Оқырманнан хат
Келіп кету есептегіші








![]() | Бүгін | 683 |
![]() | Кеше | 2076 |
![]() | Осы аптада | 683 |
![]() | Өткен аптада | 15302 |
![]() | Осы айда | 36173 |
![]() | Өткен айда | 52979 |
![]() | Бәрі | 3573193 |
“ЕҢІРЕП ЕҢБЕК ЕТКЕНДЕР” немесе жанардағы жасанды жас |
12.07.2018 12:46 |
Жоқтау – жылап-сықтау емес. Жоқтау – қазақ халқының дәстүрлі ғұрыптық салты, тұрмыс-салт жырларының бір түрі. Десе де, мұнан бірнеше ай бұрын бұрынғы салттың қазір қызмет түріне айналғанын естідім. Иә, естімеген елде көп. Еңіреп те “еңбек” етуге болады екен. Бұл жеке басыма қатты әсер етті. Жанарынан жасанды жасын шығаратындар жайлы жазуға сол кезде қамданған едім. Сәті енді ғана түскендей... Естуімізше, елімізде марқұмды жоқтауға тапсырыс беретіндер де, тапсырыс алатындар да көбейіп келеді. Әрине, мұны дұрыс емес деп түбегейлі шешім шығара алмаймыз. Тиісінше, дұрыс деп қос қолдап қолдау да ыңғайсыз екен. “Жалданып жоқтау айтатындарды көргенде, естігенде марқұмның жақын танысы ма дерсіз” дейді көзкөргендер. Айтпақшы, жоқтаушылардың жұмысына алатын ақысы да қомақты. Тіпті, марқұмның атақ-абыройына байланысты қызметінің бағасы арта беретін көрінеді. Дәстүрдің де озығы мен тозығы бар. Ал, “оны ұстанатындардың орны ауысса, қалай болады екен?” деген ой бізге маза бермеді. “Ағайынның азары бар да, безері жоқ” десек, дәстүрді “дамытуға” атсалысқандарға кейбірінің өкпесі қара қазандай болып тұр. “Басыңнан өтпеген соң біле алмайсың” деп жатамыз. Жаттың қайғысын жанына жақын алып, болмаса да ұқсата алып жүрген кісілердікі шынында еңбек пе, жоқ әлде салымсыз ашылған бизнестің сұранысқа толы шағы ма? Дәстүріміз өзгеріске түсті ме, әлде дамыды ма, біз де білмей далмыз. Біздің мақсатымыз қоғамды қақ жаратын пікір айтып, ой таластыру емес, керісінше ой салу. Сондықтан, тақырыпқа сай Сіздің де айтарыңыз, көзқарасыңыз болса, мархаббат! Рыскелді ЖАХМАН
Сіз не дейсіз?
Қалила ОМАРОВ, кинорежиссер-оператор: - Қазақ руханиятында жоқтау – атам заманнан бар дүние. Бізге тарихтан жеткен әсіресе, жыр-дастандарда басты кейіпкерді жоқтау көп кездеседі. Оның бергі жағында Абайдың балаларын жоқтағаны есте шығар. Және бұл – қазақтың Ислам дініне дейінгі тарихында бар дәстүр. Былай қарасаңыз, ешкімді құр жоқтамайды. Жоқтауда сол тұлғаның образы жасалынады. Ол кісінің әулетке, елге жасаған еңбегі айтылып, портретін жасайды. Жоқтау – адамды тәрбиелейтін құрал. Егер сен мыңғырған малы бар, бірақ елге пайдасы жоқ адам болсаң, жоқтауыңда да сол айтылмақ. Сыр бойында бұл дәстүр үзілген емес. Кейбір қалаларда арнайы мамандар тапсырыспен жоқтау айтады. Қазір көбі сыртқы саяси ықпалды күштердің себеп болуынан өзгеріске ұшырады. Мен өз басым жоқтауды шығармашылық таланты бар адамдардың айтқанын құп көремін. Бірақ, ол адамды азғыратын деңгейге жетпеуі керек. Демек, құр мақтау емес. Ол адам өмірде қандай болды, жоқтау да сол деңгейде айтылсын. Мұны халық ауыз әдебиетінің туындысы деп қарайтын болсақ, жоқтаудың уақытпен бірге дамуына да болады. Оны айыптаудың еш реті жоқ. Қазақ тойын қалай тойлайды, сол секілді қайғысында да жоқтаудың айтылуын дәстүрден бөлектей алмаймыз.
Сара ТАЙМАНОВА, филология ғылымдарының кандидаты: - Қоғамның дамуына байланысты жоқтау айту дәстүріміздің көмескіленіп келе жатқаны рас. Жоқтау да өнер ғой. Оның да әуені, мақамы, керек болса ұйқасы болады. Жақын туысын жоқтау біреудің қолынан келмейтін болар, мүмкін екіншісінің жақындары жоқ шығар. Әрине, біз дәстүрді жоққа шығара алмаймыз. Кейбір жағдайда ең жақыны іштегі жан жарасын сыртқа шығара алмауы мүмкін. Іштей күрсінеді, жылайды, іздейді, жоқтайды деген секілді. Қолынан келген адам өзі айтады, қолынан келмегені амалсыздан арнайы айтатындардың көмегіне жүгінеді. Бұл – қазақтың салт-дәстүрі. Өз басым ешқандай қарсылығым жоқ. Десе де, жақынына өзі жоқтау айтқандай болмайды ғой. Бұдабай ақынның “Әйекені жоқтауы” атты шығармасы тарихтан белгілі. Қарап отырсаңыз, бұл жоқтау екі рулы елдің арасында дипломатиялық қарым-қатынасты реттеген, бітімгерлікке шақырған. Сонда “Әйекені өлтірген де халық, тірілткен де халық” демеуші ме еді? Міне, жоқтаудың рөлі. Жоқтауда синкретизм бар. Яғни, бұл бірнеше өнердің қосындысы. Сондықтан да оны дамыту, жаңғырту, жоғалтпау – бүгінгі ұрпақтың міндеті деп білемін.
Болатбек ҰЛАСҚАНҰЛЫ, “Ақмешіт-Сырдария” орталық мешітінің бас имамы: - “Әби Ханифа (р.а) мәзһабында қайтыс болған кісіні жоқтап, өкіріп жылау – харам, қатты дауыс көтермей жылауға болады. Мәйіттің бар жақсылығын санамалап, өксіп, бетін тырнап, киімін жыртып немесе шашын жұлып, шариғатқа қарсы сөздер айтып жылауға болмайды”. Себебі пайғамбарымыз (с.а.у): “Біреу қайтыс болғанда бетін ұрғылап, тырнап, үстіндегі киімін жыртып және надандық дәуіріндегі айғайлап жылаған адам бізден емес”, - деп айтқан. Сонымен қатар, кейбір өңірлерде марқұмды жоқтауға арнайы әйелдерді жалдайды. Сөйтіп олар тапсырыс бойынша өлікті қырық күн жоқтап, алдын ала келіскен ақыларын алып кетеді. Бұл шариғатта жоқ, дінге қолдан енгізілген істердің қатарына жатады. |