОРНЫНА – ЕЛЖАС

Айтпақшы, бас бапкер Стойчо Младенов жастарға мүм­кіндік беруді жөн көрген секілді. 3 қаңтардағы алғашқы оқу-жаттығу жиындарына Өркен Махан, Нұрымжан Салайдин, Елжас Сарбай сынды саңлақтар аттанды. Ал, Елжас Алтынбековтың “Қайсармен” келісімшартын бұзып, “Жетісу” клубына ауысқаны көзі қарақты оқырманға белгілі шығар. “Ат тұяғын тай басар” демекші Елжастың орнын екінші бір Елжас басып, тіпті асырып жатса, қуанарлық жағдай. Естеріңізде болса, бірінші лигада бақ сынайтын “Байқоңыр” футбол клубы “Қайсарға” ойыншылар дайындап беруді мақсат тұтатын. Демек, нәтиже жоқ емес, бар. Өйткені, биыл­ғы жылы Анталияға ат­тан­­ған жастардың көпшілігі – сырбойылықтар.

ҚАРА   МАРЖАНДАРҒА ҚАРАШЫ...

“Қайсар” басшылығы өткен маусымдағы құрамын сақтап қалуға тырысқаны белгілі. Қазіргі күні жергілікті клуб құрамында бес бірдей қара нәсілді футболшы жүр.

Джон Камара. Сьерре-Леоне мемлекетінің тумасы. Көптеген клубтардың жейдесін киген ойыншы былтыр “қасқырлармен” жыл соңына дейін ғана келісімшарт жасаған болатын. Бірақ, биыл Камара оны ұзартты.

Саиди Нтибазонкиза. Бурундики құрамасының ойыншысы өткен жылы біраз көрерменнің таңдайын қақтырды. Жарақатына байланысты “Қайсарға” көмектесе алмаған кездері көп болды. Десе де, қазір оқу-жаттығу жиынында жүр.

Матиас Курьор. Мартиники құрамасының ойыншысы былтыр алдау мәнерімен, жойқын соққысымен есте қалды. Техникасы мықты ойыншыны “Қайсар” сапына аларда Младенов көп ойланбаған болатын.

Абдель Ламанж. Камерундық ойыншы мансабында Франция біріншілігінің басын шалған. Қазақстанда “Атырау” клубында доп тепкені бар. Алдыңғы үшеуіндей мықтылығы болмаса да, Ламанж нашар ­ойыншы емес секілді.

Франк Джа Джедже. “Ертіс” сапынан ауысып келген бұл ­ойыншыға “Қайсар” жанкү­йерлері үлкен сенім артып еді. Шетелде талантымен таныл­ған Джеджеге не жетпей жүргені белгісіз. Бірақ, ойыншының алаң­да бір ерекшелігі бар екенін мойындауға тиіспіз.

Түркияда өтіп жатқан оқу-жаттығу жиындарында “Қайсар” екі кездесу өткізуді жоспарлап отыр. Алғашқы қарсыласымыз – Румынияның “Сепси” клубы. Ойын 22 қаңтар күні өтеді. Екінші кездесу араға үш күн салып, Болгарияның бірінші лигасында ойнайтын “Дунав Русе” клубымен болмақ. Ел біріншілігін асыға күтіп жүрген көрермендер “қасқырлардың” жолдастық кездесуін қалт жібермейтінін ескерсек, Сыр клубының әлеуетін байқау мақсатында өзге де футболсүйер қауымның назары бізде болатыны анық. Біз өз кезегімізде “Қайсарға” сәтті­лік тілеп, жеңіс тұғырынан кө­рі­нуіне тілектестік білдіреміз!

Рыскелді ЖАХМАН

 

Пікір қалдыру


Қорғаныш коды
Жаңарту

Күнтізбе

< Қаңтар 2018 >
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30 31        

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары