Өзекті мәселелер

  • 18.10.18

    Диас  БАХРАДДИН,

    байдарка және каноэде есуден Жасөспірімдер олимпиада ойындарының чемпионы:


    Толығырақ...

  • 18.10.18

    Бұл өлке – өрелі өркениеттер тоғысы­нда тарихын тереңнен тартқан мекен.­ Талай қаһарман хандар мен білекті батырлар, суырыпсалма ақындар шыққан жер. «Жүз жырау» дүниеге келген осы Қармақшы елі әр қазақ үшін қастерлі, қасиетті. Аудан толығымен Тұран ойпатыны...

    Толығырақ...
  • 18.10.18

    Сыр  өңірінде  өзінің  тарихымен, экономикасымен, даңқты тұлғаларымен дараланған бір аудан болса, ол – киелі Шиелі өңірі. Жер көлемі 3426915 га  құрайтын  аудан – ежелгі  Сырдария  өзенінің  орта  ағысынан­ орын тепкен мекен, талай тарихи оқиғаның к...

    Толығырақ...
  • 18.10.18

    «Алдағы  бес  жыл  ішінде білім, ғылым, денсаулық сақтау­  салаларына  барлық көздерден  жұмсалатын қа­ра­жат­ты  ішкі  жалпы өнімнің  10  пайызына дейін жеткізу  қажет».

     

    ЖАЛАҚЫ  КӨБЕЙЕ   БАСТАДЫ

    Мұндай пәрменді ел Президенті өз Жолдауында атап көр­сеткен болатын. Бұл сала мамандары үшін жақсы м...

    Толығырақ...
  • 18.10.18

    Лақ бірде жайылымда жүріп ұйықтап қалды. Оянған соң қараcа, көзіне ешнәрсе­ шалынбады. Далада жалғыз қалыпты. Отардың соңынан қуып, жүгіре жөнелді. Жүгіріп келе жатып қасқырға кезікті.

    – Ей, мұнда неғып жүрсің? - деді қасқыр­  көзі  оттай  жанып.

    – Қуаласпақ ойнап, - деді лақ тез ес жиып.

    – Кіммен?

    – Ағаммен. Сөйтті де, артына бұрылып:

    ...
    Толығырақ...
БІЗ ҚАЙДА БАРА ЖАТЫРМЫЗ?
27.09.2018 12:45

Қоғам дамыған сайын әлеуметтік-тұрмыстық жағдай оңала берері сөзсіз. Күнделікті өмірде көріп жүргеніміздей, қазір  тірлік  жасасаң, жұрт қатарлы өмір сүруге мүмкіншілік бар. Көз тартар қабат-қабат үйлер тұрғызып, астарына қос-қос шетелдік қымбат көлік мініп, «ертең не ішемін, не киемін» деген уайымн­ан ада жүрген жандар аз емес және олардың қатары жыл санап көбейіп келеді. Болсын, біз оған қуанамыз, өмір сүріп жатқан қоғам сондай. Халықтың бәрі осындай дәрежеге қол жеткізcе ғой деген арманымыз да жоқ емес. Бірақ, бес саусақ бірдей емес, біреу аттылы, біреу жаяу дегендей өмір жалғасып жатыр. Бір қуанарымыз – нан бар, заман тыныш. Жалқаулыққа салынб­аған жанға «екі қолға – бір күрек»  табылады. Бір сөзбен  тән азығы шешілген десек, қателесе қоймаспыз. Оған дәлел, қашаннан көңілі дарқан  қазағымның  той-томалағының көбеймесе, азаймағаны.

Қатардан қалмау­ға тырысатын, намысқой халық­тың ұрпағы емеспіз бе, мұндайда нар тәуекелге барып қарыздансақ та, дастарқаннан аянып қалуды жөн көрмейміз. Тырбанамыз, тыраштанамыз. Әйтеуір барымызды шашамыз. Хош дейік, бұл күнде көріп жүрген көрініс ғой...

Бізді ойландыратыны – жан азығының жайы. Адамзат баласына ғана қа­жетті рухани азық тура­лы. Тап қазір матер­иалдық  байлық пен сана байлығының арасында сәйкессіздік орын алып бара жатқан сыңайлы. Адамдар қалайда тән азығының қамын ойлап, жан дүниесінің қарекетіне мән бермей­тіндей. Жұмысбастылық отбасы тәр­биесіне де көңіл аудартпайтындай ма?! Оның үстіне бүгіндері жекемен­шік құрылымдар басым­ болғандықтан, жұмыс беруші, баяғы біз бастан өткерген қоғамдағы басшылардай  бәріне жауап бермейді. Олардан жалдап отырған жұмысшы-қызметкердің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы, ұрпақ тәр­биесі сұралмайды. Балаларының тәлім-тәрбиесіне, тәрті­біне басшының еш қатысы жоқ. Тек еткен еңбегі үшін ақша тауып бере алса, жақсы. Бәрі сонымен бітті. Мұндай жеке құрылымдарда кә­сіподақ деген ұйым болмайды. Халықтың бірталай бөлігі нақ осындай мекемелерде, серіктес­тіктерде еңбек еткендіктен, кімнен не сұрауға болады? Егер ұрпақ тәрбиесі отбасы, мектеп және қоғамның өзара бірлесе отырып, ынтымақтаса жұмыс жүргізуі арқылы жолға қойы­латынын ескерсек, жіптің ұшы өз-өзінен  шығады.

БАҚ өкілі болғандықтан, кейде жеке мекеменің басшыларымен де кездесіп қаламыз.

- Қызметкерлеріңіздің мер­зімді баспасөзге жазылуына қалай қарайсыз?, - деп сұрай қалыңызшы. Ілуде  біреуі  болмаса, көпшілігі:

- Жалақыларын банкоматқа аударып беріп отырмын, газет-журналға жазыл деп айта алмаймын, ол – өздерінің еркі, - дегендей жауап естисіз.

- Ау, сіз басшы емессіз бе, рухани азық ғой бұл, ықпал жасаса­ңызшы, - десең, «айтарымды айттым, сізбен сөз біт­ті»  дегендей  кейіп  танытады.

Атын айтып, түрін түстемей-ақ қояйын, бір жолы үлкен бір  жеке  мекеменің басшысына телефон шалып:

- Осындай-осындай газет-журнал бар дегенімде, ол:

- Бәрі интернетте тұрған жоқ па, газет-журналдың не қажеті  бар? - деді.

Басшы осылай десе, қосшы қайтсін?! Міне, бүгінгі қоғамдағы баспасөзге деген жеке құрылым басшыларының көп­шілігінің көзқарасы осындай.

Ұлы Отан соғысы аяқталған соң, көп ұзамай өмірге келген ұрпақпыз. Біздің балалық шағым­ыз бүгінгідей болған жоқ. Тұрмыс жеңіл емес, бірақ аш емес едік, десе де киер киім тапшы, оқу құралдарының біразына қол жете бермейтін. Жазғы каникулға шыққаннан бастап, тиын-тебен жинап жүреміз. Тамыз туса, ауылдағы жалғыз  дүкенді  аңдимыз. Өйт­кені дүкен арқылы сатылу­ға оқулықтар келеді. Дүкенге кітап түскен күн ең бақытты күніміз болатын. Таласа-тармаса сатып алған жаңа кітап­тарымызды қуанғаннан қойнымызға қысып алып, үйге жеткен­ше  жүгіретін  едік-ау...

Ол кезде мектепте кітап­хана деген болмайды, ұжымшардың кітапханасына барып, жаз­дырып алып кітап оқимыз. Батыр­лар жыры, ертегілерді өзіміз оқып ғана қоймай, үйдегі үлкендерге дауыстап, мәнерлеп оқып беретінбіз. Кітапқа деген құштарлық жоғары­ сыныпқа келген кезі­мізде тіпті күшейді. Енді әдеби шығармаларға ден қойық. Жаңа кітаптар сатып алу үшін аудан орталығына да әдейілеп барған кездеріміз есте тұр. «Жұлдыз», «Жалын» журналдарына ата-анамызды қоярда-қоймай жаздыртатынбыз. Мұхтар Әуезовтың «Абай жолын», Сәбит Мұқановтың «Ботак­өзін», Ғабит Мүсірепов­тің «Қазақ солдатын», Ғабиден Мұстафиннің «Миллио­нерін» ерте оқып бітірдік. Жазу­шылар  Сафуан Шаймерденовтың «Қарғаш», «Инеш», Мәлік  Ғабдуллиннің  «Кестелі орамал», Тахауи Ақтановтың «Махаб­бат мұңы», Мағзом Сүндетовтің «Күтем сені, Дидар­», Нәсірәдин  Сералиев­тің «Ақ қайың», т.б. ақын-жазушы­лардың әдеби-көркем шығармалары біздің бозбала дәуренімізге тұспа-тұс келген. Бертінірек, Әбдіжәмілдің «Қан мен терін», Есенберлиннің «Көшпенділерін» парақт­адық. Біздің замандас­тарымыз содан жаман болды ма? Адами құндылықтардың бір парасын осылайша бойға жинадық емес пе? Ал, қазір ше? Мен атаған жазушылар мен олардың шығармаларын оқымағаны былай тұрсын, «қандай кітап оқыдың?» деген сұраққа жауап таппай қина­латындар тіптен көп. Теледидардағы көрсетіліп жатқан түрік пен үндінің біздің тәр­биемізге жат, ұзын-шұбақ таусылмайтын сериалсымақтары жайлы сұрасаң, сайрап кете­тіндерін қайтерсің?! Ал, интернеттегі қажет емес оқиғалар мен іс-әрекеттер, өсек-аяңдар мен алыпқашпа пікірлер жастар санасын жаулап барады. Бұған ұялы телефон деген жалық­тырмайтын құралды қосыңыз... Газет-журнал жаздырып алмасақ, кітап оқы­масақ, театрға бармасақ, келешегіміз не болады, біз осы қайда бара жатырмыз? Ал білімділердің алдын «орап» кететін «жолы болғыштарды» айтсақ  ше?

Екі сөздің басын құрап өз ана тілінде сөйлей алмайтындардың біразы жоғарғы эшелонда  отыр. Екі қазақ отырып орысша сөйлеседі. Бұл жайлы айтылып та, жазылып та жатыр. Бірақ «қыңқ» етпейді, «баяғы жартас – бір жартас». Ана тілімізде оқып, білім ал­ған  жастардың  көбісінің сөз­дік қоры жұтаң, келелі ой қо­рытып, оны  қарапайым тілмен жеткізуге орашолақ... Өйткені олар біз жоғарыда айтып кеткендей газет-журналдарды, әдеби кітаптарды оқымайды. Ол, ол ма, жастарда инабаттылық, сыпайылық, үлкенді сыйлау жағы кемшін. Мен бұл жерде­  барлығы  да  осындай деп отырғам жоқ, бірақ көбісін көзбен  көріп жүрген соң, айтып  отырмын. Міне, осыдан да  жас­та­рдың бойына адам­гершілікке нәр берер жан азығын көбірек сіңіру кезек күт­тір­мейтін міндет сияқты көрінеді. Өйткені қай кезде де қоғамдық сана қоғам дамуынан артта қалып қоймауы керек шығар?!

Қолға келген тәуелсіздіктің мүмкіншілігін  баз  біреулер тек өз пайдасына ғана жаратып, оның артын қанағатсыздыққа ұластырып, заманның құтын қашыруда. Бабаларымыз айт­қан «Аузы қисық болса да, бай баласы сөйлесін» деген кезге келдік пе? Ортақ қазынаға қол сұғып, одан ала-жұла қашушылар жойылған жоқ. Қоғамды дендеген сыбайластық пен парақ­орлықтың қашан, қалай тыйыларын кім білген? Жағымпаздық деген «бәле» және қаулап барады. Рушылдық пен жершілдік, тамыр-таныстық жоқ деуге аузымыз бармайды. Адам айтса сенгісіз қатыгез­діктер ше? Мұның барлығы – түптеп келгенде адами құндылықтардың әлсіреуі, рухани әлеміміздің таза еместігінен туындаған  дерт... Осыларды аға  буын  өкілдері біз айтпасақ, кім  айтады? Қаншама жерден­ жамандауға, жоққа шығару­ға бейім тұрғанымызбен, сонау кеңес заманындағы идеологияның пәрменін еске сала  кетсек, артық  етпес.

Есімізді біліп, етегімізді жапқаннан октябрят, одан пио­нер, одан комсомол қатарына өттік. Бұлардың бәрі тәрбие ортасы еді. Өскелең ұрпақ  өзін-өзі  басқаруға жастай дағдыланатын. Жұмыс, қызмет деген төменнен жоғары­ қарай жүретін. Аталмыш ұйымдарға мүшелікке тартыла отырып, адал, шыншыл, әдепті болып өстік, есейдік. Еңбек пен қызметте шыңдалғандардың ең саналыларын Коммунистік партия қатарына тартты. Бірыңғай талап пен тәртіп бізді шыңдады. Отанды, елді сүю адамгершілік тәрбие берудің басында тұрды. Жан дүние­міз таза болды. «Бәріміз бірі­міз үшін, біріміз бәріміз үшін»  деген  қағида  жүрегі­мізге терең бойлаған сол ке­зең­де адам­дар­ға деген қамқорлық пен қайырымдылық бауыр­малдыққа ұласты. Ол өз жемі­сін берді де...

Қазіргі таңда төменгі бас­тауыш ұйымнан басталып, респуб­ликалық ұйымға дейін сатылап құрылатын еліміздегі 15-30 жас аралығындағы барлық жастардың басын бір орталы­ққа  біріктіретін,  өзінің дербес бағдарламасы мен жар­ғы­сы, мүшелік билеті мен айыры­м белгісі бар әлеуетті ұйым керек сыңайлы. Бұл ұйым жылдан-жылға өркен жайып, халық сеніміне енген «Нұр Отан» партиясының сенімді көмекшісі, Қазақстанды өрге тартар  әлеуетті күш болар еді...

Көршіміз, алып Қытай елі қоғамдық қатынастарда капитализмнің де, социализмнің де артық тұстарын ала отырып, қалай тез дамып кетті? Оны бүкіл әлем мойындап отыр. Ал біз кейде өткенге топырақ шашам­ыз. Сол кезеңнің тәуір жағын пайдаланып қалудың орнына, көз жұма қараймыз. Екінші жағынан алғанда ол біздің жүріп өткен жолымыз емес пе? Ол – тарих, ал тарихты­ неге ұмытады екенбіз?

Еліміз  тәуелсіздік  алғаннан кейін облыстық, аудандық, қалалық мәслихаттар өмірге келді. Сөз жоқ, мәслихаттар қызметі жүйеленді. Тіпті, билік жүргізіп отырғандардың есебін тыңдап, әкім­дердің тағайындалуына келісім береді, парламентке депутаттар сайлайды. Өз кезегінде мәслихат депутаттарының халық үшін жасап жатқан қызметі де аз емес. Осындайда көкейде жүрген бір сұрақ мазалайды. Неге ауылдық мәслихат жоқ? Қазақтың «алтын бесігі» аталған ауылда халық билігін қамтамасыз еткен ауылдық кеңес­ бұрын болған, оның онда­ған депутаттарын сайлаушылар  өздері елге сыйлы еңбек адамдарынан, қарымды қызметкерлерден 4-5 жылда бір сайлап алып отырған. Егер сонау­ жетпісінші, сексенінші жылдары ауылдар кереметтей гүлденсе, бұған ауылдық кеңес депутаттарының айтарлықтай үлесі бар болатын. Ендігі жерде бүгінгі ауылдың келбетін, мәдени-әлеуметтік жағдайын көтереміз десек, оларға рухани қолдау жасағымыз келсе, ауылдық мәслихат керек сияқты. Өз кезегінде сол елдің төрағасы мен әкімі халық сайлаған ауылдың өкілетті өкілдері алдында есеп берсе, қолынан іс келетін азаматты әкім етіп тағайындауға ауылдық мәслихат ұсыныс жасап отырса, ұтыламыз ба? Бұл – менің жеке пікірім.

Білім мен тәрбиенің негізі мектепте қаланатыны белгілі. Олай болса, мұғалімдер даярлау – мемлекеттік мәні зор түбірлі мәселенің бірі. Егер мектепте мұғалімдер білікті де білімді болса, оқушылар да соған­ сәйкес оқу мен тәрбиені қатар іледі. Бүгінгі таңда мектептегі мұмғалімдердің 90 па­йыздан астамы – қыз-келіншектер. Егер тәрбиені білім­нен  бөліп қарамайтын болсақ, ер балалар тәрбиесіне ер мұғалімдер керек. Бұл жағдаймен Білім және ғылым министр­лігінің нақты айналысатын мезгілі жетті. Мектептердегі ер балалар арасында тәртіпсіз­діктің орын алмауы үшін мектепке полиция қызметкерін емес, көбірек ер мұғалімдер тарту керек. Қазақстанда егемендік алғалы қаншама білім мининистрлері ауысса да, біз әлі білім беру жүйесінде көздеген мақсаттарға қол жеткізе алмай­ келеміз. Оның негізгі себебі­ мұғалім кадрларының сапасында жатыр. Менің түсі­нігімде болашақ мұғалімдер тек педагогикалық институттар мен педагогикалық колледждерде ғана оқып, бітіріп шығу керек. Ал бізде арнаулы орта және жоғары білім беретін техник­алық немесе экономи­калық, басқа да кәсіптік мамандық беретін оқу орындары мұғалім кадрларын «қоса даярлап» шығаруда. (Бұл әсіресе жекеменшік оқу орындарына тән). Көптеген жылдар мектепте басшы қызметтер атқарған соң, көргеніміз бар: күн­тіз­бе жоспарын былай қойғанда, күнделікті сабақ жоспарын қалай жазуды білмейтін жас кадрлар кездесті және олар бірлі-жарым емес. Бұдан шығатын қорытынды: олар студент  кездерінде педагогикалық практикадан дұрыс өтпеген. Ал мұғалім болу үшін әдіс­керлерінің бақылауында жүріп кемінде екі рет (оның біреуі мемлекеттік практика болуы тиіс) педпрактикада  тәжірибе жинақтау  қажет  еді...

Айтпақшы, республиканың барлық облыстарында дербес мемлекеттік педагогикалық институттар бар. Қызылордада неге жоқ? Бұл шешімін күтіп тұрған мәселе емес пе?

Мақалада біз адамзат баласы­на  ғана  тән  сана,  рухани  байлықтар жайлы, оған жетер­ жолдағы  кейбір  көкейде жүр­ген ойларымызды қоз­ғадық. Жеке пікір болғандықтан, артық-кемі болуы әбден мүм­кін. Келіңіз, ой қосайық, сіз не дейсіз, құрметті оқырман?

 

Темірбек  ЕСЖАНОВ,

Қазақстан  Республикасы білім  беру  ісінің

құрметті  қызметкері,

Қазақстан  Журналистер Одағының  мүшесі

 

Пікір қалдыру


Қорғаныш коды
Жаңарту

Күнтізбе

< Қыркүйек 2018 >
          1 2
3 4 5 6 7 8 9
10 11 12 13 14 15 16
17 18 19 20 21 22 23
24 25 26 28 29 30

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары