Өзекті мәселелер

  • 08.11.18

    Халық – сыншы әрі әр­қашан әділ. Өткен аптада Арал, Қазалы аудан­дарына іссапармен барға­н облыс әкімі Қырымбек Көшербаев ел алғысын арқал­ап қайтты. Бұқараның базы­насын ескеріп, жұртшылықтың жағдайын  жақсартуда аймақ басшысы бір­қатар тірліктер атқарып жүр. Өткен аптада жер­гілікті тұрғындар сол игі істер­дің жалғасына куә болды.

    Алдымен Арал ауданы орталы­ғындағы жаңа аурухананың аш...

    Толығырақ...
  • 08.11.18

    Кез келген тауарды сырттан тасымалдау үлкен тәуеке­л мен көп шығынды талап ететіні сөзсіз. Дамыған­ елдердің көпшілігі тұтынатын тауарын өзі өндіріп, кәсіпкерлері шаруасын шыр айналдырып отыр. Ал бізде ше? Қандай өнім бар дегеннен гөрі, нендей өнім жоқ дегенге жауап табу тез болып тұр. Былай қарағанд­а, қарапайым қаламсап шығаратын зауы­тыңыз  да  жоқтың  қасы. Қайтпек  керек?

    ...
    Толығырақ...
  • 08.11.18

    Қазір әлеуметтік желі үлкен күшке ие. Ойыңызда жүрген жайтты жақсылап тұрып жазып, көпшіліктің талқысына тастай саласыз. Мұнда  сөздің  байыбына баратын, оны саралай алатын да, көкпардағы  серкедей  жүнін  жұлып, ту-талақай  ет етін де  жұртшылық бар. Ал, күшке ие дегеніміз – көп  мәселенің  шешімін  табатынында. Жама­н жері  кейде жаны ашып жазғандар да жазықты болып жатады­. Атын шыға...

    Толығырақ...
  • 08.11.18

    Нәзіктік пен әсемдіктің символы – қыз баласы қашаннан сұлулыққа құмар. Ару­лар­ға ақыл мен  әдеміліктің қатар қажет екенін қазақ бұрыннан айтып кеткен емес пе? Көріксіз қыз – тұзсыз нанмен тең. Ендеш­е  сұлулығын  арттырып, тартымды бола түсу – бұрымдылар үшін сүйікті «мәселе». Бүгінде  айқабақ,  алтын  кірпік, қызыл ерін  сылқымдар кірпігін қалай  күтіп  жүр? Сырт көзге сөз қылуға тұр­майтын т...

    Толығырақ...
  • 08.11.18

    Айжарық  СӘДІБЕКҰЛЫ

    Редакция  қызметкерінің іссапармен бармайтын жері жоқ. Асулардан асып шыңға шығады, еңіске түсіп теңіз кешеді, балықшы мен диқанның қосына­ түнейді, шопандар мен жылқышыларға жолығу үшін жайлауды аралап шаршайды. Иә, жорналшы дегендер өмір бойы солай жол үстінде жүрген­дерінде бұрын көріп білмеген пенделердің талайымен жүзд...

    Толығырақ...
ЖАРЫҚ ДҮНИЕДЕГІ ЕҢ ЖАҚЫН АДАМЫМ... Сыр өңірінің абыз ақсақалы болған Ыдырыс Қалыұлының өмірлік жары Қанзира апайдың естелігі
16.08.2018 12:08

Қайран дүние, көрген түс­тей, сонау балдәурен бала күнімізде еліте тыңдаған әдемі ертегідей өтті де кетті ғой мына өмір. Иә, әлгі ерте­гі демекші, қазіргі таңда қария жасына жетіп, енді немер­елеріміз оқып беріп жүрген ертегілерді естіге­ні­мізде анау ақбоз атқа мініп, бойжеткен қызға келетін ханзадаға кездесуді келешегінен нәзік үміт күткен әрбір ару аңсай арман­дайды  екен-ау. Енді бүгін өткенге ой тастап, ақыл көзімен қарап отырсам, маған сол ақбоз атты ханзаданы ұшыратып, өмір­лік жар болуды Алла таға­ла талайына жазған екен ғой.

Асыл жарым Ыдырыс, Ыдекең мынау жа­рық дүниеде туған ата-анамнан кейінгі ең жақы­н адамым болды. 68 жыл отастық. Ал бұл бір адамның саналы да салиқалы  ғұмырына тең емес пе?! Біз үшін аса қадірлі, қымбат, қимас сәттерден басталған болашақ жұ­байлық  тұрмысы­мыз­дың  бастауына тоқ­талып  көрейін.

...Біздің үй Қамбаш пен Бекбауыл станцияларының арасындағы №94 бекетте болатын. Бір­де, 1950 жылдың күзі болуы керек, Қазан төңкерісіне байланысты үлкен жиын болды. Сондағы үлкен  жиын деп отырғаным           20 шақты адам. Мен де қа­тысқам. Жиналыстан соң біздің үйге әлгі баяндама жа­саған жігіт ауылдың басшыларымен бірге келді. Байқаймын, ол жігіттің назары біреуді іздегендей. Ол кезде менің ағам Қожахмет – теміржолшы. Қазалы депосында тепловоз машинисінің көмекшісі. Депоға қатынап жұмыс істейді. Сонымен әлгі  жігіт осы сапардан  кейін  біз­дің ауылға жиі келе­тін болды. Артық айтып не керек, сол алғашқы таныс­тықтың бастауы өмірлік  жар  болуға ұласты.

Жеңгем Аққа­лам – Қожахметтің әйелі өте ақжар­қын, сөзді тауып айта­тын, үйіміздің ұйтқысы еді. Жеңгеміз шешеміз Балипаның сүйікті келіні. Ыдекеңмен ортақ тіл табысудың елшісіндей болған жеңгемнің орны ерекше.

Сонымен не керек, 18 жасымда тұр­мысқа шықтым. Ол кезде бүгінгідей той түсімізге де кіріп-шықпайды. Бір та­мақ, бауырсақпен дастарқан жайып, ұзатылып кете бардық. Ата-анам ағы­нан жарылып, тілек тілеп, бізге ақ батасын берді. Қыз алуға келген жігіттер мені машинаның кабинасына отырғызып, өздері сыртқы қо­ра­бына мінді. Теміржол бойын қуалай жүріп Бекбауылдан асқан кезімізде машина бұ­зылып  қалды. Қыстың  күні. 30 градус аяз. Үсіп кетуге айналдық. Біздің бағымызға қарай осы кезде түйе жетек­теген бір адам келді. Онымен келісіп, түйемен келесі бекетке­ жетіп, товарный пойыздың тамбурына  мініп, Қазалыға да жеттік-ау. Осылайша суыққа үсімегенмен дірілдеп, қалтырап, аман-есен Ыдекеңнің үйіне де келдік білем.

Есіктің алдында оншақты бала-шаға күтіп тұр екен. Үйден шыққан үлкен әйел кісі дереу  қуырған жүгеріні шашты. Бала-шаға жапырлап теріп алып жеп жатыр. Бізді қаумалай құшақтап үйге кіргізді. Ол кезде дастарқанға қоятыны – жүгері, бауырсақ, табылса, булочка-нан. Самауырды бұр­қыратып қайнатып, шәйді ішіп, үйлену тойын өткіздік. Осылайша басымызды қосып, отбасы, үйлі-баранды болып кеттік ғой. Қазір соларды еске алу ғана қалды. Бұл да өзінше қызық  та  қиын  кезең  екен.

Жас күнімізде біз тұрмыс тауқыметін көп көрдік. Ыдекеңнің облыста беделді қызмет атқарғанына қарамастан ішер тамақ, киер киімге зәрулікті бастан өткердік. «Үйі жоқтың күйі жоқ» деген ғой, әсіресе, баспана мәселесі зор қиындық туғызды. Ескі Қызылорда қаласында әркімнің сарайын, тоқал тамдарының жағдайсыз, едені жалаң, қабырғаларынан ыза тепкен бөлмелерін ақшамызға жалдап, паналадық. Жұбайымның жалғыз-ақ жейдесі болатын, кірлегенде түнде жуып кептіріп қойсам, таңертең жұмысқа қайта киіп кететін. Бірде  ауылдан  ағам Әбдіхалық келіп:

- Ыдырыс, обком партияда дөкей қызмет істесең де, киімің жұпыны ғой. Жүр базарға барып­, көйлек алып берейін, - деп қамқорлық көрсеткені бар.

Тағы бір жолы жалдап отырған­ жұпыны бөлмеміздің терезесіне амалдап тігіп, іліп қойған пердемді, түн мезгілінде суық қолды әлдекім ұрлап кетіпті. Ол кезде есікке құлып салмайтын, ілмешегін ілмей­тін аңғал қазақпыз ғой. Мен әйелдігіме басып ашуланып сөйлеп жүрсем, біздің Ыдекең айтады-ау:

- Қапаланба, Қанзира. Оны қолды  қылған  ұрының  да түн­де жүрген еңбегі бар емес пе? Мейлі, барсын, алсын, - деп. Бұған  не  дерсіз?

Жалпы, бесіктен белі шықпай жатып тұрмыстың ауыртпалығын аса көп көргендіктен бе екен, біздің Ыдекең осындай жұртқа жаны ашығыш, қолынан келсе көмегін аямайтын, обал-сауапты біліп, имандылыққа ұйыған жан еді. Жұмыстан кешке келе жатып, сыртта қара жерде аунап жат­қан қол басындай нанды үйге ала кіргені бар. «Бұл – астың атасы, қасиетті нан болады, өміріміздің өзегі осы. Өзіңнен артылса, көршілерге бер» деп маған тиісті. Мен болсам ешуақыт­та мұндай масылдыққа, қасиетсіздікке бар­майтынымды айтып ақталып жатыр­мын.

Ыдекең екеуміз үш перзент­ті дүниеге әкелдік. Ұлдарымыз Әкімжан, Серікжан және қызымыз Фарида. Өкінішке қарай, үлкен баламыздың ғұмы­ры қысқа болды. Ал Серікжаннан Нұргүл, Айгүл, Сә­битжан есімді ұл-қыздарды сүйіп отырмыз. Келініміз Гүлнар мен Серік екеуі кешегі қарияның көзі тірісінде Нұр­гүлді өз қызымыз деп әсте айтқан емес. Шалдың қызы дей­тін. Ол да сыйластықтан туған жара­сымды көңіл көрінісі ғой. Ал Фариданың екі ұлы бар, қазір  біреуі – Астанада, қолда­ғы  екіншісі – студент.

Келініме ризамын. Негізі біздің Серікжан Алматы по­литехникалық институтына түсіп, бүгінгі облыс әкімі Қырымбек Көшербаевпен қатар жүріп екі курс оқыды. Үшінші курстан бастап Ыдекеңнің жастық шақтан бергі жан досы Кәбір Жүнісов, оның жұбайы Кәмила Әсетқызының үйінде тұрып Шымкент қаласында жоғарғы оқу орнын тамамдады. Одан елге қайтты. Жай қайтқан жоқ, сол досымыздың қызы Гүлнармен көңіл қосып, осы Қызылордада отау көтерді. Гүлнар келініміз мұн­дағы пединститутқа түсіп оқы­ды. Балаларын дүниеге әкелді, емізулі нәрестесін ол сабаққа кеткенде мен бағып қалатынмын. Құда-құдағиларымызбен баяғы дос күнімізден артық сыйластық рәушінде, өзара құрмет көрсетумен ғұмыр кешіп  келеміз.

Атамыз қазақ «жалғыздан көресің бе, әлде жалпыдан кө­ресің бе?» деген емес пе? Қан­ша ұл-қызың болса да, түптеп келгенде оның тек біреуінен ғана қамқорлық, қызық, рақат көреді екенсің. Бұл сөздің шындығына өз басымыз айқын көз жеткізіп отырмыз. Осы Серікж­ан баламыз бен Гүлнар келініміз біздің қас-қабағымызға қарап, бағып-қағып деген­дей, үлкен шаңырағымыздың қасиетіне шаң жуытпай, ойдағыдай еге болып келе жатқанына қуанамыз. Ыдекең де қашан көзі жұмылғанша риясы­з көңілден ризашылығын білдіріп, ақ батасын берумен дүниеден өтті.

Өмірінің соңғы күндерінде ауру мазаласа да сыр бермей, тәуліктің қай мезгілінде де қасынан табылып, бар жағ­дайын жасап отырған мені құшақтап алғаны бар-тұғын. 70 жылға жуық отасқанда мұндай қылығын көрмеген мен кәдімгідей сасып қалып:

- Немене, осы мені жақсы көріп кеттің бе? - дедім.

- Иә, мына сені өмір бойы жақсы көрумен келемін ғой. Бірақ сол туралы өзіңе туралап айтпаппын-ау. Бұл енді имандай шындығым, - деп сөз аяғын күлкіге шаптырды.

Біздің Ыдекең бүкіл Сыр өңірінің айтулы азаматы, абыз ақсақалы болғандығы ақиқат. Ол кісі дертке шалдығып, төсек тартып жатқан соңғы күндері аймаққа танымал белгілі тұлғалар Сейілбек Шаухаманов, Қорғанбек Қайруллаев, Ибрагим Әбибуллаев, Әбдіғаппар Әмірғалиев көңіл сұрап үйге келген еді. Сол жолы Ыдекең қамығып, оларға мына өкіні­шінің басын ашып айтты:

- Өздерің көріп отырсыңдар ғой, ағаларыңның шау тартқан шағы мынау. Тіршілікте өзім­мен сыйласып өткен қарымды қайраткер С.Оспановтың жүз жылдық тойында сөйлеймін деп қамданып едім. Оған шамам жетпей тұр. Пенде­нің көкірегі текірек қақса да, айналып келгенде өмір өз дегенін істейді екен. Мо­йындамасқа әддің қайсы...

Келесі жолы облыс әкімі Қырымбек Елеуұлы құдамыз Бақберген Сәрсен­ұлымен бірге Ыдекеңнің көңілін сұрай келіп, жылы сөздерімен жанын жұбатып, «ал аға, бізге қандай тапсырма, не өтініш бар?» деп сұраған болатын. Сонда Ыдекеңнің соңғы аманаты мынау болды:

- Бүкіл Тұран елінің бас қолбасшысы, Самарқанның билеушісі бол­ған атақты жерлесіміз, батыр бабамыз Жалаң­төс баһадүрға ескерткіш қойылды, басына ықтасын жасалынды. Алайда әлі де аяқталмаған және көкейде жүрген жұмыстар баршылық. Ол ұсыныстар өздеріңнің де ойларыңда жүр ғой. Айнал­айын, осыны ая­ғына дейін жеткізу – саған  аманат.

Тегінде, Ыдекеңнің өмір жолы тікелей те­мір­жол саласынан бастау алды. Қазалы те­міржол саяси бөлімін­де қызмет жасау Ыдекеңнің шаруашылыққа тікелей араласу, күр­де­лі мәселелерді қарау, жастарды отансүйгіш­тікке, патриотизмге баулу оның қанына сіңген қасиеті болғаны шындық. Осылай жү­ріп, тағдыр жазуымен Қызылорда қаласына қызмет бабымен ауы­сып, бүкіл өміріміз осы қаламен тағдырлас болды. Облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшылығынан басталған жұмыс, облыстық кеңес атқару комитетінің төрағасы қызметімен аяқталып, абыроймен зейнеткерлікке шықты. Мен де зейнетке шығып, бала-шағаның, немере-шө­берелерімнің қызығын көріп отырған жайым бар.

Иә, мен Қазалының қарапайым қазақ отбасынан шыққан көп қызының бірімін. Жұрт қатарлы оныншы сыныпты бітіріп, жо­ғарғы оқу орнына түсіп, білім жолын қуа алмадым. Бірақ, менің оқуым да, тоқуым да кәдуілгі өмір мектебі болды. Ал бұл тұрғыда­ғы алғашқы жанашыр ұстазым, бірінші үйретушім, алға жетелеуші жолбасшым әрі жалынды жеңістерге, мәуелі жемістерге бастаушы өзімнің өмірлік жарым, сенімді жұбайым Ыдекең болғанын аса мақтан тұтамын­. Сол үшін де мен өміріме, жаратушыға, аруағымен желеп-жебеп жүрген әулие Мүсірәлі бабам­ның рухына, хал­қыма дән ризашылығымды білдіремін.

Аналық ақ тілегім: әрдайым еліміз аман, қой үстіне  бозторғай  жұмырт­қалағандай  бай да  бақуат­ты­ заман, жұртымыз тыныш  болсын. Жас ұрпақ кезегімен дүниеге келіп, халқын­ың сенімін ақтайтын тұр­патты тұлғалар болып жетіле­ берсін.

Қанзира  Қалы  келіні

 

Пікір қалдыру


Қорғаныш коды
Жаңарту

Күнтізбе

< Тамыз 2018 >
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30 31    

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары