Өзекті мәселелер

  • 20.09.18

    Биыл облыс экономикасының бәсі жоғарылайтын, негізгі көрсет­кіштердің көбеюіне қолайлы жыл. Өндіріс ошағына айналмағанымызбен, өнім өндіру мен экспорттауда алдыңғы қатарда тұрғанымыз рас. Өңірімізде соңғы жылдары көптеген зауыттар мен өндіріс ошақтары салынуда. Солардың қатарында молибден өндіру, балық өңдеу, цемент және шыны зауыттары да бар. Әрине, бұл төртеуі де – аймақтық индустрия­ландыру ...

    Толығырақ...
  • 20.09.18

    КӨНЕ  ҚАЛА  мен  ЖАҢА  ҚАЛА

    Біздің дәуірімізден әрі асатын шежіре-тарихы бар Сақтар мәдениеті көм­бесінің бір бөлігі Сыр бойында жатыр. Ашық аспан астында ата-баба аманатын арқалап, біздің дәуірімізге дейінгі ІV-VІІ ғасырларда ғұмыр кешкен Шірік-Рабат, Бәбіш молда, Бұланды, Сығанақ тарихи-мәдени ескерткіштері бүгінде көздің қарашығындай мемле...

    Толығырақ...
  • 20.09.18

    Ұшы-қиыры жоқ ну орман жым-жырт тыныштық құшағында мүлгіп тұр. Желмен тербелген зәулім талдар­дың жапырағынан күн көзі зорға көрінеді. Айнала өзгеше, рақат күйге бөленгендей. Табиғаттың дәл осы сәттегі ана уызына тойып маужыраған нәресте тектес кейпіне қарап маңай­да қанды қырғын соғыс жүріп жатыр десе, сенбес едіңіз. Алайда амал қан­ша?! Бірін-бірі жыртқыштан бетер жұлмалап, қыршын боздақтарды...

    Толығырақ...
  • 20.09.18

    Тағдыр тауқыметі болар, Аяулым анасынан ерте айы­рылды. Бар-жоғы 7 жасында ең ардақтысынан көз жазып қалды. Әкесі мен әжесі шешесін жоқтатпаса да, періште көңіл ананы аңсап тұрады емес пе? Күніге кешкілік жатар алдында ақ сүтін беріп аялаған аяулысының қойнында ұйықтайтын сәттерін еске алғанда, көзіне еріксіз жас келе­тін. Бала ғой. Енді ғана мектепке­ барды өзі. Сыныптастарын аналары әкелгенде...

    Толығырақ...
  • 20.09.18

    Леннокс Льюис, аса ауыр салмақта әлемнің бұрынғы абсолют чемпионы:

    - Жекпе-жек тең болды деген ойда едім, бірақ Головкин мықтырақ көрінді және екі раундта басым болғандай. Екі боксшы да барлық күшін рингте сарп етті! Жеңісті екеуіне де беруге болатын раундтар болды. Тамаша жекпе-жек! Ең мықты екі боксшыны да көрдік. Екеуін де сыйл...

    Толығырақ...
АРДЫҢ ЖҮГІН АРҚАЛАҒАН
17.05.2018 11:06

Адам тағдырының ақ-қарасын таразылау үлкен төзімділік пен қажырлы еңбекті талап етеді. Бар ғұмырын сот төрелігін атқаруға арнап, ардың ауыр жүгін арқалауға бел буған әділ қазылар қашанда қадамын қате жасамауға тырысады. Судья атты қасиетті ұғымға кірбің түсірмей, оған лайық қызмет етуге күш жұмсайды. Өйткені жемісті еңбектің кілті осында жатыр. Қара қылды қақ жаратын қазылардың бірі Абдуллажан Сайдуллаев та осы межеден бір сәт ауытқыған емес. Сондықтан да Қызылорда қаласы №2 сотының судьясы А.Сайджаппарұлымен біз де сырласып, еңбек жолымен етене танысып қайтқан едік.

Әділдік жолынан таймай, қырағы соттың сақшысы болып келе жатқан Абдул­лажан Сайдуллаев 1962 жылы Өзбекстан Республикасы, Ферғана облысында туған. Ұлты – қазақ. Әке-шешесі 1920-30 жылдардағы саяси қуғын-сүргін заманында ел асып, кө­шіп кеткен. Кейін­нен қайта елге оралып, мектеп бітіре салысымен 1979 жылы Шиелі аудандық сот отырысының хатшысы болып еңбек етеді. Арада екі жыл уақыт өткеннен соң С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті­нің заңгерлік мамандығына оқуға түседі. 1986 жылы оқуды аяқтаған, қалтасында дипломы бар жігіт­тің арманы асқақ еді. Судья болсам деген­ жас маман осылайша 1986 жылдың қыркүйек айында Қазалы аудандық прокуратурасында стажер, 1987 жылдың қазан айынан Қазалы аудандық прокурорының көмек­шісі, 1988 жылдың желтоқсан айынан Қармақшы аудандық прокуратурасының тергеушісі болады. Ал 1992 жылдың шілде айынан Шиелі аудандық сотының судьясы болып  қызметін  бастайды.

Тұлғасы өзгеден бөлек, қарапайымдылығы өнегелі, үнемі тыңнан түрен салып, ізденуді мұрат тұтқан судьяның ар-ожданын басшылық­қа алып, осы салада қызмет етіп  келе  жатқанына  бүгінде 25 жылдан асып барады. Қарнының ашатынынан емес, қадірінің қашатынынан қорқатын қазы қараға жақ болып­, кінәсін өтірік жуып-шайып, басын ала қашатындардың қатарынан емес. Кеудесін асқақ ұстайды. Өйткені адам тағдырына тек әділдік әйнегімен ғана үңіледі. Сондықтан да бейнесінен тектілігі байқалып, көш жерден сали­қалығы сезіліп тұрады.

Өмір көші өскелең белесті бағындыруымен құнды. Қай салаға  қарасаңыз да қарқынды даму, өсіп-өну жолы бар. Абдуллажан ағаның да судья лауа­зымынан бөлек төраға қызме­тін атқарған кездері көп бол­ған. Атап айтар болсақ, 2002 жылдың  мамыр  айынан бастап­ Жаңақорған аудандық сотының, 2007 жылдың маусым айы­нан бастап Сырдария ау­дандық сотының, ал 2012-2013 жылдары Арал аудандық со­тының төрағасы қызметтерін абыройлы атқарған. Заңгерлік мамандықты таңдап, сол ар­қылы биік белестерді бағын­дырған судья қашан да шындықты шімірікпей айтып, батыл­дығын көрсетіп келеді. Көп істің басы-қасында жүре­тін ұйымдастырушылық қабілеті тағы бар. Сұхбаттасқан сәтте байқағанымыз, құр сөзбен көпіріп, қу шөппен ауыз  сүртетіндердің қатарынан емес екен. Бар болғаны қысқа әрі нұсқа сөйлейді.

Ол қай жерде жұмыс істесе де қызметіне ерекше жауапкершілікпен қараған. Әріптестерінің айтуынша, қарапайымдылығымен, өз ісіне берілгендігімен ерекше көзге түсіп келеді. Бүгінгі күні өмірлік жарымен 4 ұл, екі немере сүйіп, тәр­биелеп отыр. «Әке көрген оқ жонар» демекші, Абдуллажан ағаның екі ұлы да заңгерлік мамандығын таңдаған. Тіпті келіні де сот саласының қызметкері. Өзі үміт артқан, артынан ерген балаларына: «Адамның ала жібін аттама, көзің жетпей тұрып, көлденең сөзге сенбе!», - деп әрдайым ақылын айтып отырады.  Қазақ «Су сүзілмейді, ұрпақ үзілмейді», - деп айтады. Сондықтан үзіл­мейтін ұрпақтың алтын ар­қауына айналған ағаның бұл өнегелі ісі оларға мәңгі үлгі болар­ы  хақ.

Сот – бүкіл биліктің абыройы, адамдардың әділдік іздеп баратын ең соңғы сатысы, адалдықтың шыңы. Сондықтан  судья болу – оңай шаруа­ емес. Адамның тағды­рына қатысты мәселеге билік айту, кесім жасауға ғана оңай. Қазының алдынан осы уақыт аралығында сан тағдырлы, қилы-қилы қылмыстар жасаған пенделер өткен. Оның әрқайсысына әділ қазылық ету екінің бірінің қолынан келе бермейді. Мұндайда кемеңгер жазушы Мұхтар Әуезовтің «Ар жазасы – бар жазадан ауыр жаза» деп ар мен ұятты жоғары қоюы тегін емес екендігі айқындала түседі. Міне, сол күрмеуі қиын қазылық қызметінде ар-ожданын басшылыққа алып, таразы басын тең ұстауымен танылып келеді. Осы жерде А.Сайджаппарұлының «Ол үшін заңды бес саусақтай жатқа айта білу жеткіліксіз. Қанша біліп тұр­сам да, міндетті түрде кітапқа қарап, соған көзімді 100 пайыз жеткіземін. Өйткені бұл – адам тағдыры. Ал онымен ойнауға болмайды» дегені күні кешегі би-шешендеріміздің ұлы жолын жалғастырып келе жатқан судья екенін тағы бір дәлелдей түседі.

Өзі қараған ісі бойынша шешім қабылдағанда батылдық пен табандылықты көр­сете білетін А.Сайджаппарұлы «қазы қара қылды қақ жарған әділ болса, даугерлер төрелік­тің дұрыстығына күмән келтір­мейді» деп санайды. Біз де «Сіз шығарған қаулылардың ішінде аппеляциялық сатыда өзгергендері көп пе?» деп сұрағанымызда, «Мүлдем жоқ деп айта алмаймын. Бірақ олар сотталушыларға жазасын өтеу үшін берілген жылдан емес, көбіне жаңа заңдардың қабылданып кетуімен байланысты келеді» деді. «Яғни біз ескі нұсқасымен қаулы шығарамыз. Ол аппеляциялық сатыға барамын де­генше, заңның жаңа нұсқасы қабылданып жатса, сол бойынша өзгеріп жатады» деді. Сондай-ақ өткен жылдың аяғында бағдаршамның жасыл түсіне өтіп бара жатқан 60 жастағы ананы байқаусызда қағып кетіп, жантәсілім еткен жүр­гізушіні бас бостандығынан айырып ғана қоймай, жәбір­ленуші тарапқа бір жарым миллион моральдық шығын да  өтеуге  қаулы еткен.

Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізген алғашқы күндерден бастап, құқықтық  жүйенің кәсіби әрі адал қызметін жол­ға ­ қоюда аз жұмыс істелінген жоқ. Ең бастысы, соттар мен судьялар қағаз жүзіндегі емес, іс жүзіндегі тәуелсіздікке қол жеткізді. Судьяның заң алдында да, заңға сүйене отырып шешім қабылдаған уа­қытта да қатаң бақылауда бола­тындығын, кешірімсіз ерекше жауапқа тартылатындығын бәріміз білеміз. «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» дейді қазақ. «Алдыңызға туған-туыс, дос-жаран­ көмек сұрап келген болар?» деп сұрақты төтесінен қойғанымызда, судья Сайдуллаев «ҚР Қылмыстық процестік кодекстің 87-бабының 5-тармағы бойынша «Егер судья­ жәбiрленушiнiң, азаматтық талапкердің, азаматтық  жауапкердiң немесе олардың өкiлдерiнiң туысы, күдіктінің, айыпталушының немесе оның заңды өкiлiнiң туысы, прокурордың, қорғаушының, тергеушiнiң немесе анықтаушының туысы не процеске қатысушылардың қайсыбіреуінің жекжаты болса,­ процеске қатыса алмайды. Бұл ретте мен өзім қарсылық қағазын толтыруым керек»  деп жауап берді. Жақсының  жақсылығын  айтудан шаршамаған халықпыз. С.Сайджаппарұлы бірден «мұндай жағдай болса, мен өзім бірінші қарсылық білді­ремін» деді. 25 жыл ішінде бірде-бір тәртіптік жауап­кер­шілікке тартылмаған қазы мұндай жағдаймен бетпе-бет келмегенін айтты.

Бiз өз ортасында еңбегi­мен құрметке бөленіп жүрген азамат туралы қысқаша ғана баян еттiк. Оның  әрбiр  iсi, қарапайымдылығы мен табандылығы кейiнгi ұрпаққа өнеге болсын дедік. Өйткені, Лев Толстой айтқандай, қарапайымдылық, жақсылық пен ақиқат жоқ жерде ұлылық та болмайды.

Ж.ЖҮНІСОВА

 

Пікір қалдыру


Қорғаныш коды
Жаңарту

Күнтізбе

< Мамыр 2018 >
  1 2 3 4 5 6
7 8 9 10 11 12 13
14 15 16 18 19 20
21 22 23 24 25 26 27
28 29 30 31      

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары