Өзекті мәселелер

  • 18.10.18

    Диас  БАХРАДДИН,

    байдарка және каноэде есуден Жасөспірімдер олимпиада ойындарының чемпионы:


    Толығырақ...

  • 18.10.18

    Бұл өлке – өрелі өркениеттер тоғысы­нда тарихын тереңнен тартқан мекен.­ Талай қаһарман хандар мен білекті батырлар, суырыпсалма ақындар шыққан жер. «Жүз жырау» дүниеге келген осы Қармақшы елі әр қазақ үшін қастерлі, қасиетті. Аудан толығымен Тұран ойпатыны...

    Толығырақ...
  • 18.10.18

    Сыр  өңірінде  өзінің  тарихымен, экономикасымен, даңқты тұлғаларымен дараланған бір аудан болса, ол – киелі Шиелі өңірі. Жер көлемі 3426915 га  құрайтын  аудан – ежелгі  Сырдария  өзенінің  орта  ағысынан­ орын тепкен мекен, талай тарихи оқиғаның к...

    Толығырақ...
  • 18.10.18

    «Алдағы  бес  жыл  ішінде білім, ғылым, денсаулық сақтау­  салаларына  барлық көздерден  жұмсалатын қа­ра­жат­ты  ішкі  жалпы өнімнің  10  пайызына дейін жеткізу  қажет».

     

    ЖАЛАҚЫ  КӨБЕЙЕ   БАСТАДЫ

    Мұндай пәрменді ел Президенті өз Жолдауында атап көр­сеткен болатын. Бұл сала мамандары үшін жақсы м...

    Толығырақ...
  • 18.10.18

    Лақ бірде жайылымда жүріп ұйықтап қалды. Оянған соң қараcа, көзіне ешнәрсе­ шалынбады. Далада жалғыз қалыпты. Отардың соңынан қуып, жүгіре жөнелді. Жүгіріп келе жатып қасқырға кезікті.

    – Ей, мұнда неғып жүрсің? - деді қасқыр­  көзі  оттай  жанып.

    – Қуаласпақ ойнап, - деді лақ тез ес жиып.

    – Кіммен?

    – Ағаммен. Сөйтті де, артына бұрылып:

    ...
    Толығырақ...
РУХАНИ МЕШЕЛДІКТІ БІЗДІҢ ТАБИҒАТЫМЫЗ ҰЗАҚ КӨТЕРМЕЙДІ
04.10.2018 11:31

Гүлзат  КӨБЕК,

кинотанушы,

өнертану  PhD  докторы,

«Тұран»  университетінің  профессоры:

 

- Бүгінгі әлемдік кино өнерінің даму үдерісіне қандай баға бересіз?

- Еуропа киноөндірісі­нің жетістіктері  қуантады. Озық ойлы мемлекеттерге қарап көш түзейміз. Қажеттіліктерді үйренеміз. Салыстыру арқылы даму деңгейіне баға береміз.

Өнердің тілі ортақ. Оның мүмкіндігі де шексіз. Осы қарым-қатынас құралы ар­қылы киногерлер адамзатқа өзін мазалаған ойларын жет­кізіп жатады. Бүгінгі үздік идеялардың ауқымы таңғалдырады. Ғылыми прогресс кинода бар. Адамның қиялының шексіздігін киногерлер­дің жер шарының келешегі туралы болжамдар жасаған фильмдерінен көруге болады.

Жүректің құпиясы ашылған. Мидың мүмкіндігі көрсетілген. Жанның жаратылысы зерттелген. Ғаламшар мен ғарыштың тылсым құпия­лары ашылған. Бүгінгі кино үдерісіндегі көптеген туындылар терең философиялық мәнге ие. Бұл – шығармашылық  тұлғалардың ізденісінің жетістігі. Ғылым мен өнерге қосқан үлесі. Адамзатқа ұсынғ­ан игі өнімі.

Бүгінгі заманда бәсекеге қабілетті мамандардың бақ сынауға толық мүмкіндігі бар. Әлемнің кез келген нүк­тесіне  барлық есік әлеумет­тік желі мен қалта теле­фон арқыл­ы қолжетімді. Бұл – идеяң­ды жүзеге асыру билігі өз қолыңда тұрғандығының айқын  дәлелі.

Біз, кинотанушылар қа­шанда отандық режиссер­лердің үлкен жетістіктерінің куәгері болғымыз келеді. Режис­серлеріміз  масштабты идеяларымен таңғалдырып, олардың халықаралық беделін­ің үстем болғаны маңызд­ы. Жеке киностудиялардың қарқынды дамып, фильмдерімен әлемдік прокатта батыл қадамдар жаса­ғанын қалаймыз. Киногерлеріміздің отансүйгіштігі мен ұлттық құндылықтар алдын­дағы жауапкершілігі артып, белсенді болуын тілейміз.

- Ал, отандық  режиссерлер кино нарығына қалай бейім­делуде?

- Нарық – еркіндік. Нарық – мүмкіндік. Нарық – бәсеке. Нарық – әділдік. На­рық – ашық алаң. Нарық – есеп. Нарық әр адамның өзіне жеке өмірінің жауапкершілігін көтеруді үйретеді. Адамзаттың қай заманда да бар қалауы еркіндік болған. Дәл қазіргі нарық дәуірі әр адамға жеке тұлға ретінде өз өмірін өзі басқарудың кілтін беріп отыр.

Меніңше, дәл бүгінгі нарық заманында еркін ойлайтын, бәсекеге қабілетті, нағыз кәсіби мамандардың белсенділік танытуының мүмкіндігі көп деп есептей­мін. Себебі, дәл осы уақытта іскерлікті көрсетудің тетігі көп. Қабілетіңнің қарымын әділ екшелейсің. Идеяларыңды еркін жүзеге асыра аласың. Тәуелсізсің.

Қазіргі уақытта кез келген режиссердің жеке киностудия ашып, қалаған жобаларын жүзеге асыруға мүмкін­дігі бар. Мемлекет барлығын маған жасап беруге міндетті деген ойдан арылып, мен елімнің дамуына өз мамандығыммен қандай үлесімді қоса аламын деген жауапкершілікті көтеретін сәт. Сын сағаты деп айтар едім. Сапаның деңгейі өзгеруі керек­. Сұрыптау да әділ жүреді. Қазір көрерменнің де талғамы мен талабы өзгерген. Нашар фильміңді қанша тықпаласаң да көрмейді.

Коммерциялық кино бағы­тында жасалып жатқан қадамдар  бар. Санаулы  болса­ да белсенді авторлардың шығармашылық жолын бақылап, іштей қабілет-қарымын бағамдап отырамыз. Ғажайып туынды жасамаса да кино арқылы қаржы тауып отыр. Аудиторияға өнім ұсынуда. Қашанға дейін прокатта тек шетелдің өнім­дерімен қоректенеміз?! Ұлт­тық рухыңды жігерлендіретін дәрумендер алу үшін соған сай өнім тұтынуың керек.

Сұранысқа сай жұмыс істеу сол саланың маман­дарының міндеті деп есептеймін. Егер  кино  саласының өз  кәсіби  мамандары  бел­сен­ділік танытпаса,  нарыққа  бейім­делуге  құлықсыз  болса, әрине шоу-бизнес өкілдеріне­ енді кино түсіргеннен басқа­ не қалады?! Іскерлер қа­шанда игерілмеген бос кеңістіктен қаржы табуды қалайды. Ау­дитория бар да, сапалы өнім жоқ. Әрекет жоқ жерде, нәтиже жоқ. Нарықтың талабында ешбір бәсекелеске ренжу жоқ.

Кәсіби киногерлер бір маңыз­ды фактіні ескеруі керек.­ Бүгінгі техникалық прогресс дәуірінде кино­өндірісінің атқаратын рөлі ерекше. Келешектің  барлы­ғы экран  өнерімен  байла­нысты. Қазір кітап та, қажетті ақпараттар да тек электронды  нұсқада  көбірек оқы­лады. Демек, режиссерлер мен  операторлық  маман­дық­қа деген сұраныс жоғары бола­ды. Әсіресе, операторлық өнердің алтын дәуірі туды  деп  айтуға  болады.

Кез келген адам қазір өз-өзіне оператор. Қалта телефон арқылы кино да түсіруге болады. Яғни, әуесқой бәсекелестер өте көп болады. Қажеттіліктен кәсіби шебер­лігін ерікті түрде шыңдайтындар да көбейеді. Ақылы курстар да көп. Демек, өз іскерлігіңді белсенді түрде көрсете алмасаң, кәсіби ма­ман­ ретінде арнайы жоғары оқу орнынан дипломы болмаса да әділ бәсекелес болатын  әріптестер  табылады.

- Ұстазсыз. Білім жүйесін­де қандай өзгерісті қалайсыз?

- Бүгінгі балалар еркін­дікті жақсы көреді. Шәкірт­терімнің ішкі әлемінің күйі мен үшін маңызды. Етене тану мақсатында олардың сұранысы мен қалауын зерттеймін. Тілін түсінуге тырысамын. Оларға еркін кестемен жұмыс істеген ұнайды. Қатып қалған қағидалар, бос мораль оқудың тәсілдері ұнамайды. Олар ақылды. Еркін. Батыл. Үнемі ісіңді, сөзіңнің салмағын бақылайды. Білім­нің өзі – табиғи үдеріс. Оған зорлық жүрмейді. Қысыммен берілген білім қабыл­данбайды. Ерікті түрдегі қалау көп нәрсе шешеді.

Біз өмірге келгеннен бастап үйренуге деген табиғи талпынысымызды бастаймыз. Білім құштарлықтың арқасында қабылданады. Ұстаздар шәкірттерді қы­сыммен емес, шабыттандыру арқылы жігерлендіру тех­никасын көбірек қолданса ұтады. Уақыт меніңше, келешекте білім жүйесіне үлкен өзгерістерді енгізеді. Талап өзгереді. Шығармашылық мүмкіндікке көп мән беріле­ді. Қажетсіз мамандықтардың саны да көбейеді. Сұ­рыптау қатаң жүреді. Өйт­кені, жаһандану заманының сұранысы мүлдем бөлек. Онда үнемі өз-өзіңді шыңдап, жан-жақты болмасаң, қарқынды  бәсекелестік мүм­кіндігіңді  шектейді.

Бүгінде бір адам ауқымды компанияның басқару жүйесі мен жұмысын жалғыз жүр­гізуге қабілетті. Оған техникалық мүмкіндіктер ықпал етеді. Көп қызметкерлер кейде­ энергиясын сапасыз және өнімсіз бағытта бос жұмсайды. Еш нәтиже бермейді. Көбісі, тек жалақы күтеді. Бір мекемеде 100 қызметкер болса, көп жағдайда соның 5 пайызы ғана белсенді. Өзі қызмет жасайтын саланы үлкен жетістікке жете­лейтін де, жауапкерші­лігін көтеретін де – солар.

Біз көп жағдайда әділет­тілік қалаймыз ғой. Меніңше, қабілет-қарым мен білім­нің әділетті үстемдік құратын заманының ауылы алыс емес. Сол себепті, әр адамның келешегінің қандай болатынын өзінің білім деңгейі екшейтін болады. Білім – күш. Біліміңнің күші жетсе, мүмкін емес қамалды аласың, білімсіз болсаң, жай ғана жарам­сыз  болып  қаласың.

- Шәкірттеріңізді бақы­лайсыз. Бүгінгі жастар қандай?

- Ақымақ емес. Жеке мүд­десін көпшілігі жақсы біледі. Кез келген тоқырау үдерісі – бізді жаңаша деңгейге көтеру­ алдындағы дайындық сатысы. Сол үшін бүгінгі жастар жаман деген пікірмен келіспеймін. Ол түбегейлі зерт­телмеген жаңсақ ой. Үлкендер осындай көзқараста болса­, онда олар өздерінің кейінгі буынға үлгі болу ұстанымдарын қайта қарастырып көруі керек деп есептеймін.

Жалқау деген көзқараспен мүлдем келіспеймін. Оларға  бар  болғаны  ескірген­ жүйе жарамсыз. Біз бір нәр­сені мойындауымыз ке­рек,­ адамзат үнемі жаңаша деңгейде жаңғырып отырады. Санада, жалпы ойлау жүйе­сінде өзгерістер болуы заңды.

Жастар жеке ресурстарын мүмкіндігінше игеруге келгенде пысық. Өздігінен іздене біледі. Үнемі мүмкіндік іздеп жүреді. Шәкірттерім өз уақыттарын тиімді игереді. Сапалы білім талап етеді. Ақылы оқу орнында оқыған соң, ата-анасының төлеп отырған  қаржысының  құнын біледі.

«Тұран» университетіндегі  тәжірибемнен жастардың толқынынан байқайтын бір мінездемені жақсы біле­мін. Істеріне тиянақты. Шә­кірт болса да іскер. Жауап­кершілік көтереді. Жаңашылдыққа талпынады. Шетелдік кәсіби шеберлердің тәжірибесін игеру мақсатында әртүрлі мәдени шараларды­ өз қалауларымен белсенді түрде талап етеді. Оқу орнының ұстаздары да шәкірт­терге барлық мүмкіндікті жасау­ жолында тыным таппайды. Еңбекқор ұжымның іскерлігіне  қарап, «Тұран» университетінің келешегінен Қа­зақстанның Гарвардын кө­ремін.

- Мемлекеттің дамуы әр саланың сауатты да кәсіби маман­дарына байланысты. Мамандық  таңдауда  неге  мән берген  дұрыс?

- Мамандықта адасып жүретіндерге жаным ашиды. Өмірде жолым болмайды деп өз жанын өзі күйзеліске душар­ ететіндер бар. Әркім өз қайғысының құрбаны. Қалауыңа көп мән беруді балаға,­ меніңше, балабақшадан үйретуді білім жүйесінде сауатты жолға қою маңызды. Мектеп табалдырығында баланы­ң сол қалауына ерекш­е мән беріп, сол салаға бағыттауды жолға қойып беруг­е ата-ана мен ұстаздар бірлесіп жұмыс істесе, нәтижелі болады. Жоғары оқу орнын­а талапкер тек өмірдегі нақты мақсаты бойынша шебер­лігін шыңдауға толық дайын  болып  келсе, сауатты маманның сол саладағы негізі  дұрыс  қаланады.

Әр адамның болмысын зерттесеңіз, оның бойына міндетті түрде бір қабілеттің дәні салынғанына көзіңіз жетед­і. Кез келген адам – өз өмірінде бір жауапты мис­сияның иесі. Адамның қалауы көп түйінді шешеді. Осы бағытта шеберлікті шыңдау маңызды. Егер осы жолда өзіңізді толық танып, шеберлігіңізді шыңдап шықсаңыз, теңдессіз маманға айнал­асыз. Үлкен жетістікке жеткен шеберлерді сол саланың Құдайына теңеп жатуы да бекер емес. Себебі, оның шеберлігіне теңдесер ешкім жоқтығының  дәлелі. Демек, ол адам өзінің  өмірлік  жолы мен  миссиясын  дұрыс  жолғ­а қоя білді  деген сөз.

Белгілі бір сала тоқырап жатса, басты себепті оның мамандарынан іздеген жөн. Демек, ол салада мамандықта адасып жүргендердің саны көп. Ең әуелі, олар өзін алдап­ жүргенін түсінуі керек. Екіншіден, әр саланы мемлекет­тің дамуының маңызды бір бөлігі деп қарастырсақ, онда оларға қоғамда өздерінің «тежеуі­ш» қызметін атқарып жүргенін ашық түрде түсінік­ті тілмен түсіндіру керек. Дамы­ған мемлекеттердің жетістігінің артында әр саланың өз мамандарының ла­йықты деңгейде көтеріп отырған жауапкершілігін көруге  болады.

Ата-аналардың өзі кейде мамандық таңдауда балаларының тағдырына ықпал жасап­, өздері шешіп жатады. Баласының жеке қалауымен есептеспей, оның қабілет-қарымы тартпайтын жаққа бағыттаудың рухани қиянат пен қылмыс екенін олар да түсінуі керек. Ең бірінші зардапты әлбетте өз баласы тартады. Маман­дық алу – бұл жауапкершілік. Бұл – сенімділік. Бұл – келешегіңе кепілдік.

- Өнер саласының өкілі, мемлекетіміздің азаматшасы ретінде халықтың ішкі күйі, қалауы туралы қандай ойлар  мазалайды?

- Бейбітшіліктің өзі көп нәрсе. Оның құнын білемін. Осы бейбіт өмір­ге мен де қоғамның бір мүшесі ретінде­ тәубе етемін. Таңертеңгі ұйқыңнан алаңсыз күйде тұру да – үлкен бақыт. Осындай бейбіт заманда көп түйт­кілді шеше алмай отырсақ, онда оған өзіміз ғана кінәліміз. Еркіндік бар. Игерем деген ниет болса, нарықта бос кеңістік жетеді. Көзін тапса, іскерлік қабілетің жетсе, қалаған жобаңды жүзеге асыруға мүмкіндік те көп.

Территория бар. Тәуелсіздік бар. Тіл бар. Ұлт бар. Ресми және заңды. Мемлекетті  өзіміз қалағандай деңгейге  көтеру тек өзімізге байланысты.­ Мүмкін билік пен халық арасындағы мәмілеге келу шеберлігін әлі де меңгеруіміз керек шығар. Бірлік көп нүктенің орнына бір нүктені қоятынын үйренсек деймін.

Біздің ойлау деңгейімізге, іскерлік шеберлігімізге бір-ақ көрсеткіш әділ баға береді. Дәлелдер – бұл біздің шамамы­зды  екшелейді. Елдігіміздің артында  қашанда  ер-азаматтарымыздың  бет-бейнесі тұрады.

Мен қазақтың жігіттерінің ой еркіндігін – рухының бірлігінен көр­гім келеді. Олардың жүрегінің кеңді­гін – жетім, тастандылардың жоқ­тығынан білгім келеді. Жігіттердің жауап­кершілігін – отбасындағы ажырас­у көрсеткішінің аздығынан сезінгім келеді. Олардың ер-азамат ретіндегі ерлігін – ел үшін жасаған нақты­  іскерлік қадамдарынан көргім келеді. Намысының еңсесі – Қазақстанның байтақ территориясындағы көптеген азып-тозған ауылдардың орны алып шаһарларға айналған сәулет өнерінің биігінен көрінсе деймін.

- Адами құндылықтар алдыңғы қатарғ­а шыққан зайырлы қоғамға айнал­у үшін неге баса назар аудару қажет  деп  ойлайсыз?

- Материалдық пен рухани құндылықтарды тепе-теңдік заңдылығының шеңберінде үйлестіру маңызды. Жан мен тәннің қажеттілігін бір-бірінен ажыратып қарау дұрыс емес. Біз екеуін­е де мұқтажбыз. Екеуі де біздің жер бетіндегі тіршілігіміз үшін маңыз­ды. Нарық заңдылықтарымен келісім мен үйлесімге келуді үйренуден басқа бүгінгі таңда біздің алдымызда таңдау тұрған жоқ. Әлеуметтік санадағы теңдікті орнатудың бір-ақ жолы бар. Ол – идеология.

Өремізде ертелі-кеш өзгерістер болаты­ны анық. Адамның табиғаты рухани дертке ұзақ төзе алмайды. Адам – болмысынан  ақыл-парасаттың­ иесі. Оның программасының негізі өте мықты қаланған. Кім соны қандай деңгейде шыңдайды. Мәселе сонда. Ақылды адамның кез келген уақытта ақымақ қадамға баруы да ғажап емес. Бірақ, ақырында айналып келіп түбінде бізді арымыз мазалайды. Бұл мазасыздық күйі – біздің таби­ғатымызға қарсы шығудың, азғын­даудың  тиімді  емес  екендігінің көрсеткіші. Өзімізді тәрбиелеу – шебер­лік сонда. Жаратылыстың заңдылы­ғын бұзатын та – өзіміз.

Мен үшін адам құқы сақталған қоғам ғана зайырлы. Санада үлкен серпіліс болуы керек. Рухани тазару. Кемелдену. Болмысыңды  тану. Жаңа сапаға өту. Өз арыңа есеп беру. Жаңаша ойлау. Жауапкершілік көтеру. Адами қарым-қатынастың орны бөлек. Бізге дәл қазіргі уақытта осы айығу үдерісімен мақсатты түрде жұмыс істейтін идеология керек. Рухан­и мешелдікті біздің табиға­тымыз ұзақ көтермейді. Ғажайып өмірді де бізге сырттан біреу келіп жасап бермейді. Бар тылсым – идеяда. Оның күшін сауатты игере білсек, алтын дәуір жасау да – адамдардың өз қолында.

- Еркін ойлы әңгімеңізге көп рақмет!

 

Сұхбаттасқан Анель  АСҚАРҚЫЗЫ,

арнайы  «Халық»  газеті  үшін

Алматыдан

 

Пікір қалдыру


Қорғаныш коды
Жаңарту

Күнтізбе

< Қазан 2018 >
1 2 3 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30 31        

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары