Өзекті мәселелер

  • 20.09.18

    Биыл облыс экономикасының бәсі жоғарылайтын, негізгі көрсет­кіштердің көбеюіне қолайлы жыл. Өндіріс ошағына айналмағанымызбен, өнім өндіру мен экспорттауда алдыңғы қатарда тұрғанымыз рас. Өңірімізде соңғы жылдары көптеген зауыттар мен өндіріс ошақтары салынуда. Солардың қатарында молибден өндіру, балық өңдеу, цемент және шыны зауыттары да бар. Әрине, бұл төртеуі де – аймақтық индустрия­ландыру ...

    Толығырақ...
  • 20.09.18

    КӨНЕ  ҚАЛА  мен  ЖАҢА  ҚАЛА

    Біздің дәуірімізден әрі асатын шежіре-тарихы бар Сақтар мәдениеті көм­бесінің бір бөлігі Сыр бойында жатыр. Ашық аспан астында ата-баба аманатын арқалап, біздің дәуірімізге дейінгі ІV-VІІ ғасырларда ғұмыр кешкен Шірік-Рабат, Бәбіш молда, Бұланды, Сығанақ тарихи-мәдени ескерткіштері бүгінде көздің қарашығындай мемле...

    Толығырақ...
  • 20.09.18

    Ұшы-қиыры жоқ ну орман жым-жырт тыныштық құшағында мүлгіп тұр. Желмен тербелген зәулім талдар­дың жапырағынан күн көзі зорға көрінеді. Айнала өзгеше, рақат күйге бөленгендей. Табиғаттың дәл осы сәттегі ана уызына тойып маужыраған нәресте тектес кейпіне қарап маңай­да қанды қырғын соғыс жүріп жатыр десе, сенбес едіңіз. Алайда амал қан­ша?! Бірін-бірі жыртқыштан бетер жұлмалап, қыршын боздақтарды...

    Толығырақ...
  • 20.09.18

    Тағдыр тауқыметі болар, Аяулым анасынан ерте айы­рылды. Бар-жоғы 7 жасында ең ардақтысынан көз жазып қалды. Әкесі мен әжесі шешесін жоқтатпаса да, періште көңіл ананы аңсап тұрады емес пе? Күніге кешкілік жатар алдында ақ сүтін беріп аялаған аяулысының қойнында ұйықтайтын сәттерін еске алғанда, көзіне еріксіз жас келе­тін. Бала ғой. Енді ғана мектепке­ барды өзі. Сыныптастарын аналары әкелгенде...

    Толығырақ...
  • 20.09.18

    Леннокс Льюис, аса ауыр салмақта әлемнің бұрынғы абсолют чемпионы:

    - Жекпе-жек тең болды деген ойда едім, бірақ Головкин мықтырақ көрінді және екі раундта басым болғандай. Екі боксшы да барлық күшін рингте сарп етті! Жеңісті екеуіне де беруге болатын раундтар болды. Тамаша жекпе-жек! Ең мықты екі боксшыны да көрдік. Екеуін де сыйл...

    Толығырақ...
МУЗЕЙЛЕР ӨЗ МҰҚТАЖЫН ӨЗІ ӨТЕЙ АЛАТЫН МЕКЕМЕ БОЛУЫ ТИІС
22.02.2018 11:42

Нұрсерік   ЖОЛБАРЫС:

Шетелден мейман келсе, мұражайға «сүйрейтін» әдетіміз бар емес пе? Алайда дүниенің төрт бұрышын түгел шарлаған туристерді біздегі мұражайлармен таңғалдыру мүмкін емес. Ал ашық аспан астындағы музейлерге жетуіңіз қиямет-қайым. Онда жол, жарық, интернет желісі, қонақүй дегеніңіз атымен жоқ. Ол аз десеңіз, бұл салада мамандар да тапшы. Еліміздегі мұражайларда қалыптасқан түйткілдер турасында Қазақстан музейлеріне ақпараттық-әдістемелік қолдау көрсетуге арналған «Kazmuseum.kz» қорының жетекшісі, музеолог Нұрсерік Жолбарыспен сұхбаттастық.

– Әңгімемізді еліміздегі музей­  ісінің басты проблемаларынан  бастасақ...

– Қазіргі таңда Қазақстанда 240 музей бар. Оның ішінде 234-і мемлекеттік болса, 6-ауы жекеменшік музей ретінде тіркелген. Шынын айту керек, Қазақстанда музейл­ер көбейіп келеді. Жыл сайын кемі 5-6 музейден ашылып отырады. Оларға қоғам тарапынан сұраныс бар. Бірақ, қоғамның сұранысын қанағат­тандыру оңай болмай тұр. Біз оны мойын­дауымыз керек. Ол қандай сұраныс десеңіз, музейге келушілер шетел музейлерінен алғандай әсер алғысы келед­і. Біздің музейлердің қоры шетел музейлерінен кем түспейді. Алайда осыны­ ұқсату жағы қиындау болып отыр. Ұйымдастырған көрмесі, жасаған тұрақты экспозициясы, өткізген дәріс­тері мен бұқаралық өзге шаралары көңілден шықпаса, келушілер сырт айнал­ады. Екінші рет келуге құлық таныт­пайды. Бұл музей ісінде кадр тапшы­лығы бар екенін көрсетеді. Қазақстанда музеолог мамандарды дайын­дайтын 4 оқу орны болған. Қазіргі уақытта 2-еуі ғана бар. Оның біреуі ғана ғылыми тұрғыда ізденісін жалғастыруға мүмкіндік береді. Өткен онжылдықта бұл мамандыққа сұраныс болғанымен, оқу орнына түсушілер қарасы болмады. Сондықтан оқытатын оқу орындары кафедр­аларын жабуға мәжбүр болған еді. Осының салдарын енді тартып отырмыз. Дегенмен, соңғы 2-3 жылда музеологияға қызығушылық білдіріп, жоғары оқу орындарына түскендердің саны бірнеше есе өскен. Осы уақытқа дейін жіберіп алған есемізді енді сол маманда­рдың есебінен толтырсақ та кеш емес. Міне, музейлердің бүгінгі ахуалы кадр тапшылығынан бастап, қаржы тапшылығы, ғимарат мәселесі деген  проблемалармен жалғаса береді. Ал, қаржы мәселесі музейлер үшін шешімін  таппаған  проблемаға жатады­. Республикалық деңгейдегі музейлерде 29 мың теңге жалақы алатын мамандар бар. Осыны жалақы деп айта аламыз ба?! Жалақыдан басқа музейге күрделі жөн­деу жасау, қор сақтау бөлмелерін стандартқа сай ұстау, экспозицияларды заман­ауи технологиялармен жабдықтау, қорды сатып алу есебінен толықтыру, шетелдерде немесе ірі орталықтарда біліктілік арттыру, экскурсоводтарды сертификаттау, имидждік мәселелер секілді бағыттарға қаржы бөлін­бейді. Егер мемлекет қаржы бөлгісі келме­се, музейлерді бәсекелестіктің ортасына берсін. Бүкіл әлем қолданып отырған  тәжірибеден  неге  қашамыз?!

– Кадр мәселесін жақсы атап өттіңіз. Қаржы  проблемасы  бар екенін айттыңыз. Музейлерді  қаржыландыру  мәселесі көптен бері айтылып келе жатыр. Бірақ, қаржы алып, жөнге келіп жатқан музейлер  аз. Осының бір шешімі бар ма?

– Мен үнемі айтамын, музейлер өз мұқтажын өзі өтей алатын мекеме болуы­ тиіс. Музейді өзіне кіріптар етпеуді мемлекет өзі бастауы керек. Қазір бізде бәрі мемлекетке қарап отыр. Өзі жеке табыс табайын десе, мөлшерімен ғана табыс таба алады. Мөлшерімен дейті­нім, кейбір заң нормаларына қайшы келеті­ндіктен артық-ауыс қаржылық жобалармен айналыса алмайды. Меценат­тарды музейге тарту тіпті қиын. Ірі алып компаниялар музейге аса  қызыға  қоймайды. Нақты бір қаржы көздерін табу үшін біз Ұлыбритания мен  Франция, АҚШ-тың тәжірибесін басшылыққа алуға тиіспіз. Аталған мемлекеттерде музейлерді басқару белгілі бір қамқоршылық кеңестерге жүктелген. Қамқоршылық кеңестер мемлекетке тәуелді емес. Оның құрамына сайлану үшін кәдімгідей талас болады. Мысалы, Британ музейінің Қам­қоршылық кеңесінің құрамында  мұғалімнен бастап, заңгерлер, қаржы мамандары, ВВС телеарнасының журналистері, король отбасының мүшесі және үкіметтен бір адам болады. Кеңес музейге қаржы табумен айналысады. Ал, музейдегі мамандар осы Кеңестің арқасы­нда алаңсыз жұмысын жалғас­тыра береді. Бізге керек тәжірибе – осы. Сөз басында айтып кеттім ғой, «мем­лекет музейді толықтай қаржыландырмай отыр» деп. Егер, мемлекет бұл қаржыл­андыруды қолға алғысы кел­месе, шетелдің тәжірибелеріне мойын бұр­ғаны  жөн. Сонда көп мәселенің басы  шешіледі.

– Біздегі жағдай түсінікті болды. Әлемдегі   музей  ісінің  дамуы  қандай?

– Әлемдегі музей ісінің дамуы әр елде түрлі деңгейде. Көшбасында Батыс­ Еуропа мен АҚШ, Ресей және Түркия тұр. Бұл тізімге таяу жылдары  Жапония мен Қытай, Біріккен Араб әмір­ліктерін  қосуға  болатын   шығар.  Себебі­ ­ бұл  елдерде музей ісі қарқынды дамып келеді. Бұлардың барлығында музей ісі жолға қойылған. Мысалы, бізде музеолог мамандар проблема болып­ жатса, Ұлыбританияда «музей архитекторы», «музейдегі жа­рық беруші», «музей дизайнері», «музей маркетологы» деген бөлек мамандықтар бар. Бізде мұның бәрін жинап, «музеолог» деп ғана оқытады. Дәл Еуропадағыдай оқытайық десек, мамандарды тәрбиелейтін оқытушылар жоқ. Ал, Еуропа мен АҚШ музейдегі мамандардың өзін бірнеше бағытқа бөліп оқыта бастады. Осының өзі шетелд­ердегі музей  ісінің  қаншалықты  дамығанын  көрсетеді.

Жоғарыда мен атап өткен елдер қазіргі уақытта кәсіби рейтингтерге де жұмыс істейді. Көбісінің ісі коммер­цияланған. Мемлекеттен қаражат алмай­ды. Керісінше, мемлекетке салық төлеп, қалаға турист тартып отыр. Олардың­ қатарында АҚШ-тағы Смитсон институтына қарайтын барлық музейл­ерді, Британ музейі, Эрмитаж, Лувр  мен Берлин  музейі,  Стамбулдағы археология  музейін  жатқызуға  болады.­

Бізбен көршілес Ресей мен Қытайдың музей саласы бізден озып кеткені айтпаса да түсінікті. Өзбекстан мен Қырғыз Республикасы негізінен тарихи­  ескерткіштер және аз болса да музей туризмі бойынша қаржы көзін тауып отыр. Яғни, өздерінің тарихын кіріс  көзіне  айналдыра  білді.

– Шетелдерде  ашық  аспан  астындағы  музейлер  бар. Оған жыл сайын миллио­ндаған турист ағылып жатады. Біздегі  ашық  аспан  астындағы  музейлер жайлы  айтып  өтсеңіз.

– Бізде біраз тарихи орындарға музееф­икация жұмыстары жүргізілді. Енді біреулерін тек «ашық аспан астындағы музей» деп теңеумен ғана шектеліп отырмыз. Оларға музеефикация жұмыс­т­арын жүргізу қаржыны көп талап етеді. Жан-жақты инфрақұрылымы (жол, байланыс, қонақүй, т.б.) болмаса, жұм­салған қаржы ақталмайды. Мен осыдан 3 жыл бұрын Бөкей ордасы музей-кеше­ніне бардым. Шынымды айтайын, жол азабын тарттық. Ұялы байланыс та анау айтқандай сапалы емес. Қонақүй, тамақ­тану деген сияқты мәселелер толығы­мен шешілмеген. Мен ресми қонақтардың қатарында болған соң бұл проблемалармен бетпе-бет келмедім. Бірақ, өзімді жеке келген турист ретінде­ қоятын  болсам, жағдайым мүшкіл болар­ еді. Мені тек музей-кешеннің барын­ша ынтамен, тарихқа деген зор құрметпен, кәсіби тұрғыда жасалғаны қуантты. Музей-кешеннен осы деңгей­ді көріп қана шаршағаным басылды. Музей-кешеннің ішінен басқа оның архитектурасы­, жанындағы тарихи тоғайы­, кешенге кіретін ғимараттардың тарихы – нағыз ашық аспан астындағы музей. Дәл осы Бөкей ордасы тәрізді Солтүстік Қазақстанда «Сырымбет» тарих­и-этнографиялық музей-кешені бар. Барған адам кері қайтқысы келмейді. Айғаным мен Шоқанға тиесілі дүниелерді, үйлерді, тарихи мекендерді көріп жүріп сағатыңыз емес, күндеріңіз­дің қалай өткенін білмей қаласыз. Бұл мекенге де жету оңай емес. Туристерге жағдай мүлдем қарастырылмаған. Ұлытау­  өңіріндегі «Алаша хан», «Жошы хан» мазарлары да дәл солай. Осы Ұлытау­  өңіріндегі  «Теректі  әулие» атты петрогл­ифтер де ашық аспан астын­дағы музейге сұранып отыр. Ал, Маңғыстау өңірін мен «ашық аспан астын­дағы музейлер мекені» деп айта аламын. Өткен күзде бардық. Тарих­ы тереңде. Мақтанып айтатын тұсы өте көп. Әйтеуір жергілікті азаматтар билік­ке үміт арта бермей, тарихи-мәдени мұраларды өздері тұс-тұсынан қолдап жатқандары бар екен. Жергілікті тұрғындармен сөйлескенде осы дүниеге қатты риза болдым. Маңғыстауда осының бәрін біріктіретін қорық-музей болса деймін. Қорық-музейдің айна­ла­сына біріктіре алсақ, қазіргідей шашыраңқы болмас еді. Егер, Мәдениет және спорт министрлігі кіріссе, Маңғыстаудан «Адай ата» қорық-музейін әбден ашуға  болады. Сонда ғана тарихи орындар жүйеленіп, туризмнің дамуына жаңа мүмкіндік ашылады. Және бұл қорық-музей өзінің көп шығын­дарын ақтайтын бірден-бір қорық-музей­ болатын­ы сөзсіз. Жалпы, еліміздің барлық  аймағынан  ашық  аспан  астын­дағы  музей­  ашуға  болады. Әр өңірдегі музейлер бір-біріне ұқсамайды. Шығыст­ағы «Берел­» қорық-музейін кеңейт­іп, ашық аспан астындағы музейд­ің талаптарына толықтай сәй­кестендіре түссе, керемет болар еді.  Ақмола облысындағы «Құмай» кеше­ніндегі балбал тастар, Алматы облысындағы «Есік» қорық-музейінің обалары – біздің ашық  аспан  астындағы музейлеріміз.

– Қызылорда  өңіріндегі музейлерге қатысты  пікіріңізді  білсек  дейміз?

– Облыстық тарихи-өлкетану му­зейіне күрделі жөндеу жасап, экспозициялары жаңарғанын білемін. Бұл музей­мен әріптестік орнату жоспа­рымда  бар. Ал, аудандық музейлерінде болдық.­ Тек Шиелідегі музейде бола алмадым. Жазға  таман Қызылордаға арнайы барып, көрсем деген ойым бар. Облыстағы музейлердің қызметкерлерімен жеке байланыстарым бар. Әріптес ретінде ақпарат алмасып, қолдан келгенше көмек көрсетіп тұрамыз. Алдағы уақытта ауқымды жобаларыма Қызыл­орда облысының музейлерін де қатыстыру жоспарланған.

– Әңгімеңізге  рақмет!

Сұхбаттасқан

Қозы  Көрпеш   ЖАСАРАЛҰЛЫ

 

Пікір қалдыру


Қорғаныш коды
Жаңарту

Күнтізбе

< Ақпан 2018 >
      1 2 3 4
5 6 7 8 9 10 11
12 13 14 15 16 17 18
19 20 21 23 24 25
26 27 28        

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары