Өзекті мәселелер

  • 11.10.18

    Облыстық прокуратура әкімшілік істер бо­йынша қабылданған шешімдерді зерделеу барысында полиция қызметкерінің әкімшілік өндіріс материалдарын бұрмалау фактісін  анықтады.

    Нақтырақ айтатын болсақ, жергілікті полиция қызметінің полицейі Д.Амангелдіұлы қызметтік автокөлікпен кезекшілікте жүрген кезін­де қаладағы дүкендердің бірінің тұсында тоқтап тұрған «Hyunday Accent» маркалы авто­көлігі...

    Толығырақ...
  • 11.10.18

    КӘСІПКЕРЛІК –  ЖЕТЕКШІ   КҮШ

    Еліміздегі басты саяси құжаттардың қатарында «Қазақстан – 2050» страте­гиясы да бар. Ұзақ мерзімді дамуды бекіткен бұл стратегияда айтылған міндеттерді жүзеге асыру үшін орта мер­зімді кезеңге арналған мемлекеттің 2025 жылға дейінгі жоспарлау құжаты да айналымда. Бұл құжаттың басты мақсаттарының қатарында жеделдет...

    Толығырақ...
  • 11.10.18

    Жат діни ағымға еріп, адасу Әселдің жастық ғұмырының біршама жылдарын жалмады. Бойжеткен өміріне жағымды өзгеріс енетініне сенген. Дәл сол сенімнің «арқасында» ә дегеннен ештеңе түсіне алмады. Мұнысын жастыққа жарасатын аңғалдық дерсіз. Уақыт өте келе өзінің және жұбайының «роботқа» айналып бара жатқанын сезген ол көңіліндегі күмәнмен арпалысты. Рухани дертке ұшыра...

    Толығырақ...
  • 11.10.18

    Бауырлас он екі мүше,

    Бір анадан туғанмен,

    Әрекеттері әртүрлі...

    Бас – ақшаға тартып,

    Аяқ – басқаға тартып,

    Әуреге салды әркімді...

    ...
    Толығырақ...
  • 11.10.18

    Елуде еді өз жасым,

    Тыйылмады көз жасым...

    Жұмыс іздеп шығып ем,

    Киім-кешек тозғасын...

    ...
    Толығырақ...
ҚҰЛБАЗАРДАҒЫ ҚҰНСЫЗ ҚАЗАҚ
08.02.2018 12:37

Күннің қабағы ашылып, қыс­тың қытымыр суығы қайтқан сәрсенбі. Таң қылаң бере жанарымды терезеден тысқа тастап, ойдың тереңіне үңілдім. Жылы жерде отыра бергеннен алақаныма біреу несібе әкеліп салмайды. Жұрт қатарлы жұмыс істемесем, қарғаның саңғып кеткені кімге бұйы­рады?  Басымда – көне қара қалпақ, үстімде – ағамнан қалған әскери тон мен былтырдан қалған қара шалбар, аяғымда – әбден тозығ­ы жеткен қонышты етік. Бағыт­ым – қаладағы ІІІ ірілен­дірілген мөлтек ауданындағы (Ескі базар  маңы)  сауда  үйлерінің  алды.

Ол жақта не бар еді деп ойлап отырсыз­ ба? Сол маңдағы жол жиегі – адамдардың жалданып жұмыс істейтін орталығы. Қолынан бұранда бұрау мен қара жұмысқа күш жұмсағысы келмейтін кер­жалқаулар, бай-бағландар осы азаматтардың  жұмысына мұқтаж. Мен де уақытымды босқа өлтір­мей, ақша табудың амалын жасап, жұрттың тілімен «құлбазар» аталып кеткен орынға жеттім. Құдды біреу маған «міне, жұмыс, міне, ақша» деп  ұсына  қалатындай.

Жол жиегімен келе жатқан маған жұрттың бәрі көзін төңкеріп қарайтындай. Діттеген орныма да жеттім. Әдепкіде  қара  жұмыстың ауырлығынан қа­шып, іргемді аулақ салып тұрсам да, бұдан басқа амалдың жоқтығын өзі­ме-өзім мойындаттым. Сырттай бақылап тұрған жұмысшылардың бәрі бір-бірімен таныс се­кілді. Темекінің түті­нін будақтатып, қара жерге «жер» сайлап, карта ойынының көрігін қыздырып-ақ жатыр. Тамағымды бір кенеп, жандарына барып, амандастым.

- Ағалар, жұмыс керек еді! - деген бір ауыз сөзбен ғана тоқталдым.

- Жұмыс жоқ! - деп мұрындарын шүйіріп, аларған көздерімен шығарып  салды.

 

«СМОТРЯЩИЙ» КІМ?

«Шешінген судан  тайынбас» деген ой мені сол жерге қайта апарды. Үн-түнсіз тұра бердім. Жол жиегіне тоқтаған көліктерге жүгі­ре жөнеледі. Сөйт­сем, олар жұмыс ұсынушылар екен. Екі-үш мәрте жүгіргендерін көріп, мен де әдістерін жылдам меңгеріп алдым. Бұл әрекетіме өзім іштей қуаныштымын. Келесі көлік те кілт тоқтап, терезесін ашты. Жапа-тармағай жарысқандардың арасына мен де қосылдым. Біреуі итке жекігендей «кет» десе, біреуі көкірегімнен ите­ріп, келесісі тіпті жұды­рығын  ала жүгірді. Жалғыз өзім – бір қазық, олар – бір топ. Сірә, менің өздерінің «нанына» ортақтасқанымды жақтырмай тұр. Сәлден соң араларынан шамамен орта жасты алқымдаған жас жігіт жаныма келіп:

- Бауырым, бұл жерде саған қалған жұмыс жоқ! Аман-есен, есіңді біліп тұрғанда жөніңе бар!

- Тым болмаса, бір-екі жұмыс істеуге мұрша беріңдерші...

- Атың кім сенің?

- Ердәулет!

- Мені «Жека» деп атасаң болады. Аралдың тумасымен. Мен де сен сияқты келгенмін басында. Қалаға оқуға түскем. Күнкөріс қиындап кеткен соң амалсыздан осында жүрмін. Ауылдың баласының қолынан осындай қара жұмыстан басқа не келеді дейсің?..

- Жека, бір азаматтығың болсын. Жұмыс істеуге көмектесші...

- Інім, мұнда жұмыс істеу үшін алдымен «смотрящий­дің» алдынан өтесің. Онымен сөйлесу үшін де таныс керек. Оңайлықпен сөйлеспейді. Оның үстіне ол қазір қалада емес, келген күннің өзінде саған­  жұмыс  істеуге  мүмкіндік беруі  екіталай.

- Менің мұнда келгенімді ешкім білмейді. Сенің үй ішің біле ме?

- Бұл жерде отыз шақты адам тұрамыз, келген-кеткен көліктерді «аңдып». Үйдегілерге айтсаң масқара ғой, менің кесірімнен бүкіл ауылдың алдында абыройы тө­мендейді ғой. Басқа амал жоқ енді, - деді де тобырына қо­сылды.

 

АҚЫСЫН  БЕРСЕҢ,

БОҚЫСЫН  ШЫҒАРАДЫ

«Еңбегі көптің – өнбегі көп» демекші сананы тұрмыс билеген заман туғалы қашан? Күйбің тірліктің ноқтасы басың­а түскен кезеңде нәпақа табу  үшін  тер  төгіп, арқа тері арша, борбай  еті  борша болып  жүрген  жандар қаншама? Бұл – базар айналасындағы күнделікті көз үйренген тірлік. Бірінің ойы «жан бақсам» дейді, енді бірі «бай болсам» деген ниетпен тіршілік етуде. Базар маңынан әрі-бері өткенде, полиэтилен қалтаға са­лынған нан сатып жүрген өзбек жігіттерін байқаймыз. Арасында өзіміздің қазақ бауырла­рымыз  да бой көрсе­тіп жүр. Тіпті, жол шетінде қайыр сұрауды кәсіпке айналдырған адамдар да көбейген. Ал, ескі базар жанынан са­лынған «Сұлтан» сауда үйінің бұрыш-бұрышында жұмыс іздеп, еңбегін саудалағандардың тірлігі жаңағыдай. Айлығымен емес, шайлық ақшамен күн көретін, сол үшін айтқаныңа көніп, айдағаныңмен жүретін бұл ағайын қай істің де ақысын берсең, боқысын шығар­ады.

Араға  бірнеше  сағат салып, «құлбазарға» айналған «Сұл­тан» сауда үйінің алдына «сұл­танша» келіп тоқтаған жігіт көлігінің терезесін сәл түсіріп, (мұнда келушілердің бәрі тек терезесін ашады - ред.) бір­неше қызмет түрін ұсынды. Мені итеріп-итеріп ортасынан шығарып тастаған олар ба­ғасын айтып абыр-дабыр. Бұлар айтқан бағаға келісім бермегендей көлігін ұйыт­қы­тып айдап кетті. Сондағы біл­генім, аула ішінен әжетхана қаздыру – 2000 теңге, жүгіңді қалаған жерге жеткізу – 1000-1500 теңге, бетон құю, қора тазал­ау, бір күндік құрылыс жұмыстарын істеу небәрі он мың теңгедей ғана. Ал аула тазала­у, қоқыс шығару секілді жеңіл-желпі жұмыстарға алынат­ын ақы екі-үш мың теңген­ің  айналасы. Бұл кө­лемдегі  қаржыға  алатын  азық-түлік  бір себетке де толмайды­. Әрине, нарықтық баға ша­рықтап  тұр.

 

ҰЛЫМЫЗ  ҚҰЛ,

ҚЫЗЫМЫЗ  КҮҢ  БОЛМАСЫН...

Кейіпкер кейпіне енген бір күнде байқағаным осы болды. Жұмыстан шеттетіліп қалғандар да, бала-шағаның қамы үшін жұмыс таппай сенделгендер де – осында. Шаруа киімін құшақтап, айналасына тоқтаған кез келген көлікке жалтақтап тұрған бұл адамдардың әрқайсысының ойында «қандай жұмыс, қанша төлейді?» деген бір ғана сауал тұрады. Айтпақшы, араларында отбасынан безіп, өз бетінше күн көріп жүргендер де жоқ емес. Бір өкініштісі, жылдар бойы мемлекеттік қызметте жұмыс атқарып, сол бейнеттің зейнетіне жете алмаған мамандық иелері де осында. Дегенмен, нарықтық өмір базардың тір­шілігіне де үйретіп тастаған. Бұрынғы лауазым мен қызмет бұл жерде өзгелер үшін абырой емес. Жалдамалы жұмыстың тәртіп өзгешелігі де – сол. Қатып қалған заңдылықтың жоқтығынан не пайда, барған жерінде қарапайым техникалық қауіпсіздік сақталмайды, біреуі ауырып, біреуі құлап жатса да оларға көмек берер ешкім жоқ.

Құлдық өмірдің қамытын киген бұл адамдардың мұндай жағдайға түсуінің өзіндік себеп­тері бар. Олардың дені оқуды бітіріп, дипломмен жұмысқа тұра алмай, бірі өзінің мамандығына сай жұмыстың жалақысына көңілі толмайтындығын, енді бірі оқудан да, отбасыдан да ма­құрым қалғандықтан осындай шарасыз күйге түскендігін айты­п күйінеді. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, елімізде 2016 жылы 64,6 мың адам жұмыссыздар ретінде тіркелген, бұл көрсеткіш 2017 жылдың қараша айында 125,9 мың адамға жетіп, екі есеге өскен. Демек, базардың айналасын «меншіктеп» жүргендер саны да күн санап артып жатыр­. Қатарын арттырмауға тырысып, кеш қарая мен де өз бағытыммен кете бардым. Басым­  жарылып, көзім  шықпай  тұрғанда...

«Ұлымыз құл, қызымыз күң болмасын» деп ата-бабамыз қаны мен терін сарп еткен. Адал істің асы тәтті. Болашағы жарқы­н елді «құлбазармен» елестету тіпті қиын. Отбасы – ошақ қасы үшін азын-аулақ тиын-тебенге жалданып, аянбай тіршілік етіп, тер  төгіп  жүргендер  кімге  өкпелі? Қолдағы  барын баға­ла­май­, табанын  кері  тартқан  өзіне  ме, өмірдің  ағысымен­  жылжып  жатқан  заман  ағымына  ма?

Ердәулет  КӘКІМЖАНОВ,

Қорқыт  ата  атындағы

ҚМУ-дың  4-курс  студенті

 

Пікір қалдыру


Қорғаныш коды
Жаңарту

Күнтізбе

< Ақпан 2018 >
      1 2 3 4
5 6 7 9 10 11
12 13 14 15 16 17 18
19 20 21 22 23 24 25
26 27 28        

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары