Оқырманнан хат
Келіп кету есептегіші








![]() | Бүгін | 96 |
![]() | Кеше | 1631 |
![]() | Осы аптада | 10275 |
![]() | Өткен аптада | 15302 |
![]() | Осы айда | 45765 |
![]() | Өткен айда | 52979 |
![]() | Бәрі | 3582785 |
ӨКПЕНІҢ АРТЫ – ӨКІНІШ, ДАУДЫҢ СОҢЫ – ДАУРЫҚПА |
01.03.2018 11:30 |
ҚР Жоғарғы Соты төрағасының кеңесшісі Құрметті Сыр елінің азаматтары, қадірлі жерлестер! Жоғарғы Сот Төрағасы, жерлесіміз Жақып Асановтың тапсырмасымен маңызды бастаманы ұсынуға келіп тұрмын. Бұл пилоттық жобаны сынақтан өткізу үшін Қызылорда облысы таңдалып отыр. Себебі, біздің ел – алты Алаштың анасы, жыр елі, қазақшылықтың қаймағы бұзылмаған, ұлттық рухани құндылықтарын сақтай білген ел. Облыс басшысы Қырымбек Елеуұлы жаңашыл, креативті басшы болғандықтан және ел ағалары қолдау көрсетеді деген сеніммен, жаңа жобаны өз өңірімізден бастауды жөн көрдік. Бұл жоба нәтиже беріп, бір ізге түсетін болса, басқа да өңірлерге таратпақшымыз. Елбасымыз бекіткен бағдарламаларда дауларды соттан тыс реттеу жолдарын жетілдіру көзделген. Біз неге бұл бастаманы көтеріп отырмыз? Біріншіден, Елбасымыздың тапсырмасы. Екіншіден, соттардың дау шешудегі міндеттерін, оның қыр-сырын, себеп пен салдарын білгендіктен, осы проблеманың шешу жолын іздеудеміз. Осы бағдарламалардың шеңберінде қазіргі уақытта жаңа жүйелілік, түбегейлі өзгерістер қолға алынып отыр. Статистикалық мәліметтерге сай бір Қызылорда облысында адам басына шаққанда әрбір бесінші азаматтың дауға тартылып, соттасып жүргені көрінеді. Ол неліктен? Қазақ халқы – ежелден сөзге тоқтап, сөз қадірін білген халық, аңғалдығы мен адалдығын жоғалтпаған, дана халық. Осындай сақталған қасиеттеріміз бола тұра ұлттық санамыздың улануы ма, әлде жаһандану толқынының әсері ме, жылдан-жылға даукес болып барамыз. Осыны тоқтату, болмаса, қалыптасқан ахуалды мұнан да жақсарта түсу – өз қолымызда. Жалпы, қандай да бір бастаманың мәні мен мақсаты ізгілік пен игілікті көздесе, оны түсінбейтін адам, тыңдамайтын құлақ болмайды. Қашанда жол бастау қиын, бірақ алдыңда ақылшы халқың тұрғанда, ол мұратқа да жетесің. Жобаның ең негізгі мақсаттары – халықтың санасын өзгертіп, қоғамдағы даукестіктің деңгейін төмендету және дауларды келісім арқылы тиімді шешу. Статистикалық мәліметтерге сай, өршіп тұрған даулардың көпшілігі неке бұзу, баласын, ата-анасын, жұбайын асырау үшін алимент өндіру, тұрғын үй, жер, мүлік даулары болып отыр. Облыста 2017 жылы 2425 отбасының шаңырағы шайқалып, әрбір үшінші неке бұзылуда. Сонда, орта есеппен әр отбасында 2 бала деп алсақ, бір жылда 5 мыңға жуық бала әке не ана тәрбиесінен айырылып, әлеуметтік жетім балалардың қатарына қосылуда. Дәстүрлі құндылықтар құнсызданып, материалдық игіліктер көбірек дәріптелетін бүгінгі қоғамда бір-біріне деген мейірімі мен сыйластығы азайып, адамдар қатыгезденіп барады. Бізде ажырасу оңай шешілетін процедураға айналған. Ұлдарымыз бала-шағасын асырай алмайтын, асырағысы келмейтін бойкүйез ұрпаққа айналып барады. Ал қыздарымыз баласын әкеден айырғанымен қоймай, олардың тәрбиеге араласуына кедергі келтіруде. Ол да көп даудың біріне айналған. Мысалы, әкесі ұл мен қызын көріп тұру үшін, оларға жыл сайын мектепке барарда киім-кешек алатын болып міндеттенеді, ол келісім бекітіледі. Ол көп ұзамай екінші әйел алғандықтан міндетінен бас тартып, келісімді бұзуды сұрап облыстық сотқа арызданады. Алайда екі баланың мүддесін ойлаған сот оның бұл арызын қанағаттандырусыз қалдырады. Осындай, өз балаларына нәпақа төлеуден қашып жүргендер жыл санап көбейіп келеді. Ажырасуды қоғамымыз қор көрмейтін болған соң, жасы да, кәрісі де оған арланбайтын болды. Отбасы адам баласының алтын діңгегі, ұлттық тәрбиенің ошағы, мемлекеттің тірегі дейтін болсақ, «бұл қалпымызбен қайда барамыз?» деген заңды сұрақ туындайды. «Атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі» деген қазақ. Сонда, осы жарымжан отбасынан қандай ұрпақ тәрбиеленеді деп ойлайсыздар? Бұл – ұлттық қасірет! Ал, соттар ерлі-зайыптыларға тек татуласуға мерзім берумен шектеліп, олардың арасында жүрмейді, қарым-қатынас жасап, үгіттей алмайды, процессуалдық емес қатынасқа түсе алмайды. Бұл әлеуметтік құбылыспен қоғам болып бірігіп күреспесек, ол үлкен індетке айнала бастады. Сондықтан да, оларға ақсақалдардың кеңесі, медиаторлар мен кәсіби психологтардың, жастар саясатымен айналысатын ұйымдардың жүйелі көмектері қажет. Ал жер дауы, мүлік дауларының түбіне үңілсек, жанжалдасып қалған жандар бір-бірін жеңемін деп, ымыраға келмей, соттың есігін тоздыруда. Келісу мәдениетіміз мәнін жоғалтқан. Жан-жағындағы ағайын-туыс дауды басудың орнына, олардың қолтығына су бүркіп, мәселені ушықтыруға бейім болып барады. Мысалы, Қызылорда қаласында екі көрші үш жыл бойы тілімдей жерге таласып, болмашыны қып-қызыл дауға айналдырған. Меншігіндегі қорасының басқа жерін игеріп жатқаны шамалы. Ақыры соттасып жүріп, зорға дегенде бітімгершілікке келген. Қасиетті сөзіміз, «Көрші ақысы – Құдай ақысы» деген ата-бабаның асыл ұстанымы қайда? Бір көрші бір көршісімен оның қорасындағы жайқалып тұрған теректің көлеңкесі, жапырағы менің қорама түсті деп соттасқан. Сот ол дауды зорға шешіп, теректі кестіруге мәжбүр болған. Тағы да бір өрімдей жап-жас жерлесіміз өзінің қызыл сызықтан (красная линия) шығып, 300 шаршы метр жерді заңсыз пайдаланып отырғанына қарамастан, адвокатқа 200 мың теңге ақы төлеп, жасы келген көршісінің жарты метр қоршауын алып тастауын талап еткен. Ақырында соттың жеке қаулысы негізінде оған жер инспекциясы айыппұл салып, өзінің қоршауын бұзуды міндеттеген. Ол көршісімен араз болып, қып-қызыл шығынға ұшырады, қанша жүйкесі тозды. Өнбейтін дауды қуып, өзі айыппұл төлеуде. Сонда олар не ұтты? Өкпенің арты – өкініш, даудың соңы – даурығу. Сотты адамдар өш алудың құралына айналдырған. Соттың аренасына шыққандар бір-біріне күш көрсетіп, ақысын алғысы келеді. Осылайша екі жақ болмашы даумен қас жау болып шығады. Жауласып отырған – әкесі мен баласы, анасы мен қызы, ағайындылар, достар, көршілер, серіктестер. Олар сотта бітімге келе бермейді, себебі, ол уақытқа дейін ашуға беріліп, бірі-біріне ауыр сөздер айтады, ызалары ұлғайып, моральдық және материалдық шығынға ұшырайды. Сондықтан, жанжалдасып қалған адамдардың арасындағы дауды сотқа жеткізбей, оны ушықтырмай бітіммен, ымырамен шешу жолдарын көрсетуіміз керек. Ата жолымен еліне еге болып, ауыл-аймағына ақылын айтып, өзара даудан, араздықтан сақтап келе жатқан игі жақсыларымыз да баршылық. Соның бірі Н.Ілиясов ауылының ардагер ақсақалдары қолға алған қоғамдық бірлестік қызметін атап айтуға болады. Ынтымағы жарасқан, дуалы ауыздан айтылған сөзге тоқтаған халқы бар мұндай ауылдар аз емес. Мысалы, Қармақшы ауданының Көмекбаев ауылында осы бүгінге дейін дау қуған немесе сотталған бір адам болмапты. Осындай дәстүрді әрбір ауылдан көрсек игі. Біздің бүгінгі көтеріп отырған мәселеміз де осы. Өкінішке қарай, «Заман солай» деген ауызекі сөзді де жиі естіп қаламыз. Заманды жасайтын – адам. Біздің «Сотсыз татуласу орталығы» айтысып жүрген ағайындарымызды ымыраға келтіріп, бітімге шақыратын, оның артықшылығын, ұтымды жағын ашып көрсететін, сотқа жеткізбей татуласатын орын болады. Оған медиаторлар, психологтар, отставкадағы судьялар, елге қадірі бар ақсақалдарымызды, қоғамдық бірлестіктерді, т.б. мықты мамандарды тартуды көздеп отырмыз. Орталық тек дауды шешу ордасы болып қана тұрмай, ол халықтың санасына оң әсерін тигізетін, соттасудың өзі ұят екенін, табиғатымызға жат қылық екенін насихаттайтын, ұлттық идеологиямызды нығайтатын қоғам ордасы болуы тиіс. Біздер дау шешуден қашып отырғанымыз жоқ. Керісінше, елімізде дауласушылардың көбейіп бара жатқанына көңіліміз алаңдаулы. Елбасымыз, халықтың өмір сүру салтына бейімдеп, бүгінгідей бастама көтеріп отырғанда, оны жолға қоятын, қолға алатын азаматтардың да әріден ойланатын кезеңі келді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының да негізгі өзегі осы – ұлы санаға, ұлттық болмысқа оралу. Ал, бүгінгі айтылып отырған өзара татуласу, ауыл үйдің әңгімесін сотқа дейін жеткізбеу мәселесі де – осы рухани жаңғырудың бір тармағы. Себебі, біз қазақтың төл болмысындағы «ұят болады», «ағайынның азары болса да, безері жоқ» деген қасиеттерімізді жоғалту алдында тұрмыз. Бұл – ащы да болса ақиқат. Екі ағайындының соттасып, төбелесіп отырғанын көргенде, қазақтың «алдыңа келсе, атаңның құнын кеш» деген аталы сөзі еріксіз ойға оралады. Бұлай кете берсек, «Қайдан келесің, соттан келемін...» деп жарқын ертеңімізге жарты адам болып жетеміз бе деген күдік келеді. Егер байқап отырсақ, ел ішінен «сотқа беремін», «соттасып жүрмін» деген сөзді жиі естиміз. «Бас жарылса, бөрік ішінде» дейтін халқымыз өз арасындағы дауын басқаға естірткісі келмеген. Өйткені ондай дау-дамайды бір ауыз сөзімен жөнге салып отырған ақсақалдарымыз әр үй сайын болған. «Біреудің бір кемшілігін көрсең, оны жасыратын он сылтау ізде» дейді қасиетті дініміз. Осы ғибратты білген қазақ бір-бірінің жаманын жасырып, жақсысын асырған. Ал, бүгінгі біз сол қазақтың ұрпағы емеспіз бе? Сіз болайық, біз болайық, атам қазақ айтқандай, бір жеңнен қол шығарайық, осы бүгінгі айтылып отырған халықтық мәселені жүзеге асырайық, жүзі жарқын ел болайық. Құрметті ағайын, Сіздер, барлығыңыз, халықпен етене араласып жүрген тұлғасыздар. Әрбір тұлға ұлтымыздың мәдениетін көтеруге, ұрпақ тәрбиелеуге, аталық сөз айтып, ел бірлігін ойлайтын болса, нұр үстіне нұр болар еді. Бұл жобаны шын ынтамен, сәтті бастауымыз өзімізге байланысты. |