Оқырманнан хат
Келіп кету есептегіші








![]() | Бүгін | 334 |
![]() | Кеше | 2056 |
![]() | Осы аптада | 7036 |
![]() | Өткен аптада | 15302 |
![]() | Осы айда | 42526 |
![]() | Өткен айда | 52979 |
![]() | Бәрі | 3579546 |
МОНШАҚТАЙ ӘҢГІМЕЛЕР |
13.09.2018 14:07 |
Ерғали АБДУЛЛА
Көрініс Қыз Жібектей керімсығысы келгенімен де, тұқымы құрғыр мыстандығы қылымсып қайта-қайта көрініп қала береді...
Жылдамдық Мені таңғалдырып жүрген жылдамдық – жылжыған жыл мен айдың, күн мен сағаттың жылдамдығы. Ештеңеге қарамай, ешқайда бұрылмай, ешкімді ілестірмей, тек ғана алға, алға қарай зуылдап барады. Табан тіреп тапжылмасаң да, тоқтатқың кеп жағасына жармассаң да, бір шаруасы жоқ... Содан да қалып қоймайын деп, өкшең жерге тиер-тимес болып, екі өкпеңді қолыңа алып сен де жүгіресің...
«Стихия» Әншінің стихиясы – көпшіліктің алды, сахнаның төрі, даңғаза дыр-думан, марапат... Жазушының стихиясы – көпшіліктен алыстау, бүк түскен жалғыздық, тылсым тыныштық, оңаша жай, қанағат...
Дүмпу Адамдар өз ойын ашып айта алмайтын қоғамда ел арасына бейсауыт тарап кеткен кішкентай өсек-аяңның өзі әжептәуір дүмпу тудырып, жұртты дүрліктіріп, дүрбелеңге салып, айналаны азан-қазан қылып жатады.
Өмірдегі өзгеріс Бұрын сылқия тойып ішкеннен кейін, әйелімен біржар күнге созылатын ұрыс болатын. Енді әйелімен әр ұрысқан сайын, өле-мата біржар күн ішетін болып жүр...
Жинап, жинап, жинап жүр Біреу айналасын толтырып дос жинайды. Біреу шытырлатып ақша жинайды. Біреу көзі тоймай дүние-мүлік жинайды. Біреу кітап кеміріп, білім жинайды. Біреу «бір керегі болар» деп іске алғысыз тері-терсек жинап жүр... Енді біреулер әркімнің сылп еткен аузын, тырқ еткен бір жерін аңдып, сүмеңдеп өсек-аяң жинап жүр...
Сайма-сай «Іске аспайтын» депутаттар іске аспайтын заңдар шығарады.
Осындаймыз Ауруымызды жасырып, «ауырмай» өле білеміз.
Күндер-ай! Әйелсіз өткен бірінші, екінші, үшінші күн – тамаша, ғажап, керемет! Әйелсіз өткен келесі үш күн – біртоға, жаман емес. Әйелсіз өткен ендігі үш күн – жайсыз... сонан соңғы күндер – мәнсіз, мағынасыз...
Ақын мен әйелі - Сен маған ешқашан да өлең арнаған жоқсың?! - Мен саған өлең емес, бүкіл өмірімді арнадым ғой...
Отқа қауіпті Қазір кей мекемелердің қағазға толғаны сондай – кездейсоқ шырпыңды жағып, темекіңді тұтатуға жүрегің дауаламайды...
Өсиет Басқаң болмаса да, қай кезде де, қай жағдайда да, артыңда бір берерліктей паралық қорың болсын. Әйтпесе жұртта қалып омалып, сөзің өтпей, талабың жүрмей, қаралай қор боласың...
Сөздің мәні Әйелдің сөзі – айыру, еркектің сөзі – қайыру.
Үлкен-үлкен Үлкен-үлкен ауқымды бастамалар орындалмаса да, оның үлкен-үлкен насихатымен талай-талай майда-шүйделер үлкен-үлкен нан жеп жүр.
Болды енді Қызметтегілер жиналыстан шаршаған, мектептегі балалар оқудан шаршаған, қаудыраған кемпір-шалдар ас пен тойдан шаршаған, бағыныштылар бастықтарынан шаршаған, еркектер әйелінен шаршаған заман болды енді!
Ақысыз Ақылды адамдар азайғанымен де, ақыл айтқыштардан аяқ алып жүре алмайсың. Бір жақсысы, көл-көсір ақылы үшін ешкім де бір тиын ақы сұрмайды.
Мазмұн Өмірдің өзі қателіктерді түзеуден, қиыншылықтарды әупірімдеп жеңуден, төменнен ұмтылып, биіктерге самғап шығудан тұрады. Және де қайтадан қателіктер жіберуден, көрер көзге адасудан, қиындықтарды қолдан қайта жасап алудан, шыққан биіктерден төмен қарай сырғып құлаудан тұрады...
«Шал» Жігіт кезінен жауырыны қушиып, еңсесі түсіп, екі иіле бүгіліп, қос тізесі дірілдеп шалдар сияқты аяғын сүйреп басып жүретін. Делдектеген өзі де, балпылдаған сөзі де, су-су болған көзі де шалдан аумай тұрған соң, құрдастары оны «шал» дейтін. Одан бері не заман! Жақында оны көрдім. Бұл кезде жасы келді ғой. Ол шынымен де шал болыпты. Ақыры шалдыққа жетіпті! Кей адам арманына оңай-ақ жетеді екен ғой.
Мұндай да жақсы болар ма?! Арам ойы шашының түгінен көп. Біреуді тобықтан шалып, біреуді омақата итеріп, біреуді тоңқалаң асырғысы кеп жұтынып жүреді. Тағы біреуді итше абалатып, ырылдатып, ызаландырып қойғысы кеп жүреді. Алайда құрып қалғыр жігерсіздігі әлгі арамзалықтарын іске асыруға ешқашан мүмкіндік берген емес. Арам пиғыл адамның жігерсіз боп туғаны мұндай жақсы болар ма?!
Үйкүшік Үйінен он қадам ұзап шықпайды. Көшеде бейсауыт жүрмейді де, тұрмайды. Басқа үйге кісі боп бас сұқпайды. «Аш емеспін» деп өзін ақтап, жұбатып, садақа-асқа өлдім дегенде бармайды. «Арақ ішкендермен отыра алмаймын, миды жейді» деп, той-томалаққа да аттап баспайды. Үйден ұзап шықпаған соң, аралас-құралас болмаған соң, мүйіз қағыстырар «жауы» да, төс қағыстырар досы да жоқ. Оның «жауы» да, «дауы» да – үйінде. Қатын, бала-шағамен итісіп-тартысып, ала көз боп, ырылдасып, ырғасады да отырады...
Кінәлі – аяқ Басың жақсы істейді. Тамаша! Ақылдысың. Керемет! Алайда жаман аяғың қисалақтап басып, сені жақсы істер атқаратын жерлерге бір апармайтыны несі?!
Жолашар Шаршаудан қорықпа. Шаршау – шыңдалуға жол ашады.
Бүгінгінің керегі Ырқыл, жырқыл, тырқыл күлкілерден шаршадық, запы болдық. Тұра қашуға шақ қалдырып жүр. Бізге сабаға түсірер, сарабдал, сап-салқын ой керек.
Жалғыздықта құдірет бар Жалғыздықты жаман дейміз. Көптен жырылып жалғыз қалсақ, көңіліміз нілдей бұзылып, алай-түлей болады. Ал Алла жалғыз болса да, күллі әлемге меймілдеген мейірімін, нұр-шуағын шексіз, шектеусіз төгіп отыр емес пе?!
Ырымшылдың тағдыры Көрген түсіне, айдаладағы біреудің түшкіргеніне, оң, сол қабағының тартқанына, иегінің беймезгіл қышығанына қарай өмірін икемдей-икемдей, басқа бір жолға түсіп барады...
Өмірдің математикасы Өмір ағынының әрбір сәті, адамдардың барша қарым-қатынасы – тұнған математика. Кейде босаңсып, есепсіз-ақ өмір сүрейін деп жағаңды кеңге салсаң, ақыр аяғында іс-әрекетіңнің шешімін дөп басып таба алмай, өзіңді ақымақ сезініп қаласың... Заңдылық Білімсіз қоғамда білімсіздер ғана даңққа бөлене алады екен.
Жағдай «Бізде барлық нәрседе қатаң тәртіп бар» дегенге, сол сөзді айтып жүргендерден басқа ешкім сенбейтін жағдайға келдік.
Мұғалімнің тірлігі-ай! Жинайық деді – жинадық. Жинайық деді – жинадық. Жинайық деді – жинадық.
Құбылыс Біздің байлар шығаннан шығып қатты байып, қанасынан асып кетсе, әп-сәтте жүрген жері бәлелі «бандитке» айналып кететіні несі?!
Тренинг «Өзіңді-өзің тани біл» деген заманауи тренингке қатысқаннан кейін, өзіңді-өзің жете біле түсетіндігің сондай – көпке дейін өзіңнен өзің қорқып, үрейленіп, қашқың кеп жүреді.
Бос кеңістік Түйдек-түйдек сөз бар, түйіршіктей рух жоқ.
Ұпайшыл кісі Әкімнің сол күні, сол сәтте айтқысы келіп отырғанын дөп тауып сұрақ қойып, ақтарыла айтқызып, атының басын армансыз жібертіп, ұпай жинап жүреді...
Екі жақсы қосылсын Ақылды жігіттерге ақылды қыздар жолықса екен деп тілеймін. Ал ақылсыздарға бәрібір...
Бүгінгінің қақсауы Достарыңнан айырылсаң – айырыл, дос табылар. Қатыныңнан айырылсаң – айырыл, қатын табылар. Ал енді ана жұмысыңнан айырылып қалып жүрме! Қайтып жұмыс таппайсың...
Сұрқай сұрақ Жоғарыдағылар бізді аямайды. Біздер кімді аяп отырмыз?!
Міне, отырыс! Тапсырма болмаса, құйрығы тесілгенше тапжылмай жылдар бойы сіресіп, мізбақпай отыруға бар.
Күшеншек Қашан көрсең де, қайда көрсең де, үнемі күшенеді де жүреді, күшенеді де жүреді. Соған қарағанда Жаратқан оның әйтеуір бір тесігін о баста тарлау қылып тесіп жіберген сияқты. Асқан бақыт Бізге Алланың берген ең үлкен бақыты сол: адам болып тудық. Ал енді адам болып өле алсақ, одан да асқан бақыт бола алар еді...
Отбасы туралы ой Сезімің сарқылса да, төзімің сарқылмасын.
Ақымақтықтың мерзімі Ақымақ өз ақымақтығын мойындағанша ақымақ болып қала береді.
Арам жеген Оның арам жинап, арам жеп, арам жұтатыны сондай – түзге отырғанда құйрығы удай ашитын болар. Талтақ-талтақ етіп әзер-әзер жүреді.
Сүле ауру Жас кезінен тістеніп, білегін сыбанып «қайтсем де болам» деп ұрынатын. Періштенің құлағына шалынып, жақында болды. Ал енді «кресломды тап қазір тартып алса да, халқыма қызмет етемін» деп жұлқынып айта алмай, мықырайып мыңқылдап, сүмірейіп сүмпиіп сүле ауру боп жүр...
Сөйдегім кеп тұрады Ең бақытты, әң әдемі, ең ақылды, ең дана қыз – дер кезінде, жұмсағы қатпай тұрып, байға шығып үлгірген қыз.
«Қанішер» Тұяғы сәл қимылдай кетсе, «өлейін деп отырмын», «өлейін деп жүрмін», «өлетін болдым» деп көрінген жерде аһылап, уһілеп, зар жылап, талайдың жүйкесін жұқартып, миын су қылып, айналасындағыларды мезгілінен бұрын өлтіруге шақ қалдырып жүр...
Имансыз орта Өздерін құдірет санайтындар пайда болған жерді құдайсыздық жайлайды.
Ішермен Бозбала кезінде жұрттан жасырып-пысырып сыра-пырадан тататын. Жалаң төс жігіт шағында қосып-шатып, құрап-сұрап қызыл ішті. Жұмысқа тұрған соң айғыр стақанмен арқыратып ақ арақты судай сімірді. Қызметтің пұшпағына қолы жетіп еді, ұрттап ішуді қойды – қотаратын болды. Жәшіктеп. Қара сақал болған кезде, күрең коньякты сораптап тартатын болды... Бүгінде буын-буыны діріл қағып, басы қалтақтап отырса да той-тобырға барғанда бірдеңе жұтқысы кеп, емініп, емініп қояды. Бірақ батырмасы батырмайды. Сонда да стақан ұстап қалған қолы бірдеңе ұстағысы келе ме-оу, көпіршітіп кока-коланы құйып алып, бір уақ тамсанып-тамсанып қойып, терісі жұқарған маңдайы әжептәуір терлеп, тепшіп, бусанып, жіпсіп, жілмиіп отырады.
Жұтқын Дөкейлерге көп мидың керегі жоқ. Артық салмақ қылып қайтеді?! Опыра шайнайтын мықты азуы мен оқпандай жұтатын кең кеңірдегі болса болды. Қалған шаруаны ың-шыңсыз тындырады да отырады.
Арал қаласы |