Оқырманнан хат
Келіп кету есептегіші








![]() | Бүгін | 672 |
![]() | Кеше | 2076 |
![]() | Осы аптада | 672 |
![]() | Өткен аптада | 15302 |
![]() | Осы айда | 36162 |
![]() | Өткен айда | 52979 |
![]() | Бәрі | 3573182 |
ҚАНТ НЕГЕ ҚАТ? |
27.09.2018 15:19 |
Қант өндіруші компанияның бүкіл халықты дүрліктіріп отырған ақпарына Ұлттық экономика министрлігі де үнсіз қалмады. Көздері көріп, құлақтары естіп отырған соң тілсіз отырғанды жөн санамады ма, әйтеуір, қысқа да нұсқа жауап қатты. Жауапта өндірушілер 2010 жылдан бері Еуразиялық экономикалық одақ аясында шикізатты баж салығынсыз алып келгендігі, биылғы жылдың 27 шілдесінен бастап аталған жеңілдіктер алынып тасталғандығы және бұл жағдай бағаның қымбаттап, тапшылық туғызуға негіз болмайтындығы анық айтылған. Сонда тәттіні «жұтып», одан тапшылық туындатып отырған кімдер? Әлде күзгі бағаны тағы да көтерудің тәсілі ме? Бұған дейін де қымбатшылық туралы қауесет тарап, оның соңы шындыққа ұласқан болатын. Яғни, көктің бүршік жарып, жер-анадан қуат алар шағында нарықтағы тұтыну бағаларының өсуі азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасының өсуіне себеп болды. Азық-түлік тауарларының бағасы 0,1%-ға өсті. Оның ішінде көкөніс, жарма, жұмыртқа, құс еті бағалары маусымдық факторға ие болса, бағалардың өсуі қант, қой еті, жылқы еті, алкогольдік сусындар, сүт өнімдері үшін байқалды. Бұл жолы да құмшекердің құны туралы әңгіме отыз рулы елге тарап, елу құлақ естіп болған соң Үкіметке жетті. Сөйтіп барып ғана тілге тиек етілді. Әйтпесе «қант тапшылығы болады» дегенді естіп алған алыпсатарлар мен өндірушілер, одан қалды, саудагерлер бағаны көкке «іліп» қоюшы еді. - Халық еш уайымдамауы керек, себебі, біріншіден, бізде теңгерім, қант көлемі, экспорт және импорт бойынша есептер бар. Қазақстанда отандық қант өндірісі артып келеді. 2011 жылы қант қызылшасынан алынған қант мөлшері 200 мың тоннаны құраса, биыл 460 мың тоннадан астам болады деп жоспарланып отыр, - деді ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары А.Евниев. Қазіргі күннің өзінде Қазақстанның тұрақтандыру қорларында 15 мың тоннаға жуық қант бар, сондай-ақ қажетті қант көлемін сатып алуға арналған арнайы қаражат та жеткілікті. Сондықтан халықты алаңдатудың еш қажеті жоқ. Бұл – бір. Екіншіден, әлемдік нарықта қанттың артық өндірілгені байқалады. Бұл адамдардың көпшілігінің пайдалы тағам жеуді арттырып, қант тұтынуды азайтып, жеміс-жидек, бал секілді тағам түрлерін тұтынуымен байланысты. Қазіргі уақытта Қазақстанда қант қызылшасы Ақсу, Көксу және Меркі қант зауыттарында өңделеді. Аталған кәсіпорындар жылына жалпы қуаты 630 мың тонна жүктемемен жұмыс істейді. Зауыт өкілдерінің айтуынша, барлық зауыттар егін жиналған сәттен бастап өз жұмысын бастайды. Биыл қант қызылшасының егістік алқабы 19,6 мың гектарды құрайды, ол тәтті түбірден 59 мың тонна қант өндіріледі. Ал шикі құрақ қантты өңдейтін Меркі мен Тараздағы зауыттарда осы уақытқа дейін шамамен 140 мың тонна қант өндірілген. Бұл жұмыстардың барлығы тәттінің таусыла қоймайтындығынан хабар береді. Ал экспорт пен импорттың аяғынан шалып тұрған кедендік баж салығына тоқталар болсақ, үкіметтің қаулысы қабылданды. Тамыз айынан бастап ЕАЭО бойынша серіктестермен уағдаластықтар аясында үшінші елдерден Қазақстанға құрақ қантының бажсыз жеткізілуі шектелді. Яғни, аталған топтамаларға баж салығы 340 доллар көлемінде болады. Бұл шара отандық өндірісті дамыту мақсатында қабылданған. - Үкімет деңгейінде оперативті шаралар кешені талқыланып, іске асырылып жатыр. Еуразия қант қауымдастығымен уағдаластық бар. Алдағы уақыттағы қант жеткізу мүмкіндіктерін растау және бекіту үшін Қазақстанға келеді, яғни өнім көлемі мен жеткізу бағасын бекітеді, - деді ҚР АШМ бірінші вице-министрі. Ал Қазақстан кондитерлер қауымдастығының президенті Әлихан Талғатбек: - Бізде үшінші мемлекеттерден қант тасымалдайтын 5-6 кәсіпорын бар! Солардың екеуі қазір шығынға батқалы отыр. Өйткені, олардың 6 тоннадай қанты әлі шекарадан өтпеді. Ал, қаулы болса күшіне еніп қойған! Енді олар 2 млн доллар алым төлеуге міндетті болып отыр, - деп шырылдап отыр. Түсіндірейік, кедендік баж салығын төлеу туралы Үкімет қаулысы қабылданғанға дейін жеке компаниялар елге 10 мың тоннаға жуық қант импорттап үлгерген. Бірақ, бұл тауардың барлығы да кедендік тазартудан өтпегендіктен, жаңа тәртіп бойынша кедендік баж салығын төлеу мәселесі туындады. Қазіргі таңда осы жеткізуші кәсіпорындарға нөлдік мөлшерлеме бойынша кедендік тазартуға рұқсат беретін шешім әзірленуде. Оның нақты жауабы әзірге белгісіз. Белгілісі сол, үшінші елдерден қант әкелудің баламасы ЕАЭО аумағында өндіріледі, оның шикізаты кедендік бажсыз әкелуге жатады. Дегенмен, қантты шикізат ретінде пайдаланатын кондитерлік өндірушілер ортақ одақ аумағында өндірілген қантты тұтынуға көшкен. Әр аймақтың тұрақтандыру қорларында 2,6 мың тонна шамасында қант сақталған. Бұл қант бағасын тұрақтандыруды қамтамасыз етуге жеткілікті мөлшер екенін түсінген жөн. «Қант тапшылығын» туындатып отырған жайт Жамбыл облысы, Меркі ауданындағы қант зауытының ағымдағы жылдың сәуірінен бастап тоқтап қалуына байланысты болуы да бек мүмкін. - Бұрын біздің компанияларда таңдау болатын. Олар Ресейдің қантын ала ма, жоқ Еуропа ма, өздері білетін. Енді бізде ондай таңдау жоқ! Белоруссияда қант өндіретін ірі бір зауыт бар, Ресейде 4-5 кәсіпорын, Қырғызстанда ірісі – біреу. Бұл нені білдіреді? Енді біз осы 7-8 өндіріс орнының қабағына қарап отырамыз. Олар ертең 300-400 теңге болады дей ме қант бағасы, ол солай болады! Біз қандай баға қоймасын, сол бағаға аламыз. Байланып қалдық! - деп мәлімдеді Ә.Талғатбек. Десек те, «жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды» деген сөздің түп-төркінінде де астарлы мән жатса керек. Өйткені отандық қант өндірушілер елдегі жалпы нарықтың 10%-ын қамтамасыз етуге қауқарлы. Онда да Алматы мен Жамбыл облыстарында ғана өндіріледі. Ал сала мамандарының айтуынша, қант өндіруге қажетті барлық мүмкіндіктер Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақмола, Қарағанды, Павлодар облыстарында бар. Болашақта осы бағытта инвестициялық жобалар іске асырылады деп күтілуде. Н.ҚҰДАЙБЕРГЕН |