Оқырманнан хат
Келіп кету есептегіші








![]() | Бүгін | 138 |
![]() | Кеше | 2076 |
![]() | Осы аптада | 2214 |
![]() | Өткен аптада | 15257 |
![]() | Осы айда | 35628 |
![]() | Өткен айда | 52979 |
![]() | Бәрі | 3572648 |
ЕҢБЕК ЕЛ БАҒАСЫМЕН ӨЛШЕНЕДІ |
08.02.2018 12:34 |
Облыс орталығының оңалып, келбеті көріктене түскені шындық. Мұны жоққа теліп, бүйректен сирақ шығарғандай болмайық. Қаланы өркендетуге қаралған қаражат та қомақты. Соңғы бес жылда бас шаһарды дамытуға 115 млрд теңге бөлінген. Желге ұшпай жұмсалғанының нәтижесі ме, облыс пен қала әкімінің іскерлігінің арқасы ма, әйтеуір шаһарымыздың шырайы кіріп қалды. Былтыр жыл басында қала қазынасы трансферттерді қоса есептегенде 30 млрд 831 млн теңге көлемінде бекітілген. Алайда қала бюджеті 43 млрд теңгеге жетіпті. Тайқазанға телміруді доғарып, тірлік еткеннің нәтижесі болар, өнеркәсіп кәсіпорындары 619 млрд 966 млн теңгенің өнімін өндіріпті. Ал өңдеу өнеркәсібінің өнім көлемі 37 млрд 188 млн теңгені құраған. Жалпы, республикада өңірге инвестиция тарту мәселесіне келгенде біздің аймақ өзгелерден көш ілгері. Облысты былай қойғанда, қаланың өзіне өткен жылы негізгі капиталға салынған қаржы көлемі – 105 млрд 322 млн теңге. Аграрлы аймақ екеніміз аян. Дәлел ретінде айта кетейік, облыс бойынша күріштен жылда рекордты жаңартып, түсімді молайттық. Өткен жылы қала көлемінде 5 млрд 986 млн теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндірілген. Ал 251 шаруа қожалығының бірігуімен 21 кооператив құрылған. Мемлекеттік бағдарламалар арқылы мал басын асылдандыру бағытында да біраз шаруа қолға алынған. Дегенмен, «Сыбаға» бағдарламасы аясында жұмыс істеп жатқандар өте аз көрінеді. Есепті кездесуде осы бағытта жұмысты жетілдіру жөнінде сөз болды. Енді инфрақұрылым жайына келсек. Н.Мәшбекұлының сөзінше, 2017 жылы республикалық, облыстық, жергілікті бюджеттерден қаланың инфрақұрылымын дамытуға 3 млрд 376 млн теңге бөлінген. Ауызсу, кәріз жүйелері мен ғимараттарын қайта жаңғырту инвестициялық бағдарламасына сәйкес облыс қазынасынан 61 млн теңге, Ұлттық қор есебінен 545 млн теңге қаржы қаралған. «Нұрлы жол» бағдарламасы шеңберінде республикалық тайқазаннан 3 млрд 44 млн теңгеге қаладағы 34,4 шақырым ауызсу, 7,8 шақырым кәріз су құбырлары жөнделген. Бүгінде қалаішілік су құбырларының 60 пайыздан астамы толық жаңғыртудан өткен. Былтыр жылу желілері мен қазандықтарды ағымдағы және күрделі жөндеуден өткізуге 1 млрд 20 млн теңге жұмсалған. Шаһар басшысы ұдайы басынан дау арылмайтын жолаушы тасымалына да тоқталды. Былтыр тоқсан теңгенің «толғағы» тұрғындарды титықтатқаны рас. Әйтсе де жергілікті депутаттар мақұлдаған соң көпшілік ақыры айтқанға көнді. Бүгінде қоғамдық көлікпен барыс-келісіңіз – тоқсан теңге. Баға қашанға дейін сақталатыны белгісіз... (Нарық заңына сәйкес тасымалдау құны да құбылады.-ред.). Жолақы қымбаттағанда жауаптылар «қоғамдық көліктегі берекесіздікті қалыпқа түсіреміз» деп уәдені үйіп-төккен. (Қай деңгейде орындалғанын тұрғындар өзі бағамдар.- ред.). – Қала тұрғындарының қоғамдық көлікке деген сұранысын қанағаттандыру және қаламыздағы көлік қатынасының сапасын арттыру мақсатында аумағы 5 гектар жерді құрайтын жаңа үлгідегі автобус паркін пайдалануға бердік. Материалдық-техникалық базасы толық жабдықталған. Тұрмысы төмен отбасыларынан шыққан оқушылар мен студенттердің қоғамдық көліктерде жеңілдікпен жүруіне облыстық бюджеттен 105 млн 507 мың теңге бөлінді,- деді Н.Нәлібаев. Өткен жылы қалада 230 мың шаршы метр болатын 2 мың 971 пәтерлік 61 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілген. Пайызға шақсақ, облыста атқарылған құрылыс жұмыстарының 43 пайыздан астамы қалаға тиесілі. Оған тартылған инвестиция көлемі – 33 млрд 142 млн теңге. Қалада былтыр атқарылған екі негізгі жұмыс бар. Біріншісі – Сырдария өзенінің сол жағалауындағы соны серпін. Құрылыс компаниялары өз қаражаты есебінен 5 қабатты 18 тұрғын үйдің, 320 орындық балабақшаның, «Болашақ» университетінің студенттер қалашығы, жастар орталығы, Қазақ Орталық Атқару Комитеті мұражайы ғимараты тұрғызылуда. Сондай-ақ, жаңа қалашықта 100 келушіге арналған емханамен қоса 300 төсектік көпсалалы аурухана, 900 орындық мектеп салу жоспарланып отыр. Бұған дейін ең өзекті болып келген Белкөл кентінің тұрғындары көгілдір отынға қол жеткізді. Аталмыш жұмыстарға облыс қазынасынан 378 млн теңге бөлініп, соның арқасында 830 жеке сектордағы баспана, 4 көпқабатты тұрғын үй және 5 әлеуметтік нысан газдандырылды. Қазіргі таңда қаланы көгілдір отынмен қамту көрсеткіші 95 пайызға жеткен. Былтыр шаһардағы 137 көшеге жол жөндеу жұмыстары жүргізілген. Бұл бағытта жұмсалған қаржы көлемі – 3 млрд 212 млн теңге. Оның 1 млрд 426 млн теңгесіне ұзындығы 5,8 шақырым болатын Қорқыт ата көшесі қайта жаңғыртылған. Аталмыш көшені жөндеуге 1 млрд 426 млн теңге кеткен. Сондай-ақ, Сәулет мөлтек ауданында ірілі-ұсақты 32 көшеге жөндеу жұмыстары жүргізілген. Айтпақшы, Жібек жолы даңғылы мен Ділманов көшесінің қиылысында жаяу жүргіншілерге арналған көпір салынуда. Ерекшелігі сол, онда мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған жеделсаты орналасқан. Өткел жақында пайдалануға берілмек. Жиында спорт, мәдениет, білім, денсаулық салалары бойынша атқарылған жұмыстар барысы да айтылды. Барлығы да бірқалыпты деңгейде. Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты жолдауын жүзеге асыру мақсатында ауқымды шаралар қолға алынбақ. Соның аясында Қызылордада «Ақылды қала» жобасы іске асады. Мәселен, халық көп шоғырланатын демалыс орындарында «Оrda Wi-Fi» тегін интернет желісі, тұрғындар әкімдікпен тікелей байланыс орнату мақсатында мобильді қосымша, жер қатынастары саласындағы заңбұзушылықтарды болдырмау үшін GPS геодезия құралы мен ArcGis бағдарламасы, қауіпсіздікті сақтау мақсатында тұрғын үйлерге видеодомофондар орнатылмақ. Әрине, мұның барлығы – болашақтың еншісіндегі дүние. Тіпті, кейбір жобалар аясында жұмыстар басталып та кетіпті. Нұрлыбек Нәлібаевтың есебінен соң аймақ басшысы сөз алды. Ол облыста атқарылып жатқан шаруалар жөнінде қысқаша баяндады да, қала әкіміне бірнеше тапсырма берді. Мәселен, қалаға инвестиция тарту төмендеген. Қырымбек Елеуұлы индустриялық жобаларды жүзеге асыру, ауыл шаруашылығы саласын жетілдіру және жұмыссыздықты төмендету керектігін айтты. Осыдан кейін көпшілік тарапынан бірнеше сауалдар қойылды. Ең қызығы, нақты сұрақтардан гөрі алғысын жаудырғандар қатары көп. Т.Әлиев, «Саяхат» мөлтек ауданының тұрғыны: – Біздің негізгі мәселеміз – жол. Көктемде әбден батпаққа батамыз. Бізге қашан жол салынады? Н.Нәлібаев, қала әкімі: – «Саяхаттың» жол құрылысының жобасын дайындап жатырмыз. Жоба дайын болған соң, облыс әкімдігіне ұсыныс береміз. Н.Боранбаева, қала тұрғыны: – Көпқабатты тұрғын үйлердің 4-5-қабаттарына су көтерілмейді. Тұрғындар насос пайдаланып отыр. Екінші сауалым, жолаушы тасымалына қатысты. Қала автобустарында мүгедектерге жеңілдік қарастырыла ма? 70 жастан асқан зейнеткерлерге берілетін 50 пайыздық жеңілдікті барлық зейнеткерлерге ұсынуға бола ма? Н.Нәлібаев, қала әкімі: – Соңғы 5 жылда ауызсу желілерін жаңғыртуға 16 млрд теңге жұмсалды. Нәтижесінде ауызсу құбырларының 60 пайыздан астамы жаңартылды. Жаңа құбырлар қосылғанда су қысымы көтеріледі. Бізде су қоры жеткілікті болғанымен, ескі құбырлар қысымды көтермейді. Екінші сауалыңызға келсек, қоғамдық көлік қызметі негізінен бәсекелестік ортаға жіберілуі қажет. Алайда біздің кәсіпкерлер мұнымен айналысуға ынталы емес. Ал зейнеткерлердің барлығына жеңілдік жасау жөнінде зерттеп жатырмыз. Қ.Қожағұлов, қала тұрғыны: – Жер телімі 2005 жылдан бері кезекте тұрғандарға берілді. Енді 2006, 2007 жылдан кезекте тұрғандар қашан қол жеткізеді? Н.Нәлібаев, қала әкімі: – Қазір 53 мың адам жер кезегінде тұр. Ашығын айту қажет, олар жерге шын мұқтаж адамдар емес. «Бәйтерек» ықшам ауданын ашуға 11 млрд теңге қаржы жұмсалды. Сол ауданнан 6 мыңнан астам адамға жер телімін бердік. Қазір сол маңда 15-ақ адам тұрып жатыр. Бар-жоғы 80 баспана бой көтерген. Инфрақұрылымды орнатуға қыруар қаржы жұмсалды. Оны ұстап тұру оңай емес. Халық онда қоныстануға құлықсыз. Биыл 1 млрд теңге қаржы бөлінеді. Тұрғындарға 1267 жер телімін табыстаймыз. Облыс әкімі де бұл мәселеден хабардар екендігін жеткізді. Жер телімін алғандар баспана салмаса, оны кері қайтарып, нағыз мұқтаж адамдарға берілетіндігін ескертті. Жиын соңында ардагерлер атқарылып жатқан шаруаларға оң бағасын беріп, ізгі тілегін білдірді. Қозы Көрпеш ЖАСАРАЛҰЛЫ, Бағдат Есжанов (сурет) |