Оқырманнан хат
Келіп кету есептегіші








![]() | Бүгін | 673 |
![]() | Кеше | 2076 |
![]() | Осы аптада | 673 |
![]() | Өткен аптада | 15302 |
![]() | Осы айда | 36163 |
![]() | Өткен айда | 52979 |
![]() | Бәрі | 3573183 |
МҰҒАЛІМНІҢ ҚОҒАМДАҒЫ БЕДЕЛІ БИІК ПЕ? |
06.09.2018 14:45 |
Айтайын деп, айтпайсың... «Айтпаса, сөздің атасы өледі» дегенді естуіңіз бар болар?!. Бүгінгі айтар ойымыз дәл осындай қадамнан туындады. Соңғы кезде мұғалімдер қауымы, олардың қоғамдағы беделі туралы әңгіме жиі қозғалып жүргені белгілі. Оған себеп те жоқ емес. Жасыратыны жоқ, бүгінгі ұстаздардың қабілет-қарымы, біліктілігі, жаңашылдығы біздің кезіміздегі ұстаздармен салыстырғанда төмен еместігі (жоғары деуге ұстаздарымнан именіп тұрмын) әмбеге аян. Алайда көпшілік арасындағы беделі, қоғамдағы орны біздің ұстаздарымыздан жоғары ма?! Әй, қайдам?!.. Ал олай болуына кім кінәлі?! Бір сәт, шындыққа тура қарайықшы. Адам жанының инженері саналатын мұғалімдер қауымын арнайы өкім шықты деп сенбі сайын көше сыпыруға, арықтың ішін тазалауға, үйлерді аралатуға, өзге де қоғамдық жұмыстарға пайдаланса, қайдан бедел болсын?! Көше тазалауға кім құштар дейсің?! Ал шықпайын десе... Бір мұғалімнің «Мектептің ауласын тазаласаң бір сәрі, көше сыпырып кететінің намысыңды келтіреді. Сен терезесінің алдын тазалап жатқан үйде тұратын оқушың сыртыңнан күліп тұрғанын көргенде жердің жарығы болса, түсіп кетер едің» деп көзіне жас алғанын өз көзіммен көрдім. Бұл туралы бірнеше жыл бұрын «Халық» газетінде менің «Тәрбиеші, ұстаз, дәрігер, көше тазалап әбігер» деген мақалам да жарық көрген еді. Селт еткен жанды байқамадық. Әрине, тұрған аймағың, көше, қалаңның тазалығы, көрікті болғаны, ең алдымен, өзіңе қажет екені даусыз. Бірақ... Елбасының «Әркім өзінің ауласын таза ұстап, үйінің іші-сыртын әрлесін. Сонда елдің де еңсесі көтеріліп, көріктене түседі» деген сөзін неге ұстанбасқа?! Неге біреудің боғын, үйінің алдын, көшені мұғалім, мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері тазалап беруге тиісті?! Әрі-беріден соң тазалықпен айналысуға тиісті мекеме бар емес пе?! Ұстаз неге тек білім берумен, тәрбиеші бала тәрбиесімен, дәрігер емдеумен айналыспасқа?!. Оған қоса, ащы ішектей созылып кететін сенбіліктер де үй ішінде түсініспестік туындатып жүргенін естіп жүрміз. Бұл жерде мен жаңа планета ашқандай тың жаңалық жаздым деуден аулақпын. Әрине, талай айтылып, жазылып жүрген тақырып. Десе де, «үздіксіз тамшылаған тамшы тас теседі» деген бар. Мүмкін, бірде болмаса бірде біздің сөзімізді ескеретін құлақ табылар... «Үмітсіз шайтан» деген. Рас, кеңес өкіметі тұсында да тазалық шараларына арналған сенбілік өтетін. Алайда ол бір мәрте ғана (22 апрель Лениннің туған күніне арналып жасалғандықтан, «қызыл сенбілік» аталып жүрді) ұйымдастырылатын. Ал қазіргі сәттегі сенбіліктердің қанша уақытқа созылатынын көпшілік жақсы біледі. Мұның өзі мұғалімдердің кәсіби мамандығына, міндетті жұмысына деген алаңдаушылығын туындататынын кезінде өзім тілдескен қарапайым мұғалімдер тұрмақ, мектеп директорларынан да талай естідім.
Мұғалім деген кім десең, Кездесіп жүрсің күнде сен. Білімі – дана, өзі – абыз, Сөйлесе ділмар, шын шешен. Мұғалім – елдің айбаты, Намысы, ары, қаймағы. Күрекке емес білімге, Жұмсалса абзал қайраты. Мұғалім – елдің ұлысы, Ақылдың тозбас құрышы. Ұстазын өткен қастерлеп, Фараби ғалым ірісі. Мұғалім болса қадірлі, Ұғады өзге жаныңды. Сіңіріп бойға тәлімін, Жаңартар сана, қаныңды! Әрине, қажет тазалық, Маңайға жайлап баралық. Көшеге тұрғын қаралық, Мұғалімге қалмай қадалып!
Жұмабек Табынбаев, Қазалы ауданы |