Өзекті мәселелер

  • 17.05.18

    Адам тағдырының ақ-қарасын таразылау үлкен төзімділік пен қажырлы еңбекті талап етеді. Бар ғұмырын сот төрелігін атқаруға арнап, ардың ауыр жүгін арқалауға бел буған әділ қазылар қашанда қадамын қате жасамауға тырысады. Судья атты қасиетті ұғымға кірбің...

    Толығырақ...
  • 17.05.18

    Мұрат  НАСИМОВ,

    саяси  ғылымдарының  кандидаты,

    қауымдастырылған  профессор,

    Толығырақ...

  • 17.05.18

    Нәзипа – қарапайым ғана ауылдың қара торы келіншегі. Осыдан 11 жыл бұрын ата-анасының қолынан ұзатылып, өзге босағаны аттаған еді. Бүгінде жасы 36-да. Адал жары, 3 баласы бар. Екі жыл бұрын әкесі өмірден озар шағында, «осы үй мен аналарың сендерге аманат, бас-көз  болыңдар» деп қызы мен күйеубаласына табыстап кеткен. Содан бері бұлар жалдап жүрген пәтерлерін біржола тастап, осында көшіп келген....

    Толығырақ...
  • 17.05.18

    Статистикалық мәлі­меттер бойынша елімізде болатын қылмыстардың үштен бірі тұрмыстық зорлық-зомбылықтан орын алады екен. Ал бұл ретте қара күштің иесі ер-азаматтардан, әсіресе, әйелдердің таяқ  жеп, зардап шегетінін ескерсек, олардың тұрақтар жерге зәру болатыны анық.

    Қаламыздағы «Қамқорлық» дағдарыс орталығы дәл осындай жағдайға тап бол­ғандарға қол ұшын созады, уақытша болса да панала...

    Толығырақ...
  • 17.05.18

    Айтыстың   абаданы  Серік ағам 60-қа келіпті. Ұлтының уызына жарығ­ан елдің еркесі Серік Ыды­рысовтың Сыр елі үшін орны бөлек. Сәкеңді өзімнің аяғым сынып, бауыр­ымнан  айырылып, қайғының уын ішіп жүрген көңілсіз күндердің, мазасыз түндердің бірінде ұялы телефо­н арқылы іздедім. 2017 жылдың 24 қыркүйегі түнгі сағат 11-ден 36 минут өткенде хабарлама жібер­дім. «Серік ағам бар ма екен кең дүниед­...

    Толығырақ...
САН ТАҒДЫРҒА ТОЛЫ «АНАЛАР ҮЙІ»
03.05.2018 11:04

Қазақ қыз бала тәрбиесіне аса сақ­тықпен қарап, оның әдептен озбай, инабатты болып өскенін қалаған. Қызға қырық үйден тыйым салып, бойжеткенін бөтен үйде қондырмауға тырысқан. Өйт­кені ол – ертеңгі ибалы келін, ардақты ана, салиқалы әже. Шаңырақтың құты, отбасының ұйытқысы. Ал бүгінгі қыздарымыз қандай күйде жүр? Өзі ұнатқан, өзін ұнатқан сүйіктісін кездестіріп, «бақыт­ты отбасы боламын» дегенде, жігіттеріміз «ер-азамат» деген атқа ла­йықты іс жасап жүр ме?

2013 жылы белгілі кәсіпкер Айдын Рахымбаевтың баста­масымен алдымен Астана, Алматы қалаларында ашылған «Аналар үйі» қоғамдық қорының бүгінде республика қалаларының барлығында қызмет етуіне не себеп? Өмірдің қысылтаяң шағында паналарға жері болмаған қыздарға қол ұшын беріп, қамқорлығына алатын бұл үй қанша жанға қамқоршы бола білді? Осы сауал­дарға жауап іздеп көру мақсатында қаламыздағы «Аналар үйіне» бас сұққан едік.

Біз барғанда «Аналар үйінің» меңгерушісі Дина Маратқызы жаңа ғана пер­зентханадан келіпті. Айтуынша, осында жатқан қыздардың бірі бүгін толға­тып, ай-күні жеткен соң босануға жіберілген. Ал алғаш ана атанған қыз аналық мейірім іздегендіктен, осындағы анасы Дина апайына хабарласқан екен. Сондықтан бар қызына аналарының орнына ана болып келген Дина Жусупб­аева сол сәтте перзентханаға барып­, қызының қуанышымен ор­тақ­тасып  қайтқан.

Қаламызда 2014 жылы жұмысын баста­ған «Аналар үйін» осы уақытқа дейін 151 ана қоныстап шыққан. Бұл уақыт ішінде талайға пана болған үйді небір тағдыр тәлкегіне ұшыраған нәзік жандылар мекен еткен. Қаншама балалар тірілей жетім болып қалудан аман қалса, баласынан безінбек болған не сәбиін туа салысымен тастап кетпек болған аналар райларынан қайтып, пікірлерін  өзгерткен.

Мұнда түрлі тағдырлар тоғысқан. «Ішінде балалықтың ауылынан алыстай қоймаған «бала-аналар» да болды» дейді «Аналар үйі» қоғамдық қорының меңгер­ушісі Дина Жусупбаева. Солар­дың бірі – небәрі 14 жасында аяғы ауыр болып­  қалған  мектеп  оқушысы. Аң­қау­лы­ғынан ба әлде сенгіштігінен бе екен, отбасылы жігіт­пен көңіл қосқан жас қыз соңында опық жеп қаламын деп ойлама­са керек. Тіпті аяғы ауыр екенін де сезбеген. Құрсағында бала барын тек «астан уландым» деп жұқпалы аурулар ауруханасына түс­кенде ғана дәрігер­лерден естіпті. Бұл уақытта жүк­тіліктің 7  жарым айлығына келген ол толғағын аурумен шатастырған екен. Қыз сол сәтте перзентханаға жеткізіліп, уақы­тынан бұрын босанады. Үйінің жалғыз ерке қызы алдындағы 4 ағасы мен анасына­ (әкесі қайтыс болған) бұл хабард­ы айтуға дәті бармаған. Құдды олар мұны «қарабет» деп табалай­тындай көрінген. Ал «Аналар үйін» панала­ғаннан  кейін  мұндағы мамандар психоло­гиялық та, моральдық та көмек  көрсетіп, «бала деген­ балдан тәтті дүниеден­ қалай ғана бас тартуға болады?­» деп қыз бала және оның анасым­ен жұмыс жүргізген. Одан қалды, осыншама уақытқа дейін бар қиындыққа шыдап келген жас қызға бәрін жарты жолдан тастап кетуге болмай­тынын, сәбиінен безінбеуі керек­тігін айтып түсіндіреді. Тек бірнеше ай өткізілген  осындай  дайындықтан  кейін ғана анасы қызымен кездесіп, соңы жақсы­ жаңалықпен аяқталады. Іштен шыққан қызын анасы сыртқа тастас­ын ба?!  Сәбиді өз атына тіркеп, бала асырап­  алған болып, бар шын­дықты  жасырады. Ал қызы 9-сыныпты аяқ­тағаннан кейін  спорт мектебінде оқуын  жалғастырады.

Аналар үйінің келесі бір паналау­шысы оқу оқып жүргенде жігітінің «сүйдім, күйдім» деген сөзіне сеніп қалған. Бірақ, бұл уақытта бәрі кеш еді. Құрсағында сәбиі бар бойжеткенді жеме-жемге келгенде жігіті жауапкер­шіліктен тайқып, далада қалдырады. Айналып келіп «Аналар үйін» пана­ла­ған қыз көп ұзамай анасымен тату­ла­сады. Шындығында, осындағы маман­дар татуластырады. «Біз реті келсе,­ ата-анасымен татуластыруға тырыса­мыз. Өйткені бәрібір өзінің отбасы­, ең  бірінші  жаны  ашитын адамы­ ол – ата-анасы. Сондықтан ол кісілерден артық адам жоқ», - дейді қоғамдық  қор  меңгерушісі.

Бірақ, жауапкершіліктен қашқан кей жігіттер соңында қателіктерін түсініп жата­тын жағдайлар да болад­ы екен. Мысалы, «Аналар үйін» қиын- қыстау шағында пана еткен  қазалылық жас қыздан жігіті бастапқыда «сәби менен­ емес» деп бас тарт­қанымен, соңына­н  баласымен  бетпе-бет кездескенде,  ДНК  сараптамасын жасатпай-ақ өзінікі екеніне күмән келтірмеген. Тіпті, босануы ауыр өткен бұл қызды Алматыдағы  перзентханадан (жағдайы ауыр болғандықтан сонда­ босануына тура  келген) шыға салысы­мен жігіті мен енесі үйлеріне әкетіпті. Міне, ғажап! Егер қыз басына осы бір қиындық түскен алғаш сәтте-ақ салы суға кетіп, әлсіздік танытқанда, «Аналар үйін» паналам­ағанда, мүмкін бұл қауышу болмас­ па еді?! Өйткені адамдар  бас­тарына іс түскенде әл-дәр­мендері таусы­лып, көп жағдайда өз-өздеріне қол жұмсап жатады. Немесе іштегі тірі сәбиін өлтіріп, сол арқылы бар ауыртпалықтан құтыламын деп ойлайды. Керісін­ше,  адам  өлтіріп, күнәға  батып­ жатқандарын  түсіне  бермейді.

«Аналар үйінің» меңгерушісі, сондай-ақ, осыған дейін мекен еткен қыздар­дың 30 пайызға жуығы өзге жандар­мен тұрмыс құрып кеткенін айтады.­ Тіпті, осында ұлан-асыр той жасап,­ ұзатылып  кеткендері де бол­ған екен. Өйткені  өмірдің қиындығын  көрген, отбасының, ерінің қадірін түсінетін  қыздарды жар етуге ниет­тілер  өздері  хабарласатын көрінеді. Бірақ бұл  «қателікке бой алдырған қыздарды­ң  бәрі  осында мекен етсін, біз  ұзатылуына­  көмектесеміз» немесе­ «қыздар­дың   бәрі  қателессін, ұзатамыз» деген сөз емес. Бұл жер – тек аяғын шалыс­  басып  қана  қоймай, тағы біреуі­н­е ұрынардың алдында  жүрген жан­дарға қол ұшын созып, сол жағ­дайдан  шығуына  көмектесетін  мекен.

Негізінен «Аналар үйі» 13 орынға жабдықталған.  Жыл басынан бері мұнда 17 қыз тіркелсе, соның қазіргі таңда тек 8-і қалған. Бір қуантарлығы, шығып кеткен қыздардың 4-еуі өз азамат­тарымен табысып, отбасын құрған екен. Әрине, барлығының да солай­ бақытты болып кеткенін кім қаламай­ды дейсіз?! Алайда жігіті тұрмақ, бұрынғы  жұбайымен  қайта қосылудың еш мүмкіндігі болмай жатқа­н жағдай да кездеседі. Мысалы, Түркістан қаласының тұрғындары өздерінің 25 жастағы қызын өзінен 16 жас үлкен ер-азаматқа ұзатады. Қиыншылықты көп көрген, жақсы өмірді тек армандап ғана қоятын олар «ең болмаса қызымыз қиналмасын» деп, қыруар  малы  бар, Жаңақорғандағы дәулетті малшы отбасыға­ қыз­дарын  өздері береді. Алайда бәрі адамның қалағанындай бола бермейді. Қызы келін болып түсісімен енеге жақпайд­ы. Бұған дейінгі әйел­деріне (бұл қыз 3 не 4-інші әйелі) күн бермеген ене бұл жолы да баяғы әніне салады­. Арада бір жарым жыл уақыт өтіп, қыз құрсағына бала біткенде енесі «бұл менің баламнан емес, осыған дейінгі әйелдері көтермеген, сен өзгемен ойнас­ жасап көтердің» деп айыптап, жер-жебір­іне жеткен. Осылайша шаңырақтан шаттық кетіп, отбасы ойран­дала бастай­ды. Тіпті, босана салысы­мен үйіне де қуып жіберген. Жағдайы нашар­, еденнен ыза өтетін ата-ана­сының  үйінде  сәбиімен тұратын қызды әлеуметтік қызметкерлер осында­  әкеліпті. Бөбегіне суық тигізіп алған анаға медициналық көмек көр­сетіледі. Ауруханаға бірнеше рет жат­қызыл­ғаннан  кейін  ғана  қалыпқа  келіп, адам қатарына қосылады. Айта кетейік, «Аналар үйі» №3 қалалық емханаға қарайды.  Ондағы  мамандар жас аналар мен  сәбилерді ұдайы бақылап тұратын­ көрінеді. Ал құжаты болмай, баланың  жәрдемақысын  да ала алмай жүрген  жандар  болса, заңгерлік көмек­терін­  көрсетеді. Керек  десеңіз, аналарды үй кезегіне қойып, барлық құқық­тарын қорғауға тырысады. Сондай­-ақ осында мекен ететін аналар ішкі  тәртіпке де бағыну керек. Бұрын­ғы  бойдақ өмірдегі еркінсу енді жоқ. Басқ­а қиындық түс­кенде қол ұшын созған­ «Аналар үйінің» өз ережесі бар. Мысалы, таңертеңгілік сағат 7-де тұрғаннан күні бойғы тірлік алдын ала жоспар­ланып, уақыты белгіленген. Егер де аналар­  серуендеп, таза ауамен тыныс­тағы­сы келсе, қыс мезгі­лінде кешкі сағат­ 19.00-ге дейін, жаз мезгі­лінде 21.00-ге дейін қалаған жерлеріне барып келулері керек. «Ал үйден шыққан­ екенсіз, онда арнайы дәптерге қайда,  қашан шық­қаныңызды не қашан келгеніңізді жазып­, қолыңызды қоя­сыз. Сонымен қатар аптасына бір рет кезекшілік ұйымдас­тырамыз. Жаз мезгілінде егін егіп, қыстың қамына кірісе­міз. Әрине, «Аналар үйін» қаржыландырып оты­ратын­ меценаттар бар. Бізді Әлидар Өтемұра­тов мырза қар­жыландырады. Ол кісіге айтар алғысым шексіз. Сондай­-ақ  қаламыздағы «Ералаш­» бала­бақшасы, «Технодом» сауда үйі, «Петро­Қазақстан», «ҚазГерМұнай» компа­ниялары біздің қыз­дарымызды елеп, мереке сайын сыйлықтарымен қуантып отырады. Оларға Алланың нұры жаусын»­, - дейді қара­мағындағы қыз­дарын еңбексүйгіш­тікке, ысырапшыл  болмауға, дайын асқа тік қасықтан сақтан­уға   үйрететін  Дина  Марат­қызы.  Сондай-ақ мұндағы  тігін цехы – аптасына  төрт күн қыздардың бір мезгіл ине-жіп ұстап, тігін тігуіне жасалын­ған жағдай. Яғни бұл жерде қыздар таңның атысынан кештің батысын­а дейін тегін тамақ ішіп, бос жатпайды­, тірлік жасап, жаңа өмірге бейімделуге  тырысады.

ТҮЙІН. Ет пен сүйектен жаралған жанның  бәрі қателеседі. Кімнің де болсын «әттеген-ай» деп өкінген жерлері бар. Өйткені, пендеміз. Періште көкте ғана. Сондықта­н тағдырдың талқысына түсіп жататын қыздарды талағанша, керісінше, қол ұшын созып, қорлануына жол бермеу керек сияқты. Өйткені, қаншама қыздар тасбауыр­ланып тілдеудің арқасында өз-өздеріне қол жұмсап, өздерімен қоса, бейкүнә сәбилерін де өлімге қиды. Бұлай деуімізге себеп, осыған дейін «Қазақстан-Қызылорда»­ теле­арнасының «Өмірдің өзі» бағдарламасына шақырылған «Аналар үйін» пана еткен қызға сол жерде қонақтар қатарындағы журналистен қаттырақ пікір айтылғаны бар еді. Дұрыс та шығар. Қанша адам болса, сонша пікір бар дегендей. Бірақ дәл сол жағдайдан кейін «Аналар үйіндегі» барлық ана БАҚ өкілдерімен тілдесуден­ бас тартқан. Бұл олардың қоғамнан шеттетіліп, өздерін жайсыз сезінуге әкелген алғашқы қадам деп ойламайсыз ба? Жоғарыдағы біз әңгіме еткен қыздар туралы қоғамдық қор меңгерушісі барлық жағдайды  түсіндіріп, тек өзінің тарапынан ғана айта алатынын жеткізгеннен кейін кейіпкерл­ер  тағдыры Дина Маратқызының айтуы бойынша жазылды. Сондықтан қыз  тағдыры  әңгіме  болғанда, жігіттердің  жауапкершілігі  де  ұмыт  қалмаса  екен.

Жансая   ЖҮНІСОВА

 

Пікір қалдыру


Қорғаныш коды
Жаңарту

Күнтізбе

< Мамыр 2018 >
  1 2 4 5 6
7 8 9 10 11 12 13
14 15 16 17 18 19 20
21 22 23 24 25 26 27
28 29 30 31      

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары