Өзекті мәселелер

  • 06.12.18

    «ЖУСАНДА  ТУҒАН  ЖЕРДІҢ  ИІСІ  БАР»

    Қазақ елі сонау «қарағай басын шортан шалған» ХІХ ғасырға дейін, ұлт тағдырының сілкіленіп, ұлттық сана ояна бастаған ХХ ғасырда да өзінің тегеуріні мықты ел екенін дәлелдеді. Киіз туырлықты қазақ санасындағы рухан­и-мәдени жетілу мен әлеуметтік-экономикалық салада өрлеу секілді мақсаттары заман көшіне ілес...

    Толығырақ...
  • 06.12.18

     

    Ерғали  АБДУЛЛА

     

    АРТЫҚШЫЛЫҚ   пен  КЕМШІЛІК

    Оның көп артықшылығы бар: гү...

    Толығырақ...
  • 06.12.18

    * Ерлердің психикасы зейіннен тоқылған. Ол жай өмір сүре алмайды. Ол биікке ұмтылуы керек.­ Еркек қатты жерде ұйықтап, суық сумен шайынып, ерте тұруы қажет.

    * Ер адам әрдайым өзінің жаман­ қылықтарын тыйғаны жөн. Өзіне ұсақ-түйек жеңілдік жасамауы  керек.

    * Қалаған нәрсесіне жету үшін ол мақсат қойып қимылдайды. Бұл – ер-азаматтың таби­ғаты. Сыйласатын ортасында өзіндік орны бол...

    Толығырақ...
  • 06.12.18

    Жалпы, өзімді жаман адам не ұсқынсыз қызбын деп айта алмаймын­. Жоғары қызметім бар. Адамдармен қарым-қатынасым да жақсы. Бір әттеген-ай дейтінім, осы уақытқа дейін екінші жар­тымд­ы жолықтырып, асыл жар атана алмадым. Жасым 34-те. Бұған дейін карьера құрып, өз жағдайымды өзім жасап алғым келді әуелі. Бір кездері мен үшін арман болған, одан соң мақсатыма айнал­ған марапаттың барлығына жетті...

    Толығырақ...
  • 06.12.18

    Бір сәт аспаннан ақша жауғандай күйге еніп, мол қаржыны қайда жұмсарыңызды білмей қалған мезетте... Мұндай көңіл күйді көбіне несие алған кезде сезінеріміз сөзсіз. Ал ай сайын алатын жалақыға телміріп отырған­ қарапайым халыққа бұл аса таңсық жағдай емес. Иә, өте көп мөлшердегі қаражатты алып, қалтамызды қампайттық делік. Ары қарай қайда жұмсаймыз? Бұрындары тұрмыстық техника, автокөлік немесе ...

    Толығырақ...
БАЛЫҚШЫНЫҢ БІР КҮНІ...
30.08.2018 13:48

Бұрнағы жылы болған оқиға дейді. Қа­қаған қыс. Балық инспекциясынан «су маржандарын сүзуге уақытша тыйым салынды» деген бұйрық түсіпті. Ал Аманөткелдегі ағайынның бұған мойын бұрғысы жоқ. Қайтеді енді? Шиеттей бала-шағаның қамын жасау қажет. Резеңкі етікті киіп, ау-құралдарын  сайлап, екі ­  кісі ұрланы­п  ашық  теңізге шығыпты. Көк мұзды ойып, ауын құра­ды. Ертесіне бұйырған несібесін ала бергенде, аудан орталығынан балық инспекциясының қызметкерлері сау ете қалған. Ұрлықтың үстінен түскен ғой. Содан инспекторлар «не қылып жүрсіңдер, кімсіңдер?» деп, тергеудің астына алады. Сасқанынан әлгі балықшының бірі «Сиыр іздеп жүрміз» деген екен. Кейіннен бұл оқиға ауыл арасында тез таралып, әзілге айналып кетіпті.

Өткенде балығы тайдай тулаған, шағаласы шулаған айдынды Аралға арнайы ат басын бұрып, балықшы қауыммен тілдесіп қайттық. Ел көшіп кеткен Көне Бөгеннің (қазір 3-4 үй қалған. – Қ.Ж.) үстімен өтіп, түйеге мін­гендей теңселіп, «Тоқал» деген жерге келдік. Жолбасшымыз бұл маңның неліктен бұлай аталып кеткендігін дөп басып айта алмады. Білетіні, ертеректе осы жерде бір ауқатты кісі өмір сүріпті. Мыңғырған малы болған­ көрінеді. Күндердің күні зады момын бір қызға көзі түсіп, тоқал­дыққа алуға тырысқан десе­ді. Әлгі  бойжеткеннің  байе­кеңе көнгені, яки көнбегені белгісіз. Содан бері осы жер «Тоқал»­  аталып  кетіпті-міс. Бізді  мұнда  бастап келген – Әділ  есімді  балық­шы. Осы маңдағы кедір-бұдырдың бәрінен хабар­ы  бар  адам.


ТҮСКЕ  ДЕЙІН

Таң қылаң бере Әдекең суық сумен­ бетін шайып, көк теңізге көз жүгіртті. Іштей не ойлағанын біл­медік. Бастырманың бұрышында ілулі тұрған комбинезонын киіп, сырты матамен қапталған «кәніс­тірге»  су  құйып, анау-мынау заттарды жинақтап, негізгі шаруамызға кірістік.  Әуелі  қозыкөш  жерде жаға­ға жетпей қайырлап қалған қайықтың басын көк теңізге бұрдық. Мотор қосуға ыңғайлы тереңдеу жерге жеткенше ескек есіп, ентігіп қалдық. Сөйтіп, балықшымен бірге ашық теңізг­е аттандық. Көкте шөкім-шөкім дерліктей шарбы бұлттар болмаса, аспанымыз ашық. Тек қарсы беттен соққан аңызақ жел бізді аударып тастайтындай абыржыдық. Өйткені мотордың жылдамдығын арттырған сайын «Прогресс» қайығы қайқаң етеді. Кіші Аралда балықшымен бірге ау қарауға шығамыз деп кім ойлаған? Дегенмен, бізге – жаңалық, Әдекеңе нанпұл қажет. Шамамен, жағадан 10-15 шақырымдай ұзап кеттік. Айналамыз көкпеңбек. Ау салып­ тастаған межелі жерге жетіп­піз. Балықшы «анау жатқан якорьды суға таста» деді. Оның ұшы біздей, түбін ар­қанмен мықтап байлаған, салмағы әжептәуір «бәле» екен. Қайықтың үстінде қалбалақтап тұрып, төменге лақтыра салдым. Бұның негізгі қызметін айтайын. Әлгі якорь су астына түскен соң, салмақпен жерге қадалады. Ол қайықты көгенделген қозыдай етіп ұстап тұрады. Балықшымыз жүз метрлік ау (төрттік ау. – Қ.Ж.) құрыпты. Таңы суитын тамызда теңізде ара-тұра дауылдың болатынын да естігенбіз. Бұған қарайтын балықшы жоқ. Тол­қынмен бірге теңселіп қайығыңыз тұр. Содан аудың арқалығы («құлағы». – Қ.Ж.) мен табанынан тас қылып ұстап, ақырындап жинай бастад­ық. Әдекең іліккен балық­ты көз іліспес жылдамдықпен суырып тастауда. Інісі ескекті балықшының ыңғайына қарай есіп отырды. Бір сағаттың ішінде  құрыл­ған ауды қарап, бір тынығып алдық. Шекемізден шып-шып  тер шығып, аяқ-қолымыз мұздап сала берді. Несібемізге қарай бұйыр­ғаны түсіпті. Үсті-басымыз малмаңдай су. Қайықтың ішінде шабақтар шоршып жатыр. Ал тікені аз тістілер ауға түссе, тіршілігін  тоқтатады  екен.

Ұшы-қиыры   көрінбейтін  көк  теңіз­дің үстінде балықшылар қыздай сызылғ­ан қайықпен сырғып жүр. Соқтал­дай жігіттердің маңдайынан сорғала­п аққан тер тіршілік тінінің толас­тамайтынын тағы да бір түсіндір­гендей. Солармен ілесіп отырып жиекке жеттік. Сүзілген су маржаны самсап жатыр. Әдекең ақбалықты бір бөлек, тістіні бөлек жинап, «кеттік «приемщиктерге» деді. Екі қап балықты асынып, жағада тұрған «Газельге» беттедік. Жиекке жеткенше балықшыда үн жоқ. Құдды бөтен әлемге еніп кеткендей. Сабазың әлгі көліктің қасындағы таразыға асынған балығын аудара салды. Екі көзін таразыға қадаған. Ал жанында алақ-жұлақ етіп өзі құралыптас жігіт тұр. «Әділ қанша келі балық шығарыпты?» дегендей сауалмен. Таразыңыз тұп-тура 22 келі – тісті, 30-40 келі шабақ тартты.

Күнсіген көйлегінің жеңін түріп, терін  сүртті де:

– Біздің күнделікті тірлігіміз – осы. Несібемізге қарай, бұйырғанын алып қайтамыз. Мына теңізді бергеніне шүкір. Әйтпесе, қайтер едік? Отба­сымызды осымен асырап отырмыз,- деді  ол.

Әңгіме  арасында:

– Әдеке, сіз аулаған балық бірден экспортқ­а кететінін білесіз бе? - деп әзіл  аралас  сауал  қойдым.

– Экспорт-мекспортыңды  білмеймін, мұнда келетін «приемщиктер» аман болсын­, -  деді  ол  да  қалжыңдап.

«Балықшы батыстан жел соққанын аңсайды» деуші еді. Рас екен. Сондағы жігіттердің сөзінше, батыс беткейде жел тұрса, балықтың түсімі әлдеқайда артып­, ырыс-несібесі ұлғаятын көрі­неді. Былтыр  сондай  күндердің  бірінде «Тастүбек» деп аталатын жерден   800  келі жайын аулапты. Айтуларынша, бір күнде 480 мың теңге тапқан. Бұлар таңғы сағат бес-алтыда арыс­танның аузынан жем алғандай өлермендікпен еңбекке кіріседі. Теңіз қайбір тыншып жатады дейсің. Бірде мүйіз, бірде киіз ауа райы талай қайықты аударып­  та  тастаған­. Суға  кеткен  жан­дар  қаншама?!  Балықшымыз  қолма-қол қаражатын  алғанн­ан кейін жүзіне күлкі үйіріліп, «ізіме  ер» деді. Сағат тілі 10:00-ді  көр­сетіп  тұр.

 

ТҮС   ӘЛЕТІ

«Прогресске»  қайта отырдық. Содан­ жиекте қалған УАЗ-дың тұсына тоқтадық. Көліктің ішінен балықтың иісі мүңкіп тұр. Шын. Әбден сіңіп қалған ғой. Жолсыз жермен жүріп, бір төбенің жанына келдік. «Жігіттер, бастырмаға келдік. Түскі асты дайындау керек. Жылдамдатыңдар» деді балықшы. Екі бүктетіліп бастырманың ішіне кірдік. Қара жерді тереңдетіп қазған. Ішін пашын­мен қаптаған. Қақ ортада темір ошақ орнатып, ұзына бойы мұржа тұрғызған. Оның жанында күйеге баттасып қалған бір шәйнек, екі қазан, шолпы ілулі. Әйтсе де, бұл қо­ңыр салқын, жанға жайлы жер екен. Былайынша, аз-маз тынығып алу­ға қолайлы енді.

Үйдегідей баптың болмайтыны белгілі. Сондықтан Әдекең жаңа ауланған балықты дереу арша-паршасын шығарды да, қазанға салды. Сол сәтте Әбдіжәмілдің «Қан мен терінде» Еламанның асымдық балық үшін әлсіз мұздың бетіне шығатыны еріксіз есіме оралды. Кешегі мен бүгінгіні салыс­тыруға келмес, әйтсе де, атакәсіптен қол үзбеген жігіттердің бары қуантты. Мұн­дай тірлікке етіміз үйренбегесін бетіміз қызарып, ыстығымыз көтеріле бастады. Сондағы жігіттің бірі «Қазір балықтың сорпасын ішкесін бәрі жазылады» дейді. Бұрышта қара қазанда балық бұрқ-сарқ қайнап жатыр. Әдекең ауық-ауық барып, тұз сеуіп, дәмін байқап көреді. Сәлден кейін «ұн шайып жатырмын. Асқа дайындалыңдар» деді. Шыны керек, мұндай сорпаны қашан ішке­ні­міз есімде жоқ...

Ауқаттанып алғасын әңгімеге көш­тік. Тілшілер келді дегесін бастырмаға балықшылар тұс-тұстан бірі­нен соң бірі ағылып келіп жатыр­. Осы төңіректе болған әңгімелер лек-легімен айтылуда. Соның бірі: күздігүні күн күрт құбылады. Сол уақытта айдынды Арал буырқанып таситы­н көрінеді. Бірде балықшылар әдеттегідей жиекке «палат­ка» құрып, тынығып жатса, бүкіл керек-жарағын су шайып кетіпті. Жағаға асыққан толқын қатты келген ғой. «Теңізден мұндай долы мінез күт­педік» дейді олар. Талай рет тулаған теңіздің толқынына қарсы тұрып, жан екпінмен жағаға асыққан жайттар жиі болып­ты... Айтпақшы, «Прогресс»  қайығының  құны –400-500 мың теңге, ал моторының өзі 650 мың теңге тұрады екен. Балықшы жігіттерден әңгіме арасында естігеніміз ғой.

 

ТҮСТЕН   КЕЙІН

Түскі сағат бірден үшке дейін ау тараштадық. Ол бір төзімді талап ететін шаруа. Шимайланған шетін шығарып, оны тарқатып, арқалығы мен табанын тең ұстап отыру да ептілікті қажет етеді. Содан сағат бесте «жау киімді» қайта киіп, теңізге қарай тағы шықтық. Мойынға карта-навигаторды іліп алып. Бұл құрылғы көк теңіздің үстінде таптырмайтын дүние. Бағытыңнан алда-жалда жаңылсаң, жөн сілтейді. Қайықтың басын айдын­ға бұрып, ау құруға кет­тік. Әдекең әуелі табанын тастады. Інісі әдеттегідей ескекті оның ыңғайына қарай есіп келеді. Құрып жатқанда ау бірдеңеге ілінсе, шимайланады да қалады. Сондықтан мұқият болу керек. Әне-міне дегенше бұл жұмысты да бітіріп, ау маңын­а  қалтқы  қалдырдық.

– Інім, жылда теңізді 1 мамырда жауып, 1 шілдеде ашады. Екі ай бойы сең соққан ба­лық­тай күй кешеміз. Ұсталып қалсақ, адам басына 40 мың теңге айыппұл салады. Егер қайықта біз сияқты 3 адам болса,­ 120 мың теңге. Әңгіме болсын, «запрет» кезде сендердің Қызылордаларыңа барып, денсаулығымды тексер­ттім. «Алтын ине» алдым.­ Дәрігерлер «емдел» деген. Бір-екі күн болдым да, теңізге қарай тайып тұр­дым. Шыдай алмадым. Осы өмірімді сағынып кеттім,- дейді  балықшы.

Кешкілік бастырмаға қайта  келіп, ауқаттанып алған соң, сілеміз қатып құла­дық. Міне, балықшының бір күні осылай өтті. Осылай өте де бермек...

Жалпы, Арал теңізінің маңында Аманөткел, Бөген, Қарашалаң, Қаратерең, т.б. ауылдар орналасқан. Ондағы тұрғындардың тең жартысы атакәсіппен айналысады. Өңірдің арғы-бергі тарихына көз жүгіртсек, 1920 жылдың  25   желтоқсанында «пролетариат көсемі»  В.И.Лениннің Арал балықшыларына жазған хатына орай 1921 жылдың 5 сәуірін­де аш­тықта қалған Поволжье халқына 14 вагон балық жібергені  әлемге белгілі.

Қазір Аралдың балығына сұраныс жоғары. Оның үсті­не сыртқы нарыққа шығу бір жолға қойылған. Ол жағынан ешқандай алаңдаушылық жоқ. Сондай-ақ, келмеске кеткен теңізді қалып­қа  келтіруде қыруар шаралар қолға алынды емес пе? САРАТ­С-2 жобасы толыққанды басталды. Жақын-жуықт­а атқарылып жатқан шаруалар өз нәтижесін береріне шеткейдегі балықшының да үміті зор.

Байқағаным, бастырмада жиналған – кіл жас жігіттер. Негізінен  балық  көктем мен күзде жақсы шығады екен. Осы  уақытта  Аманөткелдегі етжеңді еркек кіндіктінің бәрі осында ағылады. Олар жұмыстың жоқтығынан емес, көңілдің тоқтығынан осында жүр. Телегей теңізден нәпақасын тауып, атадан қалған кәсіптен ажы­раған  емес.

ТҮЙІН. Өткенде ғана облыстың оңтүстігінде орналасқан Жаңақорғандағы Жайылма ауылының, қарт Қаратаудағы малшының, Шағандағы шаруаның бір күндік өмірін хал-қадірімізше  жаздық. Енді міне, теңіздің төскейінде түтінін түтетіп отырған ағайынның тыныс-тіршілігін баян еттік. Біз балықшы қауымнан «барға – қанағат» деген түсінікті санамызға сіңіріп  қайттық.

Қозы   Көрпеш   Жасаралұлы,

Бағдат  Есжанов  (сурет)

 

Пікір қалдыру


Қорғаныш коды
Жаңарту

Күнтізбе

< Тамыз 2018 >
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 31    

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары