Өзекті мәселелер

  • 08.11.18

    Халық – сыншы әрі әр­қашан әділ. Өткен аптада Арал, Қазалы аудан­дарына іссапармен барға­н облыс әкімі Қырымбек Көшербаев ел алғысын арқал­ап қайтты. Бұқараның базы­насын ескеріп, жұртшылықтың жағдайын  жақсартуда аймақ басшысы бір­қатар тірліктер атқарып жүр. Өткен аптада жер­гілікті тұрғындар сол игі істер­дің жалғасына куә болды.

    Алдымен Арал ауданы орталы­ғындағы жаңа аурухананың аш...

    Толығырақ...
  • 08.11.18

    Кез келген тауарды сырттан тасымалдау үлкен тәуеке­л мен көп шығынды талап ететіні сөзсіз. Дамыған­ елдердің көпшілігі тұтынатын тауарын өзі өндіріп, кәсіпкерлері шаруасын шыр айналдырып отыр. Ал бізде ше? Қандай өнім бар дегеннен гөрі, нендей өнім жоқ дегенге жауап табу тез болып тұр. Былай қарағанд­а, қарапайым қаламсап шығаратын зауы­тыңыз  да  жоқтың  қасы. Қайтпек  керек?

    ...
    Толығырақ...
  • 08.11.18

    Қазір әлеуметтік желі үлкен күшке ие. Ойыңызда жүрген жайтты жақсылап тұрып жазып, көпшіліктің талқысына тастай саласыз. Мұнда  сөздің  байыбына баратын, оны саралай алатын да, көкпардағы  серкедей  жүнін  жұлып, ту-талақай  ет етін де  жұртшылық бар. Ал, күшке ие дегеніміз – көп  мәселенің  шешімін  табатынында. Жама­н жері  кейде жаны ашып жазғандар да жазықты болып жатады­. Атын шыға...

    Толығырақ...
  • 08.11.18

    Нәзіктік пен әсемдіктің символы – қыз баласы қашаннан сұлулыққа құмар. Ару­лар­ға ақыл мен  әдеміліктің қатар қажет екенін қазақ бұрыннан айтып кеткен емес пе? Көріксіз қыз – тұзсыз нанмен тең. Ендеш­е  сұлулығын  арттырып, тартымды бола түсу – бұрымдылар үшін сүйікті «мәселе». Бүгінде  айқабақ,  алтын  кірпік, қызыл ерін  сылқымдар кірпігін қалай  күтіп  жүр? Сырт көзге сөз қылуға тұр­майтын т...

    Толығырақ...
  • 08.11.18

    Айжарық  СӘДІБЕКҰЛЫ

    Редакция  қызметкерінің іссапармен бармайтын жері жоқ. Асулардан асып шыңға шығады, еңіске түсіп теңіз кешеді, балықшы мен диқанның қосына­ түнейді, шопандар мен жылқышыларға жолығу үшін жайлауды аралап шаршайды. Иә, жорналшы дегендер өмір бойы солай жол үстінде жүрген­дерінде бұрын көріп білмеген пенделердің талайымен жүзд...

    Толығырақ...
СУДЬЯ ӘР ІСТІ ЖҮРЕКТЕН ӨТКІЗЕДІ
25.10.2018 11:33

Марат ТҰРҒАНБАЕВ,

Қызылорда қаласының мамандандырылған тергеу сотының төрағасы:

Заң саласындағы тың өзгерістердің бірі «тергеу соты», «тергеу судьясы» деген жаңа ұғымдардың енуі десек қателеспейміз. Десе де, ашылғанына 3 айдың жүзі болса да, тергеу соты ұғымының не білдіретінін, оның қызметінің қандай екенін көбі түсіне бермейді. Сондықтан Қызылорда қаласының мамандандырылған тергеу сотының төрағасы Марат Тұрғанбаевпен сұхбаттасуды жөн көрдік. Жаңа қызметімен құттықтап, соттың атқаратын қызметтерімен жіті танысып қайттық.

– Бүгінде тергеу соты ашы­лыпты десең, көбі «ол не?» деген сұрақты  қояды. Оның мәнісіне  бара бермейді. Ақпараттандырғанда да «тергеу соты ашылды» деп жалпылама айтылғаннан кейін халық түсінбей жатады. Осы сәтте айта кетсеңіз, тергеу соты немен айналысады, бұл  бізге  не  береді?

– Негізінен тергеу судьясы нау­рыз айынан бастап жұмыс істеп келеді. Ол кезде арнайы соттың ашылмаған уақыты, судья №2 сотта болды. Ал 1 тамыздан бастап Елбасы Жарлығымен ресми түрде сот құрылып, мамандандырылған тергеу соты болдық. Тергеу соты дегеніміз – сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарының бәріне араласатын сот. Ал тергеп- тексеру­ бітіп, іс сотқа жолданғаннан кейін біздің құзырымыз тоқтайды. Біз­дің құзырымыз – тек ғана сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірың­ғай тізіліміне тіркелгеннен бастап, айыптау актісі мен немесе іс аяқ­талғанда сотқа дейінгі іске қатысу­шы адамдардың заңды мүдделері мен құқықтарын қорғау.

– Өзіңіз айтып өткендей, тергеу соты дәлелдемелерге қатыспайды. Алайда сол дәлелдемелерді анықтау үшін арнайы органға  санкция  бере­сізд­ер. Соның  түрлеріне  тоқта­лып   өтсеңіз.

­– Біріншіден, бұлтартпау шарасын қолдану мәселесі. Мысалы, сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған кезде тергеуші өтінішхатпен шығады. Күзетпен ұстау бұл­тартпау шарасын қолдануды санк­циялау жөнінде. Сондай-ақ, жасыр­ын тергеу әрекеттеріне бері­летін санкция бар. Мұндай әрекеттер ЕРДР-ға (арнайы бағдарлама. – ред.) тіркелген істер бойынша жүргізіледі. Егер тергеушінің жасырын тергеу әрекеттерін жүр­гізу керек деген пікірі болатын болса, ол арнайы өздерінің ішін­дегі құзырлы органдарына тап­сырма  жазады.

– Ол  қандай  қылмыстарға  байланысты  жүргізілуі  мүмкін?

– Жасырын тергеу әрекеттері арнайы санаттағы істер бойынша ғана болады. Ол теріс қылықтар бойынша жүргізілмейді. Яғни  1 жылдан астам бас бостандығынан айырылу жазасы көзделуі мүмкін онша ауыр емес, орташа, ауыр, аса ауыр қылмыстар жасаған адамға қатысты жүргізіледі. Мұның бірнеше түрі бар. Бұл туралы Қылмыстық процестік кодекстің 231-бабында толығырақ айтылған. ЖТӘ1 (жасырын тергеу әрекеттері) – ол адамды немесе орынды жасырын аудио немесе бейнебақылау, ЖТӘ2 – электр, телеком­муникация, байланыс желіле­рі арқылы берілген ақпаратты жасырын бақылау, ұстап қалу және түсіріп алу. Ал үшіншісі – абоненттер, абоненттік құрылғылар арасындағы қосулар туралы ақпаратты жасырын алу, 4-шісі компьютерге, 5-шісі поштаға байланысты, 6-шысы – орынға жа­сырын кіру, оны тексеру.

– Яғни сыбайлас жемқорлық қылмысына қатысы болса, теле­фонын тыңдау деген  секілді  ғой?

– Иә. Мысалы бір кісі жерін заңдастыру үшін жер қатынастары бөліміне барды делік. Онда бөлім маманы не басшысы осы қызмет үшін 40 мың теңге сұрады делік. Ол адам не істейді? Арнайы құзырлы  органға арызын береді. Алайда­ арыз берерде, көрінеу жалған ақпарат беріп тұрса, жауапкершілікке тартылатындығы ескертіледі. Содан­ кейін бұл іс ЕРДР-ға тір­келіп, қылмыстық іс қозғалған болып­ есептелінеді. Тергеуші мән-жайды қарай келе, өздерінің ішіндегі құзырлы органға тап­сырма жазады. Мәселен, теле­фонын тыңдау туралы (Тапсырманың өз тәртібі, мәтіні бар. Соны толық сақтау керек). Ал құзырлы органның ішіндегі арнайы бөлім «күдіктінің телефонын тыңдау үшін мына уақыт аралығында санк­ция беруіңізді сұраймын» деп қаулы шығарады. Ол жасырын пошта байлан­ысы арқылы бізге келеді. Себебі құпиялылықты сақтауымыз керек. Ешкімнің білмеуі, естімеуі қажет. Өйт­кені сыртқа ақпарат кетіп қалса, ол қылмы­стың бетін ашу мүмкін болмай қалады.

Телефон тыңдауға келетін болсақ, бір ерекшелігі – жаңағы орындайтын орган өз  бастамасымен телефон нөмірін немесе Imei кодын анықтап жаза алмайды. Оны тергеуші берген тапсырмасында көрсетуі тиіс. Егер тергеушінің тапсырмасында болмай, оны оперативті уәкіл өзі анықтап, өзі жазатын болса, бұл жағдайда санкция беруден бас тартамыз. Онда бағанағы біз айтып отырған іс-әрекеттің бәрін 24 сағатқа тоқтатып қоямыз да, тергеушіге мән-жайды айтамыз. Ал ол бұл құжаттың бәрін қайта дұрыстап жіберуі қажет. Бұл – процестік нормалардың сақтал­у мәселесі. Бұдан бөлек біз негіз­ділігін де қараймыз. Яғни санкция беру негізді ме, әлде негізсіз бе? Ал жасырын тергеу  әрекеттері біткеннен кейін, «судың да  сұрауы бар» дегендей, жауап беретін кез келеді. Мысалы, іс аяқталды, тергеу бітті, сотта іс қаралды, үкім шықты. Содан­ кейінгі алты айдың ішінде кімге қыл­мыстық істер аясында жасырын тергеу әрекеттері жүргізілді, соларға хабарлама беру керек. Яғни, мынадай істің аясында телефоныңыз тыңдалды деп. Мысалы, Ивановтың телефонын тыңдады делік. Ал ол басқа мәселе бойынша Петровпен сөйлеседі. Оперативті уәкіл жасырын тергеуд­і Ивановқа жүргізгеннен кейін тергеу­шіге Петровтың да әңгімесін тыңдау­ керектігін айтуы мүмкін. Содан Иванов сотталып, Петровтың іске мүлдем қатысы жоқ екендігі анықталғанда, оның да құқықтарына нұқсан келмесі үшін хабарла­ма  берілуі  шарт.

– Ал ол адамдар, жаңа сіз мысалда кел­тірген  Петровтар  «неге менің телефонымды­ тыңдайсың?» деп уәж айтуы  мүмкін бе?

– Айтуы мүмкін. Сосын олар сот ар­қылы моральдық зиянды төлеттіруге де бара  алады.

– Оны  кім  төлейді?  Үкімет пе?

– Үкімет төлейді, бірақ оны кейін оперативті уәкілден регрестік түрде өндіріп алады. Сол үшін барынша жаппай жасырын  тергеуге санкция беріп жатқан жоқпыз, өйткені сұрауы бар. Енді ғана ашылғандықтан, әлі бұл жағдаймен бетпе-бет келген жоқпыз. Себебі жоғарыда айтып өткен алты ай мерзім әлі келген жоқ. Бір сөзбен айтқанда, «қуырдақтың көкесі түйе сойғанда болайын» деп тұр (күліп).

– Иә, өзіңіз айтып өткендей енді ғана ашылып  жатырсыздар. Осы орайда сұра­йын дегенім, жұмыс барысында кемшіліктер кездесіп­  жата  ма? Әлі түсінбей не түсі­ніс­пей  жататын  сәттер  бола  ма?

– Дұрыс айтасыз. Бізде мысалы, құжаттарды, мәліметтерді алуды санкциялау деген де бар. Бұл бойынша тергеу орындарынан әлі де шатасып келіп жатыр. Мысалы, пәленшеевтің банкте мынадай есепшоты бар ма, анықтау үшін санкция керек дегендей. Біз айтамыз, «кешіріңіз, банк туралы заң бойынша оны прокурор арқылы не өзің біле бересің. Ал бізге есепшотын өзің анықтап алғаннан кейін, сол есепшоттан мына есепшотқа ақша ау­да­рылды ма, соны анықтау қажет болғанда, санкция сұрайсың» деп. Осылай түсін­діреміз. Екінші мәселе, мысалы «Сабалақта» кісі өлімі болды делік. Содан арнайы­  орган куәлерді іздестіреді, видеокамераларды қарайды,  тексереді, бірақ ешкімді таппайды. Содан қылмыстың бетін қалай да ашу керек болған соң, олар бізге келеді де қалада орналасқан телефонның стационарлық базаларының қылмыс болған жерге жақынынан оқиға орын алған сәтте сол маңайда қандай телефо­ндар болды, соны анықтау үшін санкция  беруімізді сұрайды.

– Ол көп болып кетпей ме?

– Болып кетеді. Бірақ біз бұлай жаппай бере алмаймыз. Себебі заң бойынша нақты адамның аты-жөні не телефон нөмірі көрсетілуі тиіс. Көбіне осындай сәттерде олар «біз енді қылмысты анықтай алмаймыз ғой» деп ренжіп жатады. Десе де, олар мәселенің екінші жағын қарастырмай тұр. Мысалы, дәл сол қылмыс болған күні ол жерде иммунитеті жоғары­ тұлға жүруі мүмкін немесе бір шаңыра­қтың отағасы дәл сол күні өзге келінш­екпен кездесіп, көңіл көтеріп келді делік. Сонда егер біз жаңағы санкцияны берсек, ол адамды тергеу органына шақырады, ол үшін үйіне қоңырау соғады­, тергеуге келеді, ақырында болған жайтты әйелі де естиді. Сөйтіп айрандай ұйыған отбасы  ажырасудың сәл-ақ алдында қалады. Ал ол кісі сотқа беруі мүмкін. «Кешіріңдер, менің бұл қылмысқа қатысым жоқ, неге бір ақымақтық жасағаныма бола отбасымның шырқын бұзасыңдар» дегендей. Мүмкін бұрын жаппай бере берген шығар. Бірақ қазір біз сүзгіден өткіземіз.

– Жасыратыны жоқ, күнделікті өмірде тергеушілердің үстінен шағымданатын адамдар­ аз емес. «Тергеудегі күдіктіге түрлі қысым көрсетеді, кейде жасамаған қыл­мысты да мойындатқызады» деген қауесеттерді де естіп жатамыз. Осыған байланысты анықтаушының, анықтау органының, тергеушінің немесе прокурордың әрекет­теріне (әрекетсіздігіне) және шешімдеріне жасалған шағымдар болды ма? Болса, нақ­ты кімге қатысты және қандай  жағдайда?

– Сотымыз ашылғанына көп уақыт бола қойған жоқ. Сол уақыт аралығында мұндай жағдайлар кездескен емес. Дегенмен айтар едім, мұны қазір көбі түсіне бермейді. Жүрген жерлерімде де айтып жүремін, сонда да бұл тақырыпқа арнайы бір семинар өткізу қажет-ау. Прокуратура, тергеу органдары, БАҚ өкілдері, заңгерлер қауымдастығы барлығы қосылып, бір ақылдасу керек болып тұр. Негізінен, өзімнің судьялық қызметте 15 жылдық тәжірибем бар. Соған сүйенетін болсам, істі қарау кезінде, тергеушінің әрекет­теріне қатысты шағымдар айтылатын кездер­ болады. Мұндай сәттерде біз арнайы­ қаулы шығарамыз. Сол қаулы бойынша­ прокуратура істің мән-жайын тексереді. Кейіннен олардың шығарған шешімі сот ісіне үкім шығарарда арнайы кеңесу бөлмесінде ескеріледі. Ал қазіргі таңда күзетпен ұстау бұлтартпау шарасын қолданғанда, көп ата-ана көз жасын көл қылып, жылап жүреді. Кім баласын қисын? Әр қарға баласын аппағым дейді. Сол үшін ата-анасы болса, барынша кіргізуге тырысамыз. Кірсін, қатыссын, тыңдасын. Неге ол балаға бұлтартпау шарасы­ қолданылып, күзетпен ұстау мәселесі­ талқыланып жатыр? Қандай қылмыс жасағаны, кіммен жасағаны, әдісі,  ойы,  әрекеті, соның бәрін ата-ана­с­ы білсін деп  айтамыз. Сол кезде көбі­несе­ ата-аналары түсіне бастайды. Әйт­песе, оған дейін сіз айтып өткендей, бар кінәні полиция, прокуратура, сот қызметкерлеріне жауып, шағымданып, жылап жүреді. Сосын  барынша қолдан кеп жатса,­ ауыр қылмыс, жалпы қылмыс жасады­ деп қамай бермейміз. Қазір позиция­ басқаша. Егер отбасы, беделі болса, осыған дейін қылмыс жасамаса, арақ ішіп, көшеде тентіреп жүрмеген болса,­ үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы­н қолдану мәселесін талқы­лаймыз.

– Ол кезде жұмысына барып жүреді ме?

– Үйқамақта болса, бара алмайды.

– Тек үйде отыра ма?

– Иә. Бұл шара қолданылған кезде, міндеттемелер жүктейміз. Адвокаттан басқа ешкімді қабылдамайсың, теле­фонмен интернетке кірмейсің, үйіңнен шықпайсың, қылмыстық қудалау орга­нының адамы келсе, кіргізесің, өзіңді міне үйде  отырмын деп көрсетесің дегендей.

– Осындай жағдайлар болды ма тәжі­рибеңізде?

– Болды.

– Неше  рет?

– Көп  болды.

– Ол  қанша  уақытқа  бе­рілуі  мүмкін?

– Үйқамақ екі айға беріледі.

– Яғни тергеу барысы изоляторда болға­ннан, үйінде болғаны дұрыс.

– Иә. Ол да – қа­маудың түрі. Мемлекет белгілеген арнайы органда емес, үйінде отырады. Барынша жеңілдік ғой. Үйқамақ егер ауырлау болады деп есеп­тесе, онда кепіл қолданамыз. Әр қылмыс­тың санатына қарай, кепілдің өз мөлшері бар. Көбіне баласы қылмыс жасап қояды да, әке-шешесінің үйлері бар, соны бағалап­, кепілге қояды. «Баламыз тергеу орнына барып жүреді, шақырған кезден кешікпейді, қылмыс  жасамайды, ешқайда­ қашпайды» деп мойындарына  алады. Ал егер осы  шарттардың  бірін  бұзатын болса­, кепілдегі үйді мемлекетке алып қояды. Оны да ескертеміз. Іс сотта қаралып біткеннен кейін кепілді кепіл берушіге  қайтарамыз.

– Сіздерде  үйлерін  кепілге қойған кезде­р  болды  ма?

– Иә. Үй, автокөлік, жер телімі немесе ақшалай берген кездер болды.

– Тергеу судьясының өкілеттігіне  мәйітті эксгумациялау да  кіреді. Сот ашыл­ға­лы  қайтыс болу  себебіне  сенбей­, мәйітті  қайта  ашқызған  жағдай  кездестi  ме?

– Біздің тәжірибемізде әлі мұндай жағдай кездескен жоқ. Негізінен сот барысында кейбір істер бойынша кейде көтеріліп жатады. Өйткені 1-ші өткізген сот медицина сараптама жауабын кейбір азаматтар қанағат тұтпай жатады.

– Өз тәжірибеңіздегі ең қиын сот туралы  айтсаңыз. Шешім шығаруға қи­налғ­ан  сәттерді өткердіңіз бе?

– Судья әр істі жүректен өткізеді. Өйткені оның артында адам тағдыры тұр. Қиындықтар болмайды емес, болады. Әсіресе, жаза тағайындау мәселесінде. Ойланасың, 6 жыл берген дұрыс па, 10 жыл берген дұрыс па деп. Себебі кісі өлтірудің де түрлері бар.

– Әңгімеңізге  рақмет!

Сұхбаттасқан

Жансая   ЖҮНІСОВА

 

Пікір қалдыру


Қорғаныш коды
Жаңарту

Күнтізбе

< Қазан 2018 >
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 26 27 28
29 30 31        

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары