Өзекті мәселелер

  • 13.12.18

    Жазылған  жайттың  жалғасы

    Қоғамдағы кейбір жайттарға көңілі толмаған, мәселесіне тиісті орындардан мардымды жауап ала алмаған­ жандардың бір ықпалы тиер деп БАҚ-қа үміт артып келетіні бар. Жалпы, бұқаралық ақпарат құралдарының мақсаты мен міндеттері, онда қызмет ететін журналистердің басты қызметі – қоғам үшін маңызды ақпарат іздеу, табу, аны...

    Толығырақ...
  • 13.12.18

    Анар   РАХЫМЖАНОВА,

    желтоқсан  оқиғасына  қатысушы:

    «Қазақстан Компартиясының бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаев орнынан алынып, сол қызметке Г.Колбин таға...

    Толығырақ...
  • 13.12.18

    Қай күні ақын Ұлықбек Бекұзақұлы «Ит жылы дүниеге келгендіктен бір-бірімен «ырылдасып» ойнап, әзілдің түбін түсірген (және түсіретін – ред.) «Сырдың бес серісі, бес перісі» атанған 58-дер: Бекұзақ Тәңірбергенов, Сұраған Мырзаев, Ниятолла Раманқұлов, Серік Ыдырысов және Оңталап Нұрмахановтар болатын. Бұлардың соңғы екеуінен басқасы «түйе қарап» кетті...» деп жазған еді. Уақытынд...

    Толығырақ...
  • 13.12.18

    Ерғали  АБДУЛЛА

    ШҮКІРШІЛІК

    «Түн баласы дөңбекшіп, олай бір аунап, былай бір аунап, ұйықтай алмай, көрер таңды көзіммен атырамын» дейді де отырады бір парақор. Құлқындап өліп жүрсе де, жүрегінің арғы бір терең, қапас түкпірінде ұят пен ардың болмашы бір қалдықтары, тозаңдары қалғанына да әйтеу...

    Толығырақ...
  • 13.12.18

    Елбасының жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауы тың мәселелерге толы. Әрбір Жолдау мазмұны қоғам дамуы үшін өте маңызды. Барлық жұмыстар тек билік өкілдеріне ғана емес, ел азаматтарына да үлкен міндеттер жүктейді.

    Осы жылдың күзіндегі Жолдауда мемлекет басшысы келесі жылы «Педагог мәртебесі туралы» заңды әзірлеп, қабылдау қажеттілігі туралы айтқан болатын. Ұлт көшбасшысы аталмыш заң мұғ...

    Толығырақ...
ҚАЗАҚТЫҢ ТІЛГЕ БАЙЛАНЫСТЫ БӨЛІНУІНЕ ЖОЛ БЕРМЕУ КЕРЕК
20.09.2018 11:10

 

Қанат ТАСЫБЕКОВ,

қоғам белсендісі:

 

Әрине, қазақ қоғамында орыстілді қазақтардың бар екенін біз жақсы білеміз. Тіпті, олардың қатары бір емес, жүз емес, мыңдаған адамға дейін барады. Ал, біздің кейіпкеріміздің өмір жолы “Адасқанның айыбы жоқ, үйірін қайта тапса егер” деген қазақ мақалымен біте қайнасып жатыр. Ол 50 жыл бойы қазақ тілін білмеді.

Бірақ, ол тереңге тамыр жібере алмаған дарақтың ғұмыры қашан да келте екенін ерте болмаса да түсінді. Ол ататегін білу, туған тілінде сөйлеу жолында берекелі бизнесін құрбан етті. Елуге келгенде ана тілін еңсерді. Өзі ғана біліп қоймай, орыстілді қазақтарға қазақ тілін үйретуді мақсат тұтты. Елдік мәселелерде өз ойын ашық жазып жүрген, соңғы жылдардағы әлеуметтік желі “жұлдыздарының” бірі, қоғам белсендісі Қанат Тасыбеков өткен аптада “Халық” газеті редакциясында қонақта болды. Бүгінде Қанат ағаның “Ситуативный казахский” атты үш томдық кітабы еліміздегі ең өтімді кітаптардың біріне айналып отыр.

 

Қазіргі кезге дейін кітаптың 36 мың данасы сатылып үлгерген. “Тіл жанашыры” деген құрметті атаққа ие болған, Қазақстан халықтары Ассамблеясының “Бірлік” алтын медалінің иегері, Қазақ Ұлттық кітапханасының жанындағы тіл, ұлттық және этнографиялық дәстүрлерді орыстілділер арасында насихаттаумен айналысатын “Мәміле” қоғамдық қорының төрағасы, алпыс жасқа аяқ басқан, айтары бар ағамызды аз-кем сөзге тартып, сұрапыл сұрақтарымызды қоюда аянып қалмаған едік.

- Қанат аға, Сыр еліне қош келдіңіз. Қызылордада алғаш болуыңыз емес шығар. Шынын айтсам, оқырмандарға сізді қалай таныстырсам екен, білмей отырғаным...

- Иә, Сыр топырағына табанымның алғаш тиюі емес. Осыдан екі жыл бұрын Қызылордаға келгенім бар еді. Жалпы, алған әсерім жақсы дей аламын­. Орыстілді қазақтардың арасына­н шыққан соң, қазақтар көп шоғырланған ортаға келгенде іштей қуанып жүремін. Сыр елі – тереңге тамыр жіберген, өте қонақжай халық. Әрине, қаланың тұрмыс-тіршілігінде өзгеріс байқалады. Адамдардың тілі шұрайлы, сөйлеу мәнері де сондай жағымды.

Мен Қызылордаға “Рухани жаң­ғыру” бағдарламасының аясындағы “Қазақтану” жобасының маңызын түсіндіретін сарапшылардың бірі болы­п келдім. Сарапшылардың тізіміне қосылуыма қарағанда мақсатым қазақ тілінің маңыздылығын артты­ру арқылы еліміздегі ұлтаралық бірлік пен жалпыұлттық қоғамдық келісімді нығайту, осы жолдағы өмірлік тәжірибем мен жеке ой-пікірлеріммен алмасу деп түсініп келдім. Қызылорда және Байқоңыр қалаларындағы мектеп оқушылары мен студенттермен болған кездесулерде жоғарыда айтылған мәселелер төңірегінде өз ойымды ортаға салдым, тәжірибеммен бөлістім. Жалпы алғанда, мен тіл немесе мәдениет, өнер саласының маманы емеспін. Мен өзімді соңғы ширек ғасырда халқы­мызды орыстілді және қазақ­тілдіге қақ жарып бөліп отырған екі қауымның арасындағы көпірі, бітіс­тіретін елшісі қызметін атқарып жүрген адаммын деп санаймын. Бұл жұмыс өте жауапты, әр сөзің мен қимылың ұстараның жүзімен жүр­гендей нәрсе. Әсіресе, орыстілділер қауымы. Олар потенциалы мол, байлық пен билікке қолдары жеткендер, туған тіліне шет тілі деп, оған “шекесінен” қарайтындар. Міне, осыларды “сауырынан сипап”, “қораға кір­гізумен” айналысып жүрген қазақпын.

- Енді өзіңіз, өскен ортаңыз турасында  айта  кетсеңіз.

- Мен Ақмола облысында тудым. Бастауыш мектепті  бітіргенде сыныпта жалғыз қазақ болдым. Ал, үлкен көшенің бойында екі ғана қазақ отбасы  тұрдық. Осылайша, өзге ұлт­тардың  арасында  өстім. Бастапқыда орыстілді болдым, бірақ ол күндер артта қалды. Мен қазір қазақша еркін сөйлей аламын. Отбасымда 7 баланың 6-ыншысымын. Бауырларымның барлығы орысша оқыды, мен де. Әкем елге белгілі адам еді. Жұмабек Тәшенов секілді қазақтың қамын жеген­ кісілермен аралас-құралас болды­. Әкемнің берген тәлім-тәр­биесінің ықпалы қашан да зор ғой. Адам  болып  қалыптастым.

- Жарты  ғасырдан  соң  туған тіліңіз­ді үйренуіңізге түрткі болған жайт не болды  екен?

- Әрбір космополиттің, мен сияқты шетелде көп жылдар жүріп қалған қазақтың 40 жастан кейін бойында “жан дағдарысы” пайда болады, өзіне “мен кіммін?” деген сұрақ қоя бастайды, жас кезіндегі өмірі, балалық шағы есіне оралады. “Менің жаным, менің қазақтығым туған тіліме байланысты екен ғой, екеуі ажырамас біртұтас нәрсе екен ғой” деген ойлар келе бастайды. Мен 40 жастан кейін осы дағдарысты, жанымның дағдарысын бойымнан кештім. Тілімді қайта меңгеруге, еркін сөйлеуге, сөйлеп ғана емес жазуға бекіндім. Өзім сияқ­ты  орыстілді  қауымындағы көптеген әріптестеріммен сөйлестім. Ең бастысы, осы қауымның тілін табу, оларға дұрыс көзбен қарау, осылармен жұмыс жүргізудің қажеттігін түсіндім. Себебі, қоғамымызда орыс­тілді  қауымды  қазақтілділерге  қарсы қойып жүрген, арасына от салып жүрген күштер бар. Осы қауіпті, осы жағдайларды жақсы түсінгендіктен бұл іске араласуымды міндетті деп санадым. Өйткені, мен ол ортадағы ахуалды бес саусағымдай жақсы білемін.

Осы жолда талай рет опық жедім, қиналдым, кедергілер көп болды, бірақ, білмейтін жерімді сұрауға ұялма­дым. Бір жиында маған бір филол­ог маман “Сіз тілді 50 жасымда­ үйрендім дейсіз бе?” деді. Мен “иә” дедім. “Неге?” деген сұрағына “өз тілімді білмегеніме намыстандым” деп жауап бергенім сол еді, “сонда оған  дейін  намысыңыз  болмады ма?” деп  тағы  сұрақ  қойды. Шынымды айтай­ын, жауап бере алмадым. Тіл  үйренуді  бастаған орыстілді қан­дастарымыз осындай ыңғайсыз сұрақтардан ұялады, әжуа-келекеге түсіп қаламын ба деп қорқады.

Туған тілім маған көп нәрсені үйретті. Менің  өмірлік танымымды, біршама көзқарасымды да өзгертті. Қысқасы, менің орыстілділерге айтары­м болды. Ол ойымды бүгінде “Ситуативный казахский” атты үш томдық кітабым арқылы, сөзім, ісім арқылы жүзеге асырып жатырмын деп  ойлаймын.

- “Жайшылықта елім, жерім деп кеудесін керіп жүрген ел ағаларының балалары, немерелері орысша сөй­лейді” деген түсінік қалың қазақтың арасында әбден қалыптасып үлгерді. Сіздіңше, мұнан  қорқу  керек  пе?

- Өте орынды сұрақ. Рас, әкелері­нің жазғанын аудармадан оқитындар бар. Бұл өте қиын нәрсе. Мысалыға мен өзімді айтайын. Ұлымды орыс мектебіне бердім, себебі өзім ол кезде­ қазақ тілін айтарлықтай білмеуші едім. Ал, кейіннен қызымды қазақ мектебіне оқыттым. 4-сыныпқа дейін оқыды, одан кейін қайтадан орысша мектепке ауыстыруға мәжбүр болды. Үй тапсырмасын өзі орындай алмады, мен де көмектесе алмадым. Бір жағы біліміне де көңілім толмады. Өз отбасыңды басқару өте қиын нәрсе. Қазіргі кездегі балаларын қазақ мектебіне берген, бірақ өздері қазақ тілін білмейтіндердің басындағы ең үлкен проблема – осы. Бұл екіжүзділік емес. Оларды ондай жаман­ атқа қимаймын. Үйде барынша қазақша сөйлеуге тырысамын. Балала­рым толық қазақша сөйлейді дей алмаймын, бірақ біледі, үйреніп те жүр. Мен өз балаларымды айтып жатырмын. Өзгелерде бұл басқаша шығар, білмедім. Көптеген орыстілді ата-аналар балаларымен қарым-қатынасты жоғалтып алмау үшін қазақ тіліне күштемейтіндері де бар. Дегенмен, өздері ел мүддесі үшін күресіп жүрген жандардың балалары, немерелері туған тілін білмеуі ұят жағдай.

- Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы “Тілі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады” деп еді. Шыны керек, тіліміз көшеден жоғалды. Бүгінде қала көшелеріндегі эргонимдер, яғни фирма, компания, жеке кәсіпкерлік нысандарының атаулары қазақы атаудан ада болып тұр.

- Маңдайша жазуларын біз мәж­бүрлеп жазғыза алмаймыз. Өйткені, бұл бизнеске жатады. Ал, бизнестің тілі деген басқа. Бұл бүгінгі саясаттың салдары, мұның себебімен күресу керек. Қайта Қызылорда барынша қазақы ғой, Астана, Алматыдағыдай емес. Тілді тудыратын да, өлтіретін де – халық. Жалпы, ешкім қазақ тілін жойып жібергісі келген жоқ. Бизнес­тің қазақ тіліне көшпей тұрғаны – экономиканың әсері. Мұны мемлекет қолға ала алады, жолға қоя алады. Израиль қандай еді, қазір ше? Олар өз тілі үшін қатты талап қойды. Ал, біз ешқандай амалдар жасап жатқан жоқпыз. Бірақ, Оғыз Доған, Руза Бейсембайтегі секілді тіл жанашырлары ел ішінде бар. Мен ол кісілердің кейбір әдістерін қолдамаймын да, қарсы шықпаймын да. Әр адам әртүрлі қолдау көрсетеді. Менің жолым­ ол емес. Менікі “санамызды өркениет” жолына салу, тіл, этнография, тарих және моральдық жолдармен санамызды жаңғырту арқылы өзімізді-өзіміз тану, қазақты тану, қазақты таныту. Қазақтың тілге байланысты бөлінуіне жол бермеу керек деп ойлаймын.

- Сізді қоғам белсендісі ретінде жақсы танимыз. Белсенділік сізге не берді?

- Мен ешкімге тәуелді емеспін. Өз ойымды ашық айта аламын. Бірде-бір рет ақшаға сатылмадым. Кітаптарым сатылып жатыр. Фейсбукте танымалдығым бар. Көшеде көріп, танып жата­тын адамдар жиі кездеседі. Әлемнің көптеген түкпірімен байланыстамын, хабар алып, байланысып отырмын. Ресейдің Мәскеу қаласы мен Омбы және Төмен облысының қазақтары шақырып, ол жақтарда кездесу өткізіп қайттым. Мәселен, Эстония­дағы қазақтар кеше ғана маған хабарласып, кітабымды сұрады, мен сол жаққа  салып  жібердім. Одан бөлек те көптеген  шетелдегі  қазақтар “Ситуа­тивный казахский” атты кітабымды сұратады. Шетелге арнайы шақыртулар болып жатады. Олардың ешқайсысы ресми кездесу, шақырту емес. Ол – сондағы қазақтардың ұйым­шылдығы. Белсенділіктің ар­қасында көптеген ұлт зиялыларымен таныстым, аралас-құралас  болдым.

- Жер мәселесі кезінде кейбір аға­ларымыз  ұялғанынан  жерге  кіріп кету­лері  керек  еді. Ал, олар “артқа” кіруде асқан шеберлік көрсетті. Мұндайға түсіністік  танытуға  бола  ма?

- Жоқ. Меніңше, бізге ата-бабала­рымыздың кейпіне көшу керек. Екі сөйлеу, жағымпаздық деген секілді әдеттер – ақ патшамен келген ауру, дерт. Баяғы дат айтқан батырлардың, ханнан жасқанбаған елдің ұрпағымыз ғой. Мұның бәрі қазір жоқ. Қазір бір облыс әкіміне біреу бетіне осылай айтып­ты дегенді естіп көрдіңіз бе? Мені көп ойландыратыны – қазақ зиялыл­арының  отызыншы  жылдары­ қазақтың ашаршылыққа душар болуы­на, кәмпескелеуге, қуғын-сүргінге салуға, жазалауға көмек­тескендері, ұстап бергендігі, домалақ арыздарды жазған сатқындық істері көп ойландырады. Солардың аттарын ашып айтатын кез болды емес пе? “Ашаршылық жылдары қазақ жазуш­ылары не жазды екен?” деген ой келді. Ғабит Мүсіреповтің ғана ашаршылық жайлы көзбен көргенін жазғаны бар. Былайынша айтқанда, ешқайсысы ештеңе демеген не олардың жазғаны бізге жетпеген. Әйтпесе, 1932 жылы Алматыда жазушы­лардың съезі болды ғой. Олар сол кезде жай қол шапалақтап отырды ма? Меніңше, 1932, 1937 жылдары болған жайттарды, кімнің кім бол­ғанын, бетпердесін ашу керек. Мүм­кін, билік  халық  бір-бірімен қыр­қысады  деп қорқатын шығар. Десе де, одан  бері  бірнеше ұрпақ алмасты  ғой. Сондықтан, қорықпау керек. Осымен  оларға  ой саламыз. Болашақ ұрпақтың  алдында кім қарабет бол­ғыс­ы  келеді дейсіз? Ұрпақтардан ұялу  керек...

- “Ендігі билікке тек ұлтшылдар келеді­” деген пікір ел арасында жиі айты­лып жүр. Сонда бүгінгі биліктің ұлтшыл  болмағаны  ма?

- Мен  саясаткер  емеспін. Саясат­та жоқ адаммын. Ал, тіл жағынан келген­де, мен ешқандай жүйе көре алмай­ отырмын. Көргенім, бір бағдарлама қабылдау, оған ақша бөлу және талан-таражға салу. Мысалы, тілді дамытуға да ақша бөліп жатыр ғой. Бірақ, талап қойылып жатыр ма, жоқ па? Бір жұмыстың шетелдегі орындалу құны мен біздегіні салыстырсаңыз, біздікі қымбат әрі  сапасыз  болуы  мүмкін. “Балық басынан шіриді, бұлақ басынан бастап тұнады” дейді ғой. Заңдар жақсы десек, оны  орындау  жағы  әлсіз.

- Қазақ қоғамында күйіп тұрған 3 мәселе бар деп алсақ, сіз қайсысынан  бастап  шешудің  жолдарын қа­рас­тырар  едіңіз?

- Ең  бірінші  орынға  тіл мәселе­сін қояр едім.  Әрине, өзім жақсы біле­мін ғой, оның үстіне әркім өзі жақсы білетін саланы айтады емес пе? Ал, екінші мәселе – жаппай жайлаған сауатсыздық деген болар едім. Қазақ басылымдарында да сауат­сыздық белең алуда. Бұл тек жазуға қатысты емес. Үшінші мәселе – ұлттық рухты ояту мәселесіндегі “солақ­ай” істер. Таптаурын істер мен сөздер басым “Оян, қазақ!” деген­ секілді. Білмеймін, не істеу керек­тігін? Мүмкін қатермен, қанмен келер­ ме екен? Біз кім екенімізді сезу керекпіз, өз-өзімізді тануымыз қажет.

- Өз басым, “қазақ жалқау, қазақ анадай, қазақ мынадай” деген секілді сөздерді мүлдем айтпаймын. Бойымдағы кемшіліктерді тұтастай ұлттан көруді қоятын кез келген шығар. Осы орайда, қазақ  ұлтының  өзге ұлттардан артықшылығы туралы пікіріңізді естісем­  деймін.

- Мен қазақ ұлтын өте жоғары қоямын. Мені ол үшін ұлтшыл деп айтуға болмайды. Тілім, елім – менің анам. Ал, анасын кім жақсы көр­мей­ді? Анасын барлық аналардан биік қою, өзге аналарды төмендету деген­ді білдірмейді ғой, сол сияқты. Қазақтың бойында көптеген ар­тықшылық бар. Біз тез бейімдел­гішпіз. Осы бейімделгіштігіміз елікте­уге алып барады. Ақылды халық­пыз. Тілді тез үйренгеніміз, ақылдылығымыз басқа тілдерге ауысып, өз тілімізді ұмытуға дейін алып баруда. Мұны мін түзелсін деп айтып жатырмын. Әйтпесе, біз өте еңбекқор  халықпыз. Біздің қазақтың болашағы  жарқын.

- Менің қоймаған бір сұрағыма жауап­  беруіңізге  болады. Айтарыңыз бар  ма?

- Біршама әңгіме айтылды деп ойлаймын. Бірінші кітабым шыққаннан кейін фейсбукте қызылордалық Сағат Жүсіп деген ағамызбен таныс­қан  болатынмын. Содан бері байланысымыз  үзілген емес. Ол өзін­дік айтары бар кісі. Қара басының қамы үшін емес, бар Алаштың қамы  үшін тер төгетін ел ағалары аман  болсын дегім  келеді.

- Ашық  әңгімеңізге  рақмет!

Сұхбаттасқан  Рыскелді  ЖАХМАН

 

Пікір қалдыру


Қорғаныш коды
Жаңарту

Күнтізбе

< Қыркүйек 2018 >
          1 2
3 4 5 6 7 8 9
10 11 12 13 14 15 16
17 18 19 21 22 23
24 25 26 27 28 29 30

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары