Өзекті мәселелер

  • 18.10.18

    Бұл өлке – өрелі өркениеттер тоғысы­нда тарихын тереңнен тартқан мекен.­ Талай қаһарман хандар мен білекті батырлар, суырыпсалма ақындар шыққан жер. «Жүз жырау» дүниеге келген осы Қармақшы елі әр қазақ үшін қастерлі, қасиетті. Аудан толығымен Тұран ойпатыны...

    Толығырақ...
  • 18.10.18

    Сыр  өңірінде  өзінің  тарихымен, экономикасымен, даңқты тұлғаларымен дараланған бір аудан болса, ол – киелі Шиелі өңірі. Жер көлемі 3426915 га  құрайтын  аудан – ежелгі  Сырдария  өзенінің  орта  ағысынан­ орын тепкен мекен, талай тарихи оқиғаның к...

    Толығырақ...
  • 18.10.18

    «Алдағы  бес  жыл  ішінде білім, ғылым, денсаулық сақтау­  салаларына  барлық көздерден  жұмсалатын қа­ра­жат­ты  ішкі  жалпы өнімнің  10  пайызына дейін жеткізу  қажет».

     

    ЖАЛАҚЫ  КӨБЕЙЕ   БАСТАДЫ

    Мұндай пәрменді ел Президенті өз Жолдауында атап көр­сеткен болатын. Бұл сала мамандары үшін жақсы м...

    Толығырақ...
  • 18.10.18

    Лақ бірде жайылымда жүріп ұйықтап қалды. Оянған соң қараcа, көзіне ешнәрсе­ шалынбады. Далада жалғыз қалыпты. Отардың соңынан қуып, жүгіре жөнелді. Жүгіріп келе жатып қасқырға кезікті.

    – Ей, мұнда неғып жүрсің? - деді қасқыр­  көзі  оттай  жанып.

    – Қуаласпақ ойнап, - деді лақ тез ес жиып.

    – Кіммен?

    – Ағаммен. Сөйтті де, артына бұрылып:

    ...
    Толығырақ...
  • 18.10.18

    Қорқыт атаға қатысты әртүрлі деректерде­гі көптеген шығармалар мен ғылыми еңбектердің жарық көргенін білеміз. Арасында мәліметтері бойынша қарама-қайшылықты, өзара үйлеспейтіндері де аз емес. Ғылым үшін олардың­  дұрысы мақұлданып, бұрыстары терістеліп, тек ақиқат шындықтың айқындалғаны ләзім. Әсіресе, абыз атаның­ ғұмыр кешкен дәуірі, өскен ортас­ы жайлы тұшымды пікір, дәлелді тұжырым жоқ. Сон...

    Толығырақ...
“ЕРІККЕН АДАМ СОТҚА БАРМАЙДЫ”
19.04.2018 13:49

Жандос  АБСАТ,

Қызылорда облысы Әділет департаментінің жеке сот орындаушылар қызметін ұйымдастыру бөлімінің басшысы:

Соңғы кездері баласы үшін әкесінен алимент өндіре алмай не несиесін уақытылы төлемегендіктен жалақы алатын шоттарын аша алмай жүрген жандарды жиі кездестіреміз. Сол үшін сот орындаушылардың есігін торуылдап жүргендер қаншама.

Өйткені сот нақты шешім не ұйғарым шығарып бергенімен, оны орындамай, жауапкершіліктен қашып жүргендер көп. Сондықтан жұрт борышкерді жауапкершілікке тарту не болмаса белгілі бір шектеулер қою арқылы берешегін өндіріп алу үшін сот орындаушыға жүгініп жатады. Біз де қызығынан қиындығы көп бұл саланың жұмысы туралы білу үшін Қызылорда облысы Әділет департаментінің жеке сот орындаушылар қызметін ұйымдастыру бөлімінің басшысы Жандос Абсатпен сұхбаттасқан едік.

– Жандос Дәуренбекұлы, мемлекеті­мізде  мемлекеттік  сот орындаушымен  қатар жеке сот орындау­шы­лары да қызмет етеді. Осы тұрғыда айтып өтсеңіз, екеуінің ат­қа­ратын функциялары бір ме әлде қандай да бір өзгешеліктер бар ма?

– Қазақстан Республикасында жекеменшік сот орындаушылардың институты 2011 жылдан бастап жұмыс істейді. Бұл – франциялық жоба. Алайда мем­лекеттік сот орын­даушының да, жекеменшік сот орындаушының да жұмыс істейтіні – бір заң, бір функцияның аясы. Яғни, ҚР-ның «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушылардың мәртебесі туралы» заңының аясында атқару­шылық әрекеттер жасайды. Ел­басы­мыздың Ұлт жоспары – «100 нақты қадамының» 27-қадамында «Мемлекеттік сот орындаушыларды біртін­деп қысқартып, жекеменшік сот орындаушылар институтын одан әрі дамыту» керек­тігі айтылға­н. Осыдан кейін 2016 жылы мемлекеттік сот орындаушылардың республика  бойынша 30, 2017 жылы 30 пайызы қысқартылса, ал 2018 жылы 25 пайызы қыс­қартылғалы жатыр. Айта кету керек, мемлекеттік сот орындаушылардың орындайтын функциялары бөлек. Яғни олар мемлекеттен өндіріп алу, дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан көп пайызы мемлекетке және олармен үлестес заңды тұлғаларға тиесілі заңды тұлғадан өндіріп алу, табиғи монополиялар субъектілерінен немесе тауарлар және көрсетілетін қызметтер нарығында үстем жағдайға ие субъектілерден өндіріп алу, өндіріп алу мөлшері бір мың айлық есептік көрсеткіштен асатын (2 405 000 теңгеден жоғары) соманы мемлекет пайдасына өндіріп алу, мүлікті тәр­кілеу не мүлікті мемлекетке беру туралы, мемлекет мүддесі­не жүргізілетін үйден шығару, үйге қоныстандыру, үйлерді бұзу, жер учаскелерін алып қою және басқа да істердің санаттары туралы атқарушылық құжаттарды мемлекеттік сот орындаушылар орындайды. Қалған санаттағы атқарушылық құжаттарды жеке сот орындаушылары орындайды.

– Жаңа өзіңіз мемлекеттік сот орындаушылардың жылдан-жылға азайып келе жатқанын айттыңыз. Ал олардың орнын баса алатын жеке сот орындаушылар облысымыз бойынша жеткілікті  ме?

– 2018 жылғы статистика бойынша облыста 53 жеке сот орындаушы (оның 19-ы – ауданда,  қалғаны – қалада) бар. Ал бұл көрсеткіш 2015 жылы 24, 2016 жылы 47 бол­ған. Өткен жылдың қорытынды­сымен 52 болды. Яғни біздің қаламыз бен барлық аудандар республикадағы кей облыс­тарға қарағанда толық жеке сот орындаушылармен қамтылған.

– Сіздерге халық ең көп деген­де қандай сот актілерімен жүгініп  жатады?

– Негізі барлық сот актісі бойынша. Оларды бөліп-жару­ға келмейді. Бірақ көбіне мемлекет пайдасына өндірілетін сот актілері бойынша көп атқарушы­лық құжаттар түсіп жата­ды. Яғни мемлекет пайдасына өндірілетін әкімшілік айыпп­ұлдар, мемлекеттік баж салықт­ары, жер мүлік салықтары,  қылмыстық істер бойынша сот шығындары, үкім бо­йынша айыппұл­дар. Содан кейінгі орынға алимент, жеке және заңды тұлғалардың арасындағы қаражат өндіру мәселелерін жатқызуға болады.

– 2017 жылы  сіз­дердің  көмектеріңізге қанша  адам  жүгін­ді немесе қанша атқарушылық құжат  түсті?

– 2017 жылы облыс бойынша барлық жеке сот орындаушылардың  орындауында 85377 атқарушылық құжат болға­н. Оның 46031-і (54 па­йыз) аяқталса, 2018 жылдың 1-тоқсанына 39346-сы қалды. Ал І тоқсанда түскен құжат­тарды қоса есептегенде 56052 құжат болып, 6585-і аяқталған. Яғни 1 сәуірге 49467 құжат қалған. Шыққан санды 53-ке бөліңіз (жеке сот орындау­шылардың саны. – ред.), сонда әрқайсысына 933-тен келеді деген сөз. Дегенмен де бұл 1 сот орындаушыда 933 атқару­шылық құжат бар дегенге сәй­кес келмейді. Себебі біреуінде 1500, біреуінде 1000, біреуінде 500 болуы мүмкін. Өйткені соттан келген құжаттар тікелей сот орындаушыларға соттың өзінің арнайы «Төрелік» деген электронды  жүйесі  арқылы  сот орындаушылардың  атқару­шылық іс жүргізу орган­да­ры­мен автоматтандырылған  жүйесіне түседі, электронды түрде жеке сот орындау­шы­лар­ға бөлінеді. Әкімшілік айып­пұл­дар  да  дәл  солай. Ішкі істер  органдарынан  келгенде де  сөйтіп  бөлінеді. Ал қал­ған  уәкілетті органдар жаз­баша береді. Сондай-ақ бұл салада бәсекелестік бар. Мысал­ы, сіз «мына жеке сот орындаушы жақсы жұмыс істейді екен» деп естисіз де, сол  кісінің  көмегіне  жүгіне­сіз. Осындай сәттерде тәуір жұмыс істейтіндердің қа­рауында өте көп атқарушылық құжат болуы мүмкін. Бәйгеге қоссаң да жүйрік ат алдында  шабады  да, қалғаны қала  береді­  емес  пе? Сол сияқ­ты  істі  толық  аяқтамай, істей алмай­ жауып кетіп жат­қан­дары  да  бар.  Бірақ көш жүре  келе  түзеледі  дейді ғой.

– Ал жеке сот орын­дау­шы­ларға жалақы қалай төленеді?  Жұмыс  істей  алмаса  да  өзгелермен  бірдей  кө­лемде  жалақы  алып  отырады  ма?

– ҚР «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі» туралы заңының 118-бабында көрсетілгендей, жеке сот орындаушыларға жалақы өндірілген сомадан алынады. Яғни бірінші істі аяқтайсыз, содан кейін қызмет ақысы алынады. Үкіметтің 2014 жылғы  4 мамырдағы №437 қаулысы бар. Ол жерде айлық есептік көр­сеткішпен көрсетілген. Мысалы, орындауында 60 АЕК-ке дейінгі сомалар болса (144300 теңге), соның 25 па­йызын жеке сот орын­даушы өзінің қызметіне алады. Өндірілетін сома көбейген сайын пайызы да төмендей береді. 60-300 АЕК арасы болса, 20 пайыз болады деген сияқ­ты. Айта кету керек, бұл сома борышкердің берешегінен бөлек өндіріліп алынады.

– Оны кім төлейді, мем­лекет  пе?

– Жоқ, борышкерден өндіреді. Яғни қарызды бір өндіреді, қызметіне тағы өндіреді. Өзін-өзі қаржы­ландыру  бұл  жерде.

– Сонда мемлекеттен ешқандай айлық  берілмейді  ме?

– Алименттер мен жалақыны өнді­ріп алу туралы атқарушылық құжаттар бойынша мәжбүрлеу шараларын қолдануына байланысты жеке сот орын­даушының қызметіне 15  АЕК мөлшерінде ақы төленеді. Мысалы, борышкер жұмыс істемейді  делік. Сот орындаушы берешегін төлету үшін бүкіл әрекетін жасайды. Алимент бойынша айтаты­н болсақ, борышкерге қатысты атқарушылық іс қозғау, хабарлама жіберу, оның берешегін  айқындау, республика аумағынан шығуға уақытша шектеу қою, оны әкімшілік жауапкершілікке тарту, қылмыстық жауапкершілікке тарту, атында жылжитын, жылжымайтын мүліктері бар-жоғын анықтау сияқты әрекеттерін жасайды. Бірақ одан еш нәтиже болмаса, ол бізге есеп құжаттарын ұсынады. Өйткені шығын жеке сот орын­даушыдан кетіп жатыр. Біз сол қызметі үшін 15 АЕК мөлше­рінде қаражат төлейміз. Ол 36075 теңге­ болады. Бұл тек 1 атқарушылық құжат бойынша. Бұрын бұл көрсеткіш 5 АЕК еді. Былтыр өзгерістер болып 15-ке көбейді. Егер он құжат өткізсе, 360 мың теңгенің көлемінде ала алады деген сөз. Яғни мемлекет  қарап  отырған  жоқ.

– Борышкер берешегін төлемесе, қандай­  жауапкершілікке  тартылады?

– ҚР-ның әрбір азаматы заңды орындауға міндетті. Біздің өзіміздің Конституциямыз бар. Кодекс, заң, нормативтік-құқықтық актілердің бәрі осы Конституциядан тарайды. Конс­титуцияның 76-бабының 3-тармағында, ҚР Азаматық процестік кодексінің 21-бабында «ҚР азаматының атына шыққан сот шешімі, сот үкімі, сот ұйғарымдары, яғни сот актілері республика­ аумағында орындалуға міндетті. Қажет жағдайда шет мемлекеттерде халық­аралық дәрежеде орындалады» деп көр­сетілген. Еріккен адам сотқа бармайды. Мәселені шешуге, ымыраға келе алмаға­ндықтан барады. Соттан шешім шығады. Ал оның орындалуы өте қиын. Соны сот орындаушы әрекетін жасап, орын­датуға тырысады. Жоғарыда айтып кеткендей, атында жылжитын, жылжымайтын мүлкі, зейнетақы жарналары бар-жоғын анықтайды. Бар болса, тыйым салады. Сондай-ақ, борышкер 20 АЕК-тен асатын сома бойынша сот актісін орындамағанда сот орындаушы борышкерді республика аумағынан уақытша шығуына шектеу қоюына құқылы. Мұндай фактілер тәжірибемізде болды. Алиментін, мемлекетке айып­пұлын төлемей жүріп, бір жағдайлармен шетелге шыққысы келгенде, шекарадан қайтып келген азаматтар болған. Сондай-ақ заң бойынша сот актісін орындамаған адамның жүргізу куәліктерін, лицен­зияларын (жеке тұлғаларға 250 АЕК-тен, заңды тұлғалар­ға 1250 АЕК-тен асатын болса) уақытша тоқтатуға сот орындаушысы сотқа ұсыныс енгізеді. Көбіне алимент бо­йынша борышкерлердің кө­лік жүргізу куәліктерін тоқ­тату жөніндегі сотқа ұсыныстар енгізіліп,  қанағат­тан­дырылып жатады. Сонымен қатар әкімшілік жауапкершілік бар. ҚР Әкімшілік құқықбұзу­шылық туралы кодек­сінің 669-бабында «Сот үкімін, сот шешімін орын­да­мау немесе өзге атқарушылық құжат­тарды орындамау» туралы арнай­ы жауапкершіліктер көр­сетілген. Жеке тұлғаларға 5 АЕК мөлшерінде, лауазымды тұлғаларға 20 АЕК мөл­шерінде айыппұл салынады неме­се екеуі де 5 тәулікке дейін қамаққа алынады. Ал егер сот актісін борышкер          6 айдан астам уақыт орындамаса, онда ҚР Қылмыстық кодекстің 430-бабымен қылмыстық жауапкершілігін көру жөнінде құқық қорғау органдарына сот орындаушы ұсыныс енгізеді. Ары қарай анықтаушылар тергеу әрекеттерін жүргізеді. Ал алимент бойынша ҚР ҚК-нің 139-бабы бойынша, борышкер 3 айдан астам уақыт алимент төлемеген­ жағдайда, өндіріп алушы ішкі істер органдарына шағым беруге құқылы.

– Мысалы, ерлі-зайыптылар үш жыл бұрын ажырасып кетті делік. Ал алимент өндіру туралы тек үш жылдан кейін ғана сотқа арызданады. Осы кезде алимент ажырасқан күннен бастап төленеді ме, әлде  арыз  жазған  күнінен  бастала  ма?

– Өте орынды сұрақ. Негізі бұл соттың құзыретіне жататын мәселе ғой. Заңгер ретінде айтайын, алимент берешег­і арыз жазған күннен бастап есептелінеді.

– Ал алимент қалай есептелінеді? Борышкердің  айлығы 50 мың  теңге делік. Ол екі баласына оның қаншасын төлейді?

– ҚР-ның «Неке және отбасы» туралы­ кодексіне сәйкес, 1 бала болатын  болса, айлық және өзге де табысының 25 пайызы, 2 бала болса, 33 пайызы, 3 немесе одан көп болса, 50 пайызы­ төленеді. Алимент десе, көбі тек ер-азамат өзінің баласына ғана ақша төлеу керек деп ойлайды. Ал бірақ ата-анасы баласынан өндіріп отырғандар жоқ. Қызылорда облысы 98 пайыз қазақы өңір ғой. Бізде мұндай жағдайлар көп кездесе қоймайды. Солтүстікте, Алматы, Астана қалаларында мұндай жағдайлар бар. Мысалы, 18-ге толған баласы­ анасын қарттар үйіне өткізді немес­е ата-анасы мүгедек болғандықтан, қарамай кетті делік. Бала өз-өзін асырай алады. Енді ол әке-шешесіне қарау керек ғой. Егер баласы осылай тастап кетсе, әке-шешесі баласынан алимент өндіруге құқысы бар. Қазақ халқы – көп ұлтты мемлекет. Неге? Себебі 1937, 1947 жылдары өзге ұлт азаматтары біздің Қазақстанға қарай жер аударылды. Сол кезде біздің ата-бабамыз өз баласынан бөлек, өзге ұлттың баласын өзегінен теппей, бауырына басты. Біз – сол кісілердің қазіргі ұрпағымыз. Аллаға шүкір, жақсы өмір сүріп жатырмыз, бірақ ұсақталып барамыз. Өзгенің баласы түгілі, өзінің баласының  өзегінен теуіп, алиментін төлемей қашып жүргендер қаншама! Жүрегімді ауыртатыны да сол. Бүгінгі ұрпақ – ертең­гі ел болашағы. Елбасымыздың 2012 жылғы желтоқсан айындағы жолда­уында ана мен бала құқығына арнайы­ тоқталған еді. Сол кезде «Әкесі қой баға білмегеннің, баласы қозы да баға  білмейді» дегені есімде. Тебірентіп тұрып  айтты. Сондай-ақ ол кісі «Мені алаңдататыны – Қазақстанның  әлемдік аренадағы  дамуы,  өркендеуі  емес, әке­сіз өскен кейінгі ұрпақ, жастар» деп еді. Қазақта айтады ғой, «Бір әкенің тәр­биесін жүз мектеп те бере алмай­ды» деп. Қазір жылда «Мерейлі отбасы» байқауы өтіп жатыр. Не себепті дейсіз? Бұл –  ұлттың  бірлігін, тұтастығын сақтау мақсат­ында өткізіліп жатқан­ дүниелер. Әке, меніңше, бауыр еті баласынан безінбе­уі керек. Ерлі-зайып­ты бір-біріне  кек сақтап, ажы­рас­ты делік. Ер-азаматқа әйел, әйелге ер­кек­ табылады. Ал бірақ бала жасқаншақ болып қалады, оның психоло­гиясына бұл жағдай әсер етпей қоймайды. Бала әке, ана мейірімін бірге көріп өспегеннен кейін ол қатыгездене түсуі мүмкін.

– Көбіне несиесін уақытылы төлемеген жандардың шоттарын жауып тас­тайсы­здар. Ал оны ашу қалай болады?

– Сот орындаушы шотты жауып таста­уға  құқылы. Өзінің қаулысы мен соттың санкцияларымен. Мысалы, банкте есепшоты анықталса, соған тыйым­  салуға құқысы бар. Сосын инкас­салық  өкіммен  шотта ақша бол­са,­  ақшаны  шешіп  ала  алады.

– Ол ақша кімге кетеді?

– Бірінші өзінің шотына аударып алады, сосын барып өндіріп алушыға аударады. Банк болсын, жеке тұлға болсын, сот шешімі түскеннен кейін сот орындаушы оны орындауға міндетті. Мысал­ы,  несиені  уақытылы төлемеген­ жағдайда айлық жалақымен ашылған шотты банк 100 пайыз шектеуге қоя алмай­ды. Тек 50 пайыз ғана қоюға құқылары бар. Себебі оның бала-шағасы бар дегендей. Сосын жәрдемақы, алимент, асыраушысынан айырылған кезде алатын жәрдемақыларды алуға арнайы ашылған шоттар мүлдем шектеу­ге қойылмауы керек.

– Бірақ солай 100 пайыз шектеу қойып  жатқандар бар.

– Иә, бар ондай. Бірақ оны сотқа беріп, сотпен жеңіп жатқандар бар.

– Әңгімеңізге  рақмет!

Сұхбаттасқан   Жансая   ЖҮНІСОВА

 

Пікір қалдыру


Қорғаныш коды
Жаңарту

Күнтізбе

< Сәуір 2018 >
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30            

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары