Өзекті мәселелер

  • 13.09.18

    Кез келген жұмысқа тұрарда қандай болмасын мекеме, ең алдымен, «сотты болмаған» деген құжат сұрататыны белгілі. Сол бір «қара тізімде» бар екенсіз, онда арманыңыздағы қыз­метке қол жеткізу қиын дей беріңіз. Алайда облысымызда осы бір мәселеге назар аудармайтын бөлім басшыларының бар екендігі анықталып отыр. Атап айтар болсақ, Арал, Жалағаш аудандық білім бөлімдері мен Сырдария аудандық мәдениет...

    Толығырақ...
  • 13.09.18

    Саяси тұрақтылық пен қоғамдық келісім – мемлекетіміздің басты ұстанымдарының бірі. Сарабдал саясаткер, ел Президенті Н.Назарбаев «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында бұл туралы тарқатып айтқан болатын. «Көл-көсір мұнайдың» дәуірі аяқталып келе жатқанын ескерткен Елбасы жаңа заманға сай болуға үндеді.

     

    ...
    Толығырақ...
  • 13.09.18

    Шыны керек, көптің көкейінде «облыс орталығындағы басты көше­лерд­ің бірі Желтоқсан көшесі нелік­тен жылда жөндеуден өтеді? Оның орнына шетаймақтағы көшелерді жөндесе қайтеді?» деген мазмұндағы пікірлер жиі айтылады. Мәселенің мәнісі былай. Былтыр сол көшеге су жүйелері мекемесі ауызсу желілеріне жаңғырту жұмыстарын жүргізген. Асфаль­т қабаты бір рет қайта қазылса болды, жаңадан салынған жол бі...

    Толығырақ...
  • 13.09.18

    Ерғали  АБДУЛЛА

    Көрініс

    Қыз Жібектей керімсығысы келгені­мен де, тұқымы  құрғыр мыстандығы қылымсып қайта-қайта көрініп  қала береді...

     

    ...
    Толығырақ...
  • 13.09.18

    Нұржамал  ӘЛІШЕВА,

    журналист

    БІР   ҚИЫҚ  ОРАМАЛ

    Қазанға ет салып қойған. Қамыр илемекші болып еді, ұн бітіп қалған екен.

    Толығырақ...
РЕСЕЙДІҢ ОТАРЛАУШЫ ӘСКЕРІНІҢ ҚАЗАҚ ДАЛАСЫ АРҚЫЛЫ ЖОРЫҚТАРЫ
12.04.2018 11:12

Биыл Сыр өңірінің  бас  қаласы Қызылорданың  200 жылдығын атап өткелі отырмыз. Қамысқала – Ақмешіт – Перовск – Қызылорда – бірнеше жүздеген жылдарға созылатын тарихы бар, Сыр өңірінің басты қалаларының бірі. Талай шапқыншылықтар мен шайқастарды басынан кешкен, үстінен елдер мен құрлықтарды байланыстырған керуен жолдары өткен. Басты тіршілік артериясы болған Сырдария (Яксарт) өзенін жағалай орналасқан қалалар көп болған. Қаланың аймағы ертедегі уақыттарда Орта Азияның мәдени оазисі болыпты. Бізге жеткен аңыздар бойынша бір заманда бұл өлке гүлденген бақ болып, бұлбұлдар бұтақтан-бұтаққа қонып, Ташкенттен Ақмешітке жетеді екен. Сыр бойындағы осы заманда табылып жатқан ежелгі қалалардың қирандылары сол мәдениеттің айғақтары екені сөзсіз.

Осы орайда басылым бетінде «Қызылордаға – 200 жыл» деген тұрақты айдар ашып, қаламыздың өткеніне, тарихына байланысты әртүрлі мақалалар мен жазбалары жариялауды қолға алып отырмыз. Ғалымдарды, тарих мамандарын, оқырмандарымызды осы тақырыпқа атсалысуға шақырамыз. Алғашқы ұсынылып отырған танымдық мақаланың авторы –  жергілікті өлкетанушы Сағат Жүсіп.

Бізге кеңес заманы кезінде жеткен тарихи деректерге сүйенетін болсақ, Қазақ даласы­на татар-монғол, қал­мақ пен жоңғар, Ақсақ Темір, Хиуа, Қоқан хандықтары ғана шапқыншылық жасаған, ал Ресей қазақ даласына жорық жасамаған. Орыс империясының қазақ жеріне, Орталық Азияға жаңа сауда, экономикалық қарым-қатынастар жасау мақсатындағы «енулері» 18-ғасырдан кейін ғана басталды деп келдік. Бірақ, шын мәнінде, солай ма? Ресей патшалығының Азияның бүкіл солтүстік айма­ғына қазақ жерін жаулап алудан екі жүз жыл бұрын оп-оңай иелік еткенін білеміз. Сонда олар қазақ даласын бағын­дыруды, қазақ даласы арқылы Үнді мұхитына жол салып, жаңа бай өлкелерге иелік етуді неге кейінге қалдыра  берген деген сауал туады. Аяп келді ме? Жоқ, олай емес. Қазақ даласын жаулап алуды  орыс  патшалығы                 16-17-ғасырдан бастап жоспарлаған болатын, бірақ ол ойлары жүзеге аспады, қазақ тайпалары мен батырлары жүзеге асыртпады. Әрине қазір орыс тарихшылары мен зерттеушілері «Біз азиялық халықтарды қарумен жаулап алуға асықпадық, оларды екі-үш ғасыр бойы достық қатынастарға шақырып келдік, оларға деген сыртқы саясатымызды әділетті сеніммен жүргіздік, талаптарымызды нысапты қанағатпен қойдық, оларды достыққа шақыру жолын­да жігерлілік, шыдамдылық таныттық, ең соңғы жағдайда ғана күш қолдандық. Бізге олардың жерінің қажеті жоқ, өндірісіміз бен саудамызды дамытуды басты мақсат етіп қойдық» деген әңгімелерді  айтады.

Бірақ, шын мәнінде, орыс патшалығы қазақ жеріне «көз салуын», қазақ жері арқылы орталық Азия елдеріне, ары қарай Үнді мұхитына шығу әрекеттерін 17-ғасырдың ар жағынан  бастаған  болатын.

Орыс патшалығының қа­зақ жеріне, қазақ жері арқылы Хиуа хандығына бірінші жорығы 1605 жылы жасалды. Оны Оралдың орыс казак­тары бастаған. Бұл жорық жайлы деректі біздерге Әбіл­ғазы Баядүр хан сипаттап қалдырған, оның әкесі Арап-Магомет ханның тұсында бұл жорық жасалған болатын (Татарлардың ру шежіресінің тарихы. Әбілғазы Баядур хан (354-358-беттерінде). Казактарда бұл жорық жайлы бір ғана аңыз әңгіме сақталған. Әбілғазы оны былай айтады: «Хиуалық он көпес Оралға тауарларымен келгенде, оралдық казактар олардан Хиуа ханы түгел ордасымен Аму өзенінің жағалауында көшіп жүргенін естиді; осыны естіген казактар көпестің сегізін өлтіріп, екеуін жол көрсетушілікке аман қалдырып, 1000 адам болып Хиуа хандығына жол тартады, Үргеніш  қаласына  жақындап (сірә қазіргі Көне Үрге­ніш болар), қалаға кіріп, тұр­ғындарын қырып, ең жақсы тауар­ларын тонап, оларды мың  арбаға  тиеп, мың әйелді алып  кейін  қайтады».

Көшіп жүрген Арап-Магомет-Хан тез қайтып үлгермеген болса керек, казактардың шапқыншылығын естіп соңынан бір шатқалда қуып жетіп, жолын кеседі. Казактар екі күнгі қанды шайқастан соң қоршаудан күшпен шығады, бірақ алған барлық олжасы мен хиуалық әйелдерді тастап кетуге мәжбүр болады. Арап-Магомет-Хан оларды тағы да қуып жетіп, құтыла алмайтын тар қуысқа тығады. Ол жерде су жоқ болғандықтан, олар өздерінің өлген жолдастарының қандарын ішуге мәжбүр болады. Тағы да біразға созылған ұрыст­ан соң бәрін қырып, жүзге жуығы қашып үлгеріп, Тука қаласының жанына, Кгессиль өзенінің жағасына (Әбілғазының әңгімесінің кейбір тұстарына қарап, бұл жер, сірә, Аму өзенінің бір салас­ы шығар, ал Әбілғазы айтқан қуыс шатқалдар Үстіртке шығатын және түсетін жерлер деп топшылауға болады) тығылады. Олар бұл жерде балық аулап күн көріп, еліне қайтатын сәтті күндерді күтіп жатады. Он бес күннен соң бұл жерде оларды тауып алып, бәрін өлтіреді. Әбілғазы бұл жерде казактардың Оралдың қай линиясынан шыққанын, қандай жолмен жүргенін, отря­дтың қандай құрамда бол­ғанын жазбайды. 1000 казак, 1000 арба, 1000 ұсталған әйел деген стереотиптік сандар­ болғандықтан, оның жалпылама сөзіне сенбеу де қиын. Әңгіменің қысқалы­ғына қарамастан түсінгені­міз, үйсіз казактар әйелді болу мақсатымен Хиуаға шапқ­ан, Үргенішке барған, көп әйел алып қайтқан, әйел­дер­дің қалың малын көбей­тіп бер деп зорлық жасамағанда мүмкін аман-есен елдеріне қайтқан болар ма еді. Бірақ, тонаушылықпен айналысамын деп кідіріп қалып, үлкен керуенімен тар шат­қалдан шыға алмай, көзсіз ерліктері­нің құрбандарына айнал­ған.

Хиуаға  екінші   жорық Ұлы Петрдің кезінде 1717 жылы болды, ол да жазда жасалды. Бұл жорықты Ресей армия­сының Бас штабының офи­цер­і В.Иванин өзінің «1839-1840 жылғы В.А.Перовскийдің Хиуаға қысқы жорығының сипаты» деген кітабында  былай  баяндайды.

Жорыққа дайындық үш жылдай созылып, мынадай себептен басталған. Хаджа Нефес деген түрікмен 1714 жылы Петербургте болған кезінд­е Ұлы Петрді Арал теңі­зіне құйып жатқан Амудари­я өзенінің суларын Каспийге­ бұру арқылы Орта Азия­ның үстімен Индияға сауда жолын ашуға болады деп сендірген. Осы мақсатты жүзеге асыру үшін Ұлы Петр князь Бекович-Черкасскийге­ (Бекович-Черкасский, туған­ жылы белгісіз, 1716 жылы қаза тапқан, тегі кабарда княздарынан, шоқынған, туа­бі­тті аты Дәулетгирей) дереу­ жарлық айтып, жеткі­лікті санда матростар мен әскер беріп, Нефес түрікмен­нің айтқандарын және Каспийдің жағалауларын көріп сипаттап кел деп жұмсайды. Келесі жылы Бекович Аму­дарияның ескі арналарын тексерген зерттеулерін және Каспий теңізінің шығыс жағала­уының картасын патшаға көрсетеді; оларды көр­ген Ұлы Петр князь Бековичтен жеке түсініктеме талап етіп, 1716 жылдың 16 ақпанында Амудария өзенінің ескі құяр сағасына гавань және 1000 адамдық қамал салуғ­а бұйрық береді. Сосын отрядпен Хиуаға аттанып, Аму өзенінің ескі арнасының бағытымен жүріп отырып Аму өзенінің ағысын тоқтатып, Каспий теңізіне бұратын жерге барып ескі бөгетті бұзып, Амудың суын ескі бағы­тпен жіберу, өзеннің басқ­а салаларын бекіту, Хиуаны­ң ханын өз еркімен қосылуға көндіруді тапсырады. Казактар мен жүздеген драгунд­ерден тұратын басқа отряд­ Астраханьнан Хиуаға шыққан керуенді бастап Хиуаға жол тартуы тиіс. Ол бө­гетке келген кезінде отрядты Аму өзенінің саласымен те­ңіз­ге бағыттап жіберуі тиіс еді.

Осы жұмыстарды орындау үшін Бековичтің қара­мағы­на 3 жаяу полктың құ­ра­мындағы 4000 солдат, 100 адамнан тұратын бір эскадрон драгун, 1500 оралдық казак­тар, 500 гребен казак­тары, 24 зеңбірекші, 2 инженер, 3 емші (бір жылдық дәрі-дәрмек қорымен), офицерлерді қосқанда  барлығы 6129 адам берілді. Сол кездегі монетамен бұл экспедицияға 218 000 рубль бөлінді. Әскерлерге күрек, қайла, балта­ және т.б. берілді. Қазан мен Астраханьнан бір жылға азық-түлік  әкелінді, сонымен бірге  теңіз пароходшыларына Астраханьнан  жарты  жылдық  азық-түлік  бөлінді.

Жоғарыда көрсетілген Беко­вичтің әскерлер са­нынан 1716 жылы теңізбен   3 жаяу полк Каспий теңізінің шығыс бөлігінде салынған қамалдардың гарнизонын толықтыру үшін, атап айт­қанда, Александр-Бай шығанағындағы Түп-Қарағанға және Красноводскының жағас­ына жіберілді. 9 қазанда­ Түп-Қарағанға полковник Хрущев бастаған бірнеше зеңбірегі бар 240 адам түсті; бұл гарнизоннан 1717 жылдың 9 мамырында өлгендер­дің саны 500-дей болды.

Александр-Байдағы гарнизонда Астрахань полкының үш ротасы қалдырылды.

Красноводскіге Астрахань полкының бір бөлігі және Крутояр (немесе Азов полкы) полкының 1000 адамы­ түсірілді, бұл полк­тағы өлім бәрінен көп болды.

Александр-Бай гарнизонының тағдыры белгісіз. Бұл үш бекіністің қандай мақсатпен салынғанын түсіндіру қиын. Хиуадан шегінген отряд­қа деп азық-түлік пен заттар үшін қоймалар сал­ғы­сы келсе, онда Хиуаға жақын жерден бір қамал салса жетіп жатыр еді. Егер де осы бекі­ністер арқылы, Хиуаға жорық жасау мақсатында, олардан жалдап немесе сатып алу арқыл­ы қажетті түйелер мен жылқы сатып немесе жалға алу, әскер үшін қажетті мөл­шерде ет сатып алмақ ойы болы­п, жергілікті халықпен сауда арқылы байланыс жасағысы келген болса, оған көп уақыт қажет болатын; оған қосымша, жергілікті халықпен сауда жасаудың орыс­тарға тиімділігі жоқ еді, себебі олардың біздің астық пен иленген тері және басқа тауар­ларымыз үшін төлейтін басты тауары қой, жылқы, түйе ғана еді. Ол кезде бұл жануа­р­ларды теңізбен тасу, ол үшін жолға ауызсу мен жем-шөпті бірге алып жүру, сол себептен де  сауда  қатына­сы  орын­далуы мүмкін емес тірлік еді.

Бекович 1717 жылы Астраханьда жорыққа дайындықтың барлық жұмыстарын аяқтап, пасханың бірінші күні 21 сәуірде Астраханьнан Гурьевке шықты, қасында 4000 адам; жаяу әскер теңізбен, атты әскер жағалаумен келе  жатты. Бұл жерде айтуға тиіспіз, кейін отрядтың құрамы Бековичтің талабы бойынша өсірілді, өзгертілді; оған Астраханьға жаяу әскерден 3727 адам, драгуннен 617 адам, казактардан 2000, артил­лерия командасына       26 адам 22 зеңбірегімен; 3 ин­женер, теңіз командасы 232 адам, емшілер, шенеуніктер мен дворяндар 46 адам, барлығы 6651 адам, 138 әртүрлі қайық пен кеме берілді.

Пасхадан кейінгі 7-ші аптада, яғни маусым айының орта шамасында Бековичтің отряды үш айлық тамақ қо­рын алып ары қарай Үстіртке жүреді. Отряд мына құрамда келе жатты: драгундердің полкы, 600 адам, атқа мінген екі жаяу рота, 6-7 зеңбірегі және артиллериялық қызметшілері бар, астрахандық дворян­дар, мырзалар, ноғайлық татарлар 500-дей адам; 500 гребендік казактар, 1500-ге жуық оралдық казактар; соны­мен бірге отрядта орыс, татар, бұхарлықтар 200-дей адам болды, барлығы 4000 адам.

Жаяу әскердің азық-түлі­гін алып жүру үшін 297 ат сатып­  алынды, драгундарға әр екеуіне біреуден жүк артатын­ ат берілді; казактардың өздерінің жүк аттары болды, басқа ауыр заттарды алып жүру үшін әр түйе үшін 10 рубльден 200 түйе сатып алу бұйырылды. Сонымен бірге 300 арба, азық-түліктен тыс адам басына жарты пұттан балық, бір шелектен шарап пен сіркесу берілді.

Гурьевтен Эмбаға дейін (250 шақырым шамасында) отряд 10 күн жүрді; ол жерден­ Үстіртке дейін (140 шақырым шамасы) 5 күн, Үстіртпен 7 аптадай жүріп, отряд 15 тамызда Қарағаш шатқалына келді, соған жақын жерде Амудың ескі арнасына суды бөгеп тұрған бөгет бар деп жоспарлаған болатын. Сірә, бұл Амудың Лаудан деп аталатын арнасы болар, Амудың су тасқыны кездерінде одан Шарқырауық деген сала бөлініп, ол Аму өзенінің ескі арнасымен ағады; бұл саланың тереңдігі сонша, үлкен сулар кезінде керуендер одан қайықпен өтеді. Егер Лауданның арнасындағы Қарағаш пен Гурьевтің арасын 1000 шақырым дейтін болсақ, оған отряд екі ай уақытын жұм­сады. Отрядтың бұлай өте баяу жылжуының себебі, аттар­дың күшін сақтау және су табу үшін отряд Үстіртте әлсін-әлсін күндіз тоқтап, тереңдігі 2-ден 4 сажынға дейін болатын құдықтар қазуға мәжбүр болды.

Сағат  ЖҮСІП

(Жағасы бар)

 

Пікір қалдыру


Қорғаныш коды
Жаңарту

Күнтізбе

< Сәуір 2018 >
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30            

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары