Оқырманнан хат
Келіп кету есептегіші








![]() | Бүгін | 132 |
![]() | Кеше | 2076 |
![]() | Осы аптада | 2208 |
![]() | Өткен аптада | 15257 |
![]() | Осы айда | 35622 |
![]() | Өткен айда | 52979 |
![]() | Бәрі | 3572642 |
БЕЙМӘЛІМ ТЫЛСЫММЕН БЕТПЕ-БЕТ |
30.08.2018 13:10 |
Тіршілік тылсымына адамзат баласы жиі жолығып отырады. Күнделікті өмір сүру дағдысына өзге бір түсініксіз тіршілік иелері әсерін тигізді дегенге кез келген адам сене бермесі рас. Себебі, барлық адамның көзіне көрініп, қолына іліге бермейтін кейбір нәрселерді дәлелдеу қиынға соғып жатады. Десе де, тылсым тақырыбында өзгелердің пікірін білгісі келетін кейіпкерлеріміз бастан кешкен жайлары туралы жариялауымызды жөн көріп отыр.
Гүлмира, 41 жаста: Осыдан 10 шақты жыл бұрын болса керек, қызық бір оқиғаның куәсі болдық. Үш үй ауылдан алысқа барып дарияның дәл жағалауына қоныстандық. Суы мол, шөбі шүйгін жер біздегі сиыр мен жылқы малына қолайлы еді. Дарияның ортасында келесі ауылға өтетін үлкен көпір болатын. Арғы бетте біз сияқты бір малшы отбасы тұрды. Басқа жан адам жоқ. Бір күні әдеттегідей сиырларымды сауып, үйге кірсем, телефоныма қарсы беттегі көршім қоңырау шалыпты (Ол күні әйелі мен балалары ауылға кеткен). Мен сыртта жүріп естімей қалған болуым керек. Ертеңіне сол көршімнің ұшты-күйлі жоғалғанын естідік. Суға батып өлген шығар десті жұрт. Сүңгуірлерді шақырып қанша іздеткенімізбен, денесін судан таба алмады. Есіме сол күнгі оқиға түсті. Сиырларды қораға айдай бергенімде дария жақ самаладай жарық болып кеткенін білемін. Содан кейін әлдебіреу менің атымды атап көмекке шақырғандай сезіндім. Мән бермеген болатынмын. Сонда жаңағы жарық қайдан пайда болған?.. Бір күні балаларымды ертіп, түнде далаға шыққанымда 50 метрдей жерде дөңгелек бір шар секілді темірдің 2-3 секундтай ауада қалықтап тұрып, зу еткенін байқадым. Қас қағым сәт. Жұрт айтатын өзгеғаламшарлықтар деген осы болды ма екен деймін. Үйге келіп отағасына айтқанымызда, ол сенген жоқ. Десе де, іштей қайтыс болғаны әлде тірі екені белгісіз көршімді сол бөгдеғаламшарлықтар ұрлап кеткен жоқ па деп те ойлаймын. Арада 10 жылдай уақыт өтсе де, ол кісіден хабар болмады. Ал отбасы оны өлдіге санап отыр. Бақдәулет, 17 жаста: Қаланың тұрғыны болғаныммен, нағашымның ауылына көп барып тұратынмын. Ауылдың тұрмысы да қызық көрінеді өзіме. Осыдан бірнеше жыл бұрын жазда барғанымда далада ұйықтадық. Түн ортасы ауған. Бір кезде адам аяғының тысыры естілді. Жанымдағы аға-інілерім шырт ұйқыда. Түн ішінде үй жаққа келген кім деп ойлап жатырмын. Сол сәт жаңағы аяқтың тықыры біз жатқан жерге таяды. Басымды көтеріп қарасам, сол жерде малға дайындап қойған жуындыны жаңағы «кісі» төртаяқтап жата қалып, ішіп жатыр. Масаханадан анық көрмеген екенмін, саңылауын ашып қарап едім, адам деп отырғаным қап-қара, түр-тұлғасы белгісіз бірдеңе. Жүрегім тас төбеме шықты. Жанымдағы адамдарды түртіп оята бергенімде, әлгі «қонақ» жоқ болып үлгерді. Аспанға ұшты ма, жердің астына түсті ме? Белгісіз. Таңертеңгі шайда осы көргенімді айтқанымда барлығы ішек-сілесі қата күліп, «фантазияң ғажап екен!» деп келеке етті. «Түсіңде көргенсің ғой» деп жатқандары да болды. Алайда әлі күнге дейін ештеңеге ұқсамайтын сол мақұлықтың құпиясын біле алмай келемін... Санжар, 25 жаста: Біздің үйде елес бар. Еш қорқынышсыз, қобалжусыз айтып отырғаныма таңғалған боларсыз. Бірақ дәл солай, ол бізге еш кесірін тигізген емес. Қайта үйдің іші таза болмаса, заттар өз орнында жинақы тұрмаса, «ұрысады». Кейде үйге қонақтар келіп, ыдыстар жуылмай азанға дейін қалып қойса, түнімен үйдің ішінде ыдыстардың дыбысы естіліп шығады. Отбасы мүшелерінің барлығы оған үйренген. Есесіне, үйіміз таза (күлді). Оны кейбіреулер «үй иесі» деп те айтады екен. Білмеймін, осы күнге дейін ешкімге қиындық келтірген емес. Бірге өмір сүріп келеміз. Сонда да көңіл түкпірінде бізбен қатар өмір сүретін тіршілік иелері бар ма немесе ол қандай жаны жайсаң елес деген ойдың қылаң беретіні шындық... Гүлім, 30 жаста: Жоғарғы оқу орнына түскенде алыс қалада туысымыздың үйінен қатынау қиын болғандықтан, жатақханаға жүгімді түсіргенмін. Бесқабатты жатақхананың 3-қабатында тұрдық. Бізге көршілес бөлмедегі студенттер жиі ауысып, көшіп кететін. Алғашында бұған мән бермесек те, кейін тағы неге көшіп жатыр деп отыратын болдық. Ешкім ештеңе айтпайды, қажетті дүниесін жинайды да тұра қашады. Бір күні жаңадан үш қыз келді. Олар біздің топта оқитын. Сабаққа бірге дайындалатын болдық деп мәзбіз. Бірінші келген түні ештеңе білінбеді. Екінші күні түн ауған шақта кітабымды ақтарып отыр едім, қыздардың жан дауысы шығып, шыңғырып жіберді. Жетіп барсақ, үшеуі үш жақта үрпиісіп отыр. Жанар қалған екеуіне не болғанын айтып жатыр екен. Ұйықтап жатқан уақытында аяғына жып-жылы бірдеңе оралғанын білген ол көзін ашса, үсті-басты қан, кіндігі де кесілмеген шақалақтың аяғымен ойнап отырғанын көреді. Бұл тілі байланып қарап отырғанында сәби жылап, сол жерден жоқ болып кетіпті. Барар жері болмаған соң қыздар осында қалуды шешті. Алайда әр түн сайын кішкене сәбидің көздеріне көрінуі олардың сабақ оқуына да кедергі келтірген еді. Осы оқиғадан кейін жатақхананың байырғы тұрғындарынан сол бөлмеде тұрған қыздың біреуі ойнап жүріп от басқанын естідік. Босанған қыздың сәбиі өлі туылған. Оны өзі қалай, қайда жерлегені де беймәлім. Біздің құрбыларымызды мазалаған періштенің аруағы болар, бәлкім? Сәбит, 27 жаста: Бұл әңгімені маған атам айтып берген болатын. Өзінің басынан өткен. «Түнде құдықтан су алма», «Түнде көлге шомылма» дейтін ырымдар бар ғой. Жігіт шағы. Атам ауылдағы үйдің іргесінде ағып жатқан өзенге шомылып алмақ болып жалғыз кетіп қалады. Судың жағасына жақындағанда әлдебір қыздардың сыңғырлай күлген дауысын естиді. Сөздері түсініксіз. Қараса, су перілері бір-бірін қуалап ойнап жүр екен. Өз көзіне өзі сенбеген атам қайта-қайта көзін ашып-жұмады. Бармағын тістеп алғанда барып, өңі екеніне сенген ол не де болса оларды жақыннан көргісі келеді. Денесінің астыңғы бөлігі балық демесеңіз, түрі тура адам секілді. Әрі асқан сұлу екен. Атамды көрген бетте олардың барлығы суға сүңгіп кетіп, бір қыз ғана қалып қойған. Сол сәт қызық бір әуен ойнап, атам суға қалай түсіп кеткенін өзі де сезбей қалады. Сонан кейінгісі есінде жоқ. Көзін ашса, үйінде жатыр. Үйіне қалай келгені түсініксіз. Ал ата-анасы мен бауырлары болса ештеңе білмейтін сияқты. Сонда түсі болғаны ма? Бір уақытта анасының «балам, өзенге шомылып келдің де нәр татпай, ұйықтап қалдың ғой, тамағыңды іш» деп шақырғаны естілді. Ай дидарлы қыздардан қалай айырылып қалғаны есіне түсіп, біртүрлі қамығып қалыпты. Жас жігіттің ойына «су перілері өзі туралы біліп қалған адам жадының қалаған бөлігін алып қояды» деген сөзі түсіпті. Бұрын сенбейтін. Ал қазір...
Ж.ҚОЙШЫБЕКОВА |