Өзекті мәселелер

  • 17.05.18

    Адам тағдырының ақ-қарасын таразылау үлкен төзімділік пен қажырлы еңбекті талап етеді. Бар ғұмырын сот төрелігін атқаруға арнап, ардың ауыр жүгін арқалауға бел буған әділ қазылар қашанда қадамын қате жасамауға тырысады. Судья атты қасиетті ұғымға кірбің...

    Толығырақ...
  • 17.05.18

    Мұрат  НАСИМОВ,

    саяси  ғылымдарының  кандидаты,

    қауымдастырылған  профессор,

    Толығырақ...

  • 17.05.18

    Нәзипа – қарапайым ғана ауылдың қара торы келіншегі. Осыдан 11 жыл бұрын ата-анасының қолынан ұзатылып, өзге босағаны аттаған еді. Бүгінде жасы 36-да. Адал жары, 3 баласы бар. Екі жыл бұрын әкесі өмірден озар шағында, «осы үй мен аналарың сендерге аманат, бас-көз  болыңдар» деп қызы мен күйеубаласына табыстап кеткен. Содан бері бұлар жалдап жүрген пәтерлерін біржола тастап, осында көшіп келген....

    Толығырақ...
  • 17.05.18

    Статистикалық мәлі­меттер бойынша елімізде болатын қылмыстардың үштен бірі тұрмыстық зорлық-зомбылықтан орын алады екен. Ал бұл ретте қара күштің иесі ер-азаматтардан, әсіресе, әйелдердің таяқ  жеп, зардап шегетінін ескерсек, олардың тұрақтар жерге зәру болатыны анық.

    Қаламыздағы «Қамқорлық» дағдарыс орталығы дәл осындай жағдайға тап бол­ғандарға қол ұшын созады, уақытша болса да панала...

    Толығырақ...
  • 17.05.18

    Айтыстың   абаданы  Серік ағам 60-қа келіпті. Ұлтының уызына жарығ­ан елдің еркесі Серік Ыды­рысовтың Сыр елі үшін орны бөлек. Сәкеңді өзімнің аяғым сынып, бауыр­ымнан  айырылып, қайғының уын ішіп жүрген көңілсіз күндердің, мазасыз түндердің бірінде ұялы телефо­н арқылы іздедім. 2017 жылдың 24 қыркүйегі түнгі сағат 11-ден 36 минут өткенде хабарлама жібер­дім. «Серік ағам бар ма екен кең дүниед­...

    Толығырақ...
АДАМ ӨЗІНІҢ БІЛІКТІЛІГІН ДЕ, БІЛІМІН ДЕ САТУЫ ҚАЖЕТ
03.05.2018 11:25

Сұлтан  МАҚАШОВ,

Қармақшы  ауданының  әкімі:

 

– Сұлтан Ысқақұлы, тарихи жылнама­ға көз жүгіртсек, Қармақшы ауданын  басқарған  азаматтар  кемі 3-4 жыл ғана  әкім болған екен. Сіз 2015 жылы бұл қызметке келдіңіз. Қазір үш жылға жуықтады. Ауданның қыр-сырына, тыныс-тіршілігіне қа­ныққан  шығарсыз...

– Жалпы, Қармақшы  ауданы кеңес­ өкіметінен бері ауыл шаруашылығы саласымен тұрақты түрде ай­на­лысып келеді. Ал солтүстік (Арал, Қазалы. - ред.) және оңтүстік өңірдегі екі ауданның халқы (Шиелі, Жаңақорған. - ред.) өндіріске, сауда-саттыққ­а бейімделген. Мен бұған дейін Қазалы ауданы әкімінің орынбасар­ы қызметін атқардым. Өзіңіз білетін шығарсыз, кезінде Қазалыны «екінші Түркістан» дейтін. Онда сауда-саттық, бәсекелестік  өте  жоғары.

Содан  2015 жылы 24 маусымда осы  қызметке  тағайындалдым. Әдепкі­де қызық болды. Әлі мұнда қоныстанбаған кезім. Түскі үзілісте жүргізушім екеуміз тамақтануға шықтық­. Дәмханалардың бәрі  жабық. Дүкендер кәдімгідей түскі үзіліске шығады екен. Тіпті, бір­сыпырасы жексенбі күні де демалады. Дүкендерін кешкі сағат 19:00-ден кейін жауып тастайды. Кейіннен жергілікті кәсіпкерлермен жиын өткіздік. «Айналайындар-ау, сауда-саттық күндіз-түні тоқтамайды. Қазір кәсіпкерлердің көпшілігі тәулік бойы жұмыс істеуге тырысып жатыр. Адам деген кешкі сағат 7-ден кейін жұмыстан шығып, дүкеннен қажетті заттарын алмай ма? Сіздердікі не жатыс? Сіздер де мемлекеттің 8 сағатындай 7-ден соң дүкендеріңізді жауып тастаса­ңыздар, кәсібіңіз қалай алға дөңгелейді? Бұлай  болмайды...» деп түсіндірдік.  Сөйтіп, бір жыл бойы осы бағыт  бойынша жұмыс істедік. Қазір қалыпқа келді ғой. Алғашқыда тұрғындардан  бөлек, кәсіпкерлердің де  менталитетіне  таңғалғанымыз  рас енді. Бір облыстың ішінде болса да, әр ауданның өзіне тән ерекшелігі жеткілікті.

 

– Облыс әкімі биыл «кәсіпкерлікті дамыту жылы» деп бекітті. Қармақшыда бұл бағытта қандай жұмыстар ат­қарылып  жатыр?

– Елдегі салық базасын ұлғайту, жұмыссыздықты жою, қоғамдық-саяси­ тұрақтылықты қамтамасыз етудің бір жолы кәсіпкерлікті дамыту екендігін аймақ басшысы айтты. Бұл өте дұрыс. Мұны жетілдіру үшін 32 млрд теңге бөлінді. Өткен екі жылда елдегі жұмыссыздықты және азамат­тардың статусын анықтау бойынш­а жұмыстар жүрді. Статис­тикаға сүйенсек, облыста жұмыс­сыздық деңгейі 4,8 пайызды құраса, бізде 5,1 пайыз деп көрсетті. Ал нақты­  өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың саны көп екендігі белгілі. Бұл біздің облыста ғана емес, республика бойынша қалыптасқан ахуал. Биыл аймақ басшысының барлық деңгейдегі  әкімдерге қойып отырған талабы  өте жоғары. Тұрғындарды кәсіп­тің  қай түріне болса да, қайта бейімдеуге, шағын несиелерге қол жеткізуге жәрдемдесу. Біз «Бизнес бастау» жобасы аясында тұрғындарды оқы­туды бастадық. Былтыр 107 адам оқып, 106-сы өз жобасын қорғап шықты. 2010-2013 жылдар аралы­ғында шағын несиелер берілді. Дегенмен­, ол кезде қаржы несие серікте­стігі арқыл­ы берілгендіктен, соңғы пайдаланушыға тікелей жете қоймады. Ал жыл басынан бері «Қызылорда өңірлік инвестициялық орталығы» арқылы қаржы қаралды. Алғашқы бөлігінде ұсынылған 55 жобаның 21-і қолдау тапса, 2-бөлігінде 66 жобаның 35-і мақұлданды. «Бизнес­тің жол картасы» шеңберінде­ 4 жоба қолдауға ие болды. Гранттар бойынша 70 жобаны әзірлеп қойдық. Бір айта кетерлігі, соңғы екі жылда кәсіп ашып жатқан азаматтардың басым­  бөлігі – жастар. Отызға да толмаған.­ Идеясы мықты. Әсіресе, Байқоңыр, Төретам, Ақайда кәсіп­керлік өте жақсы. Өйткені онда нарық бар. Логистика жағынан да қолайлы. Шыны керек, өңірде кәсіп бастауға ниетті азаматтар саны артты.

 

– Аудандағы ауыл шаруашылығы саласына тоқталсаңыз.

– Мемлекет басшысы 5 жылда ауыл шаруашылығы саласындағы еңбек өнімділігін 2,5 есеге арттыру туралы тапсырма берді. Біз облыс көлемінде соңғы үш жылда жақсы өнім алып келеміз. Егін шаруашылығы бойынша жоғары көрсеткішке қол жеткіздік. Былтыр әр гектардан 59,5 центнерден өнім алдық. Еңбек өнімділігі болу үшін барлық агро­технология сақталуы қажет. Жерді тегіст­еу, каналдарды тазалау, элиталық 1, 2, 3 репродукциялық тұқымдарды егу бағытында жұмыстарды күшейттік. Бұның барлығы тікелей өнімге әсер етеді. Лазерлік тегістегіш арқылы өнімді арттыруға мүмкіндік молайды. Биыл оның санын тағы да 7-еуге көбейттік. Өткен жылы ирандық торем-хошеми сортын Ақтөбе ауылында жаңадан салынған күріш зауытында ақтап, Алматы қала­сындағы зертханада тексерттік. Сөйттік де, Ираннан келген тұқыммен салысты­рдық. Күріштің 11 түрлі индексі бар екен. Бізде өсірілген күріш жоғары нәтиже көрсетті. Алдыңғ­ы жылы 2-ақ гектар, былтыр 70 гектар еккенбіз. Жақында Алматыдан кәсіпкерлер келді. Әлгі ирандық күрішті 900 теңгеден алып кетті. Сол бағаға сұрап тұр. Дегенмен, экспор­ттық әлеуетті арттырмасақ болмайды. Биыл «Ақтөбе и К» шаруа­шылығы 500 гектарға егіп жатыр. Бұйырса, осы жылы аз дегенде 1000 тонна күрішті Иранға экспорттауға жұмыс  істейміз.

Ал мал шаруашылығына келсек, биыл асыл тұқымды мал басын көбейтіп, онымен ет бағытында жұмыс істеу тиімді. ІІІ Интернационал  ауылында «Болашақ» ЖШС асыл тұқымды ордабасы қойын бордақылап отыр. Одан кейін Қуаңдарияда «Олжа» ШҚ 125 бас қазақтың ақ бас сиырын алып келді. Бағасы – 400 мың теңге. Міне, осы сынды жұмыстар атқары­лып  жатыр.

 

– Жергілікті  тұрғындар  тарапынан аудандағы электр желілерінің ескіргендігі жөнінде жиі айтылады. Күн күркіреп, жауын жауса болды, жарық сөнеді де қалады екен. Бұл мәселе жақын­  арада  шешіле  ме?

– «Күн күркіреп, жауын жауса, жарық сөніп қалады» дегенге келісе алмаймын... Ол осыдан 20 жыл бұрынғы­ әңгіме шығар. Ал электр желілері­нің тозығы жеткендігі жасырын­ емес. Олар 1980-1982 жылдары салынған. Шынын айтсақ, кеңес­ өкіметінен бері электр желілерінің құрылысы жүргізілген жоқ. Жалпы, жыл сайын «ҚЭТТК» АҚ ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізеді. Магистралді желілердің барлығын жөндеп болды. Ендігі мәсел­е – барлық елді мекендегі ішкі желілерін жөндеу. Кейбір елді мекендерде 40-60 пайызға дейін тозығы жеткен. Ол желден немесе жауын-шашынн­ан өшіп қалып тұрған жоқ. Қазір халық саны өсті. Жаңадан баспа­налар салынды. Оған әлеуметтік нысандарды қосыңыз. Сонымен қатар тұтынатын техникалық заттар көбейді. Оның барлығына электр қуаты қажет емес пе? Қуаттылық жетпейді­. Кешке  сығырайып  қалады. Елімізде ең бірінші боп ауызсу мәселесін  қолға  алды ғой. Сол бағыт­та­ғы  жұмыстар  әлі де атқарылуда. Сан салаға қатысты бағдарламалар болса да, республика бойынша электр энергияс­ына  байланысты  бағдарл­ама яки жүйелі жұмыс бас­талған жоқ. Бұл өз кезегін күтіп тұрған секілді. Бізде магистралды желіле­рде проблемалар жоқ. 2015 жылдан бері Жосалы кентінің өзіне 11 трансформатор сатып алдық. Менің ойымша, елімізде электр желілері­н жаңғырту жұмыстарын бастау­дың кезегі жетті.

Мәселен, Қуаңдария маңында судың ортасында қалып тұрған жоғары­ кернеулі электр желілері бар. Алда-жалда апаттық жағдай орын алуы мүмкін. Өйткені ондағы су ешқашан­ тартылған емес. Оған тех­ника, не адам баруы мүмкін емес. Егер ол үзілген жағдайда арғы жа­ғындағы екі ауыл жарықсыз қалуы ықтимал. Қазір тиісті жоба-сметалық құжаттарын дайындап жатырмыз.

 

– Өзіңіз басқарып отырған ауданда біз білмейтін қандай проблемалар бар?

– Біріншіден, әдепкіде кәсіпкер­лік саласының кенжелеп қалғандығын байқадық. Соны ақырындап қолға алдық. Екіншіден, ауызсу мәселесін шешу. Үшіншіден, газдандыру. Төртіншіден, салық базасын нығайту. Өткен жылдың өзінде 335 жобаға 1 млрд 800 млн теңге қаржы алдық. Кәсіпкерлерге «кәсібіңді ашып, жұмыс істе» дегеннен бөлек, салық төлеу мәдениетін үйрету керек болып тұр. Шынын айтсақ, салық төлеу мәдениеті төмен. Ретсіз тексеруге де тыйым­ салынған. Барлығын бір парақ­қа жазып, кірісін, шығысын есептеп те бердік. Тіпті, өз отбасына қажетті қаражатты да, табысты да көрсеттік. Мысалға, шағын мал шаруашылығымен айналысатын кәсіп­керлер. Ең  төмен табыс көзі екі миллион теңге болса, төлейтіні – 35-ақ мың теңге. Бәріне де тайға таңба басқандай етіп жазып, сызып бересің. Қараңызшы, айына ұялы телефонына­ 1000-1500 теңге бірлік құюға аямайды, ал сөйтіп салық төле десек, шошып  кетеді. Есесіне, мемлекет несие­ беріп, аяққа тұруға жәрдемдеседі. Мемлекеттен ала бермей, айналдырған 35 мың теңгені төлеу қажет ғой. Аудандағы жолды Сіз жөндейсіз бе, ауызсуды біреу жүргізіп бере ме? Инфрақ­ұрылым Сіз бен біздің салығымыздың есебінен жүргізіледі. Олай  біржақты  қарауға болмайды.

Түсінесіз бе, шағын кәсіпкерлік субъектілері баршылық. Онда еңбек ететіндердің көпшілігі жалақыны қолма-қол алады. Еңбек шартын жасас­пайды. Соның салдарынан нәтижесіз еңбекпен қамтылған мыңда­ған адам жүр. Сөйтіп, жұмыссыздар санын көбейтіп отыр. Шынтуайтында, олай емес. Өткенде об­лыста кеңейтілген жиналыста жауапты орган өкілдері мәселе көтерді. Олардың сөзінше, шаруа қожалығының 1 мың гектар жері бар екен. Жылдық өнімі жоғары. Ал онда 1 ғана адам еңбек етеді екен. Міне, осы мә­селелерді қалыпқа келтірмейінше, салық  базасы  көтерілмейді.

 

– Мемлекеттік қызметкерге қойылатын талап тым жоғары. Оның үстіне 50 мыңнан аса халқы бар бүтіндей бір ауданды басқарып отырсыз. Жалпы, жұмыс істеу принципіңіз қандай? Қызметкерлеріңізге қандай талап қоясыз?

– Жалпы, қай салада болмасын, азаматтардың кәсіби біліктілігіне бас иемін. Менде принцип біреу. Сауатты жастарды, сауатты азаматтарды мүмкіндігінше қолдауға тырысамын. Ылғи да олардың айтқан ой-пікір­леріне  құлақ  түремін. Ең жақсы нәрсе – берілген тапсырманы түсі­ніп, сол деңгейде орындап шығу. Өкінішке орай, кейбір жоғары оқу орындарында дайындалып жат­қан мамандардың біліктілі­гіне көңілім толмайды. Оның үстіне сырттай оқу дегеніңіз де көбейіп кетті ғой. Сондықтан да ЖОО-ны  бітірген мамандар бүгінгі нарықта, яки сұранысқа ие емес. Адам өзінің біліктілі­гін де, білімін де сатуы қажет. Және ойланған бағада. Ол да – өнім. Білім  бағаланады. Әлі де халықтың арасында «мемлекттік қызметке тамыр-таныс арқылы қабылданады» деген пікір бар. Ол – көне көзқарас. Ешкім біліксіз кадрды қасына алғысы келмейді. Айтыңызшы, қай басшыға ондай проблема қа­жет. Дәл қазір техникалық жо­ғары­ білімді маман жоқ. Шын айтқанда, осындағы 50 мың халық­тың ішінен аудандық тұрғын үй-коммуналық шаруа­шылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің  басшысына  лайықты адам  таппай отырмын...

 

– ...Сонда  бұл  саланы  бітір­ген  мамандар  қайда?

– Сенесіз бе, соңғы үш жылда маған «Мен ЖОО-ны инженер-құрылысшы мамандығы бойынша бітіріп келдім» деп бірде-бір жас келген емес. Есесіне, психолог, заңгер, экономист, тарих, қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша оқуын тамамдағандар бірінен соң бірі келіп жатыр, келіп жатыр­. Оларға қазір сұраныс аз. Ал қазір мұғалімдердің ішінде математика, орыс тілі, химия, биология пәні бойынша мамандар тапшы. Неге? Өйткені ол пәндер бойынша оқуға түсу оңай емес. Аталған пәндерден сабақ беретін ұстаздар зейнеткерлікке шығуға жақындады. Осы сияқты мәселелер көбей­ді. Инженер-құрылысшы, гидротехника саласындағы мамандар тым қат. Биыл техникалық саланы жетіл­діруге бетбұрыс бар. Бөліне­тін гранттар саны артты. Есіңіз­де шығар, қайбір жылы медициналық мекемелерде қажетті құрал-жабдықтардың пайдаланылмай тұр­ғандығы жөнінде мәселелер көтерілді ғой. Бұл да мамандардың тапшылығынан туындаған проблема. Осының сал­да­рынан жаңа технология­лар­ды игеруден ақсап тұрмыз. Сондықтан амалсыздан сырттан маман әкелуге тура келеді.

 

– Ал  өзіңізбен  бірге  сырттан маман  әкелдіңіз  бе?

– Жоқ. Сырттан маман әкелген емеспін. Барлығы жер­гілікті  жердің  азаматтары.

 

– Кейде бұқаралық ақпарат құралдарында ел басқарып отырған азаматтарға қатысты сыни мақалалар жарық көреді. Сіз сынды  қалай  қабылдайсыз?

– Егер барлығы нақты, жүйелі  болса, дұрыс қабыл­даймын. Олай болмаған жағдайда пікір жазуға тура келе­ді... (күліп)

 

– Байқоңыр қаласында қазақстандық білім беру жүйе­сіне өткен мектептердің бүгінгі жағдайы қалай? Қажетті құрал-жабдықтармен толық қамта­масыз  етілген бе?

– Байқоңырдағы 6 мектеп пен 1 балабақшаны 2015 жылы қабылдадық. Біз өзі салыстырмалы түрде қарағанда «Ресейдегі білім беру жүйесі жоғары» деп ойлаймыз. Әйтсе де, онда­ғы мектептердің материалдық-техникалық жабдықталуы нашар­лау екен. Республикалық бюджеттен екі жыл қатарынан 300 млн теңгеден бөлін­ді. Бұл – жалпы білім беруге бөлінген қаржыдан бөлек ақша. Соның арқасында ондағы оқу ордаларын толықтай қажетті жабдықтармен қам­тамасыз еттік. Бізді алаңдат­қаны – ондағы коммуналдық төлемдердің жай-күйі. Оларда өте қымбат. Өткен екі жылда бюджетке кәдімгідей салмақ түсті. 6 айдың ішінде жылу шығынына 280 млн теңге­ шығындандық. Тариф алты ай сайын өсіп отырады. Сөйтіп, 6 мектепке модульдік қазандықтарды қоюды ұйғардық. Бұған 170 млн теңге қар­жы жұмсадық. Сенесіз бе, былтыр  жылуға 280 млн теңге­ жұмсағанбыз, биыл – 41 млн теңге. Есептеңізші? Бір сөз­бен айтқанда, Байқоңырдағы білім ошақтарының мате­риалдық-техникалық жабдықталуы  жоғары  деңгейде.

 

– Биыл Қармақшы ауда­нының  90  жылдық  мерейтойы келе жатыр. Алдағы күндері аудан тұрғындарын немен қуан­та­  аласыздар?

– Бұйырса, құс фабрикасының  құрылыс  жұмыстарын жыл аяғына дейін бітірсек дейміз. Сондай-ақ, күзде «Мөлтек» шағын ауданына газды бастап кіргізсек деп жоспарлап отырмыз. Мерейтой аясында мәдени іс-шаралардан бөлек, көптен бері айтылып жүрген балалар лагері­нің құрылысын күзде тамамдасақ, аудандық музыка мектебін жаңа ғимаратқа көшіру де ойда бар.

 

– Киелі  Қармақшы  өңірінде Қорқыт ата мемориалдық кешен­і бар. Ауданда туристік саланы жетілдіру үшін қандай жұмыстар  атқарылуда?

– Өткен жылдың өзінде кешенге алыс-жақын шетелден 13 мыңнан аса турист келді. Оған елімізде өткен “EXPO 2017” халықаралық көрмесі әсер етті. Былтыр «Сыр туризмі» деген агенттік өздерінің туристік маршруттарына қосты. Байқоңырға барған­дар мін­детті түрде Қорқыт баба­мыздың басына келед­і. Ресейлік тур агенттіктері былтыр 16 маршрут бо­йынша конкурс өткізіп, оның 8-ін қазақстандық тур агент­тіктер жеңіп алған еді. Олар да өз маршруттарына Қорқыт ата мемориалдық  кешенін қос­ты. Қазір онда дербес меке­ме құрылды. Оның үстіне кешен «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» тас­жолының бойында орналас­қан. Бабамыздың рухына кез келген ұлттың өкілі келіп, тағзым­ етіп кетеді. Тіпті, ресей­ліктер «дядя Коркыт» деп бас иіп жатады. Ал Елбасы  да осында ат басын бұрып, кешеннің жұмысымен та­нысып  кетті.

 

– Елбасы  келді дедіңіз ғой... Жалпы, Қызылорда облы­сына табаны тиген лауазым­ды тұлғала­р Қорқыт ата кешеніне тоқтап, тәу етіп кететінін біле­міз. Жиі қонақ  күтуден  шаршаған   жоқсыздар ма?

– Өзге аудандағы әріптестерім «Бізді қойшы, сені аяймыз» дейтін. Айына екі-үш мәрте мейман келеді. (күліп) Қонақ күтуден шаршамаймыз. Бұған үйрендік. Қармақшыда кім болған жоқ? Елбасы­ келді, Үкімет басшылары келді, түрлі саладағы басшылар келді. Осының барлығы елдің тілеуіне оң болатын шығар. Ауданымызға жақсы адамдардың табаны тигені дұрыс ғой. Жоқ дегенде әр­қайсысынан бір із қалады. Жалпы, қармақшылықтардың пейілі кең. Пейілі кең халықты­ң болашағы жарық болады деп ойлаймын.

– Әңгімеңізге  рақмет!

Сұхбаттасқан

Қозы  Көрпеш   ЖАСАРАЛҰЛЫ

 

Пікір қалдыру


Қорғаныш коды
Жаңарту

Күнтізбе

< Мамыр 2018 >
  1 2 4 5 6
7 8 9 10 11 12 13
14 15 16 17 18 19 20
21 22 23 24 25 26 27
28 29 30 31      

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары