Өзекті мәселелер

  • 18.10.18

    Диас  БАХРАДДИН,

    байдарка және каноэде есуден Жасөспірімдер олимпиада ойындарының чемпионы:


    Толығырақ...

  • 18.10.18

    Бұл өлке – өрелі өркениеттер тоғысы­нда тарихын тереңнен тартқан мекен.­ Талай қаһарман хандар мен білекті батырлар, суырыпсалма ақындар шыққан жер. «Жүз жырау» дүниеге келген осы Қармақшы елі әр қазақ үшін қастерлі, қасиетті. Аудан толығымен Тұран ойпатыны...

    Толығырақ...
  • 18.10.18

    Сыр  өңірінде  өзінің  тарихымен, экономикасымен, даңқты тұлғаларымен дараланған бір аудан болса, ол – киелі Шиелі өңірі. Жер көлемі 3426915 га  құрайтын  аудан – ежелгі  Сырдария  өзенінің  орта  ағысынан­ орын тепкен мекен, талай тарихи оқиғаның к...

    Толығырақ...
  • 18.10.18

    «Алдағы  бес  жыл  ішінде білім, ғылым, денсаулық сақтау­  салаларына  барлық көздерден  жұмсалатын қа­ра­жат­ты  ішкі  жалпы өнімнің  10  пайызына дейін жеткізу  қажет».

     

    ЖАЛАҚЫ  КӨБЕЙЕ   БАСТАДЫ

    Мұндай пәрменді ел Президенті өз Жолдауында атап көр­сеткен болатын. Бұл сала мамандары үшін жақсы м...

    Толығырақ...
  • 18.10.18

    Лақ бірде жайылымда жүріп ұйықтап қалды. Оянған соң қараcа, көзіне ешнәрсе­ шалынбады. Далада жалғыз қалыпты. Отардың соңынан қуып, жүгіре жөнелді. Жүгіріп келе жатып қасқырға кезікті.

    – Ей, мұнда неғып жүрсің? - деді қасқыр­  көзі  оттай  жанып.

    – Қуаласпақ ойнап, - деді лақ тез ес жиып.

    – Кіммен?

    – Ағаммен. Сөйтті де, артына бұрылып:

    ...
    Толығырақ...
ӘКЕЛЕР ЖАЯЛЫҚ ЖУЫП, БЕСІК ТЕРБЕТСЕ...
04.10.2018 11:45

Бесіктегі уілдеген баланы аналар мен әжелердің әлди айтып тербетіп, ертегі айтып ұйықтатқанын санамыз терең қабылдап қалған. «Балаға тек әйел қарау керек», «жаялықты әйел жуып, бесікті де әйел «күзету» керек» деген ұғым бар. Сондықтан қазақ қоғамында ер адамның декреттік демалысқа шыққанын оғаш көретініміз рас. Ал шетелде әкенің декретке шығуы – қалыпты жағдай.­ Мәселен, Ұлыбритания, Қытай, Бельгия, Финляндия, Австрия­,  Франция  елдерінде баласының  тәрбиесіне аса мән беретін­ әкелер ақылы демалыс алады. Баланың әкесіне ең азы бір айға  жуық уақыт демалыс алу міндеттелетін ел – Швеция. Әкелердің 70 пайызға жуығы бала күтімі үшін уақытша жұмыстан боса­ты­латын  ел – Финляндия. Жалақының толықтай сақталу кепіл­дігі­мен он апта бала бағатын әкелер – тек Испанияда. Ал Қазақстанда ше?

Біздің елде мұндай заңның барын айтып, алға тарт­қанда  «қатындар  құтырды»,  «ер-азаматтарды  сыртта  батыр, үйде  қатын  етті» деген секілді алыпқашпа сыбыстар гулеп кетті. Дегенмен, өсек-аяңның мұндай түріне мән бермейтін әкелер саны еліміз­де 73 мыңға жуықтаған. Бір ғана Қызылорда облы­сы­нда 2017 жылы 758 азамат декреттік демалысқа шықса­, ағымдағы жылдың жартыжылдығындағы көрсеткіш әкелердің жауапкер­шілігін арттырғанын аңғартады. Яғни, бала бір жасқ­а толғанға дейін оның күтіміне байланысты табы­сынан айырыл­ған жағ­дай­да  төлене­тін әлеумет­тік төлем алып  отыр­ған әке­лер­дің үлес салма­ғы 2,5 есеге артқан. Нақты..­.

Ер-азамат деген кім? Ол – ініміз, ағамыз, әкеміз, көкеміз, баламыз. Бұрынғының ер-азаматтары қандай болған? Қамшы сабының ұшына байлан­ған жылдарды есептемегенде, қазақ халқының ері де, әйелі де күшке мығым, іске төзімді, жылқының жалын­да ойнап, түйенің қомында босана­тын  мықтылықтың  иесі  еді. Әке  дегеннің құрметі мүлдем бөлек. «Ердің  азығы – түзде» деген тәмсіл  о  кездегі  қазақтың  ұранынан кем емес. Ал отанал­ары ошақтың қасында, қазанның  құлағынан  қолдары  босамайтын, бап пен  бақты  білетін  кемең­гердің өзі болған. Босағадан  аттап  шықпаған деп айтпағанның  өзінде аттан­  түскен құтты  қонақтың  алғысын арқалап­  отыратын жандардың қатарынан  табылған.

Сонымен, еркек не үшін декреттік демалысқа шығады деген ой сізді де мазалап отыр ма? Мені де мазалаған. Сіздің ойыңызды сан-саққа жүгіртіп, менің санамда жаңғырып тұрған бұл сауалға заң қарсы емес. ҚР Еңбек Кодекс­інің 100-бабы, 1-тармағында «жұмыс беруші жұмыскерге ата-ана­сының таңдауы бойынша баланың анасына не әкесіне бала үш жасқа толған­ға дейін оның күтіміне байланысты жалақы сақталмайтын демалыс беруге міндетті» деп анық көрсетілген. Міне, осы заң аясында ағымдағы жылдың­ жартыжылдығында қызыл­ордалық 2 мыңға жуық әке декреттік демалысқа шыққан. Әйелдер саны  4 мыңнан асып жығылады. Яғни, екі жақ та теңбе-тең көрсеткішке шамалас. Бұл – Қызылорда облысы бойынша «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ филиалынан алынған дерек.

Аталмыш заң негізінде демалыс шартын бұған дейін де, яғни бала бір жасқа толам дегенше төленетін жәр­демақыны құжат рәсімдеген адамның атынан пайдаланып келгендер болды. Яғни, отбасындағы әйел жұмыссыз не айлық табысы аз болған жағдайда босан­ғанға дейінгі және кейінгі кезеңдерге төленетін әлеуметтік жәрдем­ақыны ер адам өзінің атына рәсімдеп, алайда жұмыс істеп жүре беретін еді. Осы мәселенің анық-қанығын білу үшін «Азаматтарға арналған Үкімет» мемлекеттік корпорациясы коммерциялық емес АҚ Қызылорда облысы бойынша  филиалына  сауал  жолдадық. Жауап  келді.

- Бүгінгі күнге дейін әлеуметтік сақтан­дыру жүйесінің қатысушылары болға­нымен табысынан айырылмаған, яғни баланың күтімімен айналыспаған жұбайлары, нақты жағдайда, әкелері өтініш жасап, оларға бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлемдер тағай­ындалып, төленуде. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министр­лігінің мәліметі бойынша барлық төлем алушылардың жартысына жуығы еңбек қызметін жалғастыруда немесе төлем тағайындалған кезеңде кәсіпкерлік қызметі­нен та­бысы бар екендігі анықталған. Демек, табысынан айырылу фактісі жоқ. Қазіргі таңда мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорымен заңсыз төлемдерді болдырмау мақсатында табыс­ынан  айырылуы  туралы  мәліметтердің шынайылығын анықтау бағытында жұмыстар атқарылуда. Бұл фактіні дәлелдемеген жағдайда Қор арқылы­ төлем тағайындалмайды. Нақ­тырақ айтқанда, 2018 жылдың 2 шілдесінен бастап қолданыстағы 2003 жыл­ғы 25 сәуірдегі №405 «Міндетті әлеуметтік сақтандыру» туралы Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, 23-бөлім, 2-бабында бала бiр жасқа толға­нға дейiн оның күтiмiне байла­нысты табысынан айырылған  жағ­дайда төленетiн әлеуметтiк төлем мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру жүйесiнің өзі үшiн әлеуметтiк аударымдар жүргiзiлген, балаға күтімді жүзеге асыратын және Қордан төленетін әлеуметтiк төлемдер алуға құқығы бар қатысушысына тағайын­далады деп көрсетілген, - деді филиал директоры  А.Қайруллаев.

Қысқасы, қазақ  халқының  ертедегі қай ері, қай батыры болсын, елін, Отанын­ қорғап, сол арқылы батыр, ер деген  атақ алған. Бұл жөнінде Нұр­пейіс Байғанин:

- Бұрынғының ерлері,

Береңгі сауыт кигені,

Беліне садақ ілгені,

Жасанған жауға тигені,

Ерлікпен дәурен сүргені..., -деп  бастап,

Кемесін құмға шөккізген.

Алмасын тасқа қайраған,

Жауды көрсе жайнаған,

Халықтың қамын ойлаған,

Байтақ елін қорғаған, - деп тамамдайды.

 

Ал қазір... Қазір бәрі басқаша, заң шеңберінде. Тіпті күнделікті тұрмы­сы­мыз да заңның шеңберінен айналып шыға алмай қалған. Өтірік деңізші. Тірескеннің тізесін бүктіріп, қайратына әдісін жолдас еткен ер-азаматтарымыз үйде бала бағып отыр дегенде беті жыбырламайды деп ойламайық, намысы­ өзегін екіге жарып, амалсыздың әрекетін жасап отырғаны шындық. Шын мәнінде оны бала бағуға келіст­ірген – әйел емес, заман. Әлеуметтік жетіспеушілік қаққан қазы­ғынан ары ұзатпай тұр... Солай дейміз, бірақ өмір кейбір жағдайларда мәжбүрлікке  итермелейді. Ондай сәтте көнбеске  шара жоқ.

Дегенмен, әкенің декреттік демалысқа шыққанын Заң құптайды, ал Сіз ше?

 

Н.ҚҰДАЙБЕРГЕН

 

 


 

Сыргүл  МОЛДРАИМОВА,

Қызылорда  медициналық  жоғары  колледжінің

әдістемелік  бөлім  меңгерушісі:

- Бүгінгі  «жаһандану  дәуірі» дегенді қазақ үшін аса бір жақсы құбылыс деп айта  алмаймын. Ғасырлар бойы ұлттық қанмен біте қайнасып келе жатқан көп құндылықтарымыздан бізді ажыратып жатқаны былай тұрсын, еліміздің құқықтық заңдарына ауыз салуы әр азаматты ойландыруы тиіс. Соның бірі – отбасында әкелердің де бала күту демалысына шығуы. Бұл үкіметтің халықтың әл-ауқатын көтеру мақсатында жасаған шарасы шығар, яғни отбасында ер-азаматтың жалақысы аз болып, әйелдің жалақысы жоғары болса, осылай жасаға­н отбасылық бюджеттің молаюына септігін тигізеді екен. Бірақ бұрынғыс­ы  ел  қорғап ат бауырында жүрген, бертінде еліміздің барлық саласында еңбек  өнімділігін  арттыратын, отбасының қамқоршысы, «асқар тау» деп теңеуін­ тапқан қазақ ер-азаматының болмыс-бітімін қайда қоямыз?! Жарайды, бағып-қаққаны өзінің кіндігінен шыққан ұрпағы дерсіңдер. Ол азамат бала баққан  соң  оның  тамағын дайындайды, киімін жуады. Бара-бара жұмыстан шаршап­ келетін әйеліне тамақ істеп, кірін жуып қоятын болады ғой. Сонда біз ер-азам­атымызды қайда апара жатырмыз?! Статистикаға жүгінсек, елімізде декретт­е отырған еркектердің үлесі көп емес және басым бөлігі басқа ұлт өкілдері екен. Егерде батыс елдеріндегідей заң және нарықтың ырқымен жүре беретін  болсақ, болашақта ел қорғайтын емес, ошақтың қасынан ұзай алмайтын  бөріктілер көбейеді. Батыс елдерінде демекші, еркектерінің 66 пайызы декретке шығатын Финляндия елінің экономикасы шарықтап бара жатқанымен, рухани мешеулікке келе жатқан ел. Оларда туыстық, бауырлық қарым-қатынас, ұрпақ өрбіту және тәрбиелеу деген ұғымдар жоқ. «Көшеде ит пен мысық жетектеген  кемпір-шалдарды көп көресің» деп Фин еліне іссапармен барып келген әріптесім айтып отыр. Табиғатынан «еркек – түзде, әйел – үйде» деген ұғыммен  өсіп-өнген  қазақтың  болмысы  бұрмаланбаса  екен.



 

Феруза  РАХЫМҚЫЗЫ,  психолог,

«Bilim  Foundation»  қоғамдық  қорының

координаторы,  ЮНИСЕФ-тің  ұлттық  мастер-тренері:

- Табиғи заңдылыққа байланысты баланы өмірге әкелетін және оның тәрбиесіне жауап беретін ол – әйел. Ер  адамдардың  міндеті – отбасын  асырау және оны қорғау. Бала өмірге келген уақыттан бастап бейсанал­ы түрде анасын таниды, ал қалған отбасы мүшелерін 5-6 айдан соң ғана айыра бастайды. Соныме­н қатар, аналар баланы бесікке салып тәрбиелеп,  мәпелеп,  уақы­тында  табиғи  түрде тамақтандыруы аса маңызды. Ал, әкелер табиғи­ сүтпен қамтамасыз ете алмайтындықтан, бала тек жасанды сүтпен тамақтанады. Қай тұрғыдан алып қарасаңыз да, ана сүтін­дегі дәрумендер балан­ың физиологиялық және психологиялық  дамуына өте қажет. Мінез ерекшеліктеріне келер болсақ, ер адамдарға қарағанда әйел адамдар сезімтал. Сондықтан сәбидің өзін қалай сезінуін, эмо­циясын, қажеттілігін, көңіл күйін анасы ғана сезеді. Сол себептен, менің ойымша, декрет­тік демалысты әйел адамдар өздері алғаны дұрыс болар еді.

 

Пікір қалдыру


Қорғаныш коды
Жаңарту

Күнтізбе

< Қазан 2018 >
1 2 3 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30 31        

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары