Өзекті мәселелер

  • 11.10.18

    Облыстық прокуратура әкімшілік істер бо­йынша қабылданған шешімдерді зерделеу барысында полиция қызметкерінің әкімшілік өндіріс материалдарын бұрмалау фактісін  анықтады.

    Нақтырақ айтатын болсақ, жергілікті полиция қызметінің полицейі Д.Амангелдіұлы қызметтік автокөлікпен кезекшілікте жүрген кезін­де қаладағы дүкендердің бірінің тұсында тоқтап тұрған «Hyunday Accent» маркалы авто­көлігі...

    Толығырақ...
  • 11.10.18

    КӘСІПКЕРЛІК –  ЖЕТЕКШІ   КҮШ

    Еліміздегі басты саяси құжаттардың қатарында «Қазақстан – 2050» страте­гиясы да бар. Ұзақ мерзімді дамуды бекіткен бұл стратегияда айтылған міндеттерді жүзеге асыру үшін орта мер­зімді кезеңге арналған мемлекеттің 2025 жылға дейінгі жоспарлау құжаты да айналымда. Бұл құжаттың басты мақсаттарының қатарында жеделдет...

    Толығырақ...
  • 11.10.18

    Жат діни ағымға еріп, адасу Әселдің жастық ғұмырының біршама жылдарын жалмады. Бойжеткен өміріне жағымды өзгеріс енетініне сенген. Дәл сол сенімнің «арқасында» ә дегеннен ештеңе түсіне алмады. Мұнысын жастыққа жарасатын аңғалдық дерсіз. Уақыт өте келе өзінің және жұбайының «роботқа» айналып бара жатқанын сезген ол көңіліндегі күмәнмен арпалысты. Рухани дертке ұшыра...

    Толығырақ...
  • 11.10.18

    Бауырлас он екі мүше,

    Бір анадан туғанмен,

    Әрекеттері әртүрлі...

    Бас – ақшаға тартып,

    Аяқ – басқаға тартып,

    Әуреге салды әркімді...

    ...
    Толығырақ...
  • 11.10.18

    Елуде еді өз жасым,

    Тыйылмады көз жасым...

    Жұмыс іздеп шығып ем,

    Киім-кешек тозғасын...

    ...
    Толығырақ...
ПУЛЕМЁТШІНІҢ ТАҒДЫРЫ
20.09.2018 10:37

Ұшы-қиыры жоқ ну орман жым-жырт тыныштық құшағында мүлгіп тұр. Желмен тербелген зәулім талдар­дың жапырағынан күн көзі зорға көрінеді. Айнала өзгеше, рақат күйге бөленгендей. Табиғаттың дәл осы сәттегі ана уызына тойып маужыраған нәресте тектес кейпіне қарап маңай­да қанды қырғын соғыс жүріп жатыр десе, сенбес едіңіз. Алайда амал қан­ша?! Бірін-бірі жыртқыштан бетер жұлмалап, қыршын боздақтардың қызыл қанын судай ағызған Ұлы Отан соғысының кәріне мінген шағы.

Пулемётінің ұңғысын бұтамен мұқият қымтап тастаған Ақайдар Аймағамбетов жасыл желек жамы­лып, өзімен бірге тосқауылда жатқан қарулас серіктерін көзінің қырымен шолып өтті. Рота командирі, аға лейтенант Гольвиннің аққұба өңі өрттей алаулап, қалың қабағы жауар бұлтша түнеріп кетіпті. Бұған дейін біршама шайқасты басынан өткерген командир өзінен пәрмен болмайын­ша тырп етпеуді баршаға сап арқылы қатаң бұйырған еді. Командирдің жанындағы Ахмедовтің жанары мұның көзімен түйіскенде, өзбек жігіті жымиып қойды. Осынау ақ­көңіл мінезді Ахмедовтің соғыстан кейін бәрін Ташкентке қонаққа шақырып, палаумен сыйлайтынын айтып ауыз жаппайтыны еске оралғанда Ақайдардың да езуіне күлкі үйірілді. Тізбектің сол қана­тында жатқан тағы бір пулемётші Кованчук алып денесін серіппеше жиырып алыпты. Тура құрбандығына атылғалы тұрған барыс дерсің. Әскерге дейін аңшылық кәсіппен айналысқан оның бойын жауына деген өшпенділік билегені күдірей­ген желкесінен де сезіліп тұрғандай.

Міне, бірнеше мотоциклге мінген неміс солдаттары бұлардың жанынан көліктерін тырылдатып өте шықты. Олардың жау әскерінің шолғыншы­лары екенін түсінген Гольвин «тиісуге болмайды!» дегендей басын шайқа­ған. Әккі командир қателеспепті. Көп ұзамай төрт бірдей жүк машина­сына мінген гитлершілдер де көрінді. Бұған дейін совет солдаттарының қатты қарсылығына кездеспеген бас­қыншылар тіпті бейқам. Жыланша ирелеңдеген жол бұлардың дәл жаны­нан өтеді екен. Ортаңғы машина тосқауылда жатқандармен қатарласа бергенде Гольвин граната байламын құлашын кере лақтырып, машина кузовындағы неміс солдаттарының аяғының астына дөп түсірді. Гүрс еткен жарылыспен қатар балқыған ажал түйіршіктері жауға жаңбырдай жауды. Шыңғырған, жанұшырған дауыстарға сақылдаған автомат, дүріл­деген пулемёт дауысы қосылғанда қалың орманның іші от жалынға оранды. Пулемёт тетігін құшырлана басқан Ақайдар ойран-топыры шыққан жау колоннасын көздеп оқ тізбегін нөсерше селдетті. Бұған Кованчуктың пулемёті ілескенде берекесі қашқан неміс солдаттары атысқан бойы кейін шегінді. Ұрыс саябырлағанда жол бойы басқыншы­лардың өлігіне толып кеткен еді. Алайда осы ұрыста Ахмедов оққа ұшты. Ажалды түйіршік маңдайына қадалған ақжарқын өзбек жігітінің ашық қалған  жанары  өмірдің  жалған  екенін  қайтара  еске  түсірген.

Тағы бірде бұлардың ротасы кезек­ті рет жау қолының алдын тосты. Бұл сапар да жолдары болды. Фин соғы­сына қатысып, мол тәжірибе жинақ­таған рота командирі Гольвин қашан­ғысындай жақындатып алып, соққы беру тәсілін қолданды. Күтпеген жер­ден жасалған айла өз жемісін берді. Жау әскері алды-артына қарамастан, тырағайлап қашты. Бірнеше солдат пен офицерді тұтқынға алған 3-ші рота полкке келгенде, қолайсыз хабар естіді. Жау әскері майданның өзге тұсында шабуылға шығып, кеңес әскерлерінің (арасында Ақайдар қыз­мет ететін 336-шы атқыштар полкі де бар) үлкен шоғырын қоршауға алып­ты. Жағдай күрт өзгерді. Әскери бас­шылық шағын топтарға бөлініп, қор­шауды бұзып өтіп, негізгі күшке қосылуды бұйырды. Жанын шүберек­ке түйген совет солдаттары бұл тап­сырманы мүлтіксіз орындады. Сан мәрте күші басым жау қолымен шай­қаса отырып, қоршауды жарып өтті.

Қазалының батыр түлегі Ақайдар Аймағамбетовтың жауынгерлік жолы жалғаса берді. Атақты Ленинград қаласы маңындағы шайқасқа қатыс­ты. Осы қаланың маңындағы Пуш­кин селосы үшін болған шайқас кейін көпке дейін Ақайдардың түсіне еніп жүрді. «Адамның басы – Алла­ның добы» деген рас екен. Траншея маңына жарылған минометтің жарқыншағынан оң қолы жарала­нып, госпитальға түскен Ақай­дар осы жолы өзінің қарулас серік­тері Есенов пен Ивановтың мерт болға­нын  есін  жиғанда  есітті.

Госпитальдан соң біздің кейіп­керіміз атқыштар батальоны­ның құрамына жіберілді. Майдан­дағы қалыптасқан жағдайдың ауыр екенін саны тым аз батальон құрамы­нан да аңғаруға болатын. Әрі жауын­гер­лердің қару-жарағы да тым мар­дым­сыз. Қыс мезгілі. Солдаттарға шаңғы­мен жүру тапсырылды. Қазақ­тың кең жазира даласында туып-өскен ауыл баласы бұрын-соңды шаң­ғы тепкен деймісіз?! Теппек тұрмақ, шаңғы дегеннің қандай болатынын тұңғыш рет көруі. Десе де, табиғаты­нан зерек Ақайдар көп ұзамай шаңғы тебуді үйреніп қоймай, қатты жыл­дамдықпен жүріп келе жатып авто­матпен нысанаға дөп тигізуге төселді. Н. деревнясын азат ету кезінде шаңғы­мен жұлдыздай аққан Ақайдар Айма­ғамбетов батылдығымен ерекше назарға ілікті. Ал ерліктің ескерусіз қалмасы  тағы  анық.

Мұнан соң Ақайдар танкіге қарсы қолданылатын қарудың көздеушісі болып шайқасқа түсті. Бұл жерде де ерлігімен ерекшеленді. Бір ұрыс кезінде көрсеткен тапқырлығы, батылдығына орай полк командирі Аймағамбетовтың отбасына ризашы­лығын білдіріп, хат жолдады. Бұл сол кездегі өлшеммен қарасақ, өте зор құрмет-тұғын. Мамыражай мамыр күні ауыр жарақаттанған Ақайдар ұзақ уақыт емделген соң елге оралды. Кешегі батыр жауынгер бейбіт күннің озаты атанды. Мал да бақты, күріш те екті. Абыройға бөленді. Соғыста алған наградаларын енді «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» орден­дері, көптеген медальдар толық­тырды.

Жылжып жылдар өтті. Ақайдар Аймағамбетовтың өмірден өткеніне де біршама уақыт болды. Алайда ұрпақ үшін майданда қан кешіп, бейбіт күнде тер төккен атамыздың есімі елінің есінде мәңгі сақтаулы.

Жұмабек  ТАБЫНБАЕВ,

Қазалы  ауданы

 

Пікір қалдыру


Қорғаныш коды
Жаңарту

Күнтізбе

< Қыркүйек 2018 >
          1 2
3 4 5 6 7 8 9
10 11 12 13 14 15 16
17 18 19 21 22 23
24 25 26 27 28 29 30

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары