Өзекті мәселелер

  • 13.12.18

    Жазылған  жайттың  жалғасы

    Қоғамдағы кейбір жайттарға көңілі толмаған, мәселесіне тиісті орындардан мардымды жауап ала алмаған­ жандардың бір ықпалы тиер деп БАҚ-қа үміт артып келетіні бар. Жалпы, бұқаралық ақпарат құралдарының мақсаты мен міндеттері, онда қызмет ететін журналистердің басты қызметі – қоғам үшін маңызды ақпарат іздеу, табу, аны...

    Толығырақ...
  • 13.12.18

    Анар   РАХЫМЖАНОВА,

    желтоқсан  оқиғасына  қатысушы:

    «Қазақстан Компартиясының бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаев орнынан алынып, сол қызметке Г.Колбин таға...

    Толығырақ...
  • 13.12.18

    Қай күні ақын Ұлықбек Бекұзақұлы «Ит жылы дүниеге келгендіктен бір-бірімен «ырылдасып» ойнап, әзілдің түбін түсірген (және түсіретін – ред.) «Сырдың бес серісі, бес перісі» атанған 58-дер: Бекұзақ Тәңірбергенов, Сұраған Мырзаев, Ниятолла Раманқұлов, Серік Ыдырысов және Оңталап Нұрмахановтар болатын. Бұлардың соңғы екеуінен басқасы «түйе қарап» кетті...» деп жазған еді. Уақытынд...

    Толығырақ...
  • 13.12.18

    Ерғали  АБДУЛЛА

    ШҮКІРШІЛІК

    «Түн баласы дөңбекшіп, олай бір аунап, былай бір аунап, ұйықтай алмай, көрер таңды көзіммен атырамын» дейді де отырады бір парақор. Құлқындап өліп жүрсе де, жүрегінің арғы бір терең, қапас түкпірінде ұят пен ардың болмашы бір қалдықтары, тозаңдары қалғанына да әйтеу...

    Толығырақ...
  • 13.12.18

    Елбасының жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауы тың мәселелерге толы. Әрбір Жолдау мазмұны қоғам дамуы үшін өте маңызды. Барлық жұмыстар тек билік өкілдеріне ғана емес, ел азаматтарына да үлкен міндеттер жүктейді.

    Осы жылдың күзіндегі Жолдауда мемлекет басшысы келесі жылы «Педагог мәртебесі туралы» заңды әзірлеп, қабылдау қажеттілігі туралы айтқан болатын. Ұлт көшбасшысы аталмыш заң мұғ...

    Толығырақ...
ТЕҢІЗ ТАРЛАНДАРЫНЫҢ ТӨРТІНШІ ТОЙЫ
19.07.2018 12:56

Бір топ әріптестермен ас-суымызды түгел сайлап, қамданып, Қамбашқа қарай аттандық. Қараңғы түспей көлдің жанынан табылып, суына сүңгідік. Шомылып, судан шат-шадыман көңіл күйде шықтық. Мағжан ақынның “Толқынды толқын қуады, Толқыннан толқын туады” дегенін көзімізбен көріп, бейнелі түрдегі суреттеуіне қайта-қайта қызығумен болдым. Тіпті, ақынның бізден ерте туып, бұл сөзді менен бұрын айтып кеткенін кәдімгідей қызғанғандаймын. Ұшы-қиыры жоқ секілді көрінген көлге етене жақын орналасып, алысқа көз тастап тұрмын. Ешбір географияда жоқ, ешбір геометриямен өлшенбейтіндей. Кеңістіктің де өлшемі барына миым жеңістік бермеуді бастап кеткен. Жо-жоқ, алыстан бірдеңе қарауытатындай. Кеме ме, қайық па? “Сағымдай бұлдыраған бұ не болды екен?”. Ойым осы жайтқа қатысты ой-қырды түгел шарлап тұр.

Балақ түріп, балтырға дейін су кештім. Арғы беттен көз алмай, қаққан қазықтай сіресіп  тағы  қалдым. Үлкендерден естігенім, ол жер Қамбар батырдың жерленген жері екен. Иә, кәдімгі қара қасқа атты, біз әдебиеттен оқыған Қамбар батырдың. Мұны бірінші рет естіп, таңғалдым. Осылайша, Қамбаш деген аты Қазақстанды кезіп жүрген, Арал ауданы, Қамыстыбас елді мекенінде орналасқан суы көкпеңбек әрі мөп-мөлдір атақты көлге екінші мәрте жолым түсті. Алғаш рет 2015 жылы өңір балықшыларының I слетіне барған едім. Жарты ғасырдан соң жалғасын тапқан мерекенің сол уақыттағы ахуалын сезініп, жүрген аяққа жөргем ілінер деп, кезіккенін қаламға іліктіріп, ауасымен тыныстап қайтқан болатынмын. Бұл жолы бізге теңіз  тарландарының  төртінші тойына  ортақтасу  бақыты бұйырыпты.

Елбасы  Нұрсұлтан Назарбаевтың “Мен Аралға кө­мек­тесемін деген арманыма жетке­німе қуаныштымын” деген сөзі барша аралдық­тардың жүрегіне мәңгілікке жазылып, жатталып қалды. Шынтуайтына келгенде, ол Аралды ғана емес, әлемді құтқарды, балықты  ғана емес, халықты құтқарды. Суын ғана қалпына келтірмеді, шуын да басты. Слет барысы­нда облыс әкімі: “Президенттің көмекшісі болып жүргенімде Мемлекет басшысының үстелінен екі құжатты көрдім. Ол Үкімет дайындаған “Қызылорда облысы­н тарату” және “Арал қазақтарын көшіру” туралы қаулы еді. Елбасы ешқай­сысына да келіскен жоқ. “Қасиетті, киелі  жер. Қандай  қиыншылық  бар болса да қолдаймыз” деді. Ол кезде мемлекетте ақша жоқ, айлық жоқ, зейнетақы жоқ, әлеуметтік төлем жоқ, инфляция 2400 пайыз. Дүние­жүзілік банктен займ алып, САРАТС­-тың бірінші кезеңі­не кірісіп кеткенбіз. Нәтижесін көрдіңіздер. Сондықтан балықшыларымыздың мәртебесін, қоғамдағы моральдық орнын көтеру үшін жаңа  жобаларды  іске асырып, осындай слеттерді өт­кізіп отырмыз. Арал балықшыларының еңбегін ештеңемен салыстыруға болмайды. Қыстыгүні мұздың үстіне шығып, мұздай суға салған қолын демімен жылытып жүрген адамдарды көргенде басымды иемін”, - деп ағынан жарылды. Әкім айтса, айт­қанындай  бар  ғой.

Слет барысында облыс әкімі алдымен балық шаруашылығының тарихына қа­тысты жәдігерлер мен балық өнімдерінің көрмесімен танысты­. Онда балықтың түр-түрі төбе көрсетіп, өңірдегі балық  өңдейтін зауыттар­дың өнімдері тү­гелімен  қойылды. Ал, балық шаруашылығына қатысты заттардан  жасалған  көрмеде балықшылардың қаптары,  ағаш сапты сүймен, зәкір, жертөле­ жанындағы ат шана, түйе шана, шығыр, үй ішін­дегі кемен­ің, қайықтың құрал-жабдықтары, майшам, маяк шам, қолшам, сүзе­кілері секілді жәдігерлерге жұрт­шылық  ерекше  таңданыспен  қарады.

- Көрменің төрінен орын алатын негізгі құнды зат шығыр­ деп аталады. Шығыр бұл – аталарымыздың ойлап, өмірге әкелген сол кездегі тың жаңалығы. Шығырды қыстыгүні мұздың үстіне алып барып­, жылым  тартқызатын болған. Яғни, шығырды түйеге жегеді, түйе оны айналдырып отырады. Осы арқылы, түйенің күшіне қарай 30-50 тоннаға дейін балықты мұз бетіне шығаратын болған. Осындай сырға толы көптеген заттар көрменің көрігін келтіреді деп ойлаймын, - деді Арал аудандық тарихи-өлкетану музейіне қарасты ба­лық­шылар музейінің меңгеру­шісі  Айбек  Медетбаев.

Бүгінде Арал теңізінен жылына 8 мың тонна балық ауланып, балық өнімдерін өңдейтін 8 зауыт жұмыс істеп тұр. Өңделген балықтары Ресей­, Грузия, Әзірбайжан, Дания, Польша мен Қытай елдеріне экспортталады. 2012 жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 8 есеге артты. 2018 жылдың І жартыжылдығында балық өнімдерін экспорттауда 32%-ға өсім бай­қалды. Соңғы 5  жылда аймақтағы балық аулау көр­сет­кіші 2 есеге артқан. 2013 жылдан бері балық өнімдерін өңдейтін 4 зауыт салынса, оның 4-еуі өнімдерін Еуропа елдеріне экспорттауға мүм­кіндік беретін еурокодқа ие. Бұл – ұғына білген адамға үлкен жетістік, маңдайға біткен  бақ.

- Сыр өңіріне әр келген сайын­  жақсы жаңалықтарды көзіміз шалады. Жаңа нысанд­ардың ашылуымен қатар, халықтың әлеуетін де, әлеуметін көтеру жағдайында да жаңа бастамаларға жолыға­мыз. Бүгін міне, балықшылар тойына келіп отырмыз. Балықшылардың қажырлы еңбегінің арқасында тек ғана алыс-жақын елдерге емес, Еуропа нарығына өнімімізді шығарып жатқан жайымыз бар. Сондықтан да, бүгінгі думан­ның жетістігі – халықтың есіл еңбегінің еленуі, тәуелс­іздік таңындағы алған орны деп білемін, - деді мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл.

Арал өңірі балықшыларының ІV слетіне облыс әкімі­нен өзге ҚР Парламент Мәжілісі депутаттары, Ауыл шарушылығы министрлі­гінің, Халықаралық Аралды құтқару қорының өкілдері, сала ардагерлері және Ақ­төбе, Жамбыл, Түркістан, Маңғ­ыстау облыстары мен Ресей Федерациясынан делегациялар келді. Естеріңізге сала кетейік, Ульяновск облысының Дмитровград қа­ласында Аралдың балығын өңдейтін зауыт салынған болат­ын.

“Елбасының бастама­сымен жүзеге асқан “Ғасыр жоба­сы” атанған Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау жобасы  аясында  атқары­лған  ауқымды  шаралар нәтиже­сінде,  Арал өңірінің ата­кәсібі – балық шаруашылығы  саласы жаңа деңгейге  көте­ріліп, қарқынды  дамуда. Қасиетті  Сыр  елі өзінің жер­асты байлығы – мұнай, уран, түрлі-түсті металдар, ақ күріші, төрт-түлік малымен бірге Арал балы­ғы­мен мақ­тана алатындай бере­кел­і, құтты мекенге ай­налуда. Көп жыл ұмыт бо­лып­, бүгін­де дәстүрге ай­нал­ға­н балықшылар сле­тінің негізгі мақсаты саланың жаңа замандағы алар орны жайлы ой салу, осы кәсіпті дамытудың жолдары туралы пікір алмасу” дей келе аймақ басшысы балық ша­руашылығының дамуына­ айрық­ша  үлес  қос­қан азаматтар мен еңбек ар­да­гер­леріне құрмет көрсе­тіп, ба­ғалы сыйлықт­ар  табыс етті. Өз кезегінде ауыл шаруашылығы министрлігі де балықшыларды құрмет грамота­сымен және медальдармен  марапаттады.

Слет жұмысын сахналандырылған қойылым да жандандыра түскендей. Көл жағасындағы кере­меттей диалог көп­шіліктің көңілінен шыққандай. Алтын балық жайлы  қойылымнан соң бірқатар  отандық эстрада жұлдыздарының  қатысуымен әннен шашу шашы­лып, концерттік бағдарламаға  ұласты.

Естеріңізде болса, ағымдағы жылдың нау­рызында Үкімет басшысы Бақытжан Сағын­таевтың  облысқа  жасаған сапар­ында  аймақтағы балық шаруашы­лығының жағдайы және Аралда өткен арнайы мәжілісте “Сырдария өзенінің арнасы­н реттеу және Арал  теңізінің  солтүстік бөлігін сақтау” (САРАТС­-2) жобасының екінші фазасының іске асырылу барысы кеңінен талқыланған болатын. Нәтижесінде САРАТС-2 жобасының екінші фазасының 4 компонентін республикалық бюджет есебінен іске асыру жөнінде шешім қабылданды. Қызылорда су тора­бын кешенді жөн­деу, Жалағаш, Қармақшы аудандарында өзеннің қорғаныс бөгеттерін нығайт­у және арнасын түзету, Қазалы ауданында Бірлік елді мекенінің тұсында көпір салу жұ­мыстары  басталып  кетті. Сонымен қатар, балықшылардың өтініші бо­йынша Көкарал бөгетін нығайту және “Қарашалаң” мен “Тұщы” көлде­рінің тұсында өзеннің атырабын қалпына кел­тір­у жөнінде де тиісті шешім­дер қабылданды. Бұл шаралар Көкарал бөгетін нығайтуға, Сол­түстік Арал теңізінің су айналымын қалыптас­тыруға, теңіздің тұз­дануын төмендетуге және балықтардың Үл­кен Арал теңізіне кетуін азайтуға мүмкіндік береді.

- Алғашында Аралда балықтың бір түрі ғана қалса, САРАТС жобасының бірінші кезеңі жұмысынан кейін 27-ге дейін көбейді. Оның үстіне балық аулау жылына 8 мың тоннағ­а дейін жетті. САРАТС­-2 жұмысы ая­сында 6 жоба іске асады. Оның екеуі Дүниежүзілік банкпен бірлесіп жүзеге асырылады. Соның аясында 17 мың тоннаға жетеді деп отырмыз. Арал өңі­рін­де  бұрын  4   балық  өңдеу зауыты болса, соңғы 10 жыл ішінде тағы 4  ба­лық  өңдеу  зауыты іске қосылды. Атамекені Аралдан­ көшіп кеткен, Қапшағайдағы, Алакөлдегі, Каспийдегі балықшылар қазір қайтып оралып­ жатыр. Елді мекендерде оларға керекті әлеуметтік инфрақұрылымға республикалық, облыст­ық  бюджеттерден қаржы бөлінуде. Сіз­дер білесіздер, Аралға автомагистраль, теміржол  салынды.  Газ да келді, - деді Қырымбек Елеуұлы БАҚ өкілдеріне арнайы берген сұхба­тында.

Өткен жылы Орталық Азия елдері өкіл­дерінің қатысуымен Қызылордада ұйым­дастырылған бірінші Арал халықаралық тұрақты дамыту форумы барысында Халықаралық Аралды құтқару Қорының құрылған күні 26 наурыз – “Арал теңізінің күні” болып жарияланған болатын. Биыл Халықаралық Аралды құтқару Қорының 25 жылдығы ая­сында алғаш рет “Арал теңізінің күні” облыста салтанатты түрде аталып өтілді.

Облыстағы балық шаруашылығының үлесі негізінен Қазалы, Арал аудандарына тиесіл­і. Яғни, айтулы мерекенің дәстүрлі түрде Арал ауданында өтуі де тегін емес. Арал ауданында Кеңес үкі­меті кезеңінде 16 Со­циа­листік Еңбек Ері шыққан болса, оның    4-еуі балық кәсіпші­лі­гінен осындай атаққа кенеліпті. Дәстүрлі демек­ші, осыдан екі ай бұрын  ғана Жаңақор­ған ауданында IV малшылар слеті өткізілген бола­тын. Атакәсі­біміз­ді қолға алып, еңбек­шілердің мерейін асыр­ған мұндай аста-төк емес, құрмет тойларының өткені бізді ғана емес, көпшілікті қуантады деген­  ойдамыз.

“Арал тағдыры – адам тағдыры”. Қиын-қыстау  кезеңдерді  арт­қа  тастаған Арал бүгінде жаңаша даму қарқынында. 2005 жылы Елбасымыз Арал ауданына арнайы келіп, Қам­башқа ат басын бұрған болатын. Сол сапарында Аралдың тыныс-тіршілігіне көз жеткізген ел Президенті мемлекет  тарапынан  қолдау болатынын айтқан. Барлығын тізбектеген соң, оны қайта еске салуд­ың қажеті жоқ та шығар. “Балық іздесең көлге бар, Береке іздесең елге бар” деген халық мақалы жадымызда. Суымен бірге ырысы жоғалып кетуге шақ қалған қазіргі айбынды Аралдың келешегі үшін жұмыс істегендердің аты тарихта алтын әріппен жазылмақ. Бірақ та, “Кіндігім бірге Аралмен” деп білетін, теңізбен тіл­дескен, теңізбен тағдырлас жандар ондай атақты жүрегінің төрі­нен әлдеқашан беріп қойды. Барша қазақтың Аралы балығы тайдай тулап, шағаласы қоймай шулап, халқы азар да безер болмай, ажары кірген теңіз маржанынан қазан көтеріп, түтінін күнде шығарып жатса, бақ та, бақыт та сол емес пе? Қазтуғанша  айтсақ, балығы  көлге жылқы  жаптырмайтындай, шырмауы­ғы шөккен түйе тап­тырмайтындай да деңгейге  жетіп  қалар.

Рыскелді   СӘРСЕНҰЛЫ,

Бағдат  Есжанов  (сурет)

 

Пікір қалдыру


Қорғаныш коды
Жаңарту

Күнтізбе

< Шілде 2018 >
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30 31          

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары