Өзекті мәселелер

  • 13.12.18

    Жазылған  жайттың  жалғасы

    Қоғамдағы кейбір жайттарға көңілі толмаған, мәселесіне тиісті орындардан мардымды жауап ала алмаған­ жандардың бір ықпалы тиер деп БАҚ-қа үміт артып келетіні бар. Жалпы, бұқаралық ақпарат құралдарының мақсаты мен міндеттері, онда қызмет ететін журналистердің басты қызметі – қоғам үшін маңызды ақпарат іздеу, табу, аны...

    Толығырақ...
  • 13.12.18

    Анар   РАХЫМЖАНОВА,

    желтоқсан  оқиғасына  қатысушы:

    «Қазақстан Компартиясының бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаев орнынан алынып, сол қызметке Г.Колбин таға...

    Толығырақ...
  • 13.12.18

    Қай күні ақын Ұлықбек Бекұзақұлы «Ит жылы дүниеге келгендіктен бір-бірімен «ырылдасып» ойнап, әзілдің түбін түсірген (және түсіретін – ред.) «Сырдың бес серісі, бес перісі» атанған 58-дер: Бекұзақ Тәңірбергенов, Сұраған Мырзаев, Ниятолла Раманқұлов, Серік Ыдырысов және Оңталап Нұрмахановтар болатын. Бұлардың соңғы екеуінен басқасы «түйе қарап» кетті...» деп жазған еді. Уақытынд...

    Толығырақ...
  • 13.12.18

    Ерғали  АБДУЛЛА

    ШҮКІРШІЛІК

    «Түн баласы дөңбекшіп, олай бір аунап, былай бір аунап, ұйықтай алмай, көрер таңды көзіммен атырамын» дейді де отырады бір парақор. Құлқындап өліп жүрсе де, жүрегінің арғы бір терең, қапас түкпірінде ұят пен ардың болмашы бір қалдықтары, тозаңдары қалғанына да әйтеу...

    Толығырақ...
  • 13.12.18

    Елбасының жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауы тың мәселелерге толы. Әрбір Жолдау мазмұны қоғам дамуы үшін өте маңызды. Барлық жұмыстар тек билік өкілдеріне ғана емес, ел азаматтарына да үлкен міндеттер жүктейді.

    Осы жылдың күзіндегі Жолдауда мемлекет басшысы келесі жылы «Педагог мәртебесі туралы» заңды әзірлеп, қабылдау қажеттілігі туралы айтқан болатын. Ұлт көшбасшысы аталмыш заң мұғ...

    Толығырақ...
ҚЫЗЫЛОРДА атауын өзгерткен жөн бе?
27.09.2018 14:59

Тарих диірменнің тасы секілді. Уақытқа бағынған оқиғалар сырғып қағаз бетіне түседі де, ал дәуір айналып, жаңа нәтижесін көрсетеді. Оған ай мен күн, одан қалды, жұмыр жер де куәгер. Ұлан-ғайыр атырапқа созылып жатқан сайын дала – алақанға сыймайтын кең дүние. Осыдан болса керек, қазақтың елі, қазақтың  жері шапқан тұлпардың тұяғы мұқалып, ұшқан құстың қанаты талатын ұшы-қиыры жоқ далаға бағаланады. Адуынды мінезімен бүкіл қазақ хандығын ұршықша иіріп басқарған хан Абылай да «Ұлан ғайыр атырап, Ертіс пен Еділдің, Арқа мен Алатаудың арасы – қазақтың алтын бесік Ата жұрты. Әгәрәки, кімде-кім осынау қасиетті жерімізге көз алартып, шырқымызды бұзар болса, өз қанына­ өзін тұншықтырарымызды біліп қойғаны абзал. Төсекте басымыз қосылмаса да, төскейде  малымыз  қосылған. Қай көршімізге де айтарымыз – осы! Дос бол­ғанға­ құшағы  ашық туыспыз, қас қылғанға қиып түсер қылышпыз!!!» деп бекер айтпаса­ керек.

Осындай рухыңды көтерер айбынды сөздерден дәлел іздеп, қазақ жерінің абыройын қорғауға қазақтың тарихы да, шежіресі де том-том. Осыдан бірнеше жыл бұрын мемлекет басшысының өзі халықаралық конферен­ция барысы­нда «Біз «Ұлы Дала елі» деп аталуымыз керек деп есептеймін. Кейбіреуі өздерін «аспанасты елі», ал кейбірі «Күншығыс елі» деп атайды. Біз – ұлы даланың ұрпағымыз. Бұл даланы біздің ата-бабамыз бізге қалдыру үшін қанын төгіп қорғаған. «Қазақстан» деген атаумен қатар, «Ұлы Дала елі»  атауы да  қолданыл­са­  дұрыс болады деп ойлаймын» деп өз ойын айтқан еді. Бұл ұсынысты қолдамаған адам болмады. Бүгінде осы атау қоса айтылып жүргенін­е  де біраз болды. Мәселе, елдің атауын­ түгелімен өзгертіп жіберуде емес, Отанды қас­терл­еп, оны  бағалай  білуде.

Осы секілді балама атаулар Қызыл­орда облысында да бар. Оны да Елбасының өзі «Сыр – Алаштың анасы» деп нақтылап берген. Бүгінде «Сыр елі», «Алаштың анасы атанған өңір», «Жырдың­ елі» деген секілді бірнеше атаумен атап үйреніп кеттік. Ал Қызыл­орда атауы кейбіріне ұнаса, кейбіріне ұнай бермейді. Өйткені онда «қызыл» деген негізгі түбір бар. 1938 жылдан бастап­ облыс орталығы болып келе жатқ­ан қаланың да ресми атауы – Қызыло­рда. Жалпы, бұл сөз – қызыл және орда сөздерінің бірігуінен жасал­ған атау. Орда сөзі қазақ, жалпы түркі тілдерінде «орта ғасырдағы көшпелі елде­рдің әкімшілік-саяси басқару орталы­ғы, ел билеушілер тұрағы, сарай»­, моңғол тілінде орда «үй», «сарай»­  деген  мағынаны  білдіреді. Осы сөздердің  жалпы  мағынасы мен ондағы қызыл сөзінің түбір болып тұруына қарсы топ та жоқ емес. Тіпті атауды өзгерту туралы ұсыныстың бір емес, бірнеше рет жасалғанын ұмытқан жоқпыз.­ 2011 жылы көпшілік кейбір тарихш­ылардың сілтеуімен «Қызыл­орда сөзіне қарағанда «Ақмешіт» деген атау әдемі естіледі» деп сілкініп алғаны есте. Одан кейін аймаққа әкім болып Қ.Көшербаев тағайындалғаннан бір жылдан кейін әлеуметтік желілер мен баспа беттерін облыс әкімінің назарына­ бағытталған «Ашық хаттар» қаулап кетті. Қала тұрғыны Әбілхан Еңсегенов деген азамат аймақ басшысының назарын­а хат жолдады. Содан қысқаша келтір­ейік. Бұл – 2014 жыл.

- Әрине, қазақы ұғымға салсақ, «қызыл» мен «орда» сөзінен біріккен қала атауының ешқандай сөкеттігі жоқ секілді. Алайда баз баяғы жылдарда келмес­ке кеткен қызылдардың кезеңін бірден еске түсіретін Қызылорда ата­уын әлі күнге дейін сақтап отыру ешқандай қисынға келмейді. Оған қарсы пікір айтқа­ндар  қала атауының  қазақтың қос сөзінен бірігіп тұрғанын көл­денең тартады. Менің ойым­ша, Қызылорда атауы бүгінгі күннің талаптарына ешқандай сәйкес келмейді. Бұдан бұрын да қала атауын өзгерту жөнінде ұсыныс айтып  келе­мін. Оған себепші болат­ын жағдайлар жөнінде тоқтала кеткеніміздің артықтығы болмас. Бүгінгі таңда Қазақстан тәуелсіз ел ретінд­е өмір сүріп  отыр. Қызылдардың, большевиктердің  кезеңі әлдеқашан келмеске  кеткен. Соған қарамас­тан біз Қызылорда атауына жармасып, оны алмас­тыру  жөнінде  ешқандай­ әрекет жасай­ алмай жүрген жайымыз бар. Қызыл сөзіне қарсылығымыз  жайында тағы да бір дәлелді деректерді алға тарта кетелік. Жалпы, біздің халқ­ымыз Кеңес одағының тепері­шін аз көрген жоқ. Қазақтар аштықққа ұшырап, басын сауғалап, жан-жаққа бытырауға мәжбүр болды. Одан бергі уақытта қазақтың қаншама жақсы мен жайсаңы жазықсыз қудалауға ұшырап, олардың кейбірі солақай саясаттың әмірімен ажал құш­ты. Айналып келгенде, осының барлығы біз үшін қызыл сөзінің қаншама қасіретті болып отырғанын дәлелдей түседі. Ендеше, біз бүгінгі егемендікке қол жеткізген ел ретінде Қызылорданы жаңаша атауға мән бергеніміз жөн деп санаймын. Қызылорда қаласын жаңаш­а қалай атау жөнінде арнайы референдум өткізу керек.­ Көп болып келісу ар­қылы жұрттың көңілінен шыға­тын жаңаша атау пайда­ болады. Ал менің жеке ұсынысым – қаланың жаңаша атауы Сырдарияға байланысты қойыл­са деймін. Өйткені, Орта Азия құрлығын қақ жарып ағып жатқан ұлы өзеннің басым бөлігі Сыр өлкесінде­ жатыр. Сол өзен арқылы жергілікті жұрт несібесін теріп, берекелі тіршіліктің қазанын қайнатып отыр. Облыс пен қаланың атауын Сыр­дария деп атасақ та артық емес. Сондай-ақ, елдің аузында жүрген Алашорда, Сырорда секілді атаулар жөнінде де ойласқ­анымыз  жөн, - делінген Ә.Еңсеге­новтің   хатында.

Одан бері жұмыр Жер көктегі Күнді төрт мәрте айналып шықты. Ұсыныс-пікірлер сарапталып, сұрыпталып жатқан­ да шығар. Бірақ сан мың емес, санаулы ұсыныстарды елеп-ескеріп жатқа­н жанды байқамадық. Биыл Қызылорда облысының құрылғанына 80, ал қала тарихы 200 жылды еңсеріп отыр. Жуырда танымал журналист, ҚР Парламенті Сенаты баспасөз қызме­тінің жетекшісі Әділбек Қаба қызу талқығ­а түскен тақырыптың «жарасына» «тұз септі».

«Қызылорда» атауын өзгертетін кез келді»  деген тақырыппен әлеуметтік желіге жазба жариялады. Мәтіні мынадай­:

«Неге Қызылорда? Қазақтың тари­хына етене Ақ Орда, Көк Орда, Алтын Орда атауларын да келмеске кетірсек те Қызылорда атына неге жабыстық та қалдық? «Қызыл» атауы кешегі күшпен коллективтендіру жасап, малын тартып алып, қазақтың тең жартысын аштан  қырған, одан қала берді қазақтың бетке ұстарларын атып, асып, қудалауға салған Кеңес үкіметімен, қызылдар партиясымен байланысты екенін біле тұра неге бұл атауды өзгертуге талпынбаймыз? Әлде, баяғыда күй­реген Кеңес үкіметінен қалған үрей мен құлдық сана жібермей тұр ма? Осы орайда қаланы және облысты қалай атауға болады деген ой туары анық.

Тарихқа үңілсек, Қызылорданың байыр­ғы атауы – Қамысқала. Кейін Ақмешіт атанды. Бұл аймақта ертеде Ордакент, Сығанақ қалалары болған. Бұлар да қала атын иеленуге лайық. Жалпы,­ Қызылорда облысы Арал  теңізі­нің шығысында, Сырдария өзенінің төменгі  ағысында және Тұран ойпатында орналасқан. Сондықтан, Сыр бойы – алты Алаштың анасы, түркі дүниесінің түп  тамыры екенін тағы бір бекіте түсу үшін Қызылорданы Сырдария облысы, Тұран қаласы деп өзгертуді ұсынамын. Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфуллин, Сәбит Мұқанов, Ілияс Жансүгіров, Әбділда Тәжібаев, Сабыр Шәріпов, Қалмахан Әбдіқадыров, Асқар Тоқмаған­бетов тәрізді қазақ зиялыларының ізі қалған, Алаштың анасы атанған киелі мекенді шынымен құрмет тұтсақ, ұлт­тық сананы жаңғыртқымыз келсе, тарихи­ әділетсіздіктерден ел тарихын арашалап алғымыз келсе, өзгерту керек. Білеміз, оған біршама қаражат кетеді. Алайда ұлттық рух, намыс одан да биік әрі қымбат­».

Жүздеген жылдардың мұғдарында түзілген облыс пен қала тарихының парағына өзгерту енгізу қандай өзгерістер әкеледі? Аймақ атауын өзгерткен жағдайда оған рухани, тарихи-қоғамдық және қаржылық тұрғыдан дайынбыз ба? Хал-қадіріміздің жеткен­інше  ғылым  жолында жүрген  азаматтардың  пікірін жинастырдық.

Өткенің – тарих, бүгінің – шежіре, ертеңін – болашақ. Тәуелсіздік алғанымы­зға ширек ғасырдан астам уақыт болды. Түйіні тарқа­тылған немесе­ шиеленіскен мәселелер де осы жыл­дардың астарында қалғаны рас. Мақала соңын фольклортанушы Берік Жүсі­повтың  мына  сөзімен  түйіндегенді  жөн  көрдік.

«Көне  түркі  календары бойынша бес мүшелдің жиынтығын (13, 25, 37, 49, 63) бір жас деп есептеген. Алпысқа толмай өлген адамды «екі жастың біріне келмей кетті» дейтіні содан болса керек­. Осы циклмен есептегенде Түркі календарына шамамен 16 мың жыл. Бұл – Ислам, христи­ан календарларының бірімен салысты­руға келмейтін көне жүйе. Әр мүшелдің өз түсі (ақ, қара, қызыл, сары, көк немесе жасыл) болады. Көшпенділер үшін қызыл мен жасыл­ түс – жастықтың  белгісі. Демек, Қызыл Орда – ең жас Орда дегенді білдіреді! Сөйтіп бір замандар­да Қызылор­да  қаласының  ғажап аты отарла­ушылардың көшпелі тұр­мыстан бейхабарлығынан сақталып қалып еді. Олай болса көне Түркіге тән қызыл түстен қашып, қала атын ауыстыруға бола  ма?

Бұл – азуын Айға білеген Алтын Орда, Ноғай Ордасы, Ақ Орда мен Көк Орда сияқты ұлы Ордалардың Совет дәуірі тұсында қайта жаңғыртылып қойған­ атауы. Еуропалықтардың ұғымында Орда – «басы бірігіп ұйым­даспаған  қыруар  адамдардың  тобыры». Ал, көшпелі түркі-моңғол халық­тарында «әскери-әкімшілік ұйым, көшпелілер тұрағы» деген мағынаны білдірсе, орта ғасырларда «билік жасауш­ылар тұрағы, мемлекет бас­қарушылардың астанасы» деген ұғымдар­ды  біл­дірген. Түсі  «қызыл»  болса­ да, әзірге көнеден жеткен ұлы Ордаң – осы!».

 

Нұрбике  ҚАЗИҚЫЗЫ

 


 

Тастанбек СӘТБАЙ, тарих ғылымдарының докторы, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің қауымдастырылған профессоры:

- Біріншіден, Қызылорда облысының атауын өзгертетін өзгеріске өзімді дайынмын деп айта алмаймын. Екіншіден, қарсымын. Ондай әуесшілдік әрекетті доғару керек. Тарихтың өзінің қалыптасқан атаулары бар. Қызылорда қаласы жүз жыл бойы тарихымызбен біте қайнасқан аймақ. «Орда» деген өте жақсы сөз, оның «қызыл» деген сөзінен саяси астар іздеудің қажеті жоқ. Біздің зиялылардың қойған атауы және ғасырға жуық уақыт осы атаумен келе жатырмыз. Сондықтан бұл пікірмен келіспеймін. Одан да бар күшімізді қазақ халқының ішкі қасиеттерін ашып, әлеуетін арттыруға жұмсауымыз керек деп есептеймін.

 

Қазыбай Құдайбергенов,

Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың профессоры,  экономика ғылымдарының кандидаты:

- Біздің соңғы 80 жылғы тарихымыз осы Қызылорда атауымен тығыз байланысты. «Қызыл»  деген сөзді сонау Кеңес үкіметі кезін­дегі қызыл жалау, қызыл армия деген сөзбен байланыстырады. Ол сөзде тұрған ешқандай әбестік жоқ, қазақтың сөзі, қызыл алма, қызыл гүл, тіпті қыздың да әдемісін қызыл гүлге теңеп­ жатамыз. Өткен жолы осы облыс пен қала атауы­на қатысты мәселе сөз болды. Әркімнің өз пікірі – өзіне, мен түбегейлі қарсымын.

Өткенде біреулер хабарласып, Ақмешіт қояйық деді, оған біздің идеологиямыз сәйкес келмейді. Одан кейін тағы біреу Тұран деп өзгерту туралы пікірімді сұрады. Тұран деген ол – ойпат. Олай қойса, тұрандар қаласы болып­ шыға келеді. Тәуелсіздік алғанымызға 27 жыл болды, «Туған қалам – Қызылордам», «Менің қалам – Қызылорда» деп қаншама ақын жырына арқау етті. Ол еңбектің барлығын  бір сәтте жоққа шығарып, ойпаттың атын қоя салу ақылға сыймайды. Бұл – бір.

Екіншіден, кез келген өзгеріс қаржылай қажеттілікті арттырады. Бір ғана жазу, бол­маса бір ғана атау емес бүкіл құжат, мемлекеттік іс­қағаздардың түбіріне дейін өзгеріске ұшырайды. Мұның барлығы әрине, бюджетке салмақ.

Үшіншіден, Қызылорда облысы – бүгінде әлемдік нарықта экспортқа шығып отырған аймақ. Сырдың күріші, балығы ТМД мемлекеттеріне таратылып жатыр. Қай жақтың өнімі дегенде марқайып тұрып Қызылорда деп айтып­ жүрміз. Жақында шынысы мен цементі өндіріледі, ол да сыртқы нарыққа жол тартса, тағы да абырой емес пе?! Ауызша айтқанда оңай, сыртқа тасымалдау деген, оның қаншама­ құжаттық тұрғыдағы машақаты, келісімшарт бар, тауардың сертификаты, аймақтың экономикасы, ахуалы, барлығы да құжаттық негіз­демеге жатады. Ал олардың өзін өзгерту қыруар­ қаржыны талап етеді. Бір ауыз сөздің артында дүйім жұрттың тағдыры, бүкіл елдің тарихы жатыр­.  Сондықтан Қызылорда Қызылорда болып­  қалуы  тиіс.

 

Баймырза  ҚОЖАМБЕРЛИЕВ,

«Өрлеу» БАҰО»  АҚ филиалы Қызылорда облысы бойынша ПҚБАИ кафедра меңгерушісі,  философия ғылымдарының докторы, профессор:

- Қызылорданың атауын өзгерту туралы ұсыныс бірінші рет беріліп тұрған жоқ. Кейбіреулер ескі атауы Ақмешітке оралайық десе, біреулері Сығанақ деп атағанды құптады. Жалпы, Қызылорда болып тарихта қалыптасқан соң солай қалғаны дұрыс. Бұл атаудан ешкімге ешқандай зиян көріп тұрғаным жоқ. Бұл атаудың өзін Алаш ардақтылары салмақтап, ара-жігін ажыратып барып қойған. Солардың ішінде Сұлтанбек Қожановтың еңбегі зор болған. «Орда» деген сөз – қазақтың ең жақсы сөздерінің бірі. Оның «қызыл» деген сөзіне бола бүкіл ел-жұрттың тағдырын шешіп, облыстың «тонын» шешіп алуға болмайды. Ол сөзді саясиландырмау керек, көп жерде қызыл болса, баяғы большевиктер, кеңес дәуірін аңсағандық деп айтып жатады. Менің пікірімше, бұл – қате түсінік. Қызылорда облысы, Қызылорда қаласы деп аталып тұрғанының өзі үлкен мақтаныш. Сырдария өзенінің жағасында орналасқандықтан солай атағанды жөн көрген шығар, десек те Сырдария облысы Өзбекстанда бар. Сондықтан аймақ пен қала атауының өзгеруін құптай алмаймын.

 

Пікір қалдыру


Қорғаныш коды
Жаңарту

Күнтізбе

< Қыркүйек 2018 >
          1 2
3 4 5 6 7 8 9
10 11 12 13 14 15 16
17 18 19 20 21 22 23
24 25 26 28 29 30

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары