Өзекті мәселелер

  • 13.09.18

    Кез келген жұмысқа тұрарда қандай болмасын мекеме, ең алдымен, «сотты болмаған» деген құжат сұрататыны белгілі. Сол бір «қара тізімде» бар екенсіз, онда арманыңыздағы қыз­метке қол жеткізу қиын дей беріңіз. Алайда облысымызда осы бір мәселеге назар аудармайтын бөлім басшыларының бар екендігі анықталып отыр. Атап айтар болсақ, Арал, Жалағаш аудандық білім бөлімдері мен Сырдария аудандық мәдениет...

    Толығырақ...
  • 13.09.18

    Саяси тұрақтылық пен қоғамдық келісім – мемлекетіміздің басты ұстанымдарының бірі. Сарабдал саясаткер, ел Президенті Н.Назарбаев «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында бұл туралы тарқатып айтқан болатын. «Көл-көсір мұнайдың» дәуірі аяқталып келе жатқанын ескерткен Елбасы жаңа заманға сай болуға үндеді.

     

    ...
    Толығырақ...
  • 13.09.18

    Шыны керек, көптің көкейінде «облыс орталығындағы басты көше­лерд­ің бірі Желтоқсан көшесі нелік­тен жылда жөндеуден өтеді? Оның орнына шетаймақтағы көшелерді жөндесе қайтеді?» деген мазмұндағы пікірлер жиі айтылады. Мәселенің мәнісі былай. Былтыр сол көшеге су жүйелері мекемесі ауызсу желілеріне жаңғырту жұмыстарын жүргізген. Асфаль­т қабаты бір рет қайта қазылса болды, жаңадан салынған жол бі...

    Толығырақ...
  • 13.09.18

    Ерғали  АБДУЛЛА

    Көрініс

    Қыз Жібектей керімсығысы келгені­мен де, тұқымы  құрғыр мыстандығы қылымсып қайта-қайта көрініп  қала береді...

     

    ...
    Толығырақ...
  • 13.09.18

    Нұржамал  ӘЛІШЕВА,

    журналист

    БІР   ҚИЫҚ  ОРАМАЛ

    Қазанға ет салып қойған. Қамыр илемекші болып еді, ұн бітіп қалған екен.

    Толығырақ...
ҚЫЛМЫС ҚАЙТСЕ АЗАЯДЫ?
16.08.2018 12:19

Топырағымыз құнарсыз, сор болса да, аймағымызда есірткі өсімдігін өсіру өршіп тұр. Қарапайым өсімдікке қолайсыз табиғаттың нашаға келгенде өте қолайлы болғанын қарасаңызшы! Нәтижесінде, жыл сайын есірткі түрлерін егу азаймай келеді. Соған сәйкес бұл бизнеспен айналысатын қаскөйлер де көбейіп барады. Өйткені Қызылорданың топырағында өскен есірткінің күштілігі Шудағы жабайы анашадан 5 есе қуатты көрінеді. Сондықтан оған қарсы күрес жүргізу – өте өзекті мәселе. Өзектілігі сонша, тіпті, жыл сайын арнайы республиканың мықты деген мамандары мен техникалары жұмылдырылып, «Дельта-Сырдария» бөлінісі құрылып келеді. Бірақ айтарлықтай нәтиже болмай тұр.

Шамасы есірткі бизнесімен айналысатындарға ешнәрсе тосқауыл емес секілді. Өскелең ұрпақтың әдетіне, ертеңгі болашақ ұрпақтың күнкөріс көзіне айналып кетуінен сескенген қала әкімі Н.Нәлібаев кезекті комиссия отырысын осы мәселеге арнады.

Басқосуда есеп берген ОІІД Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының бастығы Ермек Искаков ағымдағы жылдың 7 айында облысымызда есірткі қылмысының 132 дерегі анықталып, 1334 түп сора өсімдігі жойылғанын айтты. Сондай-ақ, былтырғы жылдың алғашқы жартыжылдығында 13 есірткі өсімдігін егу дерегі анықталған болса, биыл бұл көрсеткіштің 21-ге жеткенін де жасырмады. «Дельта-Сырдария» уақытша бөлінісінің биыл да жүзеге асқанын, 3 жедел іздестіру және  6 мобильдік топтың құрылғанын айтып өтті. Алайда оңай олжа тапқысы келетіндерге бұл кедергі келтірмеген секілді.

– Неліктен өсім қалыптасып жатыр. Сонда екінің бірі бұл бизнеспен айналысып жүре берсе, не болмақ? - деп сұрады қала әкімі.

Өз кезегінде ОІІД есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының бастығы Ермек Искаков биыл тіркелген есірткі өсімдігін егу деректерінің ең көбі саяжайларда орын алғанын, тек біреуі ғана қалада тіркелгенін айтып ақталғандай болды. Яғни, көбіне адамы аз әрі бақылау 24 сағат бойы үздіксіз жүрмейтін жерлерде есірткі өсімдігінің өсірілетінін жеткізді. Сонымен қатар, Шиелі және Сырдария ауданы әкімдіктерінің ұсыныспен шығып, өңірлеріндегі мәселелерді шешуде көмектескендерін жасырмады. Осыдан кейін Н.Мәшбекұлы, әсіресе, кент және ауылдық округ әкімдеріне саяжайларда тұратын кісілердің үйлерін аралап шығуды тапсырды. «Ауыл әкімі бар, саяжайдың басшысы бар, барлығың бірігіп, тұрғындардың не өсіріп жатқанын анықтаңдар» деп қадап айтты.

– Жаймен айтып түсіндіресіздер ме не болмаса мал санын көбейттіңіздер ме деп сұрағандай боласыздар ма, тексеріңіздер! Басқармада 13 қызметкер бар. Оның бәріне осыны артып қоюға болмайды. Егістік алқаптарын анықтау қиындық тудырып жатса, ұсыныспен шығыңыздар. Мен қолдау көрсетемін, көмектесеміз. Қажет болатын болса тікұшақ, дрон береміз. Ұсыныспен шықпайсыздар өздеріңіз. Ал мына жерде сұрақ туындап қалса, соған жауап іздеп шығасыздар! Алдын алуға неге жұмыс жасамайсыздар! Кейбіреулеріңіз осы жиналыста қандай мәселе көтерілетінін, не айтатындарыңызды келерде бір-ақ білген шығарсыздар! - деп ашуланды.

Мұнан кейін Н.Нәлібаев күн тәртібіндегі екінші мәселеге тоқталды. Бұл қалада өршіп тұрған құқықбұзушылықтар еді. Шаһар басшысы облыс бойынша тіркелген құқықбұзушылықтардың 67,4 пайызының қалаға тиесілі екендігіне алаңдаулы. Тіпті, 2017 жылы 11 стационарлық бекет салынып, 49 жаңа көлік алынса да, қылмыс санын азайта алмай отырған қалалық жергілікті полиция қызметін сынға алды. Әсіресе, ауыр дене жарақатын салу дерегі 55 пайызға, алаяқтықтың 4,7 пайызға артқандығын алға тартып, тиісті сала басшысынан жұмыстың неге жүйесіз екендігін сұрады.

– Ауыр дене жарақатын салғандардың барлығы дерлік мас күйінде болған. Оның ішінде 14-і  түнде, қалған  3-еуі күндіз тіркеліп отыр. Нәтижесінде, түнгі уақытта спирттік ішімдік сатуға болмаса да, саудасын жүргізген 160 дүкеннің иесіне айыппұл салынды, - деп жауап берді қалалық жергілікті полиция қызметінің бастығы Ермекбай Құдайбергенов.

Комиссия отырысында мал ұрлығы да сөз болды. Ермекбай Қасқырбайұлы пада жүйесін қолға алған Қызылжарма ауылын үлгі ете келе, өзге де ауылдарға осыны ұйымдастырудың тиімділігін айтып өтті. Өйткені, көбіне төрт түліктер жайылымдық жерлерден жоқ боп кететін көрінеді. Н.Мәшбекұлы да паданың пайдасына тоқтала келе, «жайылымдық жерлерден жоғалған малдарға мал иесі кінәлі, қызметкерлер тікелей қорадан қолды болған жануарларға ғана жауапты» деп қадап айтты. Сондай-ақ, кент және ауылдық округ әкімдеріне пада ұйымдастыру қажеттігін ескертті. Мұнан бөлек жол-көлік оқиғасының да сейілмей келе жатқанын сөз етті. Жыл басынан бері тіркелген жол-көлік оқиғалары былтырғы жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 7,2 пайызға өсіпті. Одан қалды, солардың ішінде ең көбі қоғамдық көліктерге тиесілі екен. Нәтижесінде 965 қоғамдық көлік иесіне 1 млн  807 мың теңге айыппұл салыныпты. Алайда қаншалықты айыппұл салынса да, оны өндіру жағы төмен екен. Сондықтан «бір рет жол ережесін бұзған қоғамдық көлікті рейстен шығару керек» деп тапсырма берді қала әкімі. Ал жалпы жыл басынан бері 38 мыңнан аса құқықбұзушылық тіркеліп, 245 млн теңгенің үстінде айыппұл салынған.

Жиын соңында Н.Нәлібаев қылмыс саны өсіп кеткен Қарауылтөбе, Қосшыңырау, Ақжарма ауылдарының әкімдерін орындарынан тұрғызып, тапсырма берді. Біз берілген тапсырмалардың бәрін «назарларына алған» әкімдер келесі жиында тағы тұрмаса игі еді деп тіледік. «Балапанды күзде санайтыны» сияқты жұмыстарының жемісін кезекті басқосуда көретін боламыз. Халқының қамын ойлаған әкімдер мен тиісті сала басшылары өздеріне жасалынған жағдайды пайдалана отырып, аталған мәселелерді шешуде аянбай еңбек етеді деп үміттенейік.

Ж.ЖҮНІСОВА

 

Пікір қалдыру


Қорғаныш коды
Жаңарту

Күнтізбе

< Тамыз 2018 >
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30 31    

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары