Оқырманнан хат
Келіп кету есептегіші








![]() | Бүгін | 204 |
![]() | Кеше | 2006 |
![]() | Осы аптада | 10993 |
![]() | Өткен аптада | 14901 |
![]() | Осы айда | 31181 |
![]() | Өткен айда | 52979 |
![]() | Бәрі | 3568201 |
КӨШЕРБАЕВ ҚАЗАЛЫНЫ КӨРІКТІ ЕТЕДІ |
10.05.2018 11:58 |
“ҚЫРУАР АҚШАНЫҢ СҰРАУЫ БАР!”
Қазір кез келген саладан өсімді байқауға болады. Әрине, барлығында сандар артып жатыр деу қате шығар. Десе де, жыл өткен сайын аймақтағы халықтың саны өсіп келе жатқандығы белгілі жайт. Ал, оларға жағдай жасау кезек күттірмейтін мәселе болып отыр. Естеріңізде болса, ағымдағы жылдың қаңтар және ақпан айларында облыс орталығында Әйтеке би кенті және Қазалы қаласын дамыту мәселелері бойынша бірнеше мәжіліс өткізілген болатын. Дәл осы мақсатта қала мен кенттің аралығындағы 441 гектар аумақты қосу жұмыстары бүгінде басталып кетті. Ең алғаш мінберге Қазалы ауданының әкімі Мұрат Ергешбаев көтерілді. Ол аудандағы атқарылған жұмыстар мен бұған дейінгі өткізілген мәжіліс отырыстарындағы берілген тапсырмалардың орындалуы туралы сөз сөйледі. Сондай-ақ, алдағы уақытта бой көтеретін Әйтеке би ескерткішінің жобасын таныстырып, Өзбекстан Республикасы, Науаи облысы, Нұрата елді мекеніне барған делегацияның елге Әйтеке би бейітінен топырақ әкелгенін жеткізді. - Әйтеке би кентінің аумағынан “Жасыл белдеу” ұйымдастыруға 13,3 гектар жер телімі белгіленген болатын. “Батыс Еуропа-Батыс Қытай” автожолының бойынан 7 гектарға, Әйтеке би кентінің бас қақпасынан теміржол өткеліне дейінгі аралықтағы 2,6 гектарға арық қазу, қоршау шартақтарын орналастыру жұмыстары атқарылды. Бүгінгі күні 2 белдеуге барлығы 26 мың сыр талы, 10 мың қаламша, 5 мың қара ағаш отырғызылды, - деді М.Нәлқожаұлы. Әйтеке би кентінің 55 көшесін орташа жөндеуге құны 2,7 млрд теңгені құрайтын жоба-сметалық құжаттары әзірленсе, өткен жылы кенттегі құны 1 млрд теңге болатын 18 пәтерлі 6 тұрғын үйдің құрылысы басталған еді. Тұрғын үйлер жыл аяғына дейін пайдалануға берілмек. Сондай-ақ, “Шағала” балалар тынығу лагерінің құрылысын салуға “Қазақстан МЖӘ орталығы” АҚ-мен келісімге отырып, инвесторлар іздестірілуде. Ал, аталған аумақтарды қосу мақсатында әзірленіп жатқан құрылыс нысандарының жобалары да естігенде жағымды. Олардың қатарында 250 орындық аудандық аурухана, 12 екіқабатты тұрғын үйлер, ұлттық қауіпсіздік комитеті аудандық бөлімінің кеңсе ғимараты, аудандық орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесі секілді бірқатар әлеуметтік нысандар бар. - Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласының аралығын қосу мақсатындағы жұмыстар басталып кетті. Қазіргі таңда ол жерлердің инфрақұрылымын жақсарту үстіндеміз. Аудан орталығынан 180 және 210 гектар жер телімдеріне жол салу, электрмен жабдықтау, ауызсумен қамту, газ жүргізу жұмыстары жүруде. Аталған аумақтан рәміздер алаңы мен демалыс паркін салу үшін 8,2 гектар жер телімі белгіленіп, эскиздік жобасы әзірленді, - деді аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Бақытжан Тиыштықов. Сонымен Қазалыда жақын күндері үш тұрғын аудан бой көтермек. Жаңа аумақтан кәсіпкерлік мақсатта жер телімдерін алуға ниет білдіріп отырған азаматтар да жоқ емес секілді. Бұған байланысты жабық базар салу үшін ескі аэропорт аумағынан 2 гектар жер телімі белгіленді. Аудан әкімі шешімін күтіп тұрған бірнеше мәселелердің барын да атап өтті. Ол Қазалы ауданындағы 49 көшені газдандыру, “Ақкиіз” және “№165” каналдарын тазарту, көшелерді жөндеу, т.б. Өз кезегінде облыс әкімі басқарма басшыларына құрылыс жұмыстарын қаржыландыру және мәселелердің тез шешімін табуы үшін бірігіп жұмыс істеулерін тапсырса, аудан әкіміне атқарылған жұмыстарды тұрақты түрде бақылауда ұстап, сапасына көңіл бөлуді жүктеді. Аймақ басшысы қазалылық шенеуніктерге “қыруар ақшаның сұрауы бар екендігін” естеріне салғанын да айта кетейік.
“БАРЛЫҚ МҮМКІНДІКТЕР БАР, ТЕК ТАЛПЫНЫС ҚАЖЕТ” Сыр өңірінде жастарды қолдау және әлеуметтік қамтамасыз етуге республика бойынша ең көп қаражат бөлінеді екен. Иә, біздің облыс қаржыға келгенде сараң емес. Басқа-басқа дәл осы жастар мәселесі және білім, денсаулық салалары мол қаржы құюға тұрарлық секілді. Әншейінде “ертеңіміз – жастар, болашақ – осылардың қолында” дейміз. Ал, көзі ашық, көкірегі ояу адамдар қай заманда болмасын, өз биігінен аласарған емес. Ең бірінші байлықтың денсаулық екенін ұғынсақ, сауатты ұрпақпен қатар, саламатты жандар да керек екені белгілі емес пе? Міне, осы үш салаға жанашырлығымыз, қолдауымыз әлі күнге дейін азайған емес, қайта артпаса. “Аймақ тұрғындарының айтарлықтай бөлігін жастар құрағандықтан жастар саясаты мәселелері аса маңызды”. Бұл – облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың Қазалы ауданында өткен жастар саясаты мәселелері жөніндегі көшпелі кеңес отырысындағы айтқан сөзі. Жиын басында аймақ басшысы жастарды қолдау мәселелері аса маңызды әрі шұғыл шешімді қажет ететіндігін атап өтті. - Өздеріңіз білетіндей, облыс халқының айтарлықтай бөлігі жастарға тиесілі. Тұрғындардың жалпы санының 24 пайызын жастар құраса, олардың 42 пайызы қалада, 58 пайызы ауылда тұрады. Біз оларға сапалы білім мен сұранысқа ие мамандық ұсынып, жұмысқа орналасуға көмектесуіміз керек. Сондықтан жастар саясатын қаржыландыру – жұмыстағы басымдықтардың бірі. Қызылорда облысы республика бойынша жастарды қолдауға ең көп қаражат бөліп келеді. Қазірдің өзінде аймақта біраз мәселе шешілді, дегенмен, атқарылмағаны да аз емес, - деді облыс әкімі. Өз кезегінде Қазалы ауданының әкімі Мұрат Ергешбаев өскелең ұрпақты қолдау бойынша орындалған жұмыс туралы баяндады. Жалпы, аудан халқының 26 пайызын жастар құрайды. Мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру мақсатында биыл жергілікті бюджеттен 12,4 млн теңге бөлінген. “Дипломмен ауылға” бағдарламасы бойынша биыл 50 маманға тұрғын үй сатып алуға және салуға 182 млн теңге, 70 маманға біржолғы көтерме жәрдемақы түріндегі әлеуметтік көмекке 12 млн теңге қаралыпты. Аудандық жеке кәсіпкерлік субъектілердің 12 пайызы – жастар. 113 қазалылық жас “Бизнес Бастау” жобасы бойынша оқудан өтсе, тағы да 56-сы “Бизнес-Кеңесші” курстарын бітірген, ал 3 кәсіпкер өз ісін бастауға қайтарымсыз грант алған. Жергілікті жастардың ұсынысы бойынша аудан орталығында көше кинотеатры салынып, жастар көп шоғырланатын орындарда тегін Wi-Fi желісі орнатылатын болады. Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Еркебұлан Меңлібаев “Жастар саясатын дамыту бойынша 2021 жылға дейінгі жол картасын” жүзеге асыру барысы туралы баяндады. “Жол картасы” денсаулық сақтаудан бастап үкіметтік емес ұйымдармен әріптестікке дейін барлық салалар бойынша жастармен жұмыс істеудің 10 бағытын қамтиды. Мәселен, жаппай кәсіпкерлікті дамыту мен нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасы бойынша жастарды оқыту мақсатында 1515 грант, мемлекеттік тапсырыс бойынша 3088 грант бөлінді. - Бұған қосымша “Серпін-2050” жобасы бойынша бөлінетін гранттарды қосатын болсақ, 100 пайыз оқумен қамтуға толық мүмкіндігіміз бар. Биылғы жылы Ресей Федерациясының жетекші жоғары оқу орындарын бітіретін 76 түлекті жұмысқа орналастыру бойынша тапсырмаңызды орындауды ойластырдық. Қазіргі таңда түлектердің 31-і магистратураға тапсыруды көздеп отыр, ал 45-ін жергілікті әртүрлі меншіктегі кәсіпорындарға жұмысқа орналастыру жоспарлануда, - деді Еркебұлан Меңлібаев облыс әкіміне қарап. Жастардың еңбек нарығына қажетті мамандықтарды таңдауы үшін тиісті шаралар қабылданып жатқанға ұқсайды. Бүгінде басқарма оқушыларға кәсіби бағыт-бағдар беруді қолға алған. Себебі, Қызылорда қаласының 8-11 сынып оқушылары арасында жүргізілген сауалнама қорытындысы бойынша “болашақта қандай мамандық иесі болғыңыз келеді?” деген сауалға 12,4 пайыз қатысушылар әлі күнге дейін мамандықтарын таңдамағандықтарын жеткізген. Мамандығын ерте бажайлаған кейбір мамандар да жұмыссыз жүр. Оқу орнын үздік бітірген маманның еш сұранысқа ие емес екендігі қынжылтатыны рас. Мұны аймақ басшысы да ескертті. Кеңес отырысын қорытындылай келе, облыс әкімі мемлекеттік орган басшыларына жастарды қолдау шараларын жалғастыру жөнінде біршама тапсырмалар берді. Жастармен әңгімеде Қырымбек Елеуұлы қатты айтар жерінде қатты айтып, арагідік еркін форматқа да иек артты. Табаны құмға, маңдайы күнге күйген ауыл және асфальтта өскен қала жастарын бөле жармай, барлығына теңдей қолдау білдіру керектігін жеткізді. Басшы ретінде ғана емес, ел ағасы ретіндегі ағалық ақылын да аямады. “Әркім өз тағдырына өзі ие болуы керек!”, “Өкімет өлтірмейдінің уақыты өтті”, “Әлеуметтік салаға әділеттілік керек”, “Масылдық көзқарастан арылайық”, т.б. секілді мән-мағынасы, астары бар сөздердің айтылуын солайша ұғындық. Рас, Көшербаевша айтсақ, бүгінде жастарға барлық мүмкіндіктер бар, тек талпыныс қажет. Айтпақшы, жастар жиналысында жасы 29-дан асқандардың қатары көп болды. Соңғы қатарларды ғана толтырғандардың отырыстан не түйгені, қаншалықты түйгені белгісіз? Бір әттеген-ай дегеніміз жастар саясаты мәселелері жөніндегі көшпелі кеңес отырысындағы жастардың белсенділігі төмен болды. Солтүстік пен оңтүстік аудандарды түгел қамтыған жастар ұйымдарының ел сенген белсенділері ұсыныс білдіруден, пікір айтудан, сұрақ қоюдан қорыққан секілді. Мүмкін олай емес шығар, әйтсе де пікір алмасудың болғаны дұрыс деп топшылаған едік. Оқушы кезімізде мұғалім сабақ түсіндіргеннен соң сұрақ қоймасақ, “дым түсінбегенсіңдер не барлығы түсінікті болды ғой деймін” дейтін. Мүмкін, мұнда да солай болған шығар. Алғашқыда мен барлығымыз түсіндік деп ойлайтынмын. Бірақ, келесі сабақта болмашы сұраққа жауап бере алмай, жан-жағына алақ-жұлақ еткен сыныптастарымды да көретінмін. Кім білсін!?
Рыскелді ЖАХМАН |