Өзекті мәселелер

  • 06.12.18

    «ЖУСАНДА  ТУҒАН  ЖЕРДІҢ  ИІСІ  БАР»

    Қазақ елі сонау «қарағай басын шортан шалған» ХІХ ғасырға дейін, ұлт тағдырының сілкіленіп, ұлттық сана ояна бастаған ХХ ғасырда да өзінің тегеуріні мықты ел екенін дәлелдеді. Киіз туырлықты қазақ санасындағы рухан­и-мәдени жетілу мен әлеуметтік-экономикалық салада өрлеу секілді мақсаттары заман көшіне ілес...

    Толығырақ...
  • 06.12.18

     

    Ерғали  АБДУЛЛА

     

    АРТЫҚШЫЛЫҚ   пен  КЕМШІЛІК

    Оның көп артықшылығы бар: гү...

    Толығырақ...
  • 06.12.18

    * Ерлердің психикасы зейіннен тоқылған. Ол жай өмір сүре алмайды. Ол биікке ұмтылуы керек.­ Еркек қатты жерде ұйықтап, суық сумен шайынып, ерте тұруы қажет.

    * Ер адам әрдайым өзінің жаман­ қылықтарын тыйғаны жөн. Өзіне ұсақ-түйек жеңілдік жасамауы  керек.

    * Қалаған нәрсесіне жету үшін ол мақсат қойып қимылдайды. Бұл – ер-азаматтың таби­ғаты. Сыйласатын ортасында өзіндік орны бол...

    Толығырақ...
  • 06.12.18

    Жалпы, өзімді жаман адам не ұсқынсыз қызбын деп айта алмаймын­. Жоғары қызметім бар. Адамдармен қарым-қатынасым да жақсы. Бір әттеген-ай дейтінім, осы уақытқа дейін екінші жар­тымд­ы жолықтырып, асыл жар атана алмадым. Жасым 34-те. Бұған дейін карьера құрып, өз жағдайымды өзім жасап алғым келді әуелі. Бір кездері мен үшін арман болған, одан соң мақсатыма айнал­ған марапаттың барлығына жетті...

    Толығырақ...
  • 06.12.18

    Бір сәт аспаннан ақша жауғандай күйге еніп, мол қаржыны қайда жұмсарыңызды білмей қалған мезетте... Мұндай көңіл күйді көбіне несие алған кезде сезінеріміз сөзсіз. Ал ай сайын алатын жалақыға телміріп отырған­ қарапайым халыққа бұл аса таңсық жағдай емес. Иә, өте көп мөлшердегі қаражатты алып, қалтамызды қампайттық делік. Ары қарай қайда жұмсаймыз? Бұрындары тұрмыстық техника, автокөлік немесе ...

    Толығырақ...
ТҮСІНЕ БІЛЕТІН БОЛСА, БИЛІККЕ КӨП НӘРСЕ АЙТТЫМ...
27.09.2018 12:20

 

Оңталап  НҰРМАХАНОВ,

ақын, режиссер, сценарист:

 

“Ел руханиятына қызмет етіп жүрген ағаларды жағалап тұратыным бар. Арнайы сәлем беріп, әңгімесін тыңдап қайтқан ұнайды” деп бастадым ақын, режиссер, сценарист Оңталап Нұрмаханов ағамды жұмыс орнына іздей барып. Құшағын кең ашып, төрін ұсынып, “ниетің жақсы екен” деген сөзімен бойымды жылытып, төбемді көкке көтеріп тастады.

 

Автордың алдында ұятқа қалмас үшін “Қорқыт-қобыз” атты жыр жинағын оқып барғанмын. Сұхбат барысында оның да көмегі көлдей болды. “Менің бір өлеңімде “Адамзат өзгерді әуелгі нұсқадан” деп келетін сөздер бар. Иә, біз өзгеріп кеттік. Құдай бізді келіп көрсе, танымай қалуы мүмкін” деп қалды ағамыз өз сөзінде. Расында, ойланарлық жағдай. “Үлкеннің ойындағысы кішіге ой салса, ол да олжа емес пе?” деген пікірмен сұхбатты бастадық.

- Аға, дана  халқымыз  алпысты тал түс деп жатады ғой. Тал түске аяқ басқаныңыз құтты болсын!  Алды-артыңызға қарайлау басталған  болар...

- Кішкентайымыздан өнер деген өлкеге келдік. Қиындығын көрдік, шығатын биікке шықтық, құладық, тұрдық. Соның ішінде осы өнер саласы қызықтырды. Мардан­ Байділдаев секілді ағаларымыздың соңына еріп, тәлімін алдық. Осының бәрі өнерге алып келді ғой. Негізгі мамандығым – режиссер. Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық  драма  театрында  ұзақ жылдар­ бойы қоюшы режиссер болып қызмет­  атқар­дым. Одан кейін Қызылорда қалалық “Жастар театрын” өз қолыммен аштым, оны зиялы қауымға көрсетіп, ұжыммен бірігіп  дәлелдедік. Біздің спектакльді көрген соң, штат беріп, қазір жұмыс істеп жатырм­ыз. А.Тоқмағамбетов атындағы мәдени­ет үйін­де құрылдық. Бұл жерден М.Әуезов­ атындағы театр шыққан, бұл сарайдың сахнасынан балалар­, жасөспірімдер театры және корей театры­ шыққан. Ізін қуып, біз де еріп келеміз­. Бұл  ұлттық  театр  руханиятының заңды жалғасындай деп білемін. Жалпы, өнер, қазақтың болмысы, руханияты үшін оқу  керек.

- Ақынсыз, режиссерсіз, сценаристсіз. Сізді айтыс ақыны ретінде де жақсы танимыз. Бөле жарып “бұлардың қайсысы жаңыңыз­ға жақын?” деп сұрау да ыңғайсыз болар. Бізге қызығы, мұнша мамандықты қалай  еңсеріп  жүргеніңізде  болып  отыр.

- Өнердің пұшпақтары көп. Өнер деген сөзге әлемнің руханияты сыйып кетеді. Өз биігімізде, өз үнімізді жеткізгіміз келеді. Мен қызметті киномеханик болып бастағанмын. Одан кейін айтыс ақыны болдым, Әділхан Маханов деген ағамыздың ықпалы­ көп тиді. Ол кезде өлең шығара алатын бала­ларды айтысқа тартатын. Бір бөлмеге қамап қойып домбыра үйреткені бар. Құдай қондырмағаннан кейін адамның илеуіне көнбедік пе әйтеуір, домбыраны дұрыс үйренбедік. Бірақ, менің бір сөзім бар.

“Домбыраны тартпаймын білегіммен,

Домбыраны тартамын жүрегіммен,

Жүрегіммен домбырам қосылса егер,

Құдіретті жұрты бар білемін мен.

Домбыраны тартасың білегіңмен,

Неге ғана тартпайсың жүрегіңмен,

Жырларың таяз жатыр, саяз жатыр

Көрініп тұр ғой бала түр, өңіңнен”, - деген. Айтыста өзіңнің әлсіз тұсыңа дайын­далып жүресің ғой. Біздің кезіміздегі айтыс­ той-думан, қыдырыс еді, қазір – кәсіби өнер. Қазір айтыстың деңгейі әлдеқайда шыңдалып, өсіп кеткен. Ол кезде көшенің жамандығын, ауданның кемшілігін, газеттен алған материалдарды айтатынбыз. Қазір біздің ми қатпарымызға келмейтін ойларды айтып жүр. Бұл айтыс деңгейінің өскені деп білемін. Десе де, тыр-тырлап, шүу-шүулеп, ықылап айтысты бастаған біз болатынбыз. Біздің  алдымыздағы ағаларымызды, айтыс ақындарын жақсы білесіздер. Айтысқа келу керек болды, кел­дік. Ал,  оқығаннан адам сценарист болмайды­ дер едім. Адамның қанында­ көру, сезу, түйсіну секілді қасиеттер болуы керек, яғни оны сезініп, біліп, түсініп отырмасаң, бұл құр сүйкей салатын мамандық емес. Менің “Мәдениетім – мәртебем” деген­ кітабым шықты. 10 томдық етуге де болар  еді, мен 1 ғана кітап етіп шығардым. Жас сценаристтерге үлгі болсын, керегін алсын, пайдасына жаратсын деген оймен. Содан кейінгісі – Құдай берген қасиет өлең жазу. Кішкентай кезімнен “Пионер” газетіне өлеңдерім шығып тұратын. “Толқынға” алғаш өлеңім шығып, Серік Сейтмағам­бетов, Толыбай Абылаев сияқты ақындар мен туралы жазғанда төбем көкке екі елі жетпей қалып, өзімді ақын санаған жайым­ бар. Жұрттар “ақын бала келе жатыр” дей­тін. Қазір әлемге басқаша көзбен қарап, тал­таң басып, шалқайып, шаттанып жүретін кезден  өттік. Сол өлең қыр соңымнан қалмады, мен де маңдайынан итеріп, кет деп айт­падым. “Келсең келші, дос болсақ, дос болайы­қ” деп жүрегімнің төріне шақырдым. Содан бері жолдаспыз. Одан кейін театр, режиссерлік өнер барлығын бірге алып келемін. Уақытында оқуын оқыдық. Қазақстандағы осы саладағы мамандармен тығыз байланыстамын. Облыстық театрда, жастар театрындағы жұмысым туралы жақсы  білесің. Біз қазір театрдың алғашқы іргетасын қалау дәуіріндеміз, кезеңіндеміз. Ол  жақсы  қаланды  деп те ойлаймын. Енді оны дамыту – біздің  міндетіміз. Және сол жолда жұмыс істеп жүрміз.

- Сіз туралы сөз болғанда “Қорқыт-қобыз” өлеңіңіз міндетті түрде айтылады. Ол өлеңінің шығу тарихы турасында бір жерден оқығаным бар еді. Осыны өз аузыңыздан­  естісек.­

- Белгілі композитор Рамазан Тайманов пианинода бір ән орындап берген еді, “Оңеке, осыған бір сөз жазу керек” деп. Музыканы тыңдап отырып “Қорқыт” деген­ дауысты естідім. Соны үйге барып жазып әкеліп  бердім. Ол “Қорқытың не?” дейді. Әнге орай басқаша жазуға болады ғой. Мысалы, “махаббатым өзің” деген секілді етіп. Содан не керек, ол өлең бір жылдай керексіз  жағдайда  тартпада  жатты. Келе­сі жылы Қорқыт жылы болып белгіленді. Қорқытқа өлең, ән керек болды. Сонда әлгі өлең есімізге түсті. Ән сәтті шығып, әлемді аралап  кетті. Шетелде де айтылып жүр дегенді­  естідім. “Азия дауысынан” бірінші орын алды. Ақын, композитор, әнші үшеумізге де бәйге берді. Жалпы, Қорқыт әлемі жаныма жақын. Шығармашылық адамының формалық жеке сөздері болады. Менікі – күн мен түн, Қорқыт пен теңіз. Осы төртеуі өлеңдерімде тоғыса береді.

- “...Ақын өлең жарасын таңып отыр.

Сана – соғыс,

Ми – майдан даласында”, - деп жырлайсыз. Жалпы, ақын деген кім, өлең деген не? Әрине, сіздің нұсқаңызда.

- Ақын – жауынгер, өлең – найза. Яғни, бес қару. Найза деген сол жауынгер­дің махаббаты да, жеңісі де, жеңілісі де болады­. Жауынгердің қайғы-қасіреті, көз қуанышы да. Ақынды болмыс десек, оның жаны, сезімі, қаны, тіршілік тұяғы өлең болса керек. Әлемге, досыңа, дұшпаныңа айтылатын санадағы сөз – өлең. Өлеңнен пайда болу керек. Қаржылай емес, рухани­. Оқырман өлеңнің қаймағын, дәмін татып, жақсылыққа бастаса, ақынның мерейі ғой.

- “Жер  жөргек” атты  өлеңіңізде “...Ақыл ойың  айдан  асып  кетсе  де, Жер адамға  бола алмайды тәуелді” дей келе, “...Сатам деген түйсігіңе  түкірдім, Қайт райдан, қара жерге қонақсың” деп  аяқтайсыз. Мен мұны кешегі жер  дауына  қатысты айтылып  жат­қан­  өткір  сөздердің  қатарына жатқызар едім. Жалпы, елде болып жатқан саяси жаңалық­тарға қаншалы­қты  үн  қосасыз?

- Жер деген жалғыз сенікі не менікі емес. Ол – ұрпақтыкі, мәңгіліктікі. Ол – анаң, ол – әкең. Біз неге қосылмаймыз, біз неге айтпаймыз? Мен айғайлап, біреуге қамшы үйіріп, біреуді кінәлап, тозақтап, азаптап айтқанды жек көремін. Маған өлеңнің тілінде жеткізген әлдеқайда ыңғайлы, өтімді. Екі  араға жік салып, мәселенің астарын, саясатын білмей тұрып, құзғындап жататын қасиетіміз бар халықпыз ғой. Біріншіден, қаны бар кез келген қазақ жерге­  ие болуы тиіс. Ол ата-бабаларымыздың қандай ерлігі, қан қайғысы, жан қайғысы бар екенін білгендіктен, ұлтарақтай жердің басқаның табанында, басқаның тырнағының ұшында кетпесін деген ой ғой. Бұл әр қазақ баласының ойында бар. Сөйлей алмайтын баланың да қанында, тегінде, бойында  бар қасиет. Мен сцена­рий­ арқылы да, спектакль арқылы да саясатты  айтамын. Бірақ, әлгінде сөзге қосқа­нымдай айғайлап­, бетін тырнап айтпаймын. Ол өнер емес. Түсіне білетін болса, билікке көп нәрсе айттым деп ойлаймын.

- “...Бір нөлді көрдім кеше мен, Билік басын­а беттеген” ой орамыңыздан да көңіл  толмаушылықты  байқадық.

- “Өлтіре алмайсың оқпенен, Тағдырлас орда, тақпенен. Бір нөлді көрдім кеше мен, Билік басына беттеген” деген ғой. Рас, билікте әріп танымайтын адамдар да отыр. Жазуды қойшы, жөнді оқи алмайды. Жаппай­ сауатсыздық жайлады. Оқуды ақшамен бітіреді, ақшамен жұмысқа тұрады­. Қойылымның иісі мұрнына бармайтын адамдар бізге ақыл айтады. “Мына­ны өйтсек қалай, бүйтсек қалай?” дегендей. Олардың кәсіби маманның жұмысына түкіргені бар. Қайтесің енді?

- Сіздіңше,  автор  оқырманмен санасуы­  керек  пе?

- Кітап не үшін жазылады? Оқырманның білімін, қызығушылығын арттыру үшін. Сол сияқты, көрерменнің деңгейімен жұмыс істеу – қателік. Қабатовтың сайқы­мазақ қимылдарына, сөздеріне күлеміз, негізі оған жылау керек. Өнерді соның деңгей­іне апарып тығып қоюға бола ма? Өнер көрерменнен бір саты жоғары тұруы тиіс. Көрермен өнерге ұмтылуы керек, қазір өнер көрерменге ұмтылып жатыр. Өнерге құлқын деген қара айғыр иелік етіп қалды. Ұлттық руханият, жад жаңғыртуды неге айтып жатырмыз? Мықты сценарий жазылса,­ ол бағаланбауы мүмкін. Ал, дауы­сын жазып­ алған екі әнші келіп миллиондап  ақша алып кетіп жатыр. Өнерде болып­ жатқан саясатқа­ миың жетпейді. Өнер – саясаттың құралы. Саясат өнерді ұлттық қажеттілігіне  ғана емес, болмысына бағыт­таса  дейміз. Өнері бар жігіттер той жағалап кетті, біреудің есігін қарап жүр. Осы­лар­ды біз айтпасақ, сіз жазбасаңыз, “неге?” деген­ сауалды ортаға қоймасақ, ешкімге қажет  болмағаны.

- Енді бір сәт тақырып аясын театрға бұрсақ. Жастар театрының бүгінгі жай-күйі туралы  айта  кетсеңіз.

- Қызылорда қалалық “Жастар театры” деген атаумен ашылдық. Репертурарымызда 3 спектакль бар. Төртіншісі – Ерсайын Төлеубайдың “Томирис” атты қойылымы. Ол сақтардың патшайымы, осы өзен бойын­ жағалай өмір сүрген, парсыларға қарсылық­ көрсетіп, әлемге бет алған жалпы түркіге ортақ тұлға ғой. Осы спектакльді бастап қойғанбыз, киіміне, декорациясына миллиондаған қаражат керек болып, тоқтап тұрмыз. Барлығы бірден болмайды ғой. Театр­ өз деңгейінде жұмыс істеп жатыр. Осы уақытта өз көрермендеріміз қалып­тасып үлгерді. Жастарды тәрбиелеп, көр­ген-білгенімізді үйретіп, жұмысының алдығ­а  басуы үшін  қызмет қыламыз.

- Сыр бойының жас жазушылары драма­тургия­  саласында  жемісті  еңбек етіп  жүр  дей  аламыз  ба?

- Білмеймін, танымаймын. Өз басым, жастарға “жазыңдар” деп үнемі айтып жүремін. Бірақ, олар “жазайын, ойланып көрейін” дегеннен асып кете алмауда. Бұл жер – Қалтай Мұхамеджанов, Әбділдә Тәжі­баев, Асқар Тоқмағамбетов, Асқар Кіребаев, Қомшабай Сүйеніш, Қуаныш Жиенбайлар туған топырақ. Ол кісілер драматургия саласында жемісті еңбек етті. Ал, қазір шығармасын әкеліп, жазып, танылып, “мен драматургпін” деп театрдың табалдырығын тоздырып жүрген жанды көр­медім. Алдағы уақытта көретін шығармыз. Тәуір өлең жазатын, жақсы әңгіме жазатын жігіттерді білемін, драматургтерді емес.

- Аға, қалай ойлайсыз, біздің қоғам таныма­лдықты мықтылық деп қабыл­дауды  қашан  қояды?

- Буын өзгеруі керек, ұрпақтар алмасуы қажет. Ұлттың мәдениет мәйегі ұлттың қажеттілігіне, өмір сүру қажеттілігіне айнал­ғанда ұрпақ өзгеруі мүмкін. Спектакльге келмейді, жанды дауыста айтылмайтын концерттерге барады. Солай, бүгін не  ертең өзгереді деп айта алмаймын. Мен көре алмайтын шығармын, балаларым көрсе  де...

- Өз-өзіңізге  баға  бере  аласыз  ба?

- Мен әу баста журналист боламын деп ойлағанмын. КазГУ-ге тапсырып, түсе алмай­ қалғанмын. Шүкір, бүгінде бір журналистен кем емеспін. Бұл жылдар мен тәжірибеге  байланысты нәрсе ғой. Сырдың, қазақтың абыз жырауы Алмас Алматов айтады “Біз өнерге бір күнде келген жоқпыз және бір күнге келген жоқпыз” деп. Ол кісінің еңбегі, шығармашылығы терең ғой. Мен ол кісіге “Өз-өзіңе ескерткіш салып жатқан адамсың ғой” дегенмін. Өзіме көңілім толмайды. Енді аз-кем жұмыс істедік, ұрпақ тәрбиеледік дегендей. Міне, осылай өзімізді жұбатамыз.

- Уақыт  бөлгеніңізге  рақмет!

Сұхбаттасқан  Рыскелді   ЖАХМАН

 

Пікір қалдыру


Қорғаныш коды
Жаңарту

Күнтізбе

< Қыркүйек 2018 >
          1 2
3 4 5 6 7 8 9
10 11 12 13 14 15 16
17 18 19 20 21 22 23
24 25 26 28 29 30

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары