Оқырманнан хат
Келіп кету есептегіші








![]() | Бүгін | 681 |
![]() | Кеше | 2076 |
![]() | Осы аптада | 681 |
![]() | Өткен аптада | 15302 |
![]() | Осы айда | 36171 |
![]() | Өткен айда | 52979 |
![]() | Бәрі | 3573191 |
АТА-АНАЛАРДАН АҚША ЖИНАУ – ЗАҢСЫЗ |
20.09.2018 11:02 |
Жақында құрбымды кездестіріп қалдым. Әңгіме айтып тұрғанда, ол өзінің күйеуінің жүргізуші куәлігін бар-жоғы екі сағатта алғанын айтып, мақтанды. «Қазір электронды үкімет жақсы дамыған екен» деп қалды бір сөзінде. Расында да, қоғамдық көлікпен қатынайтындар біле бермеуі мүмкін. Бірақ көлік тізгіндейтіндер бұл жаңалыққа қатты қуануда. Себебі, «жол қадірін жүрген білер» демекші, бұрындары кезек күтіп, қаншама күнін шығындайтын жүргізушілер куәлік алудың қадірін жақсы біледі. Бұл – көрсетілетін мемлекеттік қызмет түрлерінің электронды форматқа ауысуының нәтижесі. Әрі осыдан кейін адами фактордың болуы да азаяды. Себебі, уақытын шығындағысы келмеген адам бұл қызмет түрін ымыраласа отырып тез бітіргісі келуі мүмкін немесе дәл осы қызмет түрін қызмет көрсетушінің өзі ұсынуы да ғажап емес. Айта кету керек, уақытын «өлтіргісі» келмеген адамға электронды көрсетілетін мемлекеттік қызмет түрлерінің саны артқан. ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті бастығы А.Мұхимовтың айтуынша, жыл басынан бері электронды түрде көрсетілген қызмет саны 1 млн 24 мыңға жетіпті. Осылайша, жалпы көрсетілген мемлекеттік қызмет санының 81 пайызын құраған. Мысалы, баланы балабақшаға тіркеу керек болса, egov.kz порталын пайдалана отырып өзіңіз-ақ істей аласыз. Ал сол балабақшадан шығаратын жағдайда бұрын халыққа қызмет көрсету орталықтарына не қалалық білім бөліміне баратынбыз. Қазір бұл қызметті сол балабақшада жүзеге асыра береді. Жасыратыны жоқ, көбіне сыбайлас жемқорлық қылмыстарына барған жанды біле тұра, тіс жармаймыз. Пара берушіні де, алушыны да тоқтатуға асықпаймыз. Бір жағынан, «қазір бәрі осылай, Мәке, Сәкесіз бітпейді» деген түсінік қалыптасқан санамызда. Алайда бәріне көз жұма берсек, жемқор елдердің көшін бастап кетпейміз бе? Одан бөлек, болашақ ұрпақтың санасын да осы тәсілмен улап келе жатқанымыз бүгінгі аға ұрпаққа сын деп білемін. Сондықтан «мүлдем төзбеушілік» қағидаты, яғни ұсақ құқықбұзушылыққа төзбеу ахуалын қалыптастыру қоғамдық тәртіпті нығайтуға бастайтын маңызды қадам деп білемін. Осы арқылы ұсақ қылмыстардың алдын алсақ, ол болашақ жемқорлыққа жетелейтін жолды жабатыны сөзсіз. Мысалы, қазір қоғамдық орында темекі тұқылын тастағаны үшін айыппұл салынады немесе бірнеше тәулікке қамалады. «Аузы күйген үрлеп ішеді» демекші, сол тәртіпсіздікті жасаған адамның мұны екінші рет қайталамасы анық. Сондай-ақ, бүгіннің өзінде облысымыз бойынша сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлаған және басқа да жемқорлыққа қарсы іс-қимылда көмек көрсеткен 11 тұлғаға жалпы сомасы 1 427 610 теңге сыйақы беріліпті. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бюросының Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Бақытжан Жандарбеков айтты. Демек жемқорлықтың куәсі болсаңыз, үндемей қалмай, сыйақы алуға асығуға болады деген сөз. Сондай-ақ, жыл басынан бері облыста барлығы 123 сыбайлас жемқорлық санатындағы құқықбұзушылық тіркеліп, 60 адам жауапкершілікке тартылыпты. Ал мемлекетке келтірілген 541 млн теңгенің 95 миллионы өндірілген. Өткен аптада ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Жұртшылықпен байланыс жөніндегі департаментінің директоры Арман Бердалин облысымызға арнайы келіп, аудандарды аралаған болатын. Мемлекеттік қызмет жүйесін жетілдіру, сапасын жоғарылату, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытындағы жұмыстарды көрген Арман Тілектесұлы соңынан БАҚ өкілдерімен кездесіп, брифинг берді. Мұнда ол әлі күнге дейін мектептерде ақша жинау мәселесінің толықтай шешілмей келе жатқанын жеткізді. Түрлі сылтаулар айтып, оқушылардан ақша сұрататын ұстаздар қауымының әрекетін заңсыз деп бағалады. – Мектептердегі ақша жинау мәселесін ерекше атап өткім келеді. Олар, өкінішке қарай, әдеттегі жағдайға айналып кетті. Көптеген ата-аналар осы оймен келісіп, оның дұрыс екеніне күмәнданбайды. Бірақ олай емес. Мемлекет мектептердің барлық қажеттіліктеріне, оның ішінде жөндеу жұмыстары мен басқа шараларға жеткілікті қаражат бөледі. Ата-аналардан қаражат жинау – заңсыз. Бұл балабақшаларға да қатысты,- деді А.Бердалин. Айта кетейік, департамент нәсібін кәсіптен тапқандардың да құқығын қорғап келеді. Осы жылдың 8 айында 7 кәсіпкердің құқықтары мен мүдделері қорғалып, қалпына келтіріліпті. – Мысалыға, «Жолаушы сервис А.Б.» ЖШС мемлекеттік сатып алу келісімшартын жасаудан бас тартып, кәсіпкерге заңды мүддесі мен құқықтарын жүзеге асыруда кедергі келтіру жөніндегі шағымы бойынша Арал аудандық коммуналдық-шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы А.Тасқынбаевтың әрекеті Әдеп жөніндегі облыстық кеңесте қаралып, «атқаратын қызметке сәйкес еместігі туралы» тәртіптік жаза қолданылды. Сондай-ақ, «Медикея ИИС» ЖШС облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының протездік-ортопедиялық құралдармен жабдықтау туралы келісімшарт талаптарында көрсетілмеген құжаттарды сұрап жатқандығы туралы шағымданды. Шағымды қарау барысында басқармамен протездік-ортопедиялық құралдардың тіркеу куәліктерін негізсіз сұрап жатқандығы анықталды. Қарау нәтижесімен, «Медикея ИИС» ЖШС мен облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы арасындағы 118 млн теңгені құрайтын мемлекеттік сатып алу туралы келісімшарттың орындалуы қамтамасыз етіліп, бизнес субъектінің құқықтары қорғалды,- деді А.Мұхимов. Түйгеніміз, өз мүддесін ғана ойлап, заңды айналып өтетіндер, түбі жазасыз қалмайды. Экономикадан бастап, әлеуметтік сала, саясатқа да іріткі салатын сыбайлас жемқорлықтың алдын алу – баршамыздың міндетіміз. |