Өзекті мәселелер

  • 09.08.18

    Ел іші ешқашан даусыз болмаған. Бұрында да ренжісіп, жер, жесір дауы үшін бір-бірімен араздасқан адамдар өмір сүрген. Әсіресе, жайылымдық жер үшін таласып, бірінің малын екіншісі қуып шыққан сәттер әдебиеттерден белгілі. Алайда ол кезде қазіргідей сот билігі болмаса да, ата-бабаларымыз шыңыраулы түрмесіз-ақ сол дауды бейбіт жолмен шешіп, екі тарапты бір ауыз сөзбен татуластыра білг...

    Толығырақ...
  • 09.08.18

    Біздің «Алдымен экономика, cодан  соң  саясат» деген­ айқын  формуламен ілгерілеп келе жатқанымызды мемлекет басшысы ай­қындап берген. Саяси реформалардың әрбір кезеңі эко­номика дамуы­ның  шекті  деңгейімен ұштасады. Сондықтан да біз саяси ырықтандыру жолын дәйекті ұстанудамыз. Осылайша халықтың рухани қазынасын жаңғыртып, оны бәсекеге қабілетті етуге қол жеткіземіз. Ал білі­мі мен білігі сай ...

    Толығырақ...
  • 09.08.18

    Бас шаһардың әр бұры­лысында жер қазылып жат­қандығын байқаған шығарсыз. Шыны керек, облыс ортал­ығында жыл сайын осындай шаруалар шығады да тұрады. Бұған наразы тұр­ғындар жергілікті билікті сынап­ әлек. Бұл мәселенің мәнісі былай екен. Оны қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаевпен бірге бірқатар құрылыс нысандарын  аралау  барысында біліп  қайттық.

    ...
    Толығырақ...
  • 09.08.18

    Өткен жұмада республикалық Қоғамдық кеңес төрағасы, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Бақытжан Жұмағұлов пен «Нұр Отан» партиясының хатшысы Фархад Қуанғанов бас­таған делегация Сыр өңіріне жұмыс сапары­мен келді. Олар бірқатар ны­сан­дарды аралап, мемлекет басшысының 5 әлеуметтік бастамасының жүзеге асыры­лу  барысымен  танысты.

    ...
    Толығырақ...
  • 09.08.18

    Н.НӘЛІБАЕВ,  қала  әкімі:

    Қала әкімдігінің мәжіліс залында өткен кезекті жиында екі мәселе қаралды. Әуел­гісі Қызылорда қаласының жылу маусымына дайындығы туралы болса, екіншісі кент және ауылдық округтердегі 4-деңгейлі бюджеттің орындалу  барысына  арналды. Қала әкімі Н.Нәлібаев аппарат мәжілісіне арқау болған тақырыптарды айт...

    Толығырақ...
СҰРАПЫЛ жаңа шығармадан үзінді
08.02.2018 10:17

Айжарық    СӘДІБЕКҰЛЫ

(Басы өткен санда.)

***

Бұлар Арал портынан осы бүгін ұлы сәскеліктен өте қара үзіп шыққан-ды. Бұл Ақшабақтың әскерге шақырылғандарды аудан орталығы­на төрт жылда төр­тінші рет жеткізіп салып, енді ауылға қайтып келе жат­қан беті. Құдай біледі, бұл соңғы сапары шығар. Ауылда енді соғысқа жарайтын жан қалмады. Бәрін алып болды. Жастар он сегізге толам­ын дегенше соғыс та бітер. Ақшабақтың ойы осы. Мына «құттақандай» ғана кеменің экипажы бар бол­ғаны үш-ақ адам.

Өзі әрі капи­тан, әрі аспаз; механигі анасының құрсағынан бір аяғы кемістеу болып туған, қисалаңдап жүретін Медеу; қитар Қодаман өзін алмастыратын көмекшісі (помкапитан дейді ауылдағылар) әрі тазалыққа қарайды. Ай­тар­ы жоқ, көмекшіге жарыған. «Чайка» – мүсіндей жаңа  кеме. Шағын болса да, ауыл-ауылдың арасына таптырмайтын  көлік. Бұның ал­ғаш­қы  капитаны  Айтөре еді.  Екеуі отау көтергесін бір-біріне бой үйретіп оңаша өткізген тәтті айдан кейін ол уыздай келіншегін колхоз төрайымының ке­лісімімен теңізге тәуекел деп  алып  шыққан. Басы сол, Айтөре майданға аттанып кеткенше келіншегін жанынан  қалдырмады. Кеме аспазы әрі сүйікті капит­анының көмекшісі болды. Содан әзілқой құр­былары «помкапитан Ақ­шабақ»   атандырып  жіберді.

Штурвалда тастабандап тұрған Ақшабақ миығынан күлгендей болды. Айдың-күннің аманында жайбарақат жатқан елге соғыс сұрапылының килі­ге­тініне көрінді ме екен, екеуі күндіз де, түнде де жұп жазған жоқ. Төсекте басы қосылуына келіншегі екі балалы болып үлгірді. Тұңғышына Айтөре барда босанды, ал оның ізбасары іште қалыпты. Құдай оңдап бұл нәрестесі де жарық дүниені дін аман  көрді.

«Чайка» Арал портынан бас жібін түріп ашық беткейге шыққанда күн райы әжептәуір тынық еді. Жолдағы «Үшшоқы» аралына жеткенше кеме іркіліссіз саржеліп келген. Құдайдың күніне не дерің бар, «Үшшоқыны» артқа қалдырып, ұлы теңіздің тырдай жалаңаш ашық айдынына ұзай бере жаяулап-баяулап басталған жел бірте-бірте екпін алып дауылға ұласты. Астаудай ғана шағын «Чайка» маңдайынан төпелеп соққан тол­қындардан бастықпаған асау тарпаңдай орғып қарғумен болды. Ақшабақ дауыл сапырған  сұрапылдан іш тартып шо­шын­ғаннан өткен-кеткен­ді еріксіз еске алып, өзін-өзі алдарқатып тұр. Әрбір толқы­н кеме­ні бір көтеріп тас­таған сайын­ штурвалмен ышқынып­ алыса түседі. Штурвалды  қолынан жа­затайы­м  шығарып алса, онда  біткендері; асау  толқын  кіш­кентай  кемені  бұйым көрмей аударып тастауға  бар.

Жынын шақырып толқын сапырған теңіздің сұрынан қорыққан Ақшабақтың тұла бойы түршігіп тұр. Тек, Алла, Алла дей берді. Жүрегінің басы кілкілдеп, жанын шүберекке түйгендей алқынып тұр. Осы бүгінгі күн теңіздің тұңғиығына тұншықтырмаса нетті деген сұмдық ой кеудесін осып өткенде... Айтөре-е-ай! - деп ышқынған дауысы еріксіз шығып­ кетті. Ерінің қамқор қанаты астында өте шыққан келін­шек ғұмырының қызық-шыжығы санасында толқынмен бірге толқып, бір көрген түстей қылаңытады.

Айтып-айтпай не керек, Көкаралдағы «Аққұм» ауылының әскерге жарамды еркектерін майданға аттандыру қырық бірдің шілде айы бас­талуына  дүрлікті. Айтөре аудан орталығына алғашқы топпен аттанатын болды. Алысқа жол тартқан сол сапарда қылқандай жігіттер қалаға жеткенше әзілдесіп ойнап-күлуден ауыз жаппады. Кезекпе-кезек күй күмбірлетті, ән шырқады, жыр толғады. Айтөренің құлақ құрышыңды қандыратын ашық  дауысын Ақшабақ елітіп отырып тыңдайтын. Ел іші де оның өнерін мақтап отыратын. Кеме үстін ән-жыр-күйге толайым толтырып келе жатқан өрістес замандастары да оның әрлі-нәрлі сұлу дауысына алабөтен құмартып, ара-арасында жарыса қышқырып, ду-ду көтермелеп келеді... – Ақшабақ тағы да миығынан жымиғандай болып, тана көзі жыпылықтап кетті.

Арыстандай азаматының атпал тұлғасы, кескін келбеті көз аясында толқындай тол­қыды. Ол күйді де бебеулетті, әнді де шарықтатты, жырды да ұзағынан көсілте қайырып сарнатты. Айтарыңыз не, ерінің елден ерек сазды дауысы Ақшабақтың жан дүниесіне әбден сіңіп қалған. Дәл осы сәтте де оның құйқылжыған дауысы теңіз толқынындай кеудесін кернеп, күмбірлеп  келеді.

Осы жұрт бәрі тағдырдан ғой деп үздігіп жатады. Қайдам-ау... - деп күбірлеген Ақшабақ штурвалдан айырылмай қатты қысып ұстап тұрған қарбаласта демін тереңнен тартып ауыр күрсінді. Екеуі қатар құрбыларымен бірге бір ауылда туып өскен; бір еспенің суын ішкен; бір теңіздің суына шомылып, Аққұмның ақшағыл құмына аунап, қанаттарын қатайтқан. Қыр астында қал­ған сол балалық, жастық шақтың мұңсыз-қамсыз бал дәурені естен­ кетпейді; қаншама рет аңсап сағынғаныңмен қайтып келмейді. Ақшабақ сол бір балау­са кезеңін қимайды-ау, қимайды. Ойына алса болды, көңілі толқып, жан дүниесін тербете бастайды. Күнделікті күйбіңмен жүріп білмепті, өткен өмір – аққан судай екен ғой. Енді мынау, Айтөре қайда кетті бел асып, өзі қайда қалды зар  жылап...

Алланың бұйрығына амал жоқ. Екеуінің балалық шалалықпен басталған тағдыр жолы ойда жоқта екі бағытқа қақ жарыл­ды. Өмірден ендігі көрешегі қалай болады... Ойлап ой жетпейді... Тегеурінді толқын кеме тұмсығын тағы да бір үстін-үстін көтеріп тастағанда, Ақшабақ «Алла-а, өзің жар бола гөр» деп штурвалды кеудесімен басып жата қалды. Айтөр­еге «помкапитан» болып жүрген күндерінде «Чайканы» тереңге батыра жаздаған осындай дауылдың талайын көрген. Аллалап аман қалған; көре-көре жүрегі шайлықпайтын болып алған.

– Айтөре-е-ай... - деп ыш­қынды штурвалды кеудесімен қаусыра құшақтап жатып. Артынша-а... я, босаңсып бара жатқан бойын жалма-жан тез тежеп тіктелді. Көңілі әлгін­дегі ойына қайта оралды. Қайран да қайран бал дәуреннің қысқа күндей қалай өте шыққанын білмей де қалыпты ғой. Екеуі бір ауылда бір топырақтан жаралған; кіндік қаны сол топыраққа сіңген; бір еспенің суын ішкен; құрбы-құрдастарымен бірге бір теңіздің суына шомылған; көрген жұрт ауыздарының суы құрып мақтайтын Аққұмның ақшағыл құмына аунап асыр салған... Ал бойжетуге талпынған балаң шағында өзі үйде, қылығы түзде бола бастады. Қыз салтанатымен толықсып жүргенінде күйеу таңдап тұрмыс құрудың қандай болатынын ойлап қиялдайтын. Сәтімен теңін тауып отау көтергендерге кәдімгідей қызығатын. Ол ол ма, Ақшабақ бір-бірімен жарасып үй болған, бір-екі бала тауып шырайы шыққан келіншектердей болсам деп те армандайтын.

Қыз байғұс бойжеткесін бөтен үйге пенде болады. Оған дейін өмірлік серігімен ақ шымылдық ішінде табысу қандай болады екен деп те үздігетін. Ақыры мектепте әуелі бас­тауышта, сосын жетіжылдықта бірге оқыған кластас досы Тортада­н алғашқы түннің қандай­ болғанын әуестікпен сұраған  да  еді.

– О-ой, айтпа, айтпа. Шымылдық ішінде алғашқы табысуды той өтіп болғанша тағатың болмай ынтыға күтесің. Қашан төсекке жеткенше күнді батыра алмай діңкең құриды. Төсекке жеттім бе, жетпедім бе дегеніңде тұла бойың бір жанып, бір суынып, қорқасоқтап жатасың. Әрі оның құшағына қысып, бауырына алғанын жаның қалмай тілеп ынтығасың. Ол да сондай күйде тағатынан айырылып, асығып, аптығ­ып шешінді; сосын діт­теген аңсарына мені де тұттай жалаңаштап кіріскенде, көзім­нің оты жарқ еткендей болды. Бір бұлқынып түстім. Даусым да шығып кетті. Ол ауырсынып жатқан мені аяйтын емес; өлейін деп жүр екен, таң ат­қан­ша құшағынан босатпады... - деді Торта бастасын аш белінен шымшылап. – Құрысын, ал­ғашқы түн ауыр болады екен...

– Ал, сосын не болды?

– Сосын не болсын. Таңертең шымылдықтан екі бетім ұяттан күйіп-жанып әрең шықтым. Денем алдырмай қалыпты. Белім бір жетідей сыздап,  ауырсынып  жүрдім.

– Сосын?

– Сосын, несін айтасың, рақат! Етегің бір ашылғасын рақатқа тоймай көре бергің келед­і екен, - деп Торта бұл жолы Ақшабақты төсекке шалқа­сынан алып ұрып ты­пырлата қытықтап  діңкелетіп  жіберді. – Сен қыз сылаңдап жүре бермей екеуің алғашқы түннің қызығына тездетіп кіріспей­сіңдер ме?! - деді сықылықтап.

Содан, айтып-айтпай не керек, Тортаның қызықтырып, ынтықтырып айтқанындай, Айтөре  екеуінің  махаббат отын маздатуы ақсүйек ойынынан басталған еді. Я, «Аққұм» ауылының жастары да түнге қарай аспаннан Ай көтеріле жамырасып ақсүйек ойнауға шығатын. Айтөре қатарларына қарағанда батыл болды. Және, жасынан домбыра тартуға әуестеніп, жыр жаттап үйренуге жаны құмар еді. Мүмкін, оның батылдығы мен алғырлығына Ақшабақтың көңілі ауып, жүзі ыстық көрінген шығар. Бұл қыз деген бейбағың әбден толысып бойжеткесін өз үйінен өзі қияға кеткісі келіп, көңілі алабұр­тып, ойы онға бөлініп жүреді екен ғой. Ақыры Айтөренің дегеніне көніп ұзаты­латын болды. Дегенде, бауыр басқ­ан ұясынан жат жұрттыққа келін болу оңай ма... Қайдан оңай болсын...

Бұрынғылардан жоралғы болып қалған «Қыз сыңсуы» деген ел дәстүрі болады екен. Алдымен ауылдың бір топ қыздары Ақшабақты орталарына алып, қалыңдықтың үйінен бірін-бірі қолтықтап қыз сыңсуын бастап шықты. Салт бо­йынша кететін қыз өзінің және нағашы жұртын аралап, әрбір үйден дәм-тұз татып, қоштасып шығуы керек. Қыздарға жақсы болды, ойын-күлкі, әзіл-қалжың, айтылмаған арман, тілек қалмады. Сол қолтықтас­қан қалыптарын жазбай тізі­ліп, арғы ауылға сыңсып барып, бергі ауылға сыңсып қайт­ты. Сөйтіп, бір күн сыңсумен өтті. Құрысын, несін айтасың, ұзатылу тойы мен келін болу тойынан кейін Ақшабақ та ақ шымылдықтың ішіне ақ жүзі алаулап кірген, алғашқы төсек қызығын да көрген...

Ой, дүние-ай, жастық жа­лыны алаулаған сол күндерде Ақшабақ бақытты еді ғой. Бірақ, айтып-айтпай не керек, балдай тәтті махаббат қызығы көпке бармады. Арада бар бол­ған­ы үш жарым жыл өтер-өт­песте тап келді соғыс сорына. Қауызын енді ғана ашқан жас-жастың асыл арманын соғысты бастаған сұмырайлар ерте ұр­лады. «Амал жоқ, көндік. Көнбегенде қайда барып ел боламы­з...».

Ақшабақтың әке-шешесінен білгені, осы соғыстың болатынын Нұртуған шайыр, заң­ғар-ай, он екі жыл бұрын болжап өлеңмен уайымдап айтқа­н екен. Көкаралдағы «Сарша» аралын Андағұл-Боқанн­ың биі Сүйеуқұл жылда жаз жайлайтын. Бір жазда боқан­дар жиналып бақи бол­ған бабаларына арнап ас берген. Сол асқа және бір ағайынның келін түсіру тойына Сырдарияның аяғындағы Мырзас елінен атақты Нұртуған ша­йырды да арнайы шақыртқан. Ол Көкаралға бір шоғыр қас­қалар мен жайсаңдарды бастап келеді. Сол жолы жыр бұлағын селдеткен жырау Нұртуған ақынның бір қатерді болжаған өлеңін алғаш рет тыңдаған ағайын жұрт шошып қалса керек­. «Қайдағыны қайдан шыға­рып, жамандық шақыр­ғаны неғылғаны» дегендер де болыпты.

Ал соғыс басталды! - деген суық хабар жер-жерге жеткенде­, Аққұм жұрты: «Ойпырмай, біздің Нұрекең көреген әулие екен-ау?!» деп жағаларын ұстады. Содан не керек, ауылда көр ойбай, жер ойбай басталды. Жұрт естен танып есеңгіреп қалды. Айтқаны айдай келген ақын шайыр енді жоқ. Дүние жарықтан соғыстың басталуынан он бір жыл бұрын баз кешкен.

Қайран асыл тек. Ақшабақ ақын  атасының  көреген әулие­лігіне таңғалды. Және, бір жағынан­  асыл  адамның  жарық дүниеде небәрі қырық жыл жаса­п жермола болғаны көпке дейін ойынан кетпей қойды. Жан жүрегі елжіреп өкінумен мұңайып жүрді. Алайда амал не, әркімнің өз тағдыры бар дегеніне бағатын, - деп күрсінді ойы сапырылысып тұрған келін­шек. Міне, біз де құрышымыз қанбай, бағымыз жанбай жер болып қалдық емес пе, жасамай  жатып...

Құрысын, ауылдың сәні қыз-келіншектері болса, азаматтар айбары  екен ғой. Әскерге жарамды еркектер сыпырылып кеткенде, Аққұм ел көш­кендей күйзеліп, көңіл құлазып қалды. Кәрі-құртаң мен бала-шағаның ендігі сенері броньмен іріктеліп қалғандар болды. «Азаматтарымыздың орнын басқан біз де олардан қалыспай колхоздың көнбіс жегіндісіне айналдық. Қайтейік, Құдай басқа салғасын. Осындай­  зобалаңды  тілеппіз  бе...».

...Сол әуелгі сапарда Аққұм ауылының азаматтары қалада екі тәуліктей кідірді. Ал қызыл эшелон­ға тиелетін күні, Құдай сақтасын, теміржол вок­залының алды кәдімгі қан базардай қайнап кетті. Ығы-жығы халық, ұлы шу, жылап-сықтау, Майдан өтіне аттанғалы тұрғандар мен оларды шығарып салушылар орысша, қазақша сөз сапырып, қойырт­пақтап тұрғандардың елден ерек емен-жарқын дауыс­тары құлақтың жарғағын жарып жіберердей жамырап дуылдайды. Ақшабаққа олардың мына ойдан-қырдан жиналған көп тобырдың түнеріңкі жүздерін жыр демей шалықтап, өздерінше болып-толып, асылық айтып тұрғандары ұнамады. «Тәңі­рім-ай, бет қаратпай үгіт-насихат айтып машық­танған заржақтар осы қазір аттанғалы тұрғандарды соғысқа емес, құдды ойын-тойға жіберетіндей өршеленеді ғой, түге. Өй, өңшең күпілдектер! - деп көмекейінен күңкілдеп тұр. – Қайда осындайлар шығады алдымыздан ойқастап...».

Ал олар қайдағы бір помкапитан әйелдің күйініп тұрғанын қайтеді, қайдағы жоқ аманат­тарды аудан  халқы  атынан жаудырып жатыр. Құлақ  тұндырып  тұрған  айқай-шу  үдей  түсті:

– Біздің ержүрек бабаларымыз жауға жерін бермеген­! - дейді.

– Елімізді қасық қанымен қорғаған атақты Алексан­др Невский, Кутузов, Суворов, Катовский, Буденный, Ворошилов, Шапайлардың ерлігін енді сендерден  күтеміз!

– Жау шебінен бір адым да шегінбеңдер!

– Қанқұйлы фашистердің шабуылын жылға жеткізбей тойтарып, жеңіспен оралатын болыңдар!

– Біздің кемеңгер көсеміміз ұлы Сталин жасасын! Ура-а-а... - деп ұрандатуды бастап жібергенде, Арал  аспаны  жаңғырып кетті. Осындай лепірген  шақырулар мен тек алға деп озандатқандардың айқай-шуы жер-дүниені азан-қазан қылды. Олардың даң-дұң уағыздарын бір-жар көңілі ояу, көзі ашық, Айтөре сияқты еті тірілері болмаса, шашыра­нды елден келген көп бозымның жарытып түсініп тұрғандары да шамалы. «Аналар не деп жатыр?­» - деп  бір-бірінен  сұрайды күңкілдеп.

Ақшабақ:

– Сен бес жыл әскерде болғаныңда, жөн-жосықт­ы біліп қайтқан шығарсың. Ал ауылдан ұзап шықпаған, бірауыз орысша білмейтін мына шырақта­рым қалай соғысады? - деді төбесінен төніп  тұрған  күйеуіне  жанары мөлтілдеп.

– Қорықпа. Бұларды  бірден  салмайды  майдан­ға. Соғысуды  әуелі  алты ай жаттықтырып  үйрете­ді сәйгүлікті  жаратқандай  жаратып.

– Бәсе-е-ау... Әйтеуір Құдай жар болсын шырақта­рыма.

Ақшабақтың тағы бір көңіліне келгені, Аралда жергілікті жұртқа мың қайнаса да сорпасы қосылмайтын бөтен түстілер мен ауызы түктілер өріп жүр. Момын елді біржола басынып алған. Емін-еркін қарыштап басып, ойқастап жүр. Шеттерінен менмен, жергілікті жұртқа шекесімен қарайды. Сартылдаған солдаттар мен матростар қаптап кеткен. Еркектерін шығарып салуға келген ұрғашылары да елдің назарынан қымсынайын демейді. Адамының омырауына тұмсықтарын тығып жіберіп жабыса-жабыса қалыпты; бірін-бірі иіскелесіп, ылығып болар емес; кейбірінің әр тұстан ыңырсығаны естіліп қалады. Ақшабақ: «Ұяттағы-ай, біздің әжелеріміздің «адам беті – көкдәрі» дейтіндері рас екен ғой» - деп бетін шымшып алды. Мына бір күпілдектердің өздеріндей күмпілдеген музыкасының дарылдап тепсінген дауысы да шекесін шағып барады. Ақшабақтың дүниеде жақтырмайтыны – осылардың осы күмпілдегі. Табан астынан жау шапқа­ндай жан жүрегін суылдатып тұр. Оның орны­на қазақтың әндері мен күйлерін ынтығып тыңдағанды жақсы көреді. Ойын-тойда өзінің де жұрттан  ұялмайтындай құлаққа жағымды әуенімен  әлім-берім ән  салатыны  бар.

Ақшабақ осылай ақтан тілеп, ойға батып, мұңайып  тұрған. Кенет әскерге шақырылғандарды­ эшелонға отырғызу дабылы озандатып қоя берді. Ақшабақ құдды ұйқыдан шошып оянғандай селк етті. Әлгінде  ғана  үрей  құшағында селт етпей дүме­ліп тұрғандар тау баурайынан құлдилап жөңкілген тасқындай алға қарай лап қойды. Алашұбар тобырдың ортасында тұрған Айтөре екеуі де көптің екпіні­мен ілгері дедектей жөнелді. Айтөре келіншегін сүрініп кетер деген оймен қорғаштап дереу ту сыртынан құшақтай алды. Әлгінде ғана сартылдап жүрген солдат, матрос, милицияны эшелонның  ұзына бойына екі қатар саппен қақитып қойған­ екен. Амалсыз  іркіліп тосылғандарды тегеурінді күш ілгері жібермей қойды. Енді перронда үрейлі өлі тыныштық.  Әскери  киімі сырықтай бойына құйып қойғандай  көзілдірікті кісі ел алдына шығып, қызыл түсті папкасынан бірнеше бет қағаздарын суырды. Онысы  осы қазір майданға аттанып кететіндердің тізімі екен. Ол әркімнің аты-жөнін атап тұрды; милици­я  аты  аталғандарды эшелонға жіберіп жатты.­ Айтөренің  атын  атаған  кезде  Ақшабақ:

– Алла-а, өзің жар бола гөр! - деп теңселіп кетті.

– Ақшабақ! Аман бол. Елге менен сәлем айт! - деп Айтөре де алға ұмтыла бере артына қарай-қарай кетті. Өзі теңселіп, демі жиілеп тұрған Ақшабақ:

– Алла бізді амандықпен қауыштырғай, ардақтым-м... – деп еңіреп қоя берді...

­(Жалғасы  бар.)

 

Пікір қалдыру


Қорғаныш коды
Жаңарту

Күнтізбе

< Ақпан 2018 >
      1 2 3 4
5 6 7 9 10 11
12 13 14 15 16 17 18
19 20 21 22 23 24 25
26 27 28        

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары