Өзекті мәселелер

  • 13.09.18

    Кез келген жұмысқа тұрарда қандай болмасын мекеме, ең алдымен, «сотты болмаған» деген құжат сұрататыны белгілі. Сол бір «қара тізімде» бар екенсіз, онда арманыңыздағы қыз­метке қол жеткізу қиын дей беріңіз. Алайда облысымызда осы бір мәселеге назар аудармайтын бөлім басшыларының бар екендігі анықталып отыр. Атап айтар болсақ, Арал, Жалағаш аудандық білім бөлімдері мен Сырдария аудандық мәдениет...

    Толығырақ...
  • 13.09.18

    Саяси тұрақтылық пен қоғамдық келісім – мемлекетіміздің басты ұстанымдарының бірі. Сарабдал саясаткер, ел Президенті Н.Назарбаев «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында бұл туралы тарқатып айтқан болатын. «Көл-көсір мұнайдың» дәуірі аяқталып келе жатқанын ескерткен Елбасы жаңа заманға сай болуға үндеді.

     

    ...
    Толығырақ...
  • 13.09.18

    Шыны керек, көптің көкейінде «облыс орталығындағы басты көше­лерд­ің бірі Желтоқсан көшесі нелік­тен жылда жөндеуден өтеді? Оның орнына шетаймақтағы көшелерді жөндесе қайтеді?» деген мазмұндағы пікірлер жиі айтылады. Мәселенің мәнісі былай. Былтыр сол көшеге су жүйелері мекемесі ауызсу желілеріне жаңғырту жұмыстарын жүргізген. Асфаль­т қабаты бір рет қайта қазылса болды, жаңадан салынған жол бі...

    Толығырақ...
  • 13.09.18

    Ерғали  АБДУЛЛА

    Көрініс

    Қыз Жібектей керімсығысы келгені­мен де, тұқымы  құрғыр мыстандығы қылымсып қайта-қайта көрініп  қала береді...

     

    ...
    Толығырақ...
  • 13.09.18

    Нұржамал  ӘЛІШЕВА,

    журналист

    БІР   ҚИЫҚ  ОРАМАЛ

    Қазанға ет салып қойған. Қамыр илемекші болып еді, ұн бітіп қалған екен.

    Толығырақ...
ҚАЗІР АЛҒАН АТАҒЫҢ САХНАҒА ШАҚЫРҒАНДА ҒАНА КЕРЕК СЕКІЛДІ
08.02.2018 12:24

Өмірқұл  АЙНИЯЗОВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері,

“Серпер” жастар сыйлығының лауреаты:

 

Жыр-термелерді эстрадада нақышына келтіріп орындап, тек қазақы ырғақты шырқап және қазақы иірімді сақтап жүрген ат төбеліндей талантты әншілердің бірі – Өмірқұл Айниязов.

Сол арқылы халықтың сүйікті ұлына әлдеқашан айналған жерлесіміз туған жеріне жиі-жиі келіп, мұндағы жұртшылыққа қоңыр үнімен құйқылжыта ән салуды бір ұмытқан емес. Өткен аптада Сыр топырағына табан тіреген әнші жергілікті арнаның “Жыр керуен” атты тележобасында қонақта болды. Сол сәтті ұтымды пайдаланып, Ақтанкерейдің, Сүгірдің бай мұраларын өңдеп, өміршең ән жасауға талпынған әнші Өмірқұлды әңгімеге тартқан едік.

 


АТАҒЫ  БАРДЫҢ  ЕМЕС, ТАНЫМАЛ  АДАМНЫҢ ЗАМАНЫ  БОЛЫП  ТҰР

 

- Бір сұхбатыңызда “Атақтан ешқанд­ай  пайда жоқ” депсіз. Негізі, “адам алдымен атақ үшін жұмыс істейді, одан кейін сол атағың өзіңе өмір бойы қызме­т етеді” деген бар. Келіспейсіз бе?

- Біздің дәл қазіргі жағдайымызға қарасақ, пайда жоқ деп  айтуға  әбден болады. Мысалы, ертеректе атақты адамдарға мемлекет тара­пынан көп көмек берілетін. Басшылықтың оларға деген қамқорлығы өз алдына, сөзімен санасатын, төбесіне көтеретін. Менің ойымша, қазір атақ алған азаматтарға өз деңгейінде сый-құрмет жасалы­п жатқан жоқ. Яғни, айлығына  белгілі  бір  пайызбен ақша да қосылмайды, тегін демалыс орнына да жіберілмейді. “ҚР еңбегі сіңген қайраткері” атағын алға­н кісілердің жылына бір санаторияға баратынын естігені­м бар. Басқа жоқ. Ал, қазіргі кезде алған атағың сахнағ­а  шақырған  кезде  ғана керек секілді. Шынында, бүгінгі күні атақтан гөрі, пиарм­ен жұмыс істеу, сол арқылы­ танымалдықты арт­тыр­у әлдеқайда табысты болып­ келеді. Сондықтан, бұрынғы мен бүгінгіні са­лыстыра  алмаймыз. Қазір атағы­  бардың  емес, танымал адамның  заманы   болып тұр.

- “Қоқыс жәшігіне” сұранып  тұрған  әндер  көбейіп  кет­ті. Тазалықты кімнен немесе қайдан­  бастау  керек?

- Мұны тазарта  алмаймыз. Өйткені, бізде ешқандай шектеу жоқ. Бір ғана мысал, отандық арналарда тазартатын, бақылайтын ешқандай сүзгі жоқ, заң да жоқ. Сондықтан, біреуге “мына әнің пәленшеден  ұрланыпты, ана әнің  дұрыс емес, неге сахнаға шығарасың?” деп айта ал­маймыз. Біздегі тағы бір ең үлкен мәселе мынау деп ойлай­мын. Мысалы, мағы­насыз, сөзі жеңіл әндерді “хит” қылатын да – телеарна­лар, сайттар, газет-журналдар. Оларға керегі рейтин­г болған соң, мұрты қисаймайды. Ал, өздері жарнама жасағаннан кейін әншілерге ренжу де қисынсыз шығар. Тыңдарман талғамс­ыз деп те айтуғ­а болмайды. Жұрт барлығын көргісі, тыңдағысы келеді. 3 миллион қаралымның ішінде кім жоқ? Оны бала да, шаға да, басқасы да көреді. Оның үстіне 3 миллионның барлығы­ әнді іздеп жүріп  тыңдады  не көрді дей алмайсы­з. Тіпті, музыкадан мүлде хабары­ жоқ жандар да бар. Қысқасы­, сіз айтқан әндерді тазалауға барлығы атсалыс­уы керек. Телеарналар, радиолар, сайттар  бәрі-бәрі.

Жуып-шайып айтар болсақ, ондай әндердің өмір сүру ұзақтығы болады. Қазір “Аспанға қараймын”, “Чип-чип” деген әндер қойылмай жүр ғой, сол секілді. Әрі кетсе, бір жыл, екі жыл. Атағы  жер жарған “Ақмаржанның” өзі тыңдалмай қалды емес пе? Орайы келгенде айта кетейін, сол секілді “Тоқсан бір” тобына да ренжудің қажеті жоқ. Олар – жиырмадағы жас балалар. Өсе келе шаш бояғандарын да, басқасын да қояды. Өз басым оған бола жүйкемді жұқартып, пікір таластырып, сөзімді шығын  қылмаймын.

- Ұстаздың мықтылығы шәкіртімен өлшенсе  керек-ті. Шәкірттеріңіз  бар  ма?

- Екі-үш жылдан бері “Өмір” шығар­машылық орталығы деген студия ашып, құрал-жабдықтарын түгелдеп, біршама жастарға жол көрсетіп жүрмін. “Семсер”, “Сейхун” деген топтарға, Ерсейіт деген жігітке  бағыт-бағдар беріп, ағалық ақыл-кеңесімді айтып тұрамын. Оларды өз жобаларыма қатыстырып, әр қалаларда өтетін концерттеріме шығарып жүрмін. Ең бастысы, өнерге адал болуға үйретемін. Әннің сөзіне мән беріп, салмағы­  барын  талап  етемін.

 

МЕНІ  БИЛЕТЕТІН  – АҚЖАЙНАҚ”,

МЕНІ   БИЛЕТЕТІН – “ДҮРДАРАЗ”.

 

- “Кімнің  арбасына  мінсең, соның  әнін  айтасың”. Отандық  эстрада  әншілері кімнің   әнін  айтып  жүр?

- Иә, осы мәселеге келгенде менің қарным ашады. Кешегі Ақан сері, Бір­жан сал, Үкілі Ыбырайлардың заманы қазақты қазақы болмысымен көрсететін, қазақтың әні екенін жазбай танитын­ алтын ғасыр еді ғой. Қазақ үшін халық әндерінің де мән-мағынасы, музыкасы өте жақын. Шәмші, Әсет, Әбілахат, т.б. композиторлардың кезінде­ де әніміз қазақы қалпынан, қазақы мінезінен, иірімінен ажыра­мады. Қазір әбден адасты­қ.  Жаңағы  айтқан­  танымалдыққа жетеміз деп, не болса, соны жазуда­. Әрі биге лайық­талса,  тойға арналса болды­ деген  түсінік  қалыптасқан. Арабтың, өзбек­тің, қырғыздың, басқа да көптеген ұлттардың музыкасын көшіруге машықтанды. Мұны өнерге жасалған­ қастанды­қ деуге болатын шығар. Ертерект­е өзге елдің саяхатшысы: “Қазақ деген­ халық бар. Өздері ақырын жүріп, анық басатын, домбырасын шертіп  отырып­,  терең филосо­фияда ән  айтатын  ұлт екен” деп баға беріпті. Біздің табиғатымыз жұлқынып­  би билей­тін  әуен емес, Ақанның, Бір­жанның сазы ғой. Мы­салы, мені билететін – “Ақжайнақ”, мені билететін – “Дүрдараз”.

- Ақын мен шындықты егіз деп жатамыз­.  Сол секілді, әнші дегенде қандай­  сөзді  елестетуге  болады?

- Әнші десе, сері деген еске түсетін шығар. “Әнші – халықтың айнасы” деген­ сөзбен келісуге болады. Сондай-ақ, әнші жеңіл-желпі қарайтын да маманды­қ емес. Әншілердің белгілі бір қауымды тәрбиелейтіндей де қауқары бар. Бұл әншінің басты қызметі болып табылады. Әнші халыққа барынша сапалы­, салмақты, тәрбиелік мәні бар шығарманы  ұсынуы  тиіс.

- Эстрадада қай әншілерді тыңдайсыз?

- Бала күнімде термешілерді көп тыңдайтынмын. Солардың ішінде есім­де қалғаны Ержан Қосбармақов екен. Бір қызығы, ол кісінің Ержан Қосбармақов екенін кейіннен білдім. Сол уақытта Болатбек Ердәулетовтің  шығармашылығымен таныс болдым. Көзін көрмесем де, ағамызбен телефонмен сөйлесіп жүрдім. Бірде жыршы ағамыз маған тікелей байланысқа шығып­: “Ақжайнақ” – 70-80-жылдары шығар­ған менің әнім. Ал, сен оны халық әні деп  айтып жүрсің” деп ұрысты­. Мен ол кісіге  авторлық құқығын қорғауға кеңес­ бердім. Қазір радиода да, газеттерде де Болатбек Ердәулет­овтің әні деп хабарланып жүр. Сөзі біраз өзгеріс­ке  ұшыра­ған. Бірақ, халықтың құла­ғына сіңісті болып­ кеткеннен кейін өзгеріс енгізбей-ақ қояйық деп шештік. Одан кейін оқуға түскен жылдары Ғарифолла Құрманғалиевтің архивтегі дауы­сын тыңдадық. Бергі жағы Алмас Алматов, Сәуле Жанпейісова, т.б. өнер иеле­рін үлгі еттік. Мен қазақ эстрадасына келгенд­е “АБК” тобының жұлдызы жанып­ тұрған шағы еді. Қыдырәлі Болма­нов пен Медеу Арынбаевтың әндерін әлі күнге дейін тыңдаймын. Қыдекең  жетекшілік  ететін “Ұлытау” тобының да  өнерін жоғары бағалаймын. Бекболат Тілеухан “Япурай”, “Елім менің” әндерін ерекше форматта орындап жүрді. Міне, мен осындай қазақилықты көріп, естіп, бойыма сіңіріп өстім. Сол кезде-ақ осы бағытта қызмет етсем дегенмін. Оны жүзеге асырып та жатырмын деп ойлаймын. Ал, жас әнші­лерден Ғалымжан Жолдасбайды айтуға болады. Әндері – заманауи әрі қазақи. Сол секілді, Қайрат, Төреғали, Серіктердің де өз тыңдармандары  бар.

 

ФОНОГРАММАНЫ  АЛЫП

ТАСТАСА, КӨП  ӘНШІНІҢ

ДӘУРЕНІ  АЯҚТАЛАДЫ

- Елімізде  фонограммамен  ән  айтуды жою мәселесі бірнеше жылдан бері айтылып­ та, жазылып та жүр. Қазір қазақ эстрадасында 1000 әнші бар десек, әлгі заң күшіне енген жағдайда қаншасы кәсібін  өзгертеді  деп  ойлайсыз?

- Ең біріншіден, елімізде 1000 әнші жоқ. Бізде халықтың сұранысына ие, әнші ретінде табыс тауып жүрген  30-40 әнші ғана бар. Ел арасында “әнші­лердің бәрі фонограммамен ән салып­, ақша тауып, халықты алдап жүр, күн сайын бір әнші шығады” деген теріс түсінік қалыптасқан. Мен мұны көп жерде айтып жүрмін. Мысалы, екеуміз отырып барлық әншілерді сана­р болсақ, алысқа ұзай алмаймыз. Демек­, “әнші”  деген сөзді кім көрін­генге­  тіркей  беруге  болмайды. Ал, анау эфирд­е  жүрген  жас  балалардың  көбісі – шаш етектен шығындалып, өнерден өз орнын­  таба  алмай  жүргендер.

Енді фонограмма туралы аз-кем айтсақ. Жалпы, ол бұрыннан бар нәрсе. Ән тарихында өзіндік орны бар талай мықты деген өнер иелері де фонограмм­амен ән салды. Мен де өз деңгейінде қолданамын. Кейбір күн­дері бірнеше концерт беретін кездері­міз болады. Оның барлығын жанды дауыста айту мүмкін емес. Біз халықтың құлағын фонограммамен айтып әбден үйретіп тастадық. Содан болар кей әншілердің жанды дауыста айт­қанын қабылдай алмай жатады. Егер фонограмманы алып тастаса, көптеген әншілердің дәурені аяқталғанымен қоймай, концерттің де деңгейі түсіп кетеді  деп  ойлаймын.

- Әлеуметтік  желілерді  пайдаланасыз  ба?  Қаншалықты?

- Біріншіден, менің өнеріме қатысты өзімнің пиар менеджерім бар. Сол жігіт әлеуметтік желілерге қажетті ақпараттарды таратып, жариялап тұрады. Өзім фейсбук пен инстаграм желісін пайдаланамын. Жаңа  заманның жетіс­тігі ғой, ол жерлерде өзіңді жақсы жағын­ан көрсетуге үлкен мүмкіндік бар. Шығармашылығыңды насихаттау да, жеке өміріңнен ақпараттар беру де оңайы­рақ. Суреттерімізді де жариялап, халықпен етене байланысып отырамыз.

- Кітап оқисыз ба?

- Біз оқып ғана қоймай, жаттаймыз. Кейбір телевизиялық бағдарламаларда­ тосыннан сұрақ қойып, әнші соны біл­мей қалса, сенсация ететін “мықты” журналистеріміз баршылық. Әрине, білуіміз керек нәрселерді оқып, есте сақтауға тырысамын. Күнде кітап оқимын деп айтпаймын. Десе де, өзіме, шығармашылығыма қажетті дүниелерге келгенде ізденемін, оқимын. Терме­нің, жырдың сөздерін іздеп отырып бірнеше кітапты оқитын шақтар да басы­мыздан өтті. Жалпы, керекті ақпарат­тарды, мәліметтерді көбіне қолайлы болған соң телефоннан табамыз.­

- Әңгімеңізге  рақмет!

Сұхбаттасқан

Рыскелді   ЖАХМАН

 

Пікір қалдыру


Қорғаныш коды
Жаңарту

Күнтізбе

< Ақпан 2018 >
      1 2 3 4
5 6 7 9 10 11
12 13 14 15 16 17 18
19 20 21 22 23 24 25
26 27 28        

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары