Өзекті мәселелер

  • 06.12.18

    «ЖУСАНДА  ТУҒАН  ЖЕРДІҢ  ИІСІ  БАР»

    Қазақ елі сонау «қарағай басын шортан шалған» ХІХ ғасырға дейін, ұлт тағдырының сілкіленіп, ұлттық сана ояна бастаған ХХ ғасырда да өзінің тегеуріні мықты ел екенін дәлелдеді. Киіз туырлықты қазақ санасындағы рухан­и-мәдени жетілу мен әлеуметтік-экономикалық салада өрлеу секілді мақсаттары заман көшіне ілес...

    Толығырақ...
  • 06.12.18

     

    Ерғали  АБДУЛЛА

     

    АРТЫҚШЫЛЫҚ   пен  КЕМШІЛІК

    Оның көп артықшылығы бар: гү...

    Толығырақ...
  • 06.12.18

    * Ерлердің психикасы зейіннен тоқылған. Ол жай өмір сүре алмайды. Ол биікке ұмтылуы керек.­ Еркек қатты жерде ұйықтап, суық сумен шайынып, ерте тұруы қажет.

    * Ер адам әрдайым өзінің жаман­ қылықтарын тыйғаны жөн. Өзіне ұсақ-түйек жеңілдік жасамауы  керек.

    * Қалаған нәрсесіне жету үшін ол мақсат қойып қимылдайды. Бұл – ер-азаматтың таби­ғаты. Сыйласатын ортасында өзіндік орны бол...

    Толығырақ...
  • 06.12.18

    Жалпы, өзімді жаман адам не ұсқынсыз қызбын деп айта алмаймын­. Жоғары қызметім бар. Адамдармен қарым-қатынасым да жақсы. Бір әттеген-ай дейтінім, осы уақытқа дейін екінші жар­тымд­ы жолықтырып, асыл жар атана алмадым. Жасым 34-те. Бұған дейін карьера құрып, өз жағдайымды өзім жасап алғым келді әуелі. Бір кездері мен үшін арман болған, одан соң мақсатыма айнал­ған марапаттың барлығына жетті...

    Толығырақ...
  • 06.12.18

    Бір сәт аспаннан ақша жауғандай күйге еніп, мол қаржыны қайда жұмсарыңызды білмей қалған мезетте... Мұндай көңіл күйді көбіне несие алған кезде сезінеріміз сөзсіз. Ал ай сайын алатын жалақыға телміріп отырған­ қарапайым халыққа бұл аса таңсық жағдай емес. Иә, өте көп мөлшердегі қаражатты алып, қалтамызды қампайттық делік. Ары қарай қайда жұмсаймыз? Бұрындары тұрмыстық техника, автокөлік немесе ...

    Толығырақ...
ҚОС ҒАСЫРЛЫҚ ҚАЛА ТОЙЫ
04.10.2018 11:54

Тарихы талайларды таңғалдырған, жыр елі, Сыр елі – Қызылордаға – 200 жыл! Жылдары ғасырлармен ұласатын, қойнауына құт қонған Қызылорда қаласының тарихы – таусылмайтын шежіре, мәңгі жырланатын жыр десек, артық айтқандық болмас. Тамырын тереңге жайған бәйтерек секілденіп, өзіне бар жақсыны жинаған киелі мекеннің мерейлі күнін жыл сайын ерекше етіп атап өтеміз. Биыл да қаланың туған күні, яғни қос ғасырлық мерейтойы өз дәрежесінде, биік деңгейде тойланып жатыр. Сөз жоқ, тойды қазақ қашанда Құдайдың қазынасына балаған. Дегенмен, той тойлау дегеніміз – ас ішіп, аяқ босатып, бір-біріне мақтау айтып ғана тарасу болмауы керек. Бұл жолы да қала мерекесі мұндай үрдістен ада болды дей аламыз. Рухани өмірге қадам басқан шаһардың ажарын ашатын, халықтың игілігіне қызмет ететін орталық ашылды. Ұлттық ұстындар ұлықталып, аудандардың жәрмеңкесі де ұйымдастырылды. Қала халқы арзан тауар алып, мәре-сәре болып қалды. Қайырымдылық акциясы жабырқаған жандардың жүрегін жылытып, ақындары сөз барымтасына түсті, ат шаптырылып, балуандар белдесті. Бір сөзбен айтқанда, Қызылордадағы қала күні құр даңғазамен емес, нақты істермен айшықталды.

1000   ОТБАСЫНЫҢ

ЖҮРЕГІН   ЖЫЛЫТТЫ

Қала күні мерекесіне орай «Жүрек жылуы» қайырымдылық акциясы ұйымдасты­рылып, әлеуметтік аз қам­тылған отбасыларға көмек көрсетілді. Шара аясында 1000 отбасы 20 млн теңген­ің азық-түлігімен қамтылды. 40-тан аса автокөлікке тиелген азық-түлік өнімдері арнайы бөлінген әлеуметтік қызметкерлердің көмегімен барлық­ отбасының үйіне жеткізілді. Сонымен қатар, орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің аумағында акция шеңберінде қаржылай көмек көрсеткісі келетіндерге арнайы жәшік қойылды.

Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев шараға арнайы келіп, атсалысқан кәсіп­керлерге алғыс білдіре отырып, жиналған жұртшылықты қала күні мерекесімен  құттықтады.

- Ұлт  Көшбасшысы, Елбасымыз: «Мұқтаж жандарға көмек көрсету және қайырымдылық іс-шара жасау – хал­қымыздың ежелден келе жатқан игі дәстүрі. Мемлекет пен бизнес экономикалық ғана емес, әлеуметтік мәсе­лелерді шешуде де әріптес болуы­ тиіс» деген болатын. Биыл Қызылорда қаласының 200 жылдық мерейтойы аясында арнайы бір күннің «Жүрек жылуы» атауымен қайырымдылыққа  арналуының негізі осында, - деді аймақ  басшысы.

Жақында ғана өткен «Жүрек жылуы» өнер фестивалінің қорытынды кешінде облыс әкімі аталмыш шараның аясы кеңейе түсетінін айт­қан болатын. Яғни, 2019 жылы өнер фестивалінің қаржы­сы 3 есеге дейін өсетін болады. Сондай-ақ, номинациялардың  саны да  көбеймек. Мұның өзін біздегі қам­қор­лықтың нышаны, жана­шырлықтың белгісі деуге болады­.

- Қызылорда қаласының 200 жылдық мерейтойына орай түрлі деңгейдегі іс-шаралар­ ұйымдастырылып жатыр. Солардың  бірі – дәстүрге айнал­ған «Жүрек  жылуы»  акциясы. Біз мәдени­-көпшілік шаралармен қатар, қайырымдылық шараларын да көптеп өткізуді жөн деп санадық. Мұқтаж жандар­ бар және оларға мемлекет тарапынан­ қолдау да бар. Шараға көп­теген кәсіпкерлер  өз үлесін қосуда, - деді қала әкімінің орынбасары Шахмардан Байманов.

Айта кету керек, қайырымдылық шараларын өткізу аймақтың игі дәс­түріне айналған. Өткен жылы 800-ге жуық отбасыға көмек көрсетілген еді. Жыл басынан бері Наурыз, Ораза айт және Құрбан айт мерекелерінде аймақ­тағ­ы 2 мыңға  жуық  тұрмысы  төмен отбасы­на  15 млн  теңгеге  заттай көмек  берілді.

 

ҰЛТТЫҚ   ТАҒАМДЫ

ҰЛЫҚТАДЫ

Ақмешіт атырабының қос ғасырлық мерейтойын тойлау «Сыр сүлейлері» аллеясында жалғасты. Оған арнайы ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбді­қалықова, аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев пен қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев келіп, ұлттық тағамды ұлықтаудың куәсі болды. Ақ мол болсын, халықтың ризық-несібесі арта түссін деген арда тілекті арқалаған жиынға жұртшылық көп жиналды. Қаз-қатар тігілген үйлерді аралап, ондағы көркем көрініспен танысқан Қырымбек Елеу­ұлы Сыр халқын айтулы мерекемен құттықтады.

Иә, бұл дата өзге мерекелерден өзгерек­. Себебі, сүйікті қаламыз жа­сампаз  болашаққа қарай тағы бір тарихи­ қадам жасады. Бұл – Сыр жұртшылығы үшін үлкен мереке! Алтын күзбен қатар келген мерейлі күнде ұйымдастырушылар келушілерге күз «дәмін» ұсынды. «Сыр сүлейлері» аллеясы­н көшпелі қазақтың кәдімгі ауылы дерсіз. Бір шетінде асық ату ойын­ы, енді бір жерде гір көтеру  сайы­сы­  қызу  жүріп жатыр. Ал қол күреске  жиналған  азаматтардың  қара­сы­  қалың. Кіл күштінің ішінен ең мық­тысы­н таңдауға жанын сала жан­күйер  болып  жүр. Бастысы, салтанатты  жиынға келген қарапайым халықтың жүзіне күлкі үйірілген. Мәз-мейрам. Қамысқаладан Қызылордаға дейінгі  уақыт  керуенінде  жүргендей еді жұрт. Арнайы дайындалған ақ шатыр­ларда қаладағы үздік мейрам­ханалардың қала күніне сыйлығы ұсыныл­ды. Бір қарағанда қамыстан жасал­ғандай  көрінетін  торт-үй, Қор­қыт  мемориалдық кешені мен оның нақыл­ сөздері жазылған торт, Қызыл­ордаға 200 жыл деген жазулары бар кішігірім тәттілер бұқараның назарын аударды.

- Бұл торттың идеясы біздің Қызыл­орданың қамысты қала болып атал­ғанына  арнап  жасалған. «Әлем таныған күріш қыз» деген тортымыз бар. Ірімшік, құрт, майсөгі, қауынқағы бар таба  наннан жасалған қараша үйіміз бар. Қарап отырсақ, қазақтың осыған дейінгі  қолданып  келген, қазір  де  пайдаланатын тұрмыстық дүниелері, ұлттық  тағамдары. Осыны біздің маманд­ар  тәттіден жасап, ұсынып отыр. Елге  ұнаған  сияқты, - деп  қуанды­  «Шах сарайы»  мейрамханасының  басшы­сы  Жұмабай  Қаражанов.

Осындай көркем шараға қатысушыларға арнап айқара ашылған жолдың жиегінде бір топ жастар киелі домбырамызды қолына ұстап, күй төгілтті. Домбыра күмбірі мерекеге ерекше леп беріп тұрғандай. Ұлттық киімімізбен сәнденген өнерлілер халық әндерін тамыл­жыта шырқады. Кезек келесі бір үйге келгенде таңданысымыз одан әрі арта түсті. Себебі мұнда қауын мен қарбыз­ гүл себетіне айналып, баклажан мен жүгері, қияр мен қызанақ пирамида, асқабақ пен қырыққабат жануарлар кейпіне еніпті. Қиялына қанат біткен алтын қолды шеберлер мұны қала күніне  тарту  етіпті.

- Бүгінгі көрмеге қойылған жұмыстардың барлығы технология сабағы барысы­нда оқушыларға үйретіледі. Сабақ­та  пайдаланады.  Мерекеге  әркім өз фантазиясындағы нәрселерін жа­сады­. 200 жылдық мерейтоймен халықты­, білім саласындағы әріптестерімді  құттықтаймын.  Қызылордамыз жылдан-жылға  көркейіп  жатыр. Осының бәрі Елбасымыздың, облыс әкімі­нің арқасы. Алғысымыз шексіз, - деп жүрекжарды  лебізін  жеткізді №278 орта мектептің  технология  пәнінің мұғалімі  Әлия Талғатқызы.

Қалалық технология пәні бірлес­ті­гінің жетекшісі Сәуле Қайыптан сұра­ған­ымызда, «Қауын-қарбыз» фестив­а­ліне  54 мектептің мұғалімдері қатыс­қанын мәлімдеді. Осында қойылған өнер туындылары сол 60 шақты мұға­лімнің еңбегі екен. Бұл ретте қалалық ауыл шаруашылығы бөлімі де көмегін аямапты. Қажетті жеміс-жидек, көкө­ніс, бақша дақылдарымен қамтамасыз еткен. Қатысқан жұртшылық үшін ең қызығы, мерекелік шара тамамдалған соң тұрғындар өзіне ұнаған жемісті тегін алуына мүмкіндік жасалыпты.

- «Қауын-қарбыз» фестивалінің мақсаты – Қызылорда өңірінде өсіріл­ген қауын сорттарын көрсету. Жергі­лікті жойылып бара жатқан түрлерін қайта қалпына келтірумен айналысып жатырмыз. Негізгі мақсатымыз – сол. Арғы түкпірінде Орта Азияны, Ресейдің нарығын жаулап алған өзбектің мырза­шөл­ деген сортына сәйкес келетін­ жер­гілікті қауын сорттарын іздесті­рудеміз. Мұндағылардың бар­лығ­ы  жергі­лікті  Қызылорда  қаласында­ өсірілген қалай­сән, қара күләбі, тор­лама,­ саржау сорттары. Өнімді өндірумен қатар, ғалым  болғандықтан, ғылыми­  жағына  да  мән  береміз. Тұқым шаруашылығын  жолға қою, жойылып бара  жатқан  сорттар­ын  қайта  қалпына­ келтіру жұмыстарын  алдыңғы  орынға  қоямыз, - деді ауыл шаруашылығы ғылым­дарының кандидаты Самалбек Қосанов.

Мұнан ары жүрсеңіз, тарихи көм­беге тап боласыз. Киіз үйдің ішінде Ақмешіттің тағылымды тарихына қараст­ы дүниелер көрмеге қойылған. Ақын,  жазушы А.Тоқмағамбетовтың өзі пайдаланған жазу машинкасы да бар мұнда.

- «Ақмешіт-Перовск-Қызылорда» атты экспозициялық көрмесін халық назарына ұсынып отырмыз. Ақмешіт бекінісінің макеті қойылған. Дарияның оң жағалауында орналасқан, айналасында орлар қазылып суға толтырылған.­ Бекіністе мұнаралар, тұщы суы бар үш құдық және 2 мешіт, медресе және жауда­н қорғанатын мықты темір қақпа болған. Бекініс 1818 жылы салынған. Дәл осы сыртқы келбетін макет ретінде көрініс қылып көрсетіп отырмыз. Қызылорда қаласы астана болған ке­зең­нен фотосуреттер,  архивтік құжаттар  қойылған, - деп көрмеге қатысты ақпарат берді «Ақмешіт музейі» филиалының  меңгерушісі  Кенже Ахметова.

Жиын аяқтала бастаған тұста балға үймелеген арадай, бір жерге жиналып таласып-тармасып жатқан жұртты көзіміз шалды. Жақын барып қарасақ, тұрғындар тегін таратылған қауын-қарбызд­ан  алып  жатыр  екен.

- Барша  жұртшылықты Қызылорда қаласының  мерекесімен шын  жүректен­ құттықтаймын. Күні кеше ғана №264 мектеп-лицейінде ауқымды шаралар өткізгенбіз. Бүгінгі шара тіпті керемет өтуде! Балалар да мерекені сезініп жатыр­. Тегін қауын, қарбызды арқалап жұрттың бәрі ырза болып кетіп бара жатыр. Еліміз  аман, жұртымыз  тыныш болсын, - деп  қала тұрғыны  Гүлзар Баша­рова  ақ  тілегін  жеткізді.

 

«РУХАНИ   ЖАҢҒЫРУ»

ОРТАЛЫҒЫ   АШЫЛДЫ

«Рухани жаңғыру» орталығы мен қалалық мұражай ғимаратының ашылуы­ айтулы датадағы айрықша жаңал­ық болды. Сырдарияның сол жағалау­ынан пайдалануға берілген алғашқы­ нысан да – осы. Ол қазақ ұлты үшін қастерлі. Себебі дәл осы ғимараттың түпнұсқасында 1925 жылы ұлттың ресми «қазақ» аталуы туралы тарихи шешім қабылданған. Қазақ Орталық Атқару Комитетінің сызба-нұсқасы негізін­де салынған құрылысқа жан бітті. Енді тәуелсіз елдің ұрпағы мұнда халық  үшін  тер  төгетін  болады.

 

ЕЛБАСЫ  НЕ  ДЕДІ?

200 жылдық той мұнымен тоқтап қалған жоқ. Кешқұрым Нартай Беке­жанов атындағы драма театрында өткен салтанатты шарада ҚР Мемлекеттік хатшыс­ы Г.Әбдіқалықова Сыр жұрт­шылығын мерейтоймен құттықтап, Елбасы­ Н.Назарбаев жолдаған құт­тықтауын  жеткізді.

«Ерте замандардан бері ұлтымыздың ұйытқысы болған Сыр өңірі – қазақ баласы­ үшін қашанда қадірлі. Қобыз атасы – Қорқыт бабамызға топырақ осы даладан бұйырды. Осы байтақта қазақ жыршылық өнерінің айрықша мектебі қалыптасты.

Шығыс даналығында: «Халықтар қалаларды, ал қалалар мемлекетті құрайды» деген тәмсіл бар. Өркениеттің өлшеуіндей болған әсем қалалардың Сыр бойында болғаны да тегін емес. Әлеуметтік-саяси  мақсаттарды  жүзеге асыруда сол қалалардың маңызы ерекше­  болды. Бүгінгі Қызылорданың бағасы  да солардан  кем  емес.

Алмағайып замандарда Сыр өңірі талай ұлт пен ұлысты жат деп жатсынбай, бауырына басты. Сасқанға сая, жабыр­қағанға  пана  болды.

Алғашқы  өнер-білім  ордалары орын тепкен, ұлт зиялылары шоғыр­ланған Қызылорда өңірі бүгінде Тәуел­сіз Қазақстанның өсіп-өркендеген ірге­лі облысына  айналды. Қызылорда  қала­сы­ Сырдың сол жақ жағалауына қарай кеңейіп­, сәулеті мен дәулеті келіскен шаһарға ұласты. Жаңарған, жасар­ған Қызылорда – азаттығымыздың  айқын көрінісі, ынтымағымыздың  жемі­сі.

Берекелі Сыр  жұртшылығына  ырыс­ты ынтымақ пен берекелі бақ тілеймін! Екі ғасыр қазақ топырағын тебір­ентіп, қазақ баласын тербетіп келе жатқан қасиет­ті жер аман болсын!» - делінген Елбасының  құттықтау  хатында.

Ел Президентінің алғаусыз тілегінен соң, өңір басшысы Қырымбек Көшербаев аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндады.

- Жаңа қала - сол жағалаудан инвесторлардың  қаржысы  есебінен  салынып жатқан 16 көпқабатты тұрғын үйдің, 320 орындық балабақша мен «Болаша­қ» университеті кампусы және жастар ресурстық орталығының жыл соңын­а дейін пайдалануға берілуі қала тұрғындары үшін негізгі мерейтойлық тарту болмақшы. Бүгін біз ұлтымыздың ресми «қазақ» аталуы туралы тарихи шешім қабылданған Қазақ Орталық Атқару  Комитетінің  сызба-нұсқасымен салынған сол жағалаудағы алғашқы нысанн­ың  салтанатты  ашылу  рәсімін өткіздік, - деді облыс әкімі.

Мерекелік жиын барысында ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбді­қалықова, Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев, мемлекет және қоғам қайраткері Виталий Брынкин, ҰҒА академигі Асқар Жұмаділдаев, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лау­реа­ты Иранбек Оразбаев және ҚР Елтаң­басының авторы, «Құрмет» орденін­ің кавалері Жандарбек Мәлі­беков Қызыл­орда қаласының  200  жылдығы  мерей­тойлық­ медалімен  марапатталды.

 

ӨНЕРПАЗДАР   ТАРТУЫ

Қай мерекенің болмасын шарықтау шегі немесе қорытындысы ретінде гала-концерт ұйымдастырылады. Сүйікті қаламыздың туған күніне арналған гала-концертке туған топырағымыздан түлеп ұшқан эстрада жұлдыздары арнайы келді. Төреғали Төреәлі, Мәдина Сәдуа­қасова, Серік Ибрагимов, Жеңіс Ысқақова сынды әншілер кеш көрігін қыздырды. Ел сүйетін Ерке Есмахан, Қайрат Нұртас та қадірлі қонақ болды. Орталы­қ алаңға жиылған жұрттан жер қайысатындай. Жұлдыздардың өнеріне зор ықыласпен қол соққан қала тұрғындарының мерекелік­ көңіл күйі өте жоғары­  болды.

 

ЖӘРМЕҢКЕ   ЖАРЫЛҚАДЫ

Мерейтойға орай сенбі күні ауыл шаруа­шылығы  өнімдерінің  жәрмеңкесі болды. Оған Арал, Қармақшы, Жалағаш, Сырдария және Жаңақорған ауданына­н  барлығы  550  тоннаға  жуық өнім  әкелінді.

Арал ауданының жәрмеңкесі Тас­бөгет кентінде, қармақшылықтардың тартуы «Мерей» шағын ауданында ұйымдастырылды. Теңіз төскейінен жеткен балықты арзан бағада сатып алуға ағылған жұрттың саны көп. Аралдан 16,8 тонна балық және балық өнім­дері әкелінген. «Мерей» шағын ауданында  жыршылар  жыр  айтып, тұрғындарға  мерекелік  көңіл  күй сыйлады.

Жалпы, жәрмеңкеде төмендегідей өнім түрлері қала жұртшылығына қолжетімді бағада ұсынылды – 145 тонна картоп және көкөністер, 14,9 тонна сиыр, жылқы және қой еті, 59 тонна ақ күріш, 65 тонна қауын-қарбыз, 1,1 тон­на­  сүт, қымыз-қымыран, 17 тонна жем-шөп, сондай-ақ, 150 бас қой-ешкі, тоқты әкелінді. Қала орталығында өткі­зілген ауыл шаруашылығы жәрмең­ке­лерінде барлығы 248 көлік қатысып,  550 тоннаға жуық ауыл шаруашылық өнімдері  нарық  бағасынан 10-15 пайыз­ төмен  бағада  ұсынылды.

Осылайша, Алашқа ана, қазаққа пана болған құтты өңір, екі ғасырдың куәсі Қызылорда қаласы мерейтойының негізгі  бөлімі  өз деңгейінде аталып өтті. Мерекелік шаралар одан ары жалғасады. Атап айтқанда, облыс аудандары өнерпаздарының Қызылорда қаласындағы шығармашылық концерті мен аудандар әкімдіктерінің тұрмысы  төмен  отбасыларға қайы­рымдылық акциясы бо­ла­ды­. Бос жұмыс орындары­ және ауылшаруашылық жәр­мең­келері, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Аманкелді Кененбаевтың «Сурет әлемі­нің сырын жеткізген» атты жеке көрмесі де көп­шілікті күтіп тұр. Сондай-ақ, «Туған қалаға ағаш сыйла» ағаш отырғызу  ак­циясы,  мүмкіндігі шектеулі студент­тер арасында  «Өнерім  саған, Қазақстан!» атты об­лыстық фес­тива­ль бар. Қысқасы, Қы­зылор­дадағы қала күні құр сөзбен емес, нақты істермен  айшықталғалы  тұр.

 

Рыскелді   СӘРСЕНҰЛЫ,

Жазира  БАҒЛАН,

Н.Нұржаубай  (сурет)

 

Пікір қалдыру


Қорғаныш коды
Жаңарту

Күнтізбе

< Қазан 2018 >
1 2 3 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30 31        

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары