Өзекті мәселелер

  • 24.05.18

    «Ауру – астан». Алайда біздегі білім ордаларындағы асханалардың жай-күйі біраз жайттың бетін ашып бергендей. 18 мамырда Жаңақорған ауданы, Келінтөбе ауылдық округіндегі №192 орта мектептің асханасынан тамақтанған 25 оқушы уланып қалды. 21 балаға алғашқы медициналық жәрдем көрсетілсе, 4-еуі аудандық ауруханаға жеткізілген. Ақ халаттылардың айтуынша, эпидемиологиялық ...

    Толығырақ...
  • 24.05.18

    Сыбайлас жемқорлық – қоғамның жегі құрты. Онымен күрес барлық уақытта да маңыздылығын жолғалтпаған. Соңғы кезде қанатының кең жайылып кетуінен қауіптенген еліміз оның тамырына балта шабу үшін жаңа стратегиялар қабылдап, үзіліссіз күрес жүргізіп келеді­. Тіпті 2017 жылы Елбасына  «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы Ұлттық баяндамасы» ұсынылған болатын. Онда әлеуметтік зерттеу қорытындыла...

    Толығырақ...
  • 24.05.18

    Қашанда таланттыларды  тасада  қалдырмаған  қазақ  тағы бір өнерлі ұлын ұлықта­ды. Сыр елі ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, әнші, композитор Батырхан Шөкеновті еске алуға арналған ау­қымды шара ұйым­дастырды.

    Бұл жолғы сән-салтанат пен халық құрметі айрықша есте қалды. Себебі кейбір сарсаңға са­латын «көпсөзді» жиынға  барудан шаршаған жұртшылық  көңілді кон­церт­ке  келіп, рухани демалыс ...

    Толығырақ...
  • 24.05.18

    Жоғарыда аталған тақырыпқа орай жастар арасында­ сауалнама жүргіздік. Бірі былай тартады, енді біреуі былай тартады. Пікірлер сан алуан. Расымен, сөз байласып жүрген жастардан бұрын, біраз жыл бірге тұрып, ажырасып кететін отбасылар да аз емес. Сенімге селкеу, сыйластыққа сызат түсіп, сүйгеніне берген сертін бұзатын білектілер мен бұрымдылар баршылық. Қос ға...

    Толығырақ...
  • 24.05.18

    КІСІНЕГЕН   КІСІ

    Сықақшы

    Ғаббас  ҚАБЫШҰЛЫНА

    Толығырақ...
Қос қаланың сабақтастығы
05.05.2018 10:55

Осыдан 24 жыл бұрын Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев жаңа Елорданы салу жөніндегі идеясын айтқан еді. Осыдан кейін астананы Алматыдан Ақмолаға ауыстыру жөніндегі қаулы қабылданады. Бұл сол уақытта Еділден айырылған халықтың Есілден де айырылу қаупі туғанда қабылданған шешім болатын. Бұл туралы Елбасы Жоғары Кеңесте «Бұл мен үшін емес, бұл ел үшін керек, елдің ертеңі үшін керек, мұның мәнін қазір адамдар толық ұқпас, бірақ болашақ ұрпақ ұғатын болады» деп көрегенді ойын жария еткен еді. Осылайша 1997 жылдың 10 желтоқсанында ресми көшіру болса, 1998 жылдың 6 мамырында Президент Жарлығымен Ақорданың атауы Астана болып өзгертіледі. ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде де Сыр бойында дәл осындай ұлт үшін  ұтымды  маңызды қадам жасалды. Ол Ақмешіттің атауын Қызылорда етіп өзгерту және жаңа республиканың астанасы деп жариялау болатын. Осы екі қаланың сабақтастығы аясында жыл басында Қызылорда облысы әкімінің өкімімен «Астана қаласының 20 жылдық, Қызылорда қаласының 200 жылдық мерейтойын ұйымдастыру және өткізу» жөнінде жұмысшы тобы құрылып, арнайы іс-шара жоспары бекітілді. Содан бері жоспарға сәйкес өңірімізде мазмұнды шаралар атқарылып келеді. Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың Студенттер сарайында «Астана – болашақтың бағдары, Қызылорда – екі ғасыр куәсі» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция да осы іс-шара аясында өтті. Тәуелсіздігіміздің символы Астана және Сыр өңірінің бас қаласы Қызылорда қалаларының мерейтойына арналған алқалы жиынға облыс әкімі Қ.Көшербаев, Сенат депутаты М.Бақтиярұлы, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры Зиябек Ермұханұлы, Қазақ Ұлттық аграрлық университеті жанындағы «Рухани жаңғыру» орталығының директоры Хангелді Махмұтұлы және тағы да басқа зиялы қауым өкілдері қатысып, тақырып төңірегіндегі ғылыми тұжырымдарын айтты.

ХХ ғасырда әлемдегі мемлекеттер арасында Германия мен Бразилия өз астаналарын ауыстыру туралы шешім қабылдаса, жаңа ХХІ ғасырда тек тәуелсіз Қазақстан осындай батыл қадамға бел буды. Қазақстанның ұлан-байтақ жерінің қасиетті орталығында мемлекетіміздің жаңа стандартының бой көтеруі – Елбасымыздың қазақ халқына жасаған батыл шешімдерінің бірі. Сондықтан Елорда Елбасы ерлігі деп айтуға толық негіз бар. Астана еліміздің барлық өңірлері үшін жаңғырудың заманауи үлгісін көрсетті. Тәуелсіз Қазақстанның Елордасы Астана мен ұлтымыздың тарихындағы бірнеше астаналардың мекені болған Сыр өңірінің арасында рухани сабақтастық, табиғи үндестіктің болуы, әрине,  заңдылық. Мемлекет басшысының «Сыр – Алаштың анасы» деген даналық сөзі Сыр елінің Алаштың анасы да, панасы да болғанын дәлелдеді. Міне, биыл «Дарияның жағасында жорғалаған, Айналған Сыр елімен мақтанамын» деп ақындар жырлаған Сыр өңірінің бас шаһары Қызылорда қаласына 2 ғасыр толып отыр. Бұл аз да, көп те уақыт емес. Екі ғасыр мерзім ішінде Қызылорда талай белестерді бағындырған асуларды алды. Сыр елінің бас қаласының стратегиялық саяси маңызы оның Ұлы Жібек жолындағы пункті болуымен де ерекшеленеді. Ақмешіттің айналасында, жалпы Сыр өңірінде бірнеше тайпалық одақтар мен қағанаттар, хандық пен алып империялар болған. Бұған Шірік Рабат, Жәңгер, Сырмат қалалары дәлел, ал кеңес үкіметі орнаған соң 1925-29 жылдары Қызылордаға астана мәртебесі берілгені белгілі,- деді облыс әкімі Қ.Елеуұлы.

Рас. Қызылорда астана мәртебесін алғаннан кейін мұнда еліміздің алғашқы баспа институттары, басқа да ресми құрылымдар қалыптасып, нығайған. Алғашқы өнер, білім ордалары да іргесін қалап, әсем үйлер де бой көтерді. Тіпті, ұлт зиялыларының баршасы осы қалада шоғырланды. Көрнекті қоғам және мемлекет қайраткерілері, өнер жұлдыздары, әдебиет майталмандары қоныс тепкен. Осы орайда Қ.Елеулы: «Мына өскелең ұрпақ осыны мақтан тұтып айтуы керек. Қызылорданың көшелерінде С.Сейфуллин де, С.Қожықов та бәрі осы жерде жүрген. Қазақтың жоғын жоқтаған»,- деп жастарға қарап, өз ақылын айтты.

Ал Сенат депутаты М.Бақтиярұлы Қызылорда қаласының екі ғасырлық тарихының көп жылында Қазақстанның астанасы мәртебесімен өткізгендігін және бүгінгі Астананың маңыздылығын тілге тиек етті.

Кейде асау мінезімен арқырай, кейде сабырсыз күйімен сарқырай ағып, кейде сол бір момақан қалпына түсе қалатын қасиетті Сырдарияның суындай сырғыған уақыт тезі мен сынының қилы-қилы кезеңдерінде аты мен атауы өзгеріп тұрғанымен, заты өзгермеген бір көне ескерткіш бар. Ол – осы отырған сіз бен біздің Қызылордамыз, сіз бен біздің алтын ордамыз, тал бесігіміз. Аңызға толы Сырдың жыры да, сыры да тарихқа айналған кезеңдердің екі ғасырлық куәсі – осы Қызылорда. ХІХ ғасырдың 18-інші жылы Қоқан хандығы кезеңінде қорған ретінде іргетасы қаланған әуелгі Ақмешіт – бұл. «Қоқандықтарды қоқандатып қоя алмаймыз» деген желеумен Орынбор генерал губернаторы Перовскийдің орыс әскерімен басып кіріп, 1855 жылдан бастап Перовск атанған қала – бұл. Несін айтасыз, әйтеуір Ақмешіт аталсын, Перовск аталсын, сіз бен біздің Қызылордамызға өткен ғасырдың 25-29-жылдары кеңестік Қазақстанның астанасы болу жазған еді. Сол 1925 жылдан бері Қызылорда аталып келе жатқан қаламыздың қазіргі көне үйлері мен ескі көшелерінде халқымыздың алып тұлғалары мен Алаш қайраткерлерінің рухы бар, ғалымдардың ізі сайрап жатыр. Бәлкім ұлылардан қалған сол рух пен даналар мен қайраткерлердің сол кездегі ізі бізді әрдайым қолдап, желеп-жебеп, небір кезеңдерде салқын соққан саясаттың ырқына шалдырмай келе жатқан болар,- деді М.Бақтиярұлы.

Сондай-ақ конференция барысында Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры Зиябек Ермұханұлы «Астана – еларалық ынтымақтың кепілі» атты баяндамасын оқыды. Ол баяндамасында 2018 жылы баршамыздың ортақ мақтанышымыз Елорданың 20 жылдық мерейтойын абыроймен өткізу керектігін айта келе, бүгінгі конференцияның неліктен Сыр өңірінде өткізіліп отырғандығына тоқталды.

Біріншіден, осы өңірде кезінде Оғыздардың астанасы болған. Оны ұмытпағанымыз жөн. Екіншіден, қазақ хандары, оның алдындағы мемлекеттердің ордалары осы жерде тігілген. Үшіншіден, кеңестік кезде Қазақ Республикасының астанасы болды. Төртіншіден, осы өңірде бүкіл қазақ елі, Ресей империясы мойындаған хандар өмір сүріп, жергілікті тәртіпті сақтады. Мысалы, Ырымғазы хан. Бесіншіден, үш жүздің азаматтары, тайпалар мен рулардың басқосатын жері,- деді З.Қабылдинов.

Айта кетейік, конференция барысында өңіріміздегі «Рухани жаңғыру» орталығы туралы да сөз етілді. Әсіресе, облыс әкімінің Елбасы бастамасын жай қалдырмай, үлкен «Рухани жаңғыру» орталығын салып, оған 16 маманды жұмылдырғаны бірде-бір облыста жоқ дүние екендігі айтылды. Сонымен қатар қос шаһардың сабақтастығы туралы арнайы дайындалған бейнеролик көрсетіліп, өзге де зиялы қауым өкілдері баяндамаларын оқыды.

Ж.ЖҮНІСОВА

 

Пікір қалдыру


Қорғаныш коды
Жаңарту

Күнтізбе

< Мамыр 2018 >
  1 2 3 4 6
7 8 9 10 11 12 13
14 15 16 17 18 19 20
21 22 23 24 25 26 27
28 29 30 31      

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары