Оқырманнан хат
Келіп кету есептегіші








![]() | Бүгін | 102 |
![]() | Кеше | 1631 |
![]() | Осы аптада | 10281 |
![]() | Өткен аптада | 15302 |
![]() | Осы айда | 45771 |
![]() | Өткен айда | 52979 |
![]() | Бәрі | 3582791 |
СҰҢҚАРҒА САМҒАУ ЖАРАСҚАН |
14.06.2018 11:02 |
Әдетте, қырандар көкте – патша, жерде – мейман. Қалықтау үшін биіктік керек. Құлдилау екпінінен күш алады. Жазыққа емес, құзар шыңға қонақтайды. Халықшыл тұлғалар табиғаты да сондай. Олар Алашын аспанға, асқар тауға балайды. Сұңқарға самғау жарасқан дейтініміз де сондықтан. Сол өршіл рух Аралдың айбозым азаматы Тоғыс Жұмашевтың ақ дидарын аңсатқанда, құс көңіл сағыныш қанатымен жүзімізді желпігендей болады. Ондайда Тоғыс үшін Жиренше шешеннің боз үйі секілді «Аралотынның» тар қолтық кеңсесіне маңдай тірегенімізді аңғармай да қаламыз.
Тура Тоғыс секілді: бабалар соқпағына да із салады, өткен шақ өлшемін де ескереді, бүгіннің бүктеуін де жазады. Тыңдау жетегінде кетпейді, талдау дәлдігімен тосылтады. Терең ой тербелісін құптайды. Қай істі болмасын бастамай жатып тасынбайды. Әке қадаған кәсіпкерлік қазығы мызғымайды. Мыңдардың ошағын маздату шапқылауы баяғыша. Жер қойнауымен тілдескен кәсіпкерлік ұмтылыстар да тыным таптырмайды. «Қайратты да қайраулы кезде жұмсау керек!» дейтіні өзіне бек жарасымды. Әлбетте, Төле би аманаттағандай, әке біткен «Атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі!» - деп армандайды ғой. Бұл тұрғыда Тоғыстың екі дүниеде де бағы жанған деу әсте асылыққа жатпайды. Өзінің де болмысы бөлек еді. Сірә да, уызында жарыған ұзаққа шабады. Арғы бабасы Бекмырза хан намыс туын жықпаған. Жұмаш атасының алыстағы ырыс пен жақындағы жұғымның дәнекері болғандығы аттан түсірмеген. Әкесі Махамбетжанның маңдай терді бет орамалмен емес, рақат самалымен кептіретін шаруақорлық дағдысы тоқмейілсуге жолатпаған. Тоғыстың жұлдызды ғұмыры бәйге жолына айналды. Туған жер қиқуы ширатты. Жастық шалқымасынан тез арылды. Жақсылармен жұғысты, жасықтарға сөз шығындаған жоқ. Талтаңбайларды мысы басты. Шенеунік шекпеніне қызықпады. Бәсеке дейтін өрттей қызғанышқа бой алдырмады. Иманға исінді, талантты мен талаптыға сүйсінді. «Қолы ашықтың жолы ашық!» дейтін мейірімге жетелейтін мәтелді қайырымдылық қағидаты санады. Кейде осы қанатты тіркесті пенделік ауытқушылықты тежеу үшін «Қолы таза еместің жаны таза емес!» деп өткірлеп өңдеп жіберетін. Жаратушы оған адуын күш сыйлаған. Қала қазағымыз деп ауыл иісінен қашықтағандарды мүлдем жаратпайтын. Шіренгендерді шегіндіретін сұсы да бар еді. Ретіне қарай мінезді болатын. Қаһарланса боран ұйытқып, дауыл соғатын. Шаттанғанда күндей жадырап, жұлдыздай жымың қағатын. Тұсау салынбайтын тұлпардай жүйріктер дүбіріне елеңдеп тұратын. Татулық пен тайталас, қуаныш пен күйзелістің қақ ортасында жүрді. Аралдың арын арлап, мұңын мұңдау жанталасында бойын пұлдамайтын. Тәуелсіздіктің бұлқыныс пен бетбұрысқа толы өсу табиғатын Тоғыс тәрізді топжарғандар боямасыз бейнелейді. Халық несібесін молайтудың өзекті арналарына жан бітіруді барынша өткірлейтін. Теңіз тағдыры, балық кәсіпшілігіндегі шалағайлық, пышыраған төрт түлікті түгендеудің амалын қарастыруда жоғары мен төменнің төте мүдделестігін аңсайтын. Үлкен шаһардан кіші қалаға іссапармен келген лауазым иелеріне, халық қалаулыларына Аралдың теңізден басқа да көкейтесті проблемаларын көлденең тартатын. Қағазбен емес, бетпе-бет ауызша жеткізуді жөн көретін. Ол әрқашан шындықты теріс түсініктен арашалап тыншу табатын. Оның осы күрескерлік қырын Парламент Мәжілісінің депутаты Ұзақбай Қараманов пен сенатор Бақберген Досманбетов айрықша қадірлейтін. Мемлекет және қоғам қайраткерін, академикті Сыр өңірінің қойнау-қолтығын аралатып, сұрыпталмаған сайлаушылармен дидарластырған қосшылық сапары сондай шынайы еді. Аймақтағы зәрулік пен мұқтаждықты бірге саралап, Астана мінбесі мен кеңселерінен оң шешімін табуына атақты ағаларын сағалайтыны қандай керемет! Қос қадірмен Тоғыс інісін ел ішіндегі елшідей жоғары бағалайтын. Олар ой мен қырды шарласа да, пысықайлықпен өз есебін түгендеуден ада, ел ахуалын ғана тәптіштейтін азаматтығына бәрекелді десетін. Аралға келген сайын Тоғыс пен Несібелінің төріне сән беріп, бата дарыған дастарқанынан райлана дәм тататын. Есесіне, мұндай сенім сапары Тоғысқа рухани қуат сыйлайтын. Құзырлы орындарға дұрыс талап қою, бұлтартпайтын депутаттық сауалды безбендеу сырына қанықты. Ұлттың ары мен бары елжанды азаматтардың парасаты мен білімдарлығы, іскерлігінен ізделетінін пайымдады. Өңірдегі оң өзгерістерді одан әрі өрістету үшін халық қамшыгері атанған дұрыс деп шешті. Екі мәрте облыстық мәслихат депутаты мандатын басым дауыспен иеленген мәртебелі белес жауапкершілік жүгін еселей түсті. Бұрыннан парызға адал, аманатқа қиянат жолатпайтын Жұмашев арзан уәдеден іргесін аулақ салды. Сертіне берік Тоғыс сайлаушылар жүзіне тура қарайтын. Сол үшін облыстық мәслихаттың бірде-бір сессиясынан үнсіз кеткен жоқ. Ауданның күн тәртібіне қойылмаған шетін мәселелерін де мінбеге шығарды. Бюджет бөлінісіндегі жоспарлы жұмыстардың орындалу барысына да қозғау салып отырды. Нарыққа қанық, әлеуметпен байланысы тығыз депутат жергілікті ерекшелік пен мүмкіндікті таразы басына тең қоятын. Не айтары бар: ол ешкімнен қаймықпайтын, шындықтың шырылынан шошып оянатын нағыз сайыпқыран болатын. Мінез жоқ жерде мәрттік алыстайтынын Тоғыссыз өткен өкпелі күндер шымбайға батырады. Оның ұйымдастырушылық ұтқырлығы, өткірлігі мен іскерлігін сағынатындар қаншама?! Ел қалауына қалқан, туған жердің тарланы Тоғыстай-ақ болар?! Әділетке арбалған, намыстан нәр алған жасампаздық жалаугері Жұмашев жайлы жайдақ сөйлеудің өзі күпірлік! Тәубе тұтатынымыз: Тоғыстай алып бәйтеректің жапырағын жайқалтқан Мейрамбектей мұрагері өзі ойлағаннан да биігірек белестерді бағындырып үлгерді. Шығын мен шырынды көз жобамен шамалайтыны әлі күнге құшағының табы бар Махамбетжан атасынан жұғысты. Жұмаш бабасындай ұйыстырғыш әдеті таңырқатады. Әкесі сияқты намысқой да қайыркеш. Бекмырза ханнан келетін жүректілік пен имандылығы өнеге өріміндей жымдасады. Ағайын мен бауырға деген іштартуы алабөтен. Ұжымына жайлы, сайлаушы назына қайлы. Бір кездері Тоғыстың дауысы кернеген мәжіліс залында облыстық мәслихат депутаты ретінде әке деңгейінен түспеуге тырысады. Мейрамбек осы тұрғанда нағыз азаматтық бабында. Заманауилық пен қазақилықты әдемі ұштастырады. Абыздар мен нағыздардың сүйекті сөзін қош көреді. Сыншысы да, сырласы да – намыс. Дала тілімен айтқанда, өмір бәйгесінде әрі шабандоз әрі сейіс. Өзіне ғана емес, өзгеге де не керегін біледі. Сол себепті, бәріне үлгіруге ынтығып, уақытпен алысады. Болашақ мәресіне көз қиығын салады. Ұлы ойшыл Абай ескерткендей, ақырын жүріп, анық басады. Ешкімге сауын айтпайды, қарыздар болып та қалмайды. Тоғыс аудан көлемінде жаңашылдық көшін бастандырған дарабоз еді. Алғашқы ауызашар, Құрбан айтқа нар шалу, қысталаң кезде қарастығы жоққа көмір мен ұн тарату, мұңайғанды демеу, таланттарды қолдау тәрізді имани шаралар әлі күнге ел есінде. Бекмырза хан туралы кітап шығарып, оны жұртшылыққа тегін ұсынды. Бабасына Қытайдағы заңғар таудан қашатып ескерткіш орнатты. Ұлы жолдың бойында кесене тұрғызды. Мейрамбек Жұмашев – бүгінде облысқа танымал қабырғалы кәсіпкер. Сыр бойындағы 100 жаңа есім санатында. Облыстық мәслихат депутаты. Әке туралы «Еркіндік еркебұланы» атты кітап дайындатты. Жыл сайын Тоғыс Жұмашев атында өтетін жасөспірімдер арасындағы бокстан республикалық біріншіліктің ұйытқысы. Анасы Несібелінің Меккеге қажылық сапарын ұйымдастырып, әке үлгірмеген бұл мүмкіндікті бәдел қажылық жолымен өтелген парызға ұластырғаны көңілін бірлеткендей. Тірінің алғысы жариялы, рухтың ризашылығы қашанда жұмбақ. Қалай дегенде, Мейрамбектей аймаңдай ұлдың жаратылысында тектіліктің сарқылмастай қуаты бар екені анық. Ол елі мен жеріне, бабаларына еміренгендей парыз парасатына ғана тәуелді. Жаңабай Кемал, Арал қаласы |