Өзекті мәселелер

  • 12.07.18

    Қазақтың ұлттық болмысындағы өзіне ғана тән қасиеттердің бірі – «аманат­» қағидасы. Ұлы даланың демо­кра­тиялық принциптерінің нақты көрі­нісі болып табылатын осынау ерекше түсінік отарлық жүйенің қасаң саясатының негізінде «майдаланып» та кетке­нін жоққа шығару қиын шығар. Мұның сыртында ұлтымызды рухани мешел­дікке ұшырату мәселесі тұрғаны белгілі. Кезінде заманымыздың заңғар, данагөй қайратк...

    Толығырақ...
  • 12.07.18

    Шығармашылықтың шыңына лезде­  шығу екінің бірінің қолынан келе бермейтіні белгілі. Ал Аралдың жағасын­да  туып, анау асқаралы Алатауды бағындыру – бөлек әңгіме. Тұңғыш рет «Білім және еңбек» журналы­нда «Аралды қайтсек сақ­таймыз?» мақаласы басылды. Жұрт назары­ бірден ауған. Сонан соң «Қазақстан пионері» газетінде «Бо­з­айғыр»   әңгімесі   жарыққа  шықты. 1971 жылы республикалық жастарға арна...

    Толығырақ...
  • 12.07.18

    Жаз айлары еліміз үшін мерекеге толы. Сол мерекелердің бірегейі – Елордамыз Астана қаласының туған күні. Ел болып атап өтетін Ел­ордаға биыл – 20 жыл. Қызыл­орда қаласының 200 жылдығымен  тұспа-тұс келген мерейтойдың  қуанышты еселей­ түскені рас. Еура­зия­ның жүрегінде бой көтерген қаланың тынымсыз еңбек пен даму жолына түскеніне де жиырма жыл. Ару қала Астананың туған күнімен құт­тықтауды Сыр...

    Толығырақ...
  • 12.07.18

    Қазақта «балалы үй – базар, баласыз үй – мазар» деген мақал бар. Расымен, үйдің іші сыңғырлаған бала күлкісіне толы болғанға не жетсін, шіркін! Отбасын құрудағы басты мақсат та – осы. Алайда үлкен жауапкер­шілікті талап ететін бұл ұғым ер мен әйелге өзіндік қиыншылықтар тудырады. Дүниеге бала әкелу адамның денсаулығына байланысты, бірақ оған тәуелді емес. Физикалық, психологиялық және әлеуметті...

    Толығырақ...
  • 12.07.18

    Әке жүрегі таудан үлкен, ана жүрегі теңізден терең деп бекер айтылмаса керек. Әрбір ата-ана сәбиі дүниеге келген сәттен бастап мәпелеп, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсіреді. Бөбегінің былдырлаған тілін қызықтап жүріп, бірінші сыныпқа баратын уақытының келгенін де аңғармай қалады. Бірінші сыныпқа барған соң, оң-солын танытып, бар керегін алып беру үшін күні-түні еңбекте...

    Толығырақ...
ҒАСЫРЛАР ТОҒЫСЫНДАҒЫ АРАЛ мен АДАМ ТАҒДЫРЫ
21.06.2018 11:56

Азаттық таңымен бірге келген тарихымыздағы көптеген ақтаңдақтарды ашу, көмескіленген ұлттық сананы жаңғырту сияқты үлкен міндеттерді жүзеге асыруда­ көрер көз, сезер жүрек болса, қаламгерлеріміз атқарған істер аз емес. Жаңа тарих үдесінде өмірге бітімі бөлек көркем дүниелер келе бастады. Олар кейде жаңа өмір көктемінің алтынкүрек өкпегіндей еді. Сондай туындылардың бірі – жазушы Сайлаубай Жұбатырұлының «Абыржы» романы. Баяны үш кітапқа ұзаған бұл шығарманы «бітімі бөлек дүние» деуімізге бірнеше себеп бар. Біріншіден, кітаптың көтерген жүгінің ауырлығы мен ауқымдылығы. Көркем шығармаларымыздың кейде шектеулі бір кеңістік проблемасынан аса алмай, онда да тайыз қалқып «өте шығатын» бір әдеттері бар.

Әрине, мәселе оқиғаның физикалық кеңістігі немесе қамтылған тұлғалар қарамында емес... Әсте де олай емес... Бізде, көбіне-көп, тарихи шығармаларға қатысты ғана «көтерген жүгі салмақты екен» деген баға айтылып жатады. Шындығында, сабақты пікір сол дүниенің әдеби үдерістегі орнына, әлемдік, адамзаттық мәселелерді көркем кестелеуі жайына қатысты айтылса жөн ғой. С.Жұбатырұлының «Абыржы» романы – Арал теңізі мәселесінің, Арал қасіретінің тек қазақ үшін ғана емес, бүкіл тіршілік үшін тілмен айтып жет­кізу қиын, қатпарлы мәселелер қатарынан екенін ащы шындықты қазбалай айтып, діттеген ой биігінде жеткізген туынды, А.Байтұрсыновша айтсақ, ұлы әңгіме.

Басынан сан зұлматты өтке­ріп, мың өліп, мың тірілген қазақ елі Қызыл өкіметтің қитұрқы сая­сатын да, қудалау-қуғындауын да, аштығы мен соғысын да көрудей көрген. Мұның барлығынан Арал халқы, Арал теңізі шетқақпай қалған жоқ. Әрі-берідесін, Қызыл империяның құшыры осы өлкеге ерек түскен бе деп қалуға да болар еді. Өткен ғасырдың 30-жылдары теңіз аралдарында кеңестік түрмелер болғанын, 1948-ден бері «Возраждение» аралы тажал қарудың сынақ алаңына айналғанын қазір  біреу  білсе, біреу білмес. «Абыржы» Арал теңізіндегі осындай саясаттың сұмдық салдарын бірде ашық, бірде мәтін астарында көркемдік ұқсатуда аша береді. Арал мәселесі шешілмей, адамзат өмірінде «абыржы кезең» бітпейтінін аңдатады. Бір ғана типтік  мәнді  үзінді:

«– ... Арал қалай? - депті осында келген бір қонақ.

– Сәтімен өлуін жалғастыруда!

– Қалай сонда?!

– Сол психология... Тек ұрандар ғана сәл  өзгерген,..

– ...Оу, азат Орталық Азияның оянған азат дүниетанымы не болды?!  - деп,  «пар­теец» Әлқуатқа шұқ­шияды. – Адамдар мен Құдай алдындағы биік уәделер қайда? Аралға деген отыз миллиард уәделі сол су қайда?

– Өзім де түсіне алар емеспін, - деп ақталады Әлқуат, бәріне бір өзі кінәлі адамның кейпімен. – Осы күні оңды-солды өтірікке  ешкімнің жүзі жанбайтын болды ғой. Жауапсыздық па? Екіжүзділік пе?.. Соны енді бүгін мен еске алуға да ұяламын... Ал байғұс теңізде, қай кездегідей, тіл жоқ...» (1-к, 241-242 б.б.).

Екіншіден, романда әдеттегідей ашық тартыс жоқ, қақтығыс-қарсылық – мәтін астарында. Бас кейіпкер Медет Мөңкеұлы басын­да бірнеше ішкі желіге сай, қат-қабат тартыс бар, бірақ көбісі «мен мұндалап» көзге ұрып тұрған жоқ. Бұл бас кейіпкердің үлкен қалада қалған отбасымен, Бөкен ауылының тұрғындарымен, туыс­тарымен, ұстазы ретінде аталатын бұрынғы басшысымен (Идеямен)  және т.с. арасындағы қатынастың күрделі сәттерінде жүр. Шегініс­тер мен ішкі ой ұштасуы шығарманы психологиялық деңгейге көтереді.

«Өмір мерекелер мен кере­меттер  күтуден  тұрады!»  деп бас­талатын  алғашқы беттен, он алты жастағы ару көңілі мен жұтаң тұрмыс арасындағы қатқыл контраст – ерек баян есігін ашқаныңды аңғартады. «...Осы біртүрлі адамның жасы қаншада: отыз, қырық, мүмкін одан да кәрі... Осындай көңілсіз күндері немесе күңгірт кештерде ол кейде кәудіреген шал сияқты ілбіп келе жатады,­ кейде жап-жас жігіт, кейде бала сияқты қызық әсер қалдырады. Сондайда, әнебір таяқ­ты жай әшейін, ойын үшін немесе әлдебір жұмбақ сәнге бола ұстап жүр ме дейсің. Әсіресе, ол анау ақ құмның басына көтерілгенінде, мектеп терезесі тұсында «сұрақ белгісі және леп белгісі» аралығындағы түсініксіз бір белгі теңселіп тұрады...» (5-б). Осы бір қысқа ғана мәтін талай жайтты айтып тұр, жалпы адам баласының өмірін таңбаға көшірсек – сұрақ белгісі мен леп белгісінен тұратыны анық, ал Медеттің тағдыры  болса осы белгілер аралығы, яғни  қарама-қайшылықтар әлемі екенін  автор шығарманың басында-ақ осылайша, мәтін астарында­ жеткізеді. Ал, біз тірек нүктесі атап отырған Ақшағыл басындағы Медеттің халі «екі белгінің арасындағы» күй. Иә, Медеттің туған­ жер, атамекенге деген махаббаты­ мен теңізге қасірет әкелген адал сенімі туралы естеліктер, әке мен теңіз алдындағы қарыз бен парыз сезімі, дәрменсіздік пен келер күнге деген үміт және т.с.с. ақ құм басындағы кейіпкер жан дүниесінде сырты бүтін, іші әлемет дауыл­  түрінде  өтіп жатыр...

Үшіншіден, психологиялық бейнелеудің тура  түрі – бұл кейіп­кердің жан дүниесін көркемдік таным тұрғысынан танып-білу, яғни ішкі сөз, өзді-өзі қағытпа, өзін-өзі бақылау (самоанализ), ойша елестету, ішкі монолог, еске алу және елестету, т.б. арқылы психологиялық талдау жасау екені, ішкі монологтың (іштей ойлау, кейіпкердің өзін-өзі саналауы, ой ағысы) қызметі адам психологиясының ішкі иірімдерін, күрделі де терең ойлау жүйесін, сана-сезім арпалыс­та­рын ашу екені белгілі. Иә, ішкі монологтың көркемдік қызметі – адам жанының сырт көзге бай­қа­ла бермейтін ішкі «қоймаларын», құпия-қалтарыстарын, жұмбақ сырларын шынайы да сенімді бейнелей білуде. Л.Толс­той шығармаш­ылығында мол кездесетін ішкі монологтың көркемдік жұрнақтары болып табылатын көпүнділік, екіұдайлық, екі дауыс­ты сөз, ішкі диалог, адам ішіндегі адам және т.б. дегендерді С.Жұбатырұлы өз кестесіне салады.­ Сөйтеді де Сайтан Сұрақ, Татты Қанжар, Қара Шеңгел, Виадос және т.с.с. эфемерлі, бірақ жан, діл үшін жегі күштерді сонау тағдыр шындығының көр­кем­дікте ашылуына кілт етеді. (Роман преамбуласындағы «алақұйын ексімдер, апаттай күрт, алаңжарлы күй» – ойлы пенде үшін соның халі). Медеттің ойы мен тірлігінде ширыққан жайттар сол елес-естел­іктерді дербес кейіп­кер деңгейіне көтереді. Мысалға жүгіне­лік: «Ауыл алдындағы сор ұлтанда­, тәңірі де ұмытып кеткен секілді үш кеме-қаңқа сорайып, көкке бой созады. Осы суреттің бірі дәл өзінің терезесінің алдында үнемі көзге ұрып тұрар еді. «Қасірет декора­циясы!» Қыңыр қисын қиюластырып  келтірген, кәдімгі  тағдыр  тәлкегі.

«Өлме, Сайтан Сұрақ! Сен бекер­ айтпайсың!..» (1-к, 15-б) Немесе: «Кеше Арал екі жүйе шарпысқан ұлы майданға «аталған бозқасқа» еді (бұл ақиқат мұның жүрегінде!), енді бүгін пайда, шен-шекпен жолында көрінген тақым басқан құлаторы. («Сорлы, Арал! – деген Сайтан Сұрақ кенет бас көтеріп, – Сенің қай күнің артық еді: кешегі қасиет­ті құрбандық миссияң ба, әлде мына, көрінген жайдақ мінген мәстек халің  бе  енді?»). (1-к, 85-б.). Кей оқырманның шығарма сюжетінде «адасу» сезімі де осынау елес-естеліктер ойыны, азапты ой-сарап, ащы шындықтар сотының бірде жымдаса өріліп, бірде сан-саққа тарау­лануында ма? Ал мұндайсыз шығар­­ма жабы тартқан болар еді...

Шығарма сюжеті мен композициясының ерекшелігі «роман оқуға қиын, сюжеттік желілері тым күрделі» деген сөзге сеп екен. Әсте де олай емес. Роман композициясы мен сюжетінің қалып­тасқан әдеттегі стандарттардан оқшаулау табиғаты себеп осыған. Сонау  жылдары Ш.Айтматовтың «Жанпида»  романы өмірге келген­ тұста кей оқырман, «абайлап отырмаса, оқиға желісінен айрылып қалғандай екенсің» дейтін. Бұл заңғар жазушының екі желіні қос өрім қылып, қабат өрбітуін қабылдау қиындығынан туған еді. Ал «Абыржыға» келер болсақ, мұнда екі емес, бірнеше желі қабат тартылады. Барлығы басты тұлға жанында жүлгеленіп, бүкіл ой, оқиға ақ құм, Арал сортаңы үстінде тоғысып-тарап отырады. Біздің оқырман, көбіне, оқиға қуалап, сюжет соқпағын шиырлағанды жақсы көреді. Мына жолы да оқиға күту болғаны даусыз. Бір себеп, С.Жұбатырұлы шығармашылығын білетін жұрт оның бұған дейінгі «Алыстағы аралдар», «Жасыл сағым», «Тамұқ төріндегі қазына», «Бумеранг» хикаяттарында талай шым-шытырық оқиғаларға қаныққан ғой. Ал, мына жол басқа: автор негізгі міндетті ой иірімі мен ішкі ырғаққа жүктеп, сол арқылы бітімі бөлек, құйылысы кесек көркемдікке келеді. Көркем шығар­маны өмірдің айшықты бейнеленуі, яғни өмір шынды­ғының көркем шындыққа айналуы десек, бір ескеретін жайт: өмір тек  ғана ширыққан шым-шытырық оқиғалар тізбегінен, «шауып ал, тартып ал» ниеттерден тұрмайды. Анығы, қалыпты өмір байыпты, байырқалы ауанды қалайды. Автордың осындай «натуралді» өмірді натурализмге ұрындырмай үш кітап бойы (әсіресе, алғашқы екі кітап) алып жүруі – бір тәуекелді тірлік. Міне, стандарттар үрдісін  анық  тәрк  ету  бұл!

«Абыржы» романындағы өзіндік бір жайт – бөлімдердің, тараул­ар мен тараушалардың өзгеше табиғаты. Мәселен, «Тымырсық ауылдың тұрғындары» атты тарау «Құлжұмыр», «Абыралы», «Өрдәш («Масаң-қайғы»)», «Каримолда (партеец)» «Серман (Бознөкер)», «Айғара (ауыл ағасы)», «...және басқалар» атты бірнеше тараушадан тұрады. Үшінші кітаптағы «Үлкен Қаланың үмбеттері» де сондай. Әлгі тараушаларда  кейіпкерлер  бір-бір  эпизодта көрсетіліп, олар та­би­ғатынан типтік детальдар беріледі. Бұл – көпсөзділікке ұрынбауды мақсат етуден алынған тәсіл. Сәтті шешім. Шығармада Дүрия-кейуана, америкадағы креол сұлуы Амелия, мұңды ке­ліншек Іңкәр және жоғарыда аталатын кейіпкерлер бірде қанық, бірде штрихпен, бірде анық, бірде мәтін астарында тұтас бір көркем әлем жасай, ансамбль құрайды.

1970-90-жылдар қазақ прозасының жанрлық түрлерімен қоса, тақырыптық, ішкі құрылымдық жағынан құнарланып, молайған шағы болғаны, көбі философиялық ой-толғамдарға ден қойғаны белгілі. «Абыржы» романын сол ізденістердің бірегей жалғасы деп қарауға болады. Өмір туралы толғаныстар, Арал, туған жер, атамекен жайлы қайшыласқан ойлардың пәлсапалық арнасы әр кейіпкер, характер болмысымен алуан реңкте ойнауы – автордың бірегей қолтаңба, шығармашылық даралығы қалыптасқан қаламгер екендігін аңғартады. Басқасын айтпағанның өзінде, бір ғана Бөкен жұрты, ондағы тіршілік жөнін Құлжұмыр «әпендіше» пайымдаса, жас ару Диана «ең сұрқай күні де мереке мен қызық күтеді», ал ақын Сағымжан өз қасіретінде толғайды. Бәрінің сыртында дүрмекі сана-сезім­ді  тітіркендіре, шошындыра,­ Медет­тің «нейтральді», тіпті, кертар­тпа, мұздай тұғыры тұр. («Аласталғ­ан Алитет» кітабының бір  елес  беруі  тегін емес...)

Иә, шығарма табиғаты өзіндік соны ізге ие. Бұл – тек С.Жұбатырұлына тән жол, мұны тек бір жазушы жетістігі ғана емес, қазақ көркем прозасының соны қадамы деп те қарау мақұл сияқты. Әрине, әр жазушының өзіндік жол іздеуі, өз көркемдік әлемін ашуы – шығармашылық қажеті­лік. «...Бізге талантының қуатымен таңдандыратын, бірақ мін­детті түрде әр алуан жазушылар керек. Әдебиеттің ұлылығы, терең­дігі мен жарқылы ой мен түйсіктің әртүрлілігінен туындап жатады. Жерден тек ғана қара бидай  бер  немесе тек  ғана қайың бер  деп талап етуге болмайды», дейді орыстың аса талантты қаламгері К.Паустовский. Міне, сол «ой мен түйсіктің әртүрлілігі­нен туындап жатқан» бірегейлікті «Абыржы» романынан көреміз.

Біз байқаған ерекшеліктер қарамын тізбелеу, көп көлем, уақыт қажет етпек, сондықтан, өз ойымызды біршама дәйектеуге үзіп-жұлып алынған мысалдар жарар деген ойдамыз. Шығармаға арналып мақалалар жазылып, пікірлер айтылып жатыр. «Абыржы» деген – теңіз жұртына ертеден белгілі, әсіресе, балықшы қауым үшін төл сөз. «Абыржу» етістігі – әбігерлену, абдыру, сасу, құты қашу мағынасында десек, ол осы Арал маңы жұртына нақты­ мәнді зат есім. Кей пікірлерде айты­лғандай, роман «Кеңес өкіметі құлап, саяси жүйе алмасқан, ел жаңа жолға бағыт алған тұстағы шындықтарды ашуға арналға­ны» рас. Дегенмен, бұл кітап аты, көтерген жүгінің бір ғана қыры. Абыржы – табиғат адамдарды ойлануға, келер күні мен тіршілігін пайымдауға келтіретін кезең; дүниенің сілкініп-өзгеру  уақыты, теңіздің мұз құр­сауынан босай бастаған, әлде, ызғар есіп, қаймақтаған мұздың жас сәбидің еңбегіндей былқылдап қатқан тұсы, әйтеуір, табиғаттың алакүлік өліара кезі; мал баққан ел тіршілік шеңберін жайлауға шығу, қыстауға келуімен қайыр­са, балықшы жұрт абыржыдан аман өтуімен, ер-азамат әулетті жүдетпей, өз міндетін атқара алған-алмағанына есеп бере­тін тұс. Бұл азамат алдындағы сыни мезгіл. Міне, осы жайттарды бір арнаға тоғыстырған жазушы теңіз бойындағы абыржы кезеңді Медет Мөңкеұлы мен басқа да кейіпкерлер басындағы құбылыстармен бір өрімде қарап, ел өміріндегі «абыржы тұс» пен адамзат басындағы «абыржы кезең» проблемасын адамның табиғат, қоғам, өмір алдындағы жауапкершілігі тұрғысынан бейнелейді.

Романдағы бүкіл ойдың, оқи­ғаның бір тайқазанда тоғысатын тұсы, кең ауқымда – Арал, ал шағын көлемде – Бөкен ауылы, одан да нақтырақ, ауыл жанындағы жал құм – Ақшағыл. Мұны тіпті шығарманың тірек нүктесі деуге де болады. Көркемдікке баста­р ырғақ, яки, проза ырғағы да осы Ақшағылдан басталады. «Бөкен. Ақшағыл. Құм етегінде­ – мына өңкиген өлі толқыннан бытырай қашқан шабақтардай шашыраған ауыл үйлері. Ентелеген құм тасқынға қасқая қарап, шетте жалғыз  қалған еңселі ғимарат – осы ауылдың  мектебі. Бірі – табиғат, бірі – адам қолымен­ жасалған  екі биік. Олар болмыстың түрлі қисындарымен  бір-біріне тым тақап кеп, маңдай тіресе­ кідірістеп қалған сияқты. Әсіресе, ақ шағыл...­ Қаңғыбас ұлдың Фудзиі... Құлжұмыр-фило­софтың  «Кіндіктөбесі».  Бұл – Бөкен...» (15-б).  Мәтіннің  өзі  айтып  тұрғандай  Ақшағыл – Медетт­ің  Фудзиі, Құлжұмырдың  Ғалам  Кіндігі. Анығы, ар сотына түскен жан дүниенің «Гольгофасы».­

Өткенін аңсаған кәрі де, өмірден теперіш көрген біреу де, ақын Сағынжан да, мектеп бітіруші жастар да осы төбе басында тоғысады. Тіпті, бас кейіпкер Медеттің теңізде өлсем деген­ ниеті жүзеге аспай, ажал әкелген соққыны да дәл осы Ақшағылда алады. Роман басында бет ашқан осы ақ құм үш кітаптың өне-бойын қуалай отырып, шығарманың соңғы нүктесін қойдырады. Үш томдықтың өрлік тірегі. Осы тұста еске Ш.Айтматовтың «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбеті» түседі. Бірақ романдағы ырғақ, мұндағы кесте бөлек, ол – С.Жұбатыр­ұлының өзіне тән өрнек. Жазушының уақыт шындығын шынайы, тіпті, аяусыз ашуы ішкі психологиялық драматизмге толы. Алайда осы тайға таңба басқандай анық көріне бермейді, мұны таразылауды жазушы оқырманға қалдырады. Яғни, ойға шақырады. Мысалы, кей ретте­ болмаса, автор адам  сүгіретін салмайды: сөз бар, мінез бар, тағдыр бар, ал тұлғаның бет-әлпеті, киімі, жүріс-тұрысы оқырман фантазиясына аманат: өзің ұқсат, жан-жағыңа қара, өзің таны. Мәтін астарында жазушы перзент ретінде туған жер алдындағы парызың мен қарызыңды өтей алдың ба және адам баласы ретінде хал үстінде жатқан табиғат-анаға не қайтарым, не көмек бере алдың? - деген өзегіңе от тастар жаһандық, мәңгілік сауалға құрылған ойды көркем әдіптейді.  Адамдар  арасындағы, адам-табиғат-қоғам  арасындағы,  жан  дүниедегі қордалы  хал – көп жайттар пілтесі. Бір ширыққан тұс – Медеттің жындыханаға түсуі (2-к.). Қым-қуыт тіршіліктен оқшау (әлде, сонан қашқан), бетон қоршауға түскен тағдырлар. Сол жындыханада («Қиялистанда») да небір ойлар бары, онда да қоғам мүшелері өмір сүріп жатқаны, онда да сатқындық, аярлық, достық және т.с.с. бары, тіпті, ондағылардың қоршау сыртындағылардың кей істеріне қарап, «жынды емес пе?» дейтіні Медет көзінде өрбиді. «Қауым тұрғындарының бірі –Тағабай. Жұрттың ең пысығы, ең ақылдысы – бір өзі. (Кім білген, солай болса, солай да шығар). Езуінде үнемі мәнді күлкі. «Қазандағы сорпа, қайнаған сүтке түсіп кетпей, қалай аман-есен мұнда жеткені белгісіз адам» (Нуһы пікірі). Атымтай айтса, дүниенің бәрі сырқат болуы мүмкін, тек Тағабай емес. Оның бар ауруы – «саясат». Сірә, бұл жігітке мына «Қиялистан-мекемеден» «сары анықтамалық» деген қағаз керек. Ол, сірә, бұрынғы өмірде бір жаман іс істеген...» (2-к, 249-250 б.б.). Бұл – біз айтқан пікірге бір ғана дәйек.

Роман бітіміндегі тағы бір ерекшелік – тыныс­ белгілердің де көркемдікке қызмет етуі. Әрине, бұл ой көркем шығармадағы эксперссивті-эмоци­ялық ұғымға қатысты емес, бұл – тіпті басқа мәселе. Түрлі тарау таңбалар мен тосындау­ алынған әртүрлі жұлдызшалар сол, прозадағы ырғақ пен қат-қабат өрілген бірегей композицияны көтере қызмет етіп тұр. Тырнақшалар, жақшалар, әсіресе, көпнүктелер көп. Олардан арғы ойларды өзің жүлгелей бересің... Көп ой, көп пікір сол жақшалар мен тырнақшалар ішінде. Мұны, ғылым метафизикалық не сюрреал­истікке жатқызатын дүние өкілдері, біз жоғарыда тоқталған эфемерлі (бірақ күшті) Сайтан­ Сұрақ, Виадос, Татты Қанжар, Қара Шеңгел және т.с. факторына сыймай қалған ой ағыны ма деген сауал тууы мүмкін. Жоқ, олай емес, мұны жазушының өзіндік өрнегі ретінде қарау қажет, өйткені, қазақ прозасында баяндаудың түрлі тәсілдері бар десек те, осы романдағыдай кейіпкердің ішкі жан дүниесін ашуда бірнеше амал-әдісті қатар қолдану кездесе бермей­ді. Сол сияқты, Сервантес, әл-Фараби, Абай және грек ойшылдары үндерімен байланыстыра баяндалатын тұстар бар. Бас кейіпкердің іш әлемін, дүниетанымын, өмірлік ұста­нымы­н ашуға сеп тағы бір тәсіл.

Кейіпкерлер галереясына жаңа бейне қосу көркем туынды құндылығының бір белгісі десек­, «Абыржы» романы қазақ әдебиетінің образдар сахнасына бірнеше тұлға әкелген туынды. Солар­дың бірі – бас кейіпкер Медет болса, екіншісі – Құлжұмыр. Жаны – таза, мінезі – бала, келер күнге үміт, барлық жанға сеніммен қарайтын осы бір адам – нағыз ауыл қазағы, көнеден қалған бір жұрнақ сынды.  Ол бәлкім, бүгінгінің жалба тонды Аязбиі? Елдің елдігі, ерлерді­ң ерлігі, шешендер ділмарлығы, теңіздің шалқу  кезі және т.с.с. осы Құлжұмыр  тұлғасында  ашылады. Бұл Медет бейнесін әрлендіре толықтырып  тұрған  образ, шығармада сом­далуы – қалам иесінің шеберлігі.

«– ...Дүрия  жеңеше, домбырам қайда? - дейді  Құлжұмыр  үні  мұнар  арасынан.

– Ошаққа түсіп кетпесе, жатқан шығар, бала-ау. Күлдік табақ жақты қарашы.

Әпенді сонау «домбырасын» қолына алған болуы керек, қу тақтайды тарс-тарс қаққан ырғақ­ты үн жетті. Қылғынып шыққан жарықшақ мақам, бас-аяғы өзіне ғана мәлім бір гөй-гөй. «Қазақпыз ғой, - дейді мұндайда «Жұмырағасы», – ал қазекем кілең өлеңмен сөз саптаған...»  (1-кітап, 9-б.). Домбыра – қайық ескегі­нің қалағы. Теңіз де жоқ, қайық та жоқ, ескек те жоқ, тек қалақ қалған. Ол домбыра боп мұң шертеді, ол теңізін іздеп, гөй-гөй үн қатады. Олай еді, бұлай еді деп, ұзынсонар баянға түсіп алмай­, бір ғана «сызықпен» «нақышты сурет» салудың бір мысалы осы. Немесе:

«Қараша қатқағында даланың салқыны сүйектен өтеді.

– Кеше, әлгі Біразелдің кеносын көрсетіп жатыр екен...

Тосын үнге жалт қарап, күндегі алқам-салқам­ «Жұмырағасын» қайта көрді бұл.

– «Бразилия» деген дұрыс.

– Иә-иә, сол Біразелінің  теңізін  басып  алған­  сүгірет. Ақұдай, баяғы біздің су ма дедім! Тіпті, бір жерін Ұзынқайырдың қосалқасы ма деп қалғаным..­.

... – Жұмыраға, сен жаңа құм басында не айттың?!

– Ә-ә. Ол бір, өткеннің кебі... Сен маған мынаны айт, бала! - деді кенет бір торығыңқы үмітте. – О жерден бұ жердің, о судан бұ судың қай жері кем еді? Оны хан көтеріп, сүгіретін ит өлгеннен бізге әкеліп әспеттегенде, бұ байғұсты­ сонша басқа тебетіндей не жазығы болды қас­қаның?!» (1-к, 57-58-б.б.). Міне, осы қарапайым­ халық әлпетінде Құлжұмыр тұлғасы биік көте­ріледі. Медет болмысын сәбидей аңғалдықта айшық­тай түсетін ол оқырман жанына тым жақын­. Медет қара қайықпен ұлы теңізге шыққанда қатерлі жолға бас тігіп, қасына еретін сол... Сосын, Өрен-бала...

Романдағы Гапон-орыс бейнесі де көп сырда­н хабар берер образ. Туыстары, әйелі, бала-шағасы Ресейге қоныс аударып, Аралда жалғыз өзі ғана қалған орыс ұлтының өкілі арқылы­ автор туған жерге деген махаббат, Ресейд­ің Аралға көмек қолын созудан бас тартуы­, ұлттар арасындағы қарым-қатынастың адамгершілік мәселесін қозғайды. Үш кітаптан тұратын шығармасына бас кейіпкер Медет Мөңкеұлы бейнесін арқау ете, көркем сөз өрмегін төккен қаламгер қоғамдық, әлеуметтік, тұрмыстық, жағдайлардың пәлсапалық, адамгершілік, моральдық, ұлттық сипаттарын көр­кем талдауға барып, өзіндік дүниетаным мен бейнелі кеңістіктен ой қозғайды. Бас кейіпкер шығарма басында Аралды құрбан етушілер сапын­да болды. Бұл – мәселенің бергі жағы, ал арғы тереңінде ол – адам, әділдік, адалдық жоқшы­сы, іздеушісі. Адасқақ жолдың құрбаны. Мұны Сағынжан дос түсінді, оның саясаттың, биліктің құрбаны болғанын ұқты. Медеттің бәрін тастап, Аралға, Бөкенге келуі де, оның теңізде өлмек болуы да тығырықтағы таза адам жаны­ның­ жол іздеу арпалысы. Ол әлсіз, өмір бора­нына қарсы тұра алмас босбелбеу жан емес, керіс­інше өзіндік  ұстанымы  бар  адам.

«Адасып жүріп, ар жоқшысына айналу...». Рәсуа өмір, алданған ізгілік, «қайран жаны зұлымдыққа шұлғау болған» тағдырдың соңғы өмір сәулесі. «Құлжұмырды (өткенді), Өренді (ертеңді) сақтаңдаршы!» деген Медет өсиеті – осы үміттің соңғы үні. Ол жаңа ақиқатқа дабырамен емес, азапты арылу жолымен келген еді. Мұнан арғы өмір біртоға жан үшін ашық болардай еді. Бірақ... Мойындағы пенделік қарыздар сұрауы тым ауыр болып шықты...

Әлем әдебиетінде ойды негізді, деректі, дәйекті уәждермен жеткізу, батыл болжамдар жасау мысалдары аз емес. Бұл әдебиеттің қоғамға, адамзат дамуына бағыт-бағдар сілтеу мисиясы. Қазіргі көптеген техникалық, ғылыми­ һәм рухани жетістіктеріміз алдымен көркем шығар­маларда баяндалған мысалы көп. Міне, осы үлгі «Абыржы» романында да бар. Соның бірі – Ғалам-Кіндікті іздеу. Ойлар Сүйінтай-матема­тик пен оның «Қара дәптері» арқылы айтылы­п, санаңа салмақ салады, қисынды ойды қозғайды. Сүйінтай, Өрен бейнесімен қабат өрілетін Ғалам-кіндік жобасы, Топансу оқиғасы, Нұх пайғамбар хақындағы жорамал, Арал апатының ғарыштық себебін іздеу де өз алдына бір пәлсапалық жүйе түзейді. Автордың келер ұрпақ бейнесін Өрен мен өлі жағалаудағы ақ көйлекті бала арқылы жеткізуі де астарлы. Мәтін астарында ел болашағы, ұлт перспектива­сының көкейтесті мәселелері жатыр.

«Абыржыда» көп ой бар. Қысқа сөзде қамту қиын. Бір мақала көлемінде кей ойды қысқаша тұжырдық. Шығарманың стилі жатық, жинақы. Оған қоса ұлттық мінез болмысы төңірегіндегі көркемдік ізденістер мен салиқалы ойлардың Арал және адам тағдырымен тоғысуы романды ерекше көркем ырғаққа әкелген. Біздің мақаланы «Ғасырлар тоғысындағы Арал мен адам тағдыры» деп атауымыз да сонан. Арал проблемасын бүкіл адамзат проблемасы деңгейіне көтерген «Абыржы» романы қазақ прозасының үлкен жетістігі екені анық.

Алдажар  ӘБІЛОВ,

филология  ғылымдарының  кандидаты

 

Пікір қалдыру


Қорғаныш коды
Жаңарту

Күнтізбе

< Маусым 2018 >
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 22 23 24
25 26 27 28 29 30  

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары