Өзекті мәселелер

  • 12.07.18

    Қазақтың ұлттық болмысындағы өзіне ғана тән қасиеттердің бірі – «аманат­» қағидасы. Ұлы даланың демо­кра­тиялық принциптерінің нақты көрі­нісі болып табылатын осынау ерекше түсінік отарлық жүйенің қасаң саясатының негізінде «майдаланып» та кетке­нін жоққа шығару қиын шығар. Мұның сыртында ұлтымызды рухани мешел­дікке ұшырату мәселесі тұрғаны белгілі. Кезінде заманымыздың заңғар, данагөй қайратк...

    Толығырақ...
  • 12.07.18

    Шығармашылықтың шыңына лезде­  шығу екінің бірінің қолынан келе бермейтіні белгілі. Ал Аралдың жағасын­да  туып, анау асқаралы Алатауды бағындыру – бөлек әңгіме. Тұңғыш рет «Білім және еңбек» журналы­нда «Аралды қайтсек сақ­таймыз?» мақаласы басылды. Жұрт назары­ бірден ауған. Сонан соң «Қазақстан пионері» газетінде «Бо­з­айғыр»   әңгімесі   жарыққа  шықты. 1971 жылы республикалық жастарға арна...

    Толығырақ...
  • 12.07.18

    Жаз айлары еліміз үшін мерекеге толы. Сол мерекелердің бірегейі – Елордамыз Астана қаласының туған күні. Ел болып атап өтетін Ел­ордаға биыл – 20 жыл. Қызыл­орда қаласының 200 жылдығымен  тұспа-тұс келген мерейтойдың  қуанышты еселей­ түскені рас. Еура­зия­ның жүрегінде бой көтерген қаланың тынымсыз еңбек пен даму жолына түскеніне де жиырма жыл. Ару қала Астананың туған күнімен құт­тықтауды Сыр...

    Толығырақ...
  • 12.07.18

    Қазақта «балалы үй – базар, баласыз үй – мазар» деген мақал бар. Расымен, үйдің іші сыңғырлаған бала күлкісіне толы болғанға не жетсін, шіркін! Отбасын құрудағы басты мақсат та – осы. Алайда үлкен жауапкер­шілікті талап ететін бұл ұғым ер мен әйелге өзіндік қиыншылықтар тудырады. Дүниеге бала әкелу адамның денсаулығына байланысты, бірақ оған тәуелді емес. Физикалық, психологиялық және әлеуметті...

    Толығырақ...
  • 12.07.18

    Әке жүрегі таудан үлкен, ана жүрегі теңізден терең деп бекер айтылмаса керек. Әрбір ата-ана сәбиі дүниеге келген сәттен бастап мәпелеп, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсіреді. Бөбегінің былдырлаған тілін қызықтап жүріп, бірінші сыныпқа баратын уақытының келгенін де аңғармай қалады. Бірінші сыныпқа барған соң, оң-солын танытып, бар керегін алып беру үшін күні-түні еңбекте...

    Толығырақ...
ТЕҢІЗ ДЕП ТЕБІРЕНГЕН
17.05.2018 10:22

Қазақ поэзиясының керегесі кеңейіп, тақырыптық аясының түрленіп, құлашының кеңге жайылуының бір айғағы – ұлан-байтақ еліміз­дің түкпір-түкпірінде өзін­дік, мәнерлі қолтаңбасы бар, айрықша үнді ақындардың сол өңірде қоныс теуіп, төгіл­тіп өлең жазып, алашқа атын шығарып жүргендігі. Қайбір жылдары «Ақындар ауылда туып, астанада өледі» дейтін едік. Бүгінде бұл тәмсіл түбі­рімен өзгерді. Анау жер шұрайы Алтайда да, сары жонды Арқада да, сырлы Сырда да, сонау батыстағы маңғаз Маңғыстауда да, көк теңізді Атырауда да талантты ақындар шоғыры сол аймақтың рухани-әдеби дамуына елеулі үлес қосып келеді.

Айдынды Арал теңізі соң­ғы жарты ғасырда жер бетінен жойылып, табиғаттың кесапатына ұшырап отырған жайы бар. Күміс көбігін көк­ке шашып, тулап жататын теңіздің орнында бүгінде бөлек-бөлек боп сортаң көл­дер қалған. Арал тағдыры адамзаттың тағдырына алаң түсірді. Жер бетінен соңғы мыңжылдықта  мұндай орасан  үлкен су көзінің жоғалып, экологиялық апат тудыруы бүгінгі ұрпақ үшін қасірет жырына айналды. Жағалаудан көк теңіз кеткен соң, балықшы жұрт қопарыла көшіп, есіл атамекен коңылтақсып қалған. Ел-жұрт бұрын-соңды естіп көрмеген кесапаттарды көре бастады. Алайда «адам деген – ұлы күш» дегендей, кеш те болса өз қолдарымен жасаған қасіретті – табиғатқа келтірген зиянын түзеуге әрекет етіп, Көкарал бөгеті салынып, Кіші Арал теңізі пайда болып, шаңқылдаған шағала­лары  қайта  оралды. Үзілмес үміт қайта  шырағын  жақты  емес  пе?!

Қазақтың батыр Бауыржаны «ба­тырды­ ситуация тудырады» деген екен. Ал ақынды ше? Ақынды халықтың жүрегі­ндегі толқыныстар, өміріндегі бұра­лаңдар, көңіліндегі селкеуліктер, қабағындағы кірбіңдер, жанындағы жарал­ар тудыратыны мәлім.  Әрбір  ақын  халықтың  соққан  жүрегінің дүр­сілі  мен лүпіліне үндесуге тыры­сады.  Ал үндесе білу үшін сол жердің адам­дарының  көргенін көріп, татқанын  татып, тонның­  ішкі  бауындай  араласып, рухани бір­тұтас әлемге айналу керек. Өйткені, шынайы­  ақын  мен  халық  егіз.

Аралдың адамзаттың жүрегіне жара салған қасіретінің үні ақынның жүре­гінде бұрқақша атқылап шықпағанда қалай шығады? Төрткіл дүниеге, айнала­ әлемге осы Аралдың мұңы мен зарын, қуанышын  кім  жеткізеді?

Міне, осы бір сәтте Арал деп айтқан­да ауызға түсер, тілдің ұшына үйіріле кетер екі есім болса, соның бірі – ақын Толыбай Абылаев. Ол о бастан Аралдан кіндігін үзбеген. Ауылда жүріп-ақ Бөгенім деп бұлғаң күй кешсе, Аралым деп айдындағы ақ кемедей алыс қияндарға қиялымен жол тартады. Басқаны айтпағанда соңғы бір он шақты жылда шыққан кітаптарының өзі Аралдың атына көгенделген қозыдай болып тұр: «Арал көшіп келеді», «Аралдан соққан жел», «Арал Атлантидасы». Осылайша Арал ақынның басты тақырыбына біржолата  айналған.

Ақ толқынды Аралын, салқын самал естірген көк теңізін, теңіз маржанын сүзген балықшы жұртшылығын шексіз сүйген ақын аталмыш кітаптарында ата қонысқа деген перзенттік ұлы махаб­батын үзбей жеткізіп келеді. Иә, туған жерін жыр әлемінде өрнектеген ақынның осынау тақырыптық, тұлғалық, поэти­калық ерекшелігі оның шығар­машылығының бір биік шоқысы екен­дігін оқырмандары әлдеқашан мо­йындап қойған. Келесі кітаптарынан осының үзілмес жалғасын көргісі келе­ді, оның сырға толы ғажайып әлемін бөліскісі келеді.

Тағатсыз оқырмандарын автор көп күттірмеді. Ақын Толыбай Абылаевтың «Қыран  шайыр»  кітабы  қолдарына тиіп отыр.  Кітап мазмұны ежелден белгілі-ақ – сол  Арал  тақырыбы.  Аралдың ақеден перзенттері, мағыналы өткені, қатпар-қатпар шежіресі, сан қилы тағдырлары... Осы кітабында ақын көркем­дік тұрғысынан жаңашылдық таныта алды ма екен, жаңа ізденістерге барды ма екен деп көзі қарақты оқырманы  елең­деген. Жаратылысында жан-тәнімен лирик­ ақын бұл жолы осы кітабына басы-бүтін эпостық жанрдағы туынд­ыларын  енгізіпті. Екі дастан мен балладалар  легі.

Кітап атын иеленген «Қыран шайыр­» дастаны – оның бірнеше жылғы­ толғанысынан, тынымсыз ізде­ні­сінен туған бас-аяғы жұмыр поэма­. Қазақтың тағдыры қиын, талант­ты ақыны Зейнолла  Шүкіров  турал­ы  қалам  тербеу  әсте  оңай  емес-ті! Осыдан 50-60 жыл бұрын «Құрыш қазақ» деп белгілі ақын Мұзафар Әлім­баев поэма­ жазған. Және де біраз ақындар­ түрлі жанрдағы өлең-жырларын арнаған. Яғни аңызға айналған Зейнол­ла бейнесі  әдебиетімізде  сом­далған десек­ болады. Дегенмен, талай соқпақ салын­ған тұсқа Толыбай ақын да тәуекел етіпті. Сірә, енді жазбасына болмаған болуы керек. Өйткені Зейнолла мен Толы­бай түтіні қатар ұшқан бір ауылдың тумалары. Өлеңге ғашық болған бала ақын Толыбай титтейінен құрыш таланттың жанына айналсоқтап, әңгі­месіне  құлақ құрышын  қандырып, өрелі өлең жырын жастанып оқып, жаттап­ өскен. Кейін жігіт ақын шағында арда ағасының соңына ерген. Ерген дегеніміз сөздің келе жағы, негізінен ақын ағасын құшағына алып көтеріп те жүрген. Сөйтіп талай-талай сырласқан, жырларымен мұңдасқан... Көркемдік шешімі қиялында қылт еткенде ақын тағдырын, ақын әлемін өзінің сәтті бейнелеуімен  оқырмандарына  алғаусыз  жеткізген. Шағын дастанында Зейнол­ла ақынның бүкіл ғұмыры, ақынды­қ кейпі, толысуы көрсетіледі. Кино жанрындағы кадрлардай оқыр­ман­ның санасын селт еткізіп, көз алдынд­а өтіп жатады. Зейнолланың қаламгерлік өмірінің үнемі марапатқа ғана бөленбей, заман, қоғам қыспағына­ ұшыраған сәттерін, әсіресе, Кеңес тұсындағы жабық тақырып Жанқожа батырдың қаһармандық ерлігін өзек қылған «Сыр бойы» романын жазғандағы дәлдүріштерден көрген түртпегін, нәзік жанының қиналысын оқушы сезіне­ алады. Иә, ақын Зейнолла көз­сіздікпен қалам сілтеп, заман баты­рына айналған деп білеміз. Дүниежүзін суық қаруымен, қатқыл идеясымен тұнжыратып  отырған Кеңестік идео­логияның өзіне бой ұсынбай, елдік, ерлік шежіресін ұрпаққа аманаттап жазып­  кеткен. Ол  жайлы  ақын:

Қалайша жан жүрегін жылытпасын,

Көненің сипап қойып құлыптасын.

Өткенге қиялымен көз жүгіртті,

Қатерге тәуекелшіл тігіп басын, -

дейді.

Уақыт бәріне әділ таразы. Жылдар өтіп, тәуелсіздігімізге қол жеткіздік. Кешегі мызғымастай болып тұрған қоғам  келмеске кетті. Күнмен таласқан­ қайбір биіктер аласарды, жермен жексен болды. Ал Зейнолла ақын қырандай қалықтап, сол өз биігінде қалды. Міне, Толыбай ақынның «Қыран шайыр­ы» көк тағысындай қанатын кеңге­  сермеп  мәңгілікке қалды емес пе? Тоғыз бөлімнен тұратын лири­калық  дастан былай тұжырымдалады:

Бойында болған жыры алып, күшті,

Үркітті-ау аш көз ажал шабыт құсты.

Көгінен өлең-жырдың

Қыран шайыр

Құйрықты жұлдызға ұқсап ағып түсті...

Толыбай ақынның «Қыран шайыр» поэмасы әдебиеттегі аса дарынды ұста­зы­ Зейнолла Шүкіровке қойылған тамаша ескерткіші деп бағаласақ болады.

Кітаптағы екінші көлемді туынды «Шектілер» деп аталады. Жанры – автор­ өзі айқындағандай, тарихи дастан. Қазақ халқы ірі-ірі тайпа, рулардан­ құралса, соның бірі тарихы мыңжылдықтарға  барып  тірелетін – Шекті руы. Ақын Шектілердің өткен тарихына көз салғанда ұлттың ұйысуы жолында қан мен тер төгіп, ел мен жерді қорғаған батырлар мен ел тұтқасы болған би-бектерге әдейі тоқталып отырады. Оларды тек бір рудың мақтанышы емес, ұлтына ұран қосқан тұлғалар деп біледі. Өз ауылындағы Тұрғанбай шежіреші арқыл­ы олардың айбынды бейнелерін жасайды. Кейінгі ұрпаққа үлгілілік, өнегелілік өмір парақтарын көрсетеді. Тарихи  дастанда Еуразия  даласында ат ойнатқан көшпелі елдің көшелі  тари­хы­ әсерлі жыр жолдарымен  өрілген.

Даладай дарқан көңіл, ер мінезді,

Шектілер!

Дүние сондай көрді көзді.

Жоқтауын жер асырып жоңғарыңның,

Ойратты ойсыратқан ол күн озды...

 

Елек пен Орға созған ел қанатын,

Атағы Шектілердің жер жаратын.

Ер жүрек батырларын Жаманақтың

Бітпепті бес күн жырлап толған ақын, - дегендей, халық тарихының ерлік пен намысқа толы беттері жіге­рі­мізді қайрап, қажырымызды ұштап, еркін елдің ұландары екенімізге сендіреді. Тарихта айшықталған нақты мәлі­меттер шежірелік ауызша әңгіме нұсқаларымен қабаттаса жырланып, халық­тың бірнеше ғасырлық қилы-қилы тағдырлы жолы көрсетіледі. Бұл күнде осы дастанда ерлігі әспеттелген «Мың бала» мен Сартай батыр, Жыл­қаман, Жыл­қайдар, Толыбай, Айдарбек, Тілеу, Жан­қожа, Тайлақ, Танық, Төлеш, Жән­кедей­ ерлер мен Нұрмағамбет, Нұртуған, Еспен­бет шайырлардан кейінгі қазақ көркемсөзінің дүлдүлдері Әбді­жәміл, Тахауи, Жарасқан, Нұрпейістерге шырай­лы шумақтар арналған. Шекті тайпасының шежіресі арқылы халықтың  ұлы  озандарының  асыл бейнелері оқырмандарға  етене  таныс  болады.

Кітапта «Балалық шақ балладалары» деп топтастырылған сюжеттік жырлары автордың алдыңғы жинақтарында бастау­ алған туындыларының жалғасы іспетті. Сол баяғы біз таныған балықшы­ ауыл, тапшылық жайлаған жоқ-жұқа замандағы ауыл балалары, еңбегін елге арнаған нар тұлғалар, ауыл-үйдің еркек, әйелдері, үй арасының тентектері бала көзімен қызықты беріледі. Балықшы ауыл адамдарының өзіне тән қарекеттері, өзіне тән мінездері, характерлері көрінеді. Тумысында аңғырттау боп келетін ауылдастардың таныс та бейтаныс келбеттері оқырманды сүйсіндіреді. Сол бір жылдарға ақынмен бірге еніп кеткендей боласың. «Бригадир Сансызбай», «Пошта бастық Насырадин Жолаев», «Тастыбай ақын», «Қызыл өгіз»  балладалары ақынның ата жұрты Бөген ауылының бейнелері арқылы өткен ғасырдың 60-жылдардағы күллі қазақ ауылының тіршілік-тынысына ортақ жайларды жүрек тебіренте, сағыныш сазына бөлей отырып жыр етеді.

Өлең қонған халықпыз ғой, астана асып, атағы жер жармаса да, қазақтың қай-қай ауылында да қоңырқай тірші­лік кешіп жатқан ақындар бар. Соның бірі – кейіпкермен аттас баллададағы Тастыбай  ақын.

Тастыбайдың тақпағынан үркесің,

Жинай алмай дал болады жұрт есін.

Ал, ол болса жырдан боран төпейді,

Пілте шамның сығырайтып білте­сін, - дегеннен-ақ көрініп тұрғандай, кеңестік үкіметтің тасқамау заманында­, ауызға қақпақ орнатқан кезеңде айтулы­ ақындар ашып айта алмаған жайларды ауылдағы Тастыбай ақындар ауызекі өлеңінде мысқылға толтырып, елге жайып­ жіберетінін білеміз. Сол қайсар мінезді Тастыбай ауылдан шыққан болаш­ақ талай ақындардың аузына түкіріп, кейін  елдің  елеулі  ақыны, азаматы  болуына  септігін  тигізген.

Елдің, жердің көркі осындай қарапайым адамдар екеніне көңілің сеніп, көзің тояды. Өзі ауылдан ұзап шықпаса­ да, ізбасарлары алаштың кең-байтақ даласын шарлап жүр. Биік-биік трибуналардан саңқылдап өлең оқып жүр. Мүмкін Тастыбайдың бақытының өзі де сол шығар. Толыбай ақынның жүре­гінде сақталып қалған ғажайып ұста­зының әпенділікке жақын болмыс-бітімі  жүрекке  жылылық  ұялатады.

Бөген ауылының адамдарының түрлі-түрлі мінездерін ақын мынандай әдемі  шумақтармен  өрнектейді:

...Велосипеді кемі бұл бір қаралық,

Күллі ауылға болды тосын жаңалық.

Басқарманың баласының соңында,

Күн ұзаққа шапқылаймыз қамалып... («Қызыл велосипед»).

 

Күреңітіп ақша жүзі от Күнмен,

Есіл-дерті кеткен отпен боп мүлдем.

Біз сияқты боқмұрынды көзге ілмей,

Алтыншаш жүр кіріп-шығып шеткі үйден... («Ең ыстық жаз»).

 

Негр қызы сияқтанған түрінде от,

Іргемізден өтті «МТЗ» гүрілдеп.

«Тіфу, қызға лайық па трактор»-

Жанназар шал бір түкірді күбірлеп... («Жақайдың тракторы»).

Осындай шумақтардың қай-қайсысын да оқып отырып сол кездегі Бөген ауылы өмірінен суреттер салуға болатындай. Шағын ауылдың қазандай қайнап жатқан тіршілік-тынысы қаншама уақыт өтсе де айқын сезіліп тұр. Ақын соны ерекше бір іңкәрлікке толы көңіл­мен жырға айналдырады. Езуге күлкі қыстырар юморы да бар. Басқарманың баласы мінген велосипед те, мектепті үшке бітірсе де алғаш ауылда трактор айдаған қыз Жақай да, ауыл-үйдің аруы Алтыншаш та көз алдымызда әлі де өмір  сүріп  жатқандай...

Қорыта айтқанда, ақын Толыбай Абылаевтың «Қыран шайыр» кітабы автордың шығармашылық жолындағы тағы бір бел-белесі деп білдік. Тамаша лирик ақынның туындылары парасатты­ жырдың жаңа деңгейіне көтерілгендігін көрдік. Өмірдің өзінен ойып алғандай болған  осынау  өлең-жырлар енді оқырмандарын  қуанта бергей!

Ерғали  АБДУЛЛА,

Арал  қаласы

 

Пікір қалдыру


Қорғаныш коды
Жаңарту

Күнтізбе

< Мамыр 2018 >
  1 2 3 4 5 6
7 8 9 10 11 12 13
14 15 16 18 19 20
21 22 23 24 25 26 27
28 29 30 31      

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары