Оқырманнан хат
Келіп кету есептегіші








![]() | Бүгін | 2066 |
![]() | Кеше | 1814 |
![]() | Осы аптада | 7743 |
![]() | Өткен аптада | 13533 |
![]() | Осы айда | 37286 |
![]() | Өткен айда | 53547 |
![]() | Бәрі | 3108196 |
-
19.04.18
Толығырақ...
ӨМІР СОҚПАҒЫ...
Жол – экономиканың күретамыры, тіршілік ізі. Қала ішіне қамшының өріміндей таралатын сол жолдардың қазіргі жағдайы қандай?
Көктем бастала салысымен Қызылорданың орталық көшелері ғана емес, шетаймақ жолдарына да жан бітетіні бар. Қазіргі күні қала бойынша ұзындығы 619 шақырымды құрайтын 766 көше бар. Оның 503,2 ...
-
19.04.18
Толығырақ...
Жақында үйге туыстарымыз келіп, кішкентай бүлдіршіндермен оңаша қалып, бала да болса әңгімеге тарттым. Сөйтіп «Кімге еліктейсіңдер?» деп сауал тастадым. Сонда 8 жастағы інім «Бэтмен», «Өрмекші адам», «Халк», «Темір адам», «Флеш» секілді шетел мультфильмдерінің басты кейіпкерлерін тізбектей жөнелді. Арасында бірде-бір қазақ батырларының есімі жоқ. Онысымен қоймай, сол кейіпкерлердің өзіне...
-
19.04.18
Толығырақ...
«Менің байқауымша, сұлу әйелді ит қаппайды. Олай болса, сұлулықты ит те сезеді». Жазушылық жылнамасында әйел, ана тақырыбына ең көп қалам сілтеген талантты жазушы Ғабит Мүсірепов осылай депті. Иә, сұлулықты кім жақсы көрмейді, сұлулық кімге билік жүргізбеген десеңізші? Бота көзді, шие ерінді, үріп ауызға салғандай сұлу! Қыздардың осы сипаты қазір бар ма? Әрине, бар. Бірақ көзін линза арқылы қ...
-
19.04.18
Толығырақ...
Қаржы және қоғам
- Бұрын бәрін кадр шешкен деседі. Осы рас па, әлде өзгенің бе өсегі?
- Иә, қазір қоғам емес кешегі, қаржы бәрін шешеді... Қысқартады, кеседі. Өшіреді, өседі... Қаржысы жоқ қасқаның маңдайда соры бес елі.
- Сонда кадр ешнәрсе шешпей ме?
- Жоқ, ол да аз-маз шешеді. Қаржың болса қалтаңда,...
- 19.04.18
СЕНІМ мен СЕРПІН |
05.04.2018 12:03 |
ТАБЫСТЫ ТӘЖІРИБЕ ЖЕТІСТІККЕ ЖЕТЕЛЕЙДІ
Өткен бейсенбіде Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев Сыр өңіріне жұмыс сапарымен келді. Басты мақсат – мемлекет басшысының Жолдаулары мен Бес әлеуметтік бастамасын іске асыру мәселелерін талқылау және 2018 жылы әлеуметтік-экономикалық дамудың мақсатты индикаторларына қол жеткізу бойынша Қызылорда облысының жобалық бақылау жұмыстарының жүйесімен танысу.
Алдымен облыс әкімдігінде аймақ активі мен кәсіпкерлердің кездесуінде болған Үкімет басшысы денсаулық сақтау, білім беру, көлік және автожолдар, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және басқа салаларда атқарылып жатқан жүйелі жұмыстармен танысты. - Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында Қызылорда облысы бойынша құны 29 млрд теңгені құрайтын 66 жоба жүзеге асырылуда. Бүгінгі таңда 10 жоба бойынша МЖӘ келісімшарты жасалды, - деді облыс әкімі Қырымбек Көшербаев. Аймақ басшысының айтуынша, қазіргі күні облысымызда мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша 394 жекеменшік балабақша бар. Осы ретте балабақшалардың 71 пайызы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде жұмыс істеп жатқанын атап өткеніміз жөн. Бұл туралы Премьер-министр Б.Сағынтаев алғашқылардың бірі болып мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жобаларды жүзеге асырған сырбойылықтардың тәжірибесі табысты болғанын тілге тиек етті. Мұнан соң денсаулық сақтау саласындағы түйткілдер талқыланды. Соңғы 5 жылда сала бойынша 57 апатты нысанның 49-ы жаңадан салынған. «Ал қалған 8 нысанның құрылысын алдағы 2 жылда аяқтау жоспарланып отыр. Сондай-ақ, 2025 жылға дейін Бірыңғай перспективалық жоспарға сәйкес облыста 90 денсаулық сақтау нысанын, оның ішінде Сырдарияның сол жағалауынан 600 орындық көпсалалы аурухана, 2 ауданаралық, 1 аудандық және 3 ауылдық аурухана, 48 амбулатория, 23 фельдшерлік-акушерлік бекет және 3 емхана салу көзделуде. Бұл ретте 59 нысан мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында бой көтереді», - деп мәлімдеді облыс әкімі. Өңірдегі байыпты бастамалардың бірі – физика-математика мектебін ашу. Бүгінгі таңда аталмыш мектептің құрылыс жобасы даярлануда. Аймақ басшысы Қырымбек Елеуұлының айтуынша, физика-математикалық бағыттағы мектеп-интернаты мен 300 орындық жатақхана құрылысының жобасын әзірлеуге қаражат қаралған. Бұл дарынды балаларға, әсіресе, ауылдан шыққан жеткіншектерге арналған мектеп болмақ. Бұл жөнінде ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев: - Физика-математика мектебін ашу – дұрыс шешім. Бүгінгі таңда біз цифрландыру, индустрияландыру туралы айтамыз, ал колледждер мен университеттерде негізінен гуманитарлық сала мамандарын дайындайды. Сондықтан мұндай мектеп керек, - деп пікір білдірді. КАПИТАЛДЫҢ КӨЗІ – ТАЛАНТТА
Ал Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың Студенттер сарайында мәртебелі меймандар білім ордасының жұмыс барысымен танысты. Қара шаңырақ саналатын оқу ордасының 10 оқу ғимараты, 5 жатақханасы, Студенттер сарайы, 7 асханасы, «Сейхун» спорттық-сауықтыру кешені, оқу-әскери полигоны, ғылыми-техникалық кітапханасы, 4 шеберханасы және оқу-зертханалық жылыжайы студенттердің терең білім алуына оң ықпал етіп отыр. Залдағы көрме арқылы Үкімет басшысына университеттің интерактивті мұражай концепциясы, ақпараттық қауіпсіздік жүйелері мамандықтарына қорғау мен шабуылға арналған кешен және бизнес инкубатор жобалары таныстырылды. Одан арғы әңгіме өзегі дөңгелек үстелде өрбіді. Жаңа қадам, тың мүмкіндікті пайдаланып кез келген мемлекет өркениет көшіне ілесу үшін әлемдік тәжірибеге сүйене қарқынды жұмысқа кіріседі. Бұл тұрғыда Қазақстан да өзінің табанды теориясы мен баянды бастамаларын жүзеге асыру үшін барынша жұмыс істеуде. Әсіресе ел президентінің бес бастамасын заманауи жаһандық ахуал тығырығынан шығатын бірден-бір бағдарлама десек, қате айтқандық емес. Жұмылып жұмыс істеп, бірлесіп бітімді етсек, келешек ұрпаққа мұра етіп қалдыратын дүниелердің туындары хақ. Бұл – ҚР Премьер-министрінің денсаулық сақтау және әлеуметтік сала өкілдерімен кездесуінен түйгеніміз. Жүздесу барысында Елбасының бес бастамасы мен Жолдауы аясында айтылған мәселелер талқыланып, әлеуметтік бастамаларын ашатын жаңа мүмкіндіктері саналатын қолжетімді баспана, салық салуды төмендету, студенттерге арналған қосымша гранттар мен жатақханалар, газдандыру және бизнесті дамыту мәселелері қаралды. - Ең бірінші мәселе – адами капитал. Негізгі күштің бәрі осында. Елімізде қабылданған рухани жаңғыру, төртінші өнеркәсіптік революция дегенімізбен, бұлардың барлығы адамсыз жүзеге асырылмайды. Сол себептен бірінші кезекте адамның денсаулығына баса мән беру керек. Денсаулық сақтау саласын сандық жүйеге көшіру, жаңа технологиялармен жабдықтау секілді мәселелерді түбегейлі шешуіміз керек. Тек мемлекеттің қаржысына қарамай, мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамыту керек. Екінші мәселе – білім. Капиталдың көзі – талантта. Мәселен, осыдан 6-7 жыл бұрын дүниежүзіндегі табысы көп бес мұнай компаниясы болатын. Ал қазір ең бай компаниялар – «Apple», «Google», «Facebook» деген секілді технологиялық компаниялар. Қарап отырсаңыз, мұнай қазу үшін таланттың қажеті жоқ, ал жаңа технологияны ойлап табуға талант керек. Бұрын мектептерде информатика пәні 7-сыныптан басталатын. Қазір 3-сыныптан басталу керек. Еліміздегі жоғары оқу орнын бітіргендердің 70-80 пайызы гуманитарлық мамандықты игерген. Сол себептен бізге техникалық мамандық студенттеріне арнап 20 мың грант қарастырылуда. Оларға жатақхана салу мәселесі де шешімін табады. Үшінші мәселе – ипотекалық несие беру. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынған үйлерді мемлекет сатып алып, баспанаға мұқтаж жандарға тұрғын үйді бастапқы жарнасыз алуға мүмкіндік беру. Қыркүйек айының соңына таман сол жағалаудан үй беріле бастайды, - деді ҚР Премьер-министрі Б.Сағынтаев Студенттер сарайында өткен жиын барысында. Президент пәрменімен берілген тапсырмаларды жүзеге асыру үшін Үкімет барлық қажетті шараларды қабылдауда. Әсіресе, әлеуметтік бес бастама бойынша нақты іс-шаралар мен оның орындалу мерзімін қамтитын Жол картасы іске қосылуда. Барлық жұмыстар 2022 жылға дейін жүзеге асырылмақ. Қажетті тетіктері пысықталу үстінде. Шара барысында Инвестициялар және даму министрі Ж.Қасымбек қазақстандықтарға тиімді шарттармен баспана беру бойынша қолжетімді ипотекамен қамтамасыз ететін «7-20-25» бағдарламасының жасалуы, іске қосылатын мерзімі мен қатысу шарттары туралы мәлімдеді. Ал Білім және ғылым вице-министрі Т.Ешенқұлов білім беру мәселелері және жоғары білім берудің сапасы мен қолжетімділігін арттыру, студент жастардың тұрмыс жағдайын жақсарту жоспарлары туралы баяндама жасады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Н.Әлтаев әлеуметтік ахуалы төмен азаматтарға берілетін шағын несие туралы түсіндірді. Ұлттық экономика министрі Т.Сүлейменов жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көтеру үшін жеке табыс салық жүктемесін төмендету процесі 2019 жылдан бастап жүзеге асырылатынын мәлімдеді. Сондай-ақ, белгілі жырау, қоғам қайраткері А.Алматов «Сыр өңірінде қазақ дәстүрлі өнер академиясын құрылуына идеялық қолдау білдіріп, аталмыш мәселені мемлекет басшысының атына ұсынуға ықпал етуіңізді сұраймын» деп халықтың атынан ұсыныс айтты. Жиын соңында премьер-министр «Болашақ» университетінің ғылыми басшысы Б.Досманбетов, жырау А.Алматов, облыстық медицина орталығының дәрігер-хирургы Н.Амитов, облыстық Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театрының көркемдік жетекшісі Х.Әмір-Темірдің сауалдарына жауап берді. САРЫАРҚА ГАЗЫ СЫРДАН БАСТАУ АЛАДЫ
Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың келесі тоқтаған жері “Қараөзек” компрессорлық станциясы болды. “Бейнеу-Бозой-Шымкент” магистральдық газ құбырының 994-інші шақырымына салынған станция 2017 жылы пайдалануға берілген болатын. Бүгінде “Қараөзек” КС елдің оңтүстік облысын отандық газбен тұрақты жабдықтайтын маңызды газ тасымалдау объектілерінің бірі болып табылады. Зауыттың негізгі элементі – “Solar Turbines” газ турбиналы қондырғысы. Мамандар бұл агрегаттарды ең күрделі жұмыс режимінде де қолданып жүр. Былтыр жоба шеңберінде басқа да инфрақұрылым объектілері, газ құбырлары, газды есепке алу торабы және т.б. салынған еді. Жалпы, “Қараөзек” КС Қазақстан кен орындарының батыс топтарынан (Қарашығанақ, Қашаған, Теңіз, Жаңажол және Өріктау газы) табиғи газды тұрақты жеткізуді қамтамасыз ету үшін Бейнеу-Бозой-Шымкент газ магистралды жүйесінде жұмыс істеуге бағытталған. Биылғы жылдың шілде айында, яғни бірінші кезеңде “Қараөзек” компрессорлық станциясынан 1081 шақырымды құрайтын “Қызылорда-Жезқазған-Қарағанды-Теміртау-Астана” бағытында 2,7 миллион адамды табиғи газбен қамтамасыз ететін “Сарыарқа” газ құбырының құрылысы басталмақ. Екінші кезеңде ұзындығы 276 шақырым болатын “Астана-Көкшетау” газ құбыры тартылады. Үшінші кезеңде 177 шақырымға созылатын “Көкшетау-Петропавл” учаскесі және соңғы төртінші кезеңде аталған газ құбырынан газ тұтынудың болжамды ұлғаюын есепке ала отырып, магистралды газ құбырының өткізгіштік қуатын жылына 3 млрд текше метрге дейін жеткізу үшін “Жезқазған” және “Теміртау” компрессорлық станцияларын тұрғызу жоспарланған. Магистралды газ құбырын толтыру және тұтынушыларды газ жеткізумен қамтамасыз ету мақсатында Қарағанды, Ақмола облыстары мен Астана әкімдіктері 2019 жылдың шілдесіне дейін газ құбырының аяқталуын синхрондау арқылы газ тарату желілерін жобалайды. “Қараөзек” компрессорлық станциясына арнайы аялдаған Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев Президенттің бесінші әлеуметтік бастамасы “Елді газбен қамтамасыз етуді жалғастыру” шеңберінде “Сарыарқа” магистральды газ құбырының құрылыс жоспарымен танысып, станцияның қалыпты жұмыс істеп тұрғандығына көз жеткізді. - “Қараөзек” компрессорлық станциясы жаңа үлгіде, жаңа технологиялармен салынған. Соңғы үлгідегі газ айдаушы агрегеттар Америкадан алынды. Негізі, зауыттың өнімділігі жылына 10 миллиард текше метрді құрайды, бірақ, біз бұл көрсеткішті болашақта жылына 15 миллиард текше метрге дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз. Бүгінде станция қазақстандық газды Қытайға экспортқа тасымалдауды қамтамасыз етіп отыр. Былтырғы жылдың қазан айынан басталған жұмыстардың нәтижесінде 2 миллиард текше метрден асатын қазақстандық газ экспортталды, - деді “Интергаз Орталық Азия” АҚ бас директорының бірінші орынбасары Мұхатай Шаңмұратов. Сондай-ақ, бұл жоба магистралды газ құбыры бойындағы инфрақұрылымды белсенді дамытуға, табиғи газды пайдалануға қатысты жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді. Сапар барысында “Қызылорда-Жезқазған” автожолын дамыту перспективалары да қаралды.
Бақытжан Сағынтаев:
«АРАЛ ТЕҢІЗІНІҢ МӘСЕЛЕСІН НЕ АРЫ, НЕ БЕРІ ШЫҒАРАЙЫҚ»
Жұмыс сапары аясында Үкімет басшысы Арал ауданына да барды. «Ғасыр жобасының» бірінші кезеңі сәтті аяқталғалы өңірдегі балық аулау көлемі 83 есеге артты. Былтырдың өзінде 6934 тонна су маржаны сүзілсе, 3 мың тоннадан аса балық Ресей, Польша, Грузия, Әзірбайжан, Өзбекстан, Голландия, Дания, Германия, Қытай еліне экспортталған. Бүгінде аймақта 8 балық өңдеу зауыты жұмыс істесе, оның 4-еуі соңғы 5 жылда салынған. Ал «еурокод» белгісін иеленген 4 зауыт еліміздің экспорттық әлеуетінің артуына зор үлес қосып отыр. ҚР Қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, ел қазынасына балық және балық өнімдерін экспорттау көлемінен 56 млн доллар пайда түскен. Аймақтағы балықшылардың мұндағы үлесі – 12 млн доллар. Шетелде Арал балығына сұраныс өте жоғары деңгейде. Мәселен, «СПК Қызылорда балық» ЖШС құрылтайшысы Аманбай Ерхатов 2016 жылы Ресейдің Димитровград қаласында зауыт салған. Онда өндірілген өнімдер Мәскеу мен Санкт-Петербургте сатылуда. Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев «Арал балық өңдеу зауытының» жұмысымен танысып, балықшы қауыммен жүздесті. – Мен 1978 жылдан бері балық шаруашылығында жұмыс істедім. Зауыт теңіздің тартылуына байланысты тоқырауға ұшырады. Сосын біраз жыл бұл саладан қол үзіп қалдық. Ал «САРАТС» жобасы жүзеге асқан соң, ата кәсібімізге қайта оралдық. Осыдан он шақты жыл бұрын зауытымыз қайта іске қосылды. Содан бері тұрақты түрде жұмыс істеп келемін,- деді балық өңдеуші Марал Бейсенәлиева. Үкімет басшысы аялдаған «Арал балық өңдеу зауытының» жылдық қуаттылығы – 300 тонна. Мұнда өндірілген өнім Ресей мен Еуропаға жөнелтіледі. – Осыдан он жыл бұрын зауыт өз жұмысын бастады. Бүгінде 50 адам тұрақты түрде еңбек етсе, маусымында 100-120 адамға дейін көбейеді. Былтыр біз Ресейге 80 тонна, Еуропаға 220 тонна балық экспорттадық. Ал биылғы межеміз – 400 тонна. Қазіргі таңда балықтың 13 түрі өндіріледі. Олардың ішінде көксерке Еуропа елдерінде жоғары сұранысқа ие,- деді атқарушы директор Гүлмира Рысмамбетова. Теңіз төскейінде ата кәсіпті жалғастырып, балық шаруашылығының қарқын алуына үлес қосқан «Арал Сервистік дайындау орталығының» атқарушы директоры Әділбек Әйімбетов үкімет басшысына бірнеше ұсынысын жеткізді. – Бүгінгі таңда Сырдария өзені арнасын өзгертіп, тікелей «Көкарал» бөгетіне құйып тұр. Біріншіден, бұл – бөгетке үлкен қауіп. Екіншіден, сол сумен бірге кеткен балық тірі қалмайды. Мұны шешу үшін дарияның сағасын өзгерту қажет. Нақтырақ айтқанда, қазіргі сағасын бөгеп, бұрынғы сағасымен жіберген жөн. Тіпті, суды Қарашалаң көлі немесе Тұщыбас көлі арқылы жіберуге де болады. Сонда ғана дария тең құйылады да, теңіздің суы тұщылана түседі, - деді ол. Қазіргі таңда теңіз бен аудан орталығының қашықтығы 17 шақырым ғана. Егер «ғасыр жобасының» екінші кезеңі жүзеге асса, жоба бойынша өңірдегі балық аулау көлемі 30 мың тоннаға көбейеді. Күннің екінші жартысында үкімет басшысы аудан активімен кездесті. Елбасы өз назарына алған Арал өңірінің келешегі кемел. Теңіз төскейіндегі тұрғындардың тұрмысы түзеліп, елдің еңсесі тіктеле бастағаны рас. Теңіз-анамен қайта қауышқан қауымның әлеуметтік-экономикалық даму динамикасында оң өзгерістер баршылық. «САРАТС» жобасының алғашқы кезеңі сәтті тамамдалды. Дегенмен «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» жобасының екінші фазасын жүзеге асыруға Өзбекстан тарапы келісім бермей отыр. Әйтсе де, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында «САРАТС-2»-нің 4 компоненті биылдан бастап республикалық бюджет есебінен жүргізілмек. Нақтырақ айтқанда, 3 компоненті (Қызылорда су торабын кешенді жөндеу, қорғаныс бөгеттерін нығайту, өзеннің арнасын түзету) «Су тасқыны қатерлерінің алдын алу және жою жөніндегі 2017-2020 жылдарға арналған шаралар кешені» Жол картасы, 1 компонент (Қазалы ауданында Бірлік елді мекені тұсында көпір салу) «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылмақ. Бұл туралы облыс әкімі Қырымбек Көшербаев мәлімдеді. – Өткен ғасырдың елуінші жылдары салынған Қызылорда су торабы бүгінгі күні апаттық жағдайда және оның үстімен автокөліктердің жүруіне 2014 жылдан бастап тыйым салынған. Ол бұзылған жағдайда, шамамен 400 мың адам тұратын Қызылорда қаласы мен үш ауданның аумағында 110 мың гектар суармалы жерлер және 250 мың гектар шабындықтар мен жайылымдықтар сусыз қалады. Ал 38 елді мекенді су басу қаупі туындайды. Осыған орай, Бақытжан Әбдірұлы, Ұлттық экономика министрлігіне инвестициялық ұсынысты қысқа мерзімде қарау және Қаржы министрлігіне аталған су торабын кешенді жөндеу бойынша жоба-сметалық құжатын әзірлеуге қаржы бөлу мәселесін сәуір айында 2018 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау барысында республикалық бюджеттік комиссияның қарауына енгізу жөнінде тапсырма беруіңізді сұраймыз, - деген аймақ басшысы Премьер-министрге бұл мәселені көпке созбау керектігін айтты. Ал Қармақшы, Қазалы аудандарындағы қорғаныс бөгеттерін нығайтуға, «Тұрымбет» және «Қорғанша» учаскелерінде Сырдария өзенінің арнасын түзету бойынша тиісті құжаттардың барлығы дайын. Тек сараптама қорытындысын күту қажет. Жиын барысында Қырымбек Елеуұлы Дүниежүзілік Банктің қатысуымен «САРАТС-2» жобасының 12 жылдан бері кейінге шегеріліп келе жатқандығын үкімет басшысының назарына салды. Сондықтан облыс әкімі: – «САРАТС-2» жобасын Дүниежүзілік Банк заемы есебінен жүзеге асырудан бас тартып, оны Қазақстан Республикасының Үкіметі және халықаралық қаржы ұйымдары арасындағы әріптестік туралы негіздемелік келісімдерді іске асыру жөніндегі Үйлестіру кеңесінің отырысында қарау қажет. Ал Дүниежүзілік Банкке «САРАТС-2» жобасының орнына «Ирригация және дренаждық жүйелерді жетілдіру» жобасының үшінші фазасын (ПУИД-3) жүзеге асыру үшін заем беруді ұсыну керек. Бұл Елбасының 600 мың гектар суармалы жерлерді қалпына келтіру тапсырмасының аясында, Қызылорда облысында 144 мың гектар суармалы жерлердегі ирригациялық инфрақұрылымдарды қайта жаңғыртуға мүмкіндік береді,- деп нақты ұсынысын жеткізді. Бүгінде Кіші Арал теңізіндегі «Көкарал» бөгетінің 135 метрін су шайып, оны үгітіп үлгерген. Ал Сырдария өзенінің Арал теңізінің құярлығындағы «Ақшоқат» учаскесінде солға қарай жаңадан екі арна пайда болып, дарияның ағысы тікелей Кіші Арал теңізінің «Көкарал» бөгетіне кері әсер етуде. Ол бұзылған жағдайда Кіші Арал теңізінің 27 млрд м3 суы Үлкен Аралға қайтарымсыз кетіп, жаһандық экологиялық апат орын алады. Облыс әкімі бұл түйткілді Бақытжан Әбдірұлының қаперіне салып, шұғыл түрде республикалық бюджеттен қаржы бөлу туралы тапсырма беруін сұрады. Аймақ басшысының жоғарыда аталған ұсыныстарын ҚР Су ресурстары комитетінің төрағасы Ислам Әбішов қуаттады. Облыс басшысының баяндамасын мұқият тыңдаған Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев: – «САРАТС-2» жобасының екінші кезеңін жүзеге асыру бойынша өзбек ағайындармен біраз «айтысқа» түстік. Дүниежүзілік Банк пен Сырдария өзеніне қатысы бар мемлекеттер Алматыда келіссөздер өткіздік. Онда да өзбек ағайындар көнбей кетті. Өздеріңіз білесіздер, Өзбекстанда билік ауысты. Дегенмен әр елдің өз мүддесі, ұстанған саясаты бар. Енді бұл мәселені Астанада тағы да жиналып, ақылдасып, шешіп алу қажет. Не ары, не бері шығарайық. Халыққа иә, болатынын, иә, болмайтынын айту керек. Өз бюджетімізден немесе Өзбекстанмен келіссөздерді жалғастырамыз. Бірақ, түбінде шешімін табу қажеттігіне бәріміздің де көзіміз жетіп отыр,- деді де, аталған ұсыныстардың барлығын Елбасыға жеткізетіндігін және бұл бағыттағы жұмыстардың жалғасатындығын айтты. Ал Арал халқының атынан бұрынғы Қазақ КСР Балық шаруашылығының министрі Құдайберген Саржанов атқарылып жатқан шаруалар барысына оң баға беріп, ел үкіметіне алғысын білдірді. Үкімет басшысы аудан орталығына іргелес орналасқан Жақсықылыш кентіндегі «Аралтұз» АҚ-да болды. Еліміздегі ең ірі йодталған тұз шығаратын зауыт былтыр 332 600 тонна өнім өндірсе, ал экспорт көлемі 212 600 тоннаны құраған. Аталмыш кәсіпорында өнімнің 23 түрі шығарылуда. Отандық өнім сыртқы нарықта мол сұранысқа ие. Үкімет басшысына «Аралтұз» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Дәурен Мұқашев жақында жылдық қуаттылығы 300 мың тонна болатын кальцийлендірілген сода өндірісі іске қосылатындығын баяндады. Жобаның құны –90 млрд теңге. Зауыттың жұмысымен танысқан мәртебелі мейман қолға алынған жобаларға сәттілік тіледі. Осылайша ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев өңір дамуының оң динамикасын атап өтіп, атқарылып жатқан жұмыс пен алда тұрған іс-әрекеттерге өз бағасын берді. Мұның өзі Сыр өңірінде серпін, халқының да, биліктің де көңілінде сенім барын бекіте түсті. Жазира Бағланқызы, Нұрбике Қазиқызы, Рыскелді Сәрсенұлы, Қозы Көрпеш Жасаралұлы, «Халық» газетінің тілшілері |