Оқырманнан хат
Келіп кету есептегіші








![]() | Бүгін | 126 |
![]() | Кеше | 2076 |
![]() | Осы аптада | 2202 |
![]() | Өткен аптада | 15257 |
![]() | Осы айда | 35616 |
![]() | Өткен айда | 52979 |
![]() | Бәрі | 3572636 |
МҮРДЕЛЕР «МЕКЕНІ» |
08.02.2018 12:48 |
Қытай мәдениетіне оптимистік дүниетаным, өмір мен өлімге табиғи тұрғыдан қарау тән. Адамдар жер бетінде тіршілік етеді, ондағы тірілер мен өлілер өзара тығыз байланыста. Бұл – барлығы үшін ортақ дүние, ортақ тылсым. Бұл – философиялық даналық. Қытай халқының салт-дәстүрлерінде, наным-сенімдерінде кеңінен көрініс тапқан, еуропалықтарды таңғалдырған дәстүр – қатты ауруға шалдыққан адамға сыйға табыт тарту. Бұл ауырған адамға құрмет көрсету мен оған деген шынайы сезім белгісі болып табылады, өйткені өліп бара жатқан адам алыс сапарға шығып бара жатқан жолаушымен пара-пар. Біздегі мәңгі өмірге аттанып кеткен адамдардың уақытша тұрағы саналатын мәйітханалардың жай-күйі қай деңгейде? Әсіресе, табытқа дейінгі зерттеулерді қажет ететін мүрделердің «мекені» - сот-медициналық сараптама орталықтарындағы ахуал «аһ» ұрып тұрғандай. Маман тапшылығын айтып оң жақ, мардымсыз жалақыны айтып сол жақ бетіңізді шымшырсыз-ау, одан арғысын естісеңіз, бетіңізді қос алақанмен жабуға тура келеді. Катастрофа. Жағдай мәз емес. Мәселе қандай? Сот-медициналық сараптама дегеннен бастап мәйітті тіліп, зерттеп жатқан көрініс көз алдыңызға келеді. Рас, солай. Алайда «катастрофа» деп жаға ұстайтындай не болып қалды деуіңіз мүмкін. Айтайық. Бұл саладағы маман тапшылығын еліміздегі 175 ауданның 92-сінде сот-медициналық сарапшының жоқтығынан топшылау қиын емес. Осыдан бірнеше жыл бұрын сот сараптамасы мен сот медицинасы орталықтары біріктіріліп, денсаулық министрлігінен Әділет министрлігінің қарамағына өткені белгілі. Сол кезде дәрігерлерге мәйітпен жұмыс істеп және иммун жетіспеушілігі вирусын жұқтырғандар үшін төленетін үстемақыны соттың алып тастағанын Үкімет сағатында айтқан ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұрлан Әбдіров «осы мәселені Үкімет неге шешпей отыр?» деп тамамдады. - Еңбекақыны атқарған жұмысына қарап төлеу бірден бірнеше кадрлық мәселені шешуге мүмкіндік береді. Сарапшылар штаттық қызметкер ретінде өзінің атқарған жұмысының көлеміне қарамастан, белгіленген жалақы алып келді. Бұл қызметкердің кәсіби өсуіне деген ынтасын жоғалтады. Жаңа жалақы төлеу жүйесі әлсіз мамандарды ығыстырып, жұмыс істейтін адамдарды іріктейді деп ойлаймын, - деп жауап берді ҚР Әділет министрі М.Бекетаев. Мәселенің мәнісіне осылай жылы жауып ғана жауап қатқан министр мәйітхана төңірегіндегі жайттарға миын қатырғысы келмейтін сыңайлы. Әйтпесе, түсінгенге мүрдеге сараптама жасау – психологиялық жүктеме, ал канцерогенді және улы химиялық заттармен жұмыс істеу – адам денсаулығына аса қауіпті жұмыс. Ал канцерогендік заттардың ағзада қатерлі ісік ауруларын және әртүрлі қатерлі, қатерсіз ісіктерді туғызушы химиялық қосылыстар екенін жақсы білеміз. Демек, сот-медициналық сараптама орталығындағы әр сарапшы маман кез келген сәтте денсаулығына қауіп туғызып, кез келген мезетте ауру жұқтыруы ықтимал. Мұндай жағдай да жоқ емес. - Соңғы бес жылда сараптамалық мекемелерде 56 дәрігер, медбике мен тазалықшы туберкулез, 26 қызметкер әртүрлі вирусты гепатит жұқтырған. Мұндай жағдай Ақмола, Қарағанды және Маңғыстау облыстарында ғана тіркелмеген, - деп мәлімдеді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Н.Әбдіров. Үш облыста ғана тіркелмегені анық болған соң Қызылорда облысы бойынша сот сараптамалары институтына сауал жолдадық. «Апатты» жағдай бізде де бар. Бірақ... - Мекемедегі сот-медициналық сарапшыларға республикалық бюджет есебінен және Үкіметтің 31.12.2015 жылғы №1193 қаулысына сәйкес еңбекақы төленеді. Денсаулыққа зиянды зертханалық жұмыстар жүргізулеріне байланысты тегін сүт өнімдерімен және қауіпсіздік шараларын сақтау мақсатында арнайы медициналық халат, бас киім, алжапқыш, бетперде және резиналы қолғаптармен қамтамасыз етілген. Қазіргі таңда институтта жұмыс жасайтын медициналық қызметкерлер арасынан 1 сарапшы туберкулез ауруымен ауырып есепте тұрады. Бірақ бұл қызметкердің туберкулез ауруымен ауырғандығын «кәсіби ауруға» байланыстыруға негіз жоқ, - деп жауап берді аталмыш институт директорының сот-медициналық сараптамасы бойынша орынбасары Рақымжан Әліп. ҚР Парламенті Мәжілісінің вице-спикері В.Божко қаңтар айындағы Үкімет сағатында елдегі мәйітхана ғимараттарының талапқа сай еместігін айтып, жиынға келген ҚР Әділет министрі М.Бекетаевты тұрған жерінде «тұқыртты». Зерттеу жұмыстарына қажетті қондырғылардың ескілігі өз алдына бөлек әңгіме. - Біздегі сараптама жасауға қажетті қондырғылар әзірге жеткілікті. Дегенмен соңғы технологиялық құрылғылардың қажеттігі барлық жерде білінеді. Сондықтан 2018-2021 жылдарға жаңа жабдықтар мен қондырғылар алу үшін министрлікке ұсыныс бердік. Әрине, ескі қондырғылар да бар, жылына біреуден болса да жаңаланып тұрады. Мәселен, орталыққа соңғы рет 2014 жылы бір қондырғы берілген, - деді Қызылорда облысы бойынша сот сараптамалары институтының директоры Бақытбек Ержанов. Дегенмен, Мәжіліс депутаты Балайым Кесебаеваның сөзіне сенсек, елімізде толықтай стандартқа сәйкес жабдықталған сот сараптама орталықтары жоқтың қасы да емес, жоқ! Бұл мәселені Әділет министрлігінің тарапынан шешу үшін де қомақты қаражат керек. Ежелгі 15-16-ғасырларда туындаған «Өлілер тіршілік етеді» фразасын естеріне түсірген мәжілісмендер Үкіметке, облыс әкімдеріне тиісті ұсыныстар беретін болды. Н.ҚҰДАЙБЕРГЕН |