Өзекті мәселелер

  • 09.08.18

    Ел іші ешқашан даусыз болмаған. Бұрында да ренжісіп, жер, жесір дауы үшін бір-бірімен араздасқан адамдар өмір сүрген. Әсіресе, жайылымдық жер үшін таласып, бірінің малын екіншісі қуып шыққан сәттер әдебиеттерден белгілі. Алайда ол кезде қазіргідей сот билігі болмаса да, ата-бабаларымыз шыңыраулы түрмесіз-ақ сол дауды бейбіт жолмен шешіп, екі тарапты бір ауыз сөзбен татуластыра білг...

    Толығырақ...
  • 09.08.18

    Біздің «Алдымен экономика, cодан  соң  саясат» деген­ айқын  формуламен ілгерілеп келе жатқанымызды мемлекет басшысы ай­қындап берген. Саяси реформалардың әрбір кезеңі эко­номика дамуы­ның  шекті  деңгейімен ұштасады. Сондықтан да біз саяси ырықтандыру жолын дәйекті ұстанудамыз. Осылайша халықтың рухани қазынасын жаңғыртып, оны бәсекеге қабілетті етуге қол жеткіземіз. Ал білі­мі мен білігі сай ...

    Толығырақ...
  • 09.08.18

    Бас шаһардың әр бұры­лысында жер қазылып жат­қандығын байқаған шығарсыз. Шыны керек, облыс ортал­ығында жыл сайын осындай шаруалар шығады да тұрады. Бұған наразы тұр­ғындар жергілікті билікті сынап­ әлек. Бұл мәселенің мәнісі былай екен. Оны қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаевпен бірге бірқатар құрылыс нысандарын  аралау  барысында біліп  қайттық.

    ...
    Толығырақ...
  • 09.08.18

    Өткен жұмада республикалық Қоғамдық кеңес төрағасы, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Бақытжан Жұмағұлов пен «Нұр Отан» партиясының хатшысы Фархад Қуанғанов бас­таған делегация Сыр өңіріне жұмыс сапары­мен келді. Олар бірқатар ны­сан­дарды аралап, мемлекет басшысының 5 әлеуметтік бастамасының жүзеге асыры­лу  барысымен  танысты.

    ...
    Толығырақ...
  • 09.08.18

    Н.НӘЛІБАЕВ,  қала  әкімі:

    Қала әкімдігінің мәжіліс залында өткен кезекті жиында екі мәселе қаралды. Әуел­гісі Қызылорда қаласының жылу маусымына дайындығы туралы болса, екіншісі кент және ауылдық округтердегі 4-деңгейлі бюджеттің орындалу  барысына  арналды. Қала әкімі Н.Нәлібаев аппарат мәжілісіне арқау болған тақырыптарды айт...

    Толығырақ...
ОРАЗА ТҰТУ – РУХАНИ ТАЗАРУ
10.05.2018 12:36

Оразаң   қабыл  болсын, ұстаған   жан!

Бірде әкесі мен баласы өнегелі әңгіме айтып отырады. Тағылымды тәрбие бұлағымен баласын сусындатып отырған әкесі:

- Балам, мені кәрілік жеңді. Саған бір ақыл айтайын. Әрқашан  5 атың мен 30 атыңа берік бол. Осы екі нәрсені ұмытпа! Есіңнен шығарма! Бұл екеуі адам баласын жақсылыққа жетелейді, иманды да бақытты адам етеді. Адамгершілікке бастайтын  тура  жол – осы, - дейді. Сонда баласы:

- Әке, мен бұл айтқан сөзіңізді ешқашан есімнен шығармаймын, - деп әңгіменің түп-төркінін айтқызбай ұғады.

Адам баласы тамырын тереңге жай­ған бәйтерек секілді. Тереңнен нәр алып тұрған тамыры тараған топырағы қандай құнарлы болса, соншалықты табиғаттың көркін ашады, баптауы қаншалықты бабында болса, соншалықты жайқала түсе­ді. Адам баласы да ұяда адами құндылы­ғы мол тәрбие тінін көрсе, оның тұла бо­йында да имандылық іздері жаңғырып, адамдықтың иісі аң­қып тұратыны хақ. Әлгі әке мен бала әңгімесі барысында айтылып отырған   5 атты дегеніміз –  5 уақыт намаз, 30 ат­ты дегеніміз – 30 күн ораза. Түптеп келгенде, әкесі баласына ғибратты үлгі көрсе­тіп, танымды тәрбие сіңіргені қуантады. Ұлы Жаратушы Алла тағаланың күллі мұ­сылманға парыз қылған 5 уақыт намаз бен 30 күн оразасын бе­рік ұстансақ, адамгершілік қалпынан шығып кету әсте мүмкін емес. Бұл әң­гіме тек бір ғана нәр­сені емес, ата-ана мен бала арасындағы сыйластық, отбасындағы ізгі құрмет, ұлы тағылым, әкені құр­меттеу, үлкенді үлгі тұту, имандылық иірімдерінің өрне­гін, Алла тағала алдындағы парызды өтеу, мұсылмандық міндеттен жалтармау, Алланың құлы мәртебесін сезіну, дініне берік адамның адамгершілігі мол, иманжүзді болатынын ұқтырып тұрғандай. Ал бұл ізгі  амалдардың барлығы да – күллі мұсылман қауымның міндеті. Әр пенденің жүрек түкпіріндегі рухани қазына қоржынын сарқылмас іліммен, тәрбиемен толықтырып отыру – имандылықтың негізін қалайтын игі тәсіл. Мәселен, Ибн Омардың (р.а.) риуаят етуінше, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай деген: «Ислам діні мына бес нәрсеге негізделген: Алладан басқа тәңірдің жоқтығына, Мұхаммедтің Құдайдың құлы әрі елшісі екеніне куәлік ету; намаз оқу; зекет беру; қажылыққа бару және Рамазан айын­да ораза ұстау» (Бұхари, Иман 1; Мүслим, Иман 19) делінген. Демек, біз Алла тағаланың көк­тен демеп тұрған сәтінде айлардың сұлтаны саналатын қасиетті Рамазан айындағы мәртебелі парызымызды өтеуге және Аллаға құлшылық етуге­ асығуымыз керек. Және де бұл ораза тұту дегеніміз – астан тыйылу деген мағына емес, керіс­інше, имандылықты нығайту, көркем мінезділікті қалыптастыру, сабырлылыққа жол ашу, жаман әдеттерден тыйылу, көз көрген, құлақ есті­ген күнәлардан арылу, бір сөз­бен айтқанда, рухани тазару және барша мұсылман қауымды тәнті еткен Алланы мадақтау, құрметтеу дегенді білді­ре­ді. Бұл туралы да Әбу Хұрайраның (р.а.) риуаят етуінше, Алла елшісі (с.ғ.с.): «Кімде-кім ауыз бекіте тұра, өтірік айтуын қоймаса, әрі алаяқтық істеуін доғармаса, оның ішіп-жеуден ғана тыйылғаны Алла тағалаға қажет емес», - (Бұхари, Саум 8) деген. Керісінше, имани сауатын арттырып, сабырлылықты жанына серік етіп, айналасына­ үнемі жақсылық жасап, игі амалдарға асық болғандар жайлы­ Әбу Хұрайраның (р.а.) риуаят етуінше, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай деген: «Кім­де-кім Рамазан айында шынайы сеніммен сауапты бір Алладан ғана күтіп, ораза ұстаса, бұрын-соңды жасаған күнә­лары түгелдей кешіріледі» (Бұ­хари, Саум 6; Мүслим, Сиям 203).

Сәті түскенде бір оқырман Батыс жазушысы Бернард Шоу­дан: «Сіздің ойыңызша, дүниедегі ең таңданарлық оқи­ға қайсы?» деп сұрағанда ол: «Жер бетінде бітіспес ұрыстар мен соғыстар, пікір таластар болып жатса да, 1400 жылдан бері Алла елшісі Мұхаммед пайғамбардың хадистерінің сол күйінде өзгермей қалуы мені қатты таңғалдырды» деген екен. Демек, мәдениет мәйегі саналатын Ислам діні мен оның қадір-қасиетін бүкіл дүниежүзі мойындағаны – оған ешқандай насихаттың, жарнаманың да қажет еместі­гінің көрінісі. Мұндай ибалылық салтанат құрған елде адамдардың көңіл таразысы да, көз айнасы мен жүрек тазалығы да саф болады. Дегенмен, соңғы кездері әлеуметтік желі қолданушылары арасында «Егер де кімде-кім Оразаның уақытын бірінші болып хабарласа, тозақ отынан сақтанғаны, оған тозақ оты харам етіледі» деген мәтін­дегі хабарламаны жиі бөлісіп жүр. Дінтанушы Тұрар Әбуовтың айтуынша, «Оразаның келуі­мен хабарлаған адам тозақтан аман қалады» немесе «тозақ оты оған харам болады» деген хадис жоқ. Осы тектес көп нәрсеге уәде беретін хабарламалар ойдан шығарылған. Хадис – діннің Құраннан кейінгі қайнар бұлағы. Жалған хадистер көбейсе, діннің ақиқаттығына көлеңке түсіп, тазалығын кір шалады. Сол себептен әлдекімдерден тараған хабарламалардың дұрыс-бұ­рыс­тығына аса мән берген жөн. Керісінше, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сахих бір хадисінде «Кімде-кім менің атымнан жал­ған сөйлейтін болса, тозақтағы орнына дайындала бер­сін» деп қатаң ескерткен. Әлеу­меттік желі арқылы келген ақпаратты тарату арқылы жұ­маққа барамын деп сену – иман әлсіздігін көрсету. Ал иман – адамның жүрегіндегі тозбайтын байлық. Оны ақылмен бас­қара білу «дін – ұстай алған­ға қасиет, ұстай алмағанға қасі­рет» дегенді ұқтырады.

Рамазан айындағы басты сауапты істердің бірі – қасиет­ті ай ішінде жетімдерге, жесірлерге, тұрмысы төмен отбасылары мен мұқтаж жандарға қол ұшын созу, садақа беру – ұлы іс. Өйткені хадистерде апатқа апаратын 7 түрлі күнәдан аулақ болуды ескертеді. Олар: Құдайдың құдіретіне шек келтіру; алдап-арбаумен шұғылдану; біреуді нақақ өлтіру; пайда­күнемдік; жетімнің ақысын жеу; күйеуіне адал әйелді сөгу; Отан қорғау үшін болған соғыс­тан қашу. Ал мына үш түрлі нәрсеге иманың кәміл болу керек: садақа бергеннен ырысың ортаймайды; ақадал малың қолды болса, сабыр сақта; тіленшілікпен мал табуға кіріс­сең, Тәңірдің сыйы бейшаралық болмақ.

Бірде Хазірет Әбубәкір ыстық жаздың күні ораза ұстайды. Кешкісін ауызашарда дастарқанда бар болғаны бір тоста­ған су тұрған. Суық суды енді іше бергенде Әбубәкір (р.а.) әлдене еске түскендей еңкілдеп жылап жіберді. Өз-өзіне келгенде, қасындағылар одан неліктен жылағанын сұрады. Әбубәкір (р.а.) былай деп жауап­ берді:

- Бір күні Пайғамбарымызбен (с.ғ.с.) отырғанда, әлден уақытта қолымен бір нәрсені кері итергендей тосын қимыл көрсетті. Жақындамақшы бол­ған біреуді өзіне жақындат­қысы келмегендей әсер берді. Сәлден кейін мен:

– Уа, Алланың елшісі, әл­гінде қолыңызбен бір нәр­сені кері итеріп жаттыңыз? - деп әлгі қимылының мәнін білмек болдым. Сонда ол «Дүние қы­зылды-жасыл күйінде таяп келіп, өзін қабылдатқысы кел­ді. Мен оны қасымнан қудым. Ол «Ант етейін, сен менен қашып құтылсаң да, сенен ке­йінгілер менен құтыла алмайды, қайткенде де құрығыма ілі­неді деп кетті» деп түсіндірді.

Хазірет Әбубәкір осыны айты­п:

– Осы суық суды ішем деп мен де дүниеге құмартқан жоқпын ба?! - деп жыладым, - деген­ екен.

Демек, көздің құндылық қабатын қызылды-жасылды дүниенің шелі басса, онда адам адамгершілік ақиқаттан аттап, имандылық иірімдерінен алшақтай түседі деген сөз. Сондықтан бойға сіңірген имани құндылықтар мен көркем мінезді  өмір бойы сақтап қалу­ға тырысу керек.

Бұл туралы Хазреті Ибн Ата «Мінез жақсы болмағаннан кейін оқылған намаздың, тұ­тыл­ған оразаның көп болуының маңызы жоқ. Тіпті садақа және мүжахада, яғни нәпісті жеңуге  тырысу да оның жанында түк емес. Бұл жолда ілгеріле­гендер намаздарымен де, оразаларымен де ілгерілеген емес. Жоғары дәрежелерге садақамен де, мүжахадамен де қа­уышқан емес. Ілгерілеген адам тек жақсы мінезімен ғана ілгеріледі. Өйткені пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Қиямет күні маған ең жақын болатындарың – мінез-құлқы ең жақсы болғандарың» деп бұйырды.

Рамазан айы. Бір падишах уәзіріне мешітке барып, на­маз­ға келгендерді ауызашарға шақыруын бұйырады. Күн батып­, намаз оқылады. Намаздан кейін уәзір 5-10 кісі­лік бір топпен падишахтың алдына келед­і. Падишах таңғалып:

- Мен саған намазға келгеннің бәрін шақыр демеп пе едім? Үлкен жамағаттың арасынан бір дастарқанды да толтырмайтын аз ғана қонақпен келгенің не? - деп сөйлейді.

- Мәртебелім, сіз маған мешітке келгендерді емес, намаз­ға келгендерді ауызашарға шақыр дедіңіз. Намаздан шығып, мешіт кіреберісінде тұрдым да, шыққандардан имамның намаз оқытқан кезде қандай сүре оқығанын сұрадым. Сүрені тек осы кісілер ғана білді. Мешітке келгендер көп-ақ еді, бірақ намазға келген осылар ғана болды, - дейді.

Демек, Алла тағала парыз еткен намаз оқу – сәждеге маңдай тигізу ғана емес, Алланың ұлылығын мойындай отырып, өткенге салауат, бүгінге қанағат, ертеңге шүкірлік ету. Қу тірліктің қамытын мойынға тағып алып, қутыңдап, дүние көрсе көзі қараятын дүние­қоңызға айналу – имандылықты өшіреді, адам бойындағы рухани азықты азғындап, имансыздыққа тап қылады.

Бір жұмадан кейін қасиетті Рамазан айы басталады. Қазақстан мұсылмандары діни бас­қармасы бекіткен 2018 жылғы діни күндер күнтізбесіне сү­йенсек, биылғы Рамазан айы  16 мамырдан 14 маусымға сәй­кес келеді. Ал Қадір түні – мау­сымның 10-ынан 11-іне қараған түні. Ораза айт – 15 маусымда, Құрбан айт 21 тамызда басталады. Сондай-ақ, биылғы пітір садақа мөлшері ҚМДБ Төралқа мәжілісі мүшелерінің ортақ шешімімен 300 теңге болып­ бекітілді. Пітір садақасы Рамазан айының бірінші күнінен Ораза айт намазына дейін беріледі.

Ниеттеріңіз қабыл болсын, жамағат!

Н.ҚАЗИ

 

Пікір қалдыру


Қорғаныш коды
Жаңарту

Күнтізбе

< Мамыр 2018 >
  1 2 3 4 5 6
7 8 9 11 12 13
14 15 16 17 18 19 20
21 22 23 24 25 26 27
28 29 30 31      

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары