Өзекті мәселелер

  • 13.12.18

    Жазылған  жайттың  жалғасы

    Қоғамдағы кейбір жайттарға көңілі толмаған, мәселесіне тиісті орындардан мардымды жауап ала алмаған­ жандардың бір ықпалы тиер деп БАҚ-қа үміт артып келетіні бар. Жалпы, бұқаралық ақпарат құралдарының мақсаты мен міндеттері, онда қызмет ететін журналистердің басты қызметі – қоғам үшін маңызды ақпарат іздеу, табу, аны...

    Толығырақ...
  • 13.12.18

    Анар   РАХЫМЖАНОВА,

    желтоқсан  оқиғасына  қатысушы:

    «Қазақстан Компартиясының бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаев орнынан алынып, сол қызметке Г.Колбин таға...

    Толығырақ...
  • 13.12.18

    Қай күні ақын Ұлықбек Бекұзақұлы «Ит жылы дүниеге келгендіктен бір-бірімен «ырылдасып» ойнап, әзілдің түбін түсірген (және түсіретін – ред.) «Сырдың бес серісі, бес перісі» атанған 58-дер: Бекұзақ Тәңірбергенов, Сұраған Мырзаев, Ниятолла Раманқұлов, Серік Ыдырысов және Оңталап Нұрмахановтар болатын. Бұлардың соңғы екеуінен басқасы «түйе қарап» кетті...» деп жазған еді. Уақытынд...

    Толығырақ...
  • 13.12.18

    Ерғали  АБДУЛЛА

    ШҮКІРШІЛІК

    «Түн баласы дөңбекшіп, олай бір аунап, былай бір аунап, ұйықтай алмай, көрер таңды көзіммен атырамын» дейді де отырады бір парақор. Құлқындап өліп жүрсе де, жүрегінің арғы бір терең, қапас түкпірінде ұят пен ардың болмашы бір қалдықтары, тозаңдары қалғанына да әйтеу...

    Толығырақ...
  • 13.12.18

    Елбасының жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауы тың мәселелерге толы. Әрбір Жолдау мазмұны қоғам дамуы үшін өте маңызды. Барлық жұмыстар тек билік өкілдеріне ғана емес, ел азаматтарына да үлкен міндеттер жүктейді.

    Осы жылдың күзіндегі Жолдауда мемлекет басшысы келесі жылы «Педагог мәртебесі туралы» заңды әзірлеп, қабылдау қажеттілігі туралы айтқан болатын. Ұлт көшбасшысы аталмыш заң мұғ...

    Толығырақ...
МІНДЕТ МІНБЕСІНДЕГІ МЕРЕЙ
26.04.2018 10:51

 

Мейрамбек  ЖҰМАШЕВ,

облыстық  мәслихат депутаты


Уақыт қадірі мен талабы ешқашан ешкімге кеңшілік жасамаған. Тәуелсіздік дәуі­рінің жылдамдығына ілесу қалғ­ып-мүлгуді кешірмейді. Бүкіл тіршілік әлемдік қағи­даттар төрелігіне жүгіндіреді. Біліміңе де, білігіңе де тосын сын табан астында пайда бо­лады. Заман адамзатты  кірпік қақпай  қадағалап отыр. Қоғам үнімен  теңесіп,  халық көзімен бағаңды бажайлайсың. Жа­һан­дану тек үйлесімге ден қояды.

Жерлестер сенімін иеленіп, №1 Арал сайлау округінен облыс­тық мәслихат депутаты болып сайланғаннан бергі ішкі жан дүниемдегі ой сүзгісі осылай­ша  бір екшеп алады. Ел қолғанатына жараудың өзі – үлкен  құрмет. Қоғамдық талқы тұлғалық қадамға табан тіре­месіңе қоймайды. Сөз сап­тауымыз  да көпше түрге көшті. Оқшауланбай, ортақ міндетке арқа тосуға дағдыланып кеттік. Жауапкершілік жүгі нық қадам басуға бейімдеді.

Сайлауалды бағдарламамдағы әрбір тармақ насихаттық ұшпа сөз болмауын қаперден шығармаймын. Ағымдағы қа­жеттілік жыл межесімен қап­тал­дасқанда, еріксіз депутаттық сауал тасталады. Жос­пар­д­ағыдан да өткір, жедел­ шешілетін мәселелер туындайтынын мәслихат мінбері қалпел­сіз ұқтырды. Облыстық бюджетте Арал ауданының көкейтесті проблемалары сәйкесінше  қаржылық  қолдау табуына басқа да әріптесте­ріммен бірге қозғаушы болып келемін.

Бұл арада облыс, аудан басшы­ларының ел алдындағы есептерінде баяндалған Аралға қатысты көрсеткіштерді қайта қаузау артық шығар. Депутат дауысы естілген бірқатарын ғана тізбелейік. Жаңа ауыл беттег­і мөлтек ауданда ішкі су жүйесі жаңартыла отырып кеңейтілд­і. Қала көшелері жолдары орташа жөндеуден өткізілді. Қызылжардағы қалқымалы көпір қайта жаңғыртылды. №14 мектеп-лицей жаңа ғимаратқа қоныс тебеді. Экологиялық  ахуалға  орай 49 канал, 3 қорғаныс бөгетінің техникалық негіздемесі әзір­ленді. Аудан орталығындағы жер учаскелерін аймақтарға жіктеу, шекарасын нақтылау жүзеге  асты.

Осы тұста аңғарта кеткен орынды. Ауыл біткенде жапа-тармағай зәулім білім ошақ­тарын салу қай жағынан да ұтымды емес. Мұның қасында Аққұлақ, Көктем, Үкілісай, Ерімбетжағада  тұрғызылған 50 орындық мектеп пен 20 орындық балабақша кешені сияқты ықшам жоба әлдеқайда тиімді. Сонымен бірге басталған жұмыстың ырғағы бұ­зылмай, сапалы  аяқталуын  жіті қадағалау қажет. Бюджет қаржысы жоғары-төменнен құралатындығына  қарамастан, халық  несібесі  екенін жоспарлаушы, орындаушы, бақылаушы тарап жадында тоқуы керек. Бұрмалау  болған жағ­дай­да, тиісті жедел шара қол­да­ныл­ғаны  дұрыс. Бұған  халық қалаулылары да жайбарақат қарай  алмайды.

Мәслихат залына енген сайын, жүрегім өрекпи соғады. Мұнда кезінде облыстық мәслихаттың екі шақыры­лымында депутат болып сай­ланған марқұм әкем Тоғыс Жұмашевтың асқақ бейнесін көргендей, өр үнін естігендей күй кешемін. Ол кездері бюджет қоржыны бүгінгідей тырсиып тұрмаған. Жоспарлы жұмыстардың өзіне азын-аулақ қаржы екі шұқып, бір қарап бөлінетін.

Жекешелендірудегі то­йым­сыздық, оңтайландырудағы опынулар, жең ұшынан жал­ғасқан жемқорлық тісті қайратпай қоймайтын. Сондайда аса ділгер ел мұқтажын мәслихат мінбесінен дабылдатқан оның халықшыл қасиетін, батыл­ байламдарын депутаттық корпус әлі күнге аузынан тастамайды. Бұл ілтипат жа­ныма жылу сыйлайды. Сондықтан  да мен үшін ел назы әке  сертімен пара-пар.

Қазір жағдай басқаша. Инвес­тициялық құйылым, индуст­рияландыру басым­дығына арқа сүйейміз. Дәуірлеу кезеңіне бағытымыз ай­қын. Үкіметтік бағдарламалар негізгі салмақты төменге ысырмайды. Елбасының пәрмені заманамен үндестікке бейімдейді. Атқарушы  билікке  жаңашылдықпен жұмыс істеу ғана  қалды.

Депутат жайбарақат емес, үнемі қозғалыста. Облыстың, ауданның қоғамдық өміріне етене араласамыз. Халықтық жиындарға, жастар жүздесуіне, іскер топ өкілдерімен кездесуге жарқын идея, тың бастама, ұтырлы  ұсыныс  іздеп  барамыз. Рас, кейде  бірсыдырғы шаралар мезі етеді, босқа уақыт жоғалтасың. Іссапармен түрлі аймақ, қала аралағанда, өркениет  ұшқынына  көбірек  назар­ аударамыз. Үздік үлгіні өз өңірімізден  көргіміз келеді.

Дербес проблема барлық жерде кездеседі. Ерте ме, кеш пе аяқсыз  қалмайтыны  ақиқат. Сессия  назарын  аударған Аралдағы екінші теміржол өткеліндегі жүргінші мен көлік қозғалысы қауіпсіздігін түбегейлі шешуге байланысты ұсыны­сым зерттелуде. Нәтижесі ұзақ күттіре қоймас деп үміттенемін.

Кәсіпкерлікті қолдау жө­ніндегі тұрақты комиссия мүшесі ретінде жерлес талапкерлердің бизнес әлеміне бойлай түсуіне мүдделімін. Әсіресе, ауыл шаруашылығына тән қадамдарды қуана құптаймын. Тұтыну тауарларын бір жерден екінші жерге тасымалдауға айрық­ша ақылдың қажеті ша­мал­ы. Сатармандық деңгейден ұзай алмау өрісті тарылтады.

Бақшалықпен әр ауылда шұғылдануға болады. Диқаншылық  мектебін  қалыптас­тыру – ауадай қажеттілік. Сүт өнімдерінің ежелгі ұмыт қал­ған түрлерін таңдайға қайта оралтсақ, кәнеки. Қолөнерлік төл­тумаларды мұражайдан ғана таңсықтаудан қашан арыламыз?! Мал терісі мен жүнін ұқсату ескілікке оралу емес қой.

Айтары жоқ, өркениет жыл санап алды-артымызды орап барады. Әлі ауылдың иісін, кең даланың шалғынын сағынатынымыз хақ. Төрт түлікті түгелдей жүрмесек, ішіп-жемнің барлығына сөреден көз сүзетін шығармыз. Ауыл барда табиғи өнімнің қадірі де, құны да еш кемімейді. Ақша барлық құн­дылықты қаз-қалпында қай­тара алмайды.

Қазақтың ата кәсібі алдымен ауылда жандануы керек. Мен осы идеяны ұлт бейнесі ретінде қарастыруды қалаймын. Бізге шағын бизнестің осынау халықтық нұсқасын айрық­ша ықыласпен қолдау жарасады. Нағыз энтузиазм ауылда жатыр. Іс басындағылар, көшбастар аға-апалар, заман­дастар, іні-қарындастар қайтарымды қаржыны дәл осы араға құюды тілейтіні анық. Барлық жерде әрбір отбасын дәстүрлі еңбекке ынталандыра шоғырландырсақ, сөз жоқ, қазақ  бизнесі  халықтық  сипат­қа көшеді. Мұндай кәсіпкер­лікте  қызғаныш, аяқтан шалу деген  әсте  болмайды.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы кім-кімнің де көкі­рек қақпасын айқара ашқаны мәлім. Негізі, гәп – ұлттық сана қуатында. Мәңгілік ел мұратын күйініп те сүйініп тіл ұшынан түсірмейтін Нұрсұл­тан Әбішұлының  халықаралық  беделі бәрімізді терең ойға жете­лейді. «Сана істен озуы, бұрынырақ жаңғыруы тиіс» дейтін оқшау түйін аясы мей­лінше кең. Әлбетте, сана тетігі сан алуан. Қанымызға сіңген қазақилық діліміз бен дініміз, дәстүріміз арқылы рухымызға алтын жылғадай болып сіңеді емес пе?!

Жалындаған жиырма бесте құқық қорғау саласында әділет әміріне жүгіндім. Орда бұзар отызда әке аманатымен бизнеске бетбұрыс жасадым. Қамалы көп қырықтың қырқасына халық қалаулысы ретінде қадам басудамын. Кәсіпкерлік қазанын ықтасынға тыққыш­та­май, мұқтаждарға, өнер, білім, спорттағы үкілі үміттерге, имандылық жоралғысына, еліміздегі табиғи тосын қиын­шылықтарға қол ұшын созып келемін. Жанқожа батырдың жорықтас серігі, қарадан шыққан Бекмырза ханның ұрпағы ретінде аймақтағы қайырымдылық шараларына белсене араласамын.

Заман тамаша! Ешқайсымызға шегінуге жер жоқ. Отанымыз үшін арға тырысып бұйырған белесте елімізге еркелеп емес, тапсырмасына шабар­мандық елгезектікпен алғаусыз  қызмет  жасаудың  өзі өлшеусіз  бақыт! Қазақстанның  қарышты  қадамы болашақ бәйгесіне елеңдеген тұл­пардың тыпыршуына ұқсайды. Батасының аяғын «Жүзге жет!» деп түйіндейтін бабаларымыздан жұғысты болған экономикадағы 100 нақты қадам, руханияттағы 100 жаңа есім, ғы­лымдағы 100 үздік оқулық ояу сәттеріміздің көбірек бола­тынын зерделеткендей.

Арал  қаласы

 

Пікір қалдыру


Қорғаныш коды
Жаңарту

Күнтізбе

< Сәуір 2018 >
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 27 28 29
30            

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары