Өзекті мәселелер

  • 14.02.19

    «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» демекші, өңірлік коммуникациялар қызметінде қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев баспасөз брифингін өткізді. Жасыратыны жоқ, бұған дейін бас шаһардың басшысы баспасөз алаңына ат басын бұрған емес. Өйткені, облыс орталығында өңірдегі БАҚ-тың басым бөлігі орналасқан. Сондықтан мұны ақпандағы эксклюзивті кездесу десек те болады. Жыл басында журналистермен жүздесуге жақсы...

    Толығырақ...
  • 14.02.19

    ҚР Бас прокуратурасы баспасөз қызметін­ің хабарлауынша, өткен жылы республика бойынша 2,4 млрд теңге еңбекақы берешегі өндіріліпті. Соның 191 млн теңгесі біздің облысымызға тиесіл­і екен. Облыстық прокуратураның баспасөз қызметінің мәліметінше, қадағалау актісімен 13 мың жұмысшы алдындағы 191 млн теңге жалақы қарыз өндірілген.

    ...
    Толығырақ...
  • 14.02.19

    Нағыз жігіттерді еркек деу дұрыс емес, еркек – адамның жынысын білдіретін атау ғана. Қазақ халқы ер адамды ерекше сыйлаған, киімін баспаған, алдын кесіп өтпеген, сөзін тыңдаған, алдындағы асқа одан бұрын қол тигізбеген, т.с.с. Десе де, бұл қазір мұндай емес дегенді білдірмейді. Әйелден бір саты жоғары тұрған ер-азаматтардың да өз биігінен түсіп кетіп жүргендері бар. Ер жігіт ретінде өте...

    Толығырақ...
  • 14.02.19

    Әрбір  әйел  қауымы көрікті болып, бет терісіне ерекше назар аудару керек. Күтім жасап, әсем де нәзік болып жүретін бұрымдылар сырт көзді де тамсантатыны рас. Осы тұрғыда қыз-келіншектердің бет терісінің күтімі жөнінде не айта аламыз? Олардың бет терісінде жиі кездесетін мәселе қайсы? Сау әрі әдемі келбетті сақта­у  үшін  қайтпек  керек?

    Қазіргі таңда сұлулықтың құны жеңіл еместігі бесе...

    Толығырақ...
  • 14.02.19

    Мен «Халық» газетінің 6.ХІІ.2018 жылғы санында «Тұмар  ханым» бетінде жарияланған «Өзі үшін» некесіз бала тапқысы келеді» тақырыбындағы мақаланы оқыдым. Тақырып­қа орай көңіл түкпірінде жүрген ойларды қағаз беті­не  түсіргім  келді.

    ...
    Толығырақ...
ӨРТТІҢ АЛДЫН АЛУ – ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕ
16.04.2018 17:46

17 сәуір – Өрт сөндірушілер күні

Еліміздегі жетекші компания санатындағы “ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз” АҚ-ның басшылығы облыс орталығынан 200 шақырым қашықтықта орналасқан мұнай кеніші қызметкерлерінің жұмыс барысындағы қауіпсіздігін басты назарда ұстайды. Себебі әрбір еңбеккердің өмірі, амандығы компанияның басты байлығы саналады. Қиын жағдайларда тез шешім қабылдау, қызметкерлердің білімін жетілдіре түсу және өндіріс орындарының қауіпсіздігін сақтап, жауапкершілігін көтеру мақсатында ПҚҚР АҚ жыл сайын “Өртті сөндіргеннен, алдын алған жеңіл” атты байқау ұйымдастырып келеді. 17 сәуір – өрт сөндірушілер күніне орай және осы қызметтің 100 жылдығы қарсаңында аталмыш бәсеке биыл алтыншы мәрте өткізілді. Алғаш рет 2013 жылы Құмкөл кенішіндегі өртке қарсы қызметтің кәсіпқой маманы Еркін Ертаевтың бастамасымен жолға қойылған байқау қызметкерлердің көңілінен шығып, жыл сайын ұйымдастырылатын болды. Сол жылы “Бас сорғы айдау станциясы” командасы топ жарса, былтыр Тұзкөл кенішінің ұжымы үздік шыққан болатын. Байқау ережесінде қатарынан екі мәрте бірінші орынға ие болған команда ауыспалы кубоктың түпкілікті иегері атанады. Биылғы сайысқа барлығы 16 команда қатысты. Олардың ішіндегі қызылордалық “ҚазГерМұнай”, “Торғай Петролеум” компанияларымен қатар, Шымкенттің мұнай өңдеу зауытынан “ПКОП” командасы да жарыстың алғашқы қатысушысы саналды. Жарыстың өткен жылғы жеңімпаздары тұзкөлдіктер компания туын көкке көтеріп, ауыспалы кубокты ұйымдастырушыларға табыстады. Спорттық сайыстың ашылу салтанатына “ПетроҚазақстан Инк.” президенті Фан Цзячжун, “ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз” АҚ кәсіподақ комитетінің төрағасы Елеусін Дүйсенов, т.б. азаматтар қатысып, сөз сөйледі.

Көп ұзамай-ақ, ПҚҚР өндірістік бөлімшелері мен серіктес ұйымдарынан құралған командалардың бұл додаға тас түйін дайын екендігі белгілі болды. Сайыс үш кезеңнен тұрды. Алғашқы кезең эстафеталық бағытта өрбіді. Сонымен, алғашқы қатысушы айналмалы кедергілерден өтіп, екінші қатысушыға кезек береді. Ол газтұмылдырық киіп, қалың түтін арасынан өтеді. Ал, команданың үшінші мүшесі жоғарыдағы кедергілер арқылы жүріп, эстафета кезегін өрт сөндірушіге табыстайды. Арнайы киімді киген кезекті қатысушы бірнеше ережені орындап, өрт сөндіргіш құрылғымен лаулап жатқан қызыл жалынды сөндіреді. Бұл сайыс қатысушылардың ептілігі мен жылдамдығын қажет етеді. Сондай-ақ, бұл сайыста бірігіп жұмыс істеу де ерекше рөл атқарады. Өйткені, тілсіз жауды жоюда ұйымшылдықтың ауадай керектігі айтпаса да белгілі.

Екінші кезеңде қатысушылар дәлдік пен ұжымдық арқылы топтық жұмыстың үлгісін көрсетуі керек болатын. Команда мүшесінің бірі арнайы құрылғыға түтікшені (шланга) жалғаса, екіншісіне екеуінің басын жалғау міндеті қойылған. Ал, келісісі сол шланганың оратылып қалмауын қадағаласа, төртіншісі өрт сөндіруге арналған шланганың басына арнайы құрылғыны жалғап, белгіленген нысананың ішін суға толтырды. Мұнайшылар мұны да оңай еңсергендей. Десе де, табиғаттың өзі жел арқылы кейбір командаларға кедергісін келтіріп жатты.

Қос кезең қызметкерлердің біліктілігін сынауға бағытталған болса, үшінші кезең білімін тексеруге арналды. Құмкөл кенішіндегі мәдениет үйінде өткен байқаудың жалғасы сұрақ-жауаптан тұратын соңғы кезең арқылы қорытындыланды. Команда мүшелері интерактивті тақтадан белгілі бір сандарды таңдап, сол арқылы сұрақтарға жауап берді. Байқау барысында командалардың жүктелген міндетті толық әрі жылдам орындағанына байланысты ұпай қойылып отырды.

- Қызылордалық әріптестердің бізді осындай шараға арнайы шақырғанына қуаныштымыз. Кешелі-бүгін мен осы мекеменің қызмет орындарын, қызметкерлерін көріп, көңілім толып отыр. Кеше өрт сөндіру және жаттығу сабағын өткізді. Біріншіден, мұнаймен айналысатын компаниялардың барлығы өрт сөндіру мәселесіне бейжай қарамай, қаржыны қомақты етіп бөлетініне ризамын. Мұндай іс-шараларды өткізіп жатқан басшылыққа рақметімізді айтқанымыз жөн, - дейді Шымкент мұнай өңдеу зауытының өрт қауіпсіздігі инженері Асылбек Бекжігітов.

Жарыс қорытындысында Шымкент қаласынан келген “ПКОП” командасы үшінші орыннан көрінсе, ІІ орынға “МДАЦ” командасы лайық деп танылды. 3 кезең бойынша жақсы ұпай жинаған “МГӨЦ” командасы үздік танылды. Жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар мен дипломдар табыс етілді.

- Бүгінгі жарыстың жеңімпазы болып жатырмыз. Өрт қауіпсіздігін сақтау мақсатында өткізілген байқауды ұйымдастырған басшылыққа алғысымызды білдіреміз. Жарыс өте жоғары деңгейде өтті. Әріптестерімді мерекесімен құттықтаймын! - дейді жеңімпаз команданың мүшесі Талғат Естаев.

Шара соңында “ПетроҚазақстан” нысандарында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуде белсенді атсалысқаны, қорғаныс және төтенше жағдай аясында келеңсіздіктерге жол бермеуге бағытталған алдын алу шараларын жүргізгені үшін бірқатар өрт сөндіру саласының қызметкерлері алғыс хаттармен марапатталды. Бірнеше сағатқа созылған шарадан түйгеніміз мол. Өзіңіз отырған мекемеде алда-жалда қызыл жалын қылаң берсе, қайтер едіңіз? Абдырап, аяқастынан ақыл табу сіз үшін қиынға соғары анық. Былайынша айтқанда, адамға өз саласының мықты маманы ғана болғаны жеткіліксіз. Апат айтып келмейді, сондықтан қауіпсіздік ережесін әр жерде және әрдайым сақтау керек. Ал, біз көрген өрт сөндірушілер кез келген қатерге қарсы қауіп төндіретін мықты мамандар екен. Жалпы, өрттің алдын алу әрқашан өзекті мәселе болып қала бермек.

Рыскелді ЖАХМАН,

Андрей Тайгунов (cурет)


Фан ЦЗЯЧЖУН, “ПетроҚазақстан Инк.” президенті:

 

- Құрметті әріптестер, құрметті жарысқа қатысушылар! Құмкөл кенішіне қош келдіңіздер! Ең біріншіден, барлығыңызды мерекемен құттықтаймын. Өздеріңізге белгілі, бұл байқау алтыншы мәрте ұйымдастырылып отыр. Біздің компания үшін өрт қауіпсіздігі қашанда маңызды. Жұмыс болған жерде техникалық қауіпсіздік басты назарда болуы қажет. Біз мұны ешқашан естен шығармауымыз керек. Сайысқа қатысып жатқан барша қызметкерлерге алғысымды білдіремін. Мықтылар жеңсін дегім келеді.



 

Елеусін ДҮЙСЕНОВ, «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ кәсіподақ комитетінің төрағасы:

- Биыл Қазақстанда өрт сөндіру қызметіне 100 жыл толып отыр. Осыған орай, біздің компания сіздермен қосылып ауқымы кең спорттық сайыс ұйымдастырды. Иә, расында өртті сөндіргеннен, оның алдын алған оңай. Өндіріске де, адам өміріне де ең маңыздысы – осы. Көптеген өкінішті жағдайлар, келеңсіздіктер өрт қауіпсіздігін сақтамағаннан болып жатады. Ал, Сыр бойындағы мұнай компанияларында мұндай жағдайдың болмауы – сіздердің арқаларыңыз. Бүгінгі сайысқа қатысқалы тұрған барлық командаларға сәттілік тілеймін. Жақсы өнер көрсетіп, мерейлеріңіз үстем бола берсін.

 

Пікір қалдыру


Қорғаныш коды
Жаңарту

Күнтізбе

< Сәуір 2018 >
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30            

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары