Өзекті мәселелер

  • 19.12.19

    Кешегі даласында абақ­тысы жоқ, бес қаруы белінде жүрсе де жауынан өзгеге қару жұмсамаған заманда елдің бір-біріне өкпесі, кеткен есесі болмады дейсің бе? Болды ғой. Бірақ, сол заманның өзінде қойнындағы қаруға тұра ұмтылмай, әділдікті, ақ пен қараны шешетін әулеттің үлкені не ауылдың ажасы, оған көнбей жатса, елдің қожасына жүгінді емес пе? Дау бұған да бөгет бермеген кезде биге барып соңғы ше...

    Толығырақ...
  • 19.12.19

    Ақыл  жетпес

    Адамның ақылы өлшеусіз мол. Алайда сол ұлан-ғайыр, шексіз ақылыңның кейде кішкентай, уақ-түйек мәсе­лелерді шеше алмай, тұйыққа тіреліп, жол таба алмай, адасып­  жүретініміз  қалай?!

    ...
    Толығырақ...
  • 19.12.19

    «Кувад синдромы» туралы бұрын-соңды естіп пе едіңіз? Мүлдем естімеген болуыңыз да мүмкін. Бұл – ер адамның жүкті әйел секілді күй кешуі. Мұндай да болады. «Кувад» сөзі француздың «couver» деген етістігінен шыққан, яғни қазақшалағанда «жұмыртқа басу» дегенді білдіреді. Бұл синдром екіқабат әйелдің күйеуінде жүктіліктің үшінші айында басталып, сәби дүниеге келгенге дейін жалғасуы ықтимал....

    Толығырақ...
  • 19.12.19

    Шырылдаған бала дауысынан селк ете қалған олар өздері секілді тағы бір күнә­сіз­дің жетім қалғанын сезді. Сәбиді түннің бір уағында тауып­ алған тәрбиеші дереу төсекке жатқызып, жұбата бас­тады. Әбден жылай-жылай көзінен жасы сарқылған баланың демі бітіп, әрең тыныс алады. Көздері жәудіреген бір топ баланың естісі аузындағы емізікті жұлып алып, апайына ұстатты. Жанаршылықпен қараған оның ересек...

    Толығырақ...
  • 19.12.19

    Поэзия

     

    Ботадай боздап аспан жылайды,

    Алдайды бәрін түлкі үміт.

    Жапырақтардан жас тамшылайды,

    Жапырақ жүрек бұлқынып. ...

    Толығырақ...
“ТОЙ ТОЙЛАҒАН ӨКІНБЕС...”
25.10.2018 12:15

Өткен аптада азаттықтың ақ таңы атқан қалада, дәлірек айтқанда Алматыда Коммунистік жастар одағының 100 жылдығы тойланды. Сол-ақ екен, әлеуметтік желідегі ағайын ұлардай шулап қоя берді. Бірден дұрысын жазып жатырмыз, әйтпесе, әлі де шулап жатыр. Бірақ, қайда барады дейсіз, шулап-шулап қояды да. Біз жазған соңғы сөйлем билік басындағылардың өз-өзін жұбататын “қисынды” сылтауы секілді. Қазақтың қаспағын емес, қаймағын сүт бетінен сүзіп алғандай күй кештірген зұлымдық мына біз секілді тәуелсіздіктен кейін өмірге келген ұрпаққа тарихтан ғана белгілі. “Қан жұттырған, қынадай қырған” деп суреттеледі. Мұны айтуға да аузың бармайды. Аждаһа, зұлым, залым, қанқұйлы, қаныпезер, қанішер, қуақы, сұрқай...

Желіде ашуланғандардың көбісі “алашшылдардың 100 жылдығы неге тойланбады?” деп дабыл қағуда. Иә, рас Алаш қозғалысының ғасыр тойы бізге “жетім қыздың тойындай” ғана әсер қалдырған еді. Ал, биылғы “басты мейрамның” дүбірі алыстан естілді, күбірі артынан айтылып жатыр. “Менмін” дегендердің өзі алдын ала қарсылық жасап, “мың асқанға – бір тосқын” етіп үлгеретіндей болмады. Шенеуніктер бір сәтте Ленин бейнесіндегі комсомолдық төсбелгілерін тағып алып, шат-шадыман күйге ене қалды. Бәрінен бұрын, фотодан көргеніміздей, тәуелсіз қазақ сарбазы көсем саналған кісінің бейнесіндегі кеңестік қызыл туды көтеріп тұрды. Тағы десеңіз, ол көк туымызбен тең дәрежеде тұр. (жоғары да болуы мүмкін – ред.) Білуімізше, мемлекеттік емес жиында мемлекеттік тудың қайдан жүргенін де түсіндіретін жан керек. Айтпақшы, біз мұнда құр аттандап жатқан сияқтымыз. Өйткені, бұл “той” әлі Елорда төрінде де аталып өтіледі екен. Одан бөлек бірнеше облыстың осыған орай мерекелік кеш өткізуге білек сыбанып отырған жайы бар. Тіпті, қазақы өңір саналатын Қызылордада да бір қоғамдық бірлестік төрайымы әкімдерді икемге көндіріп, кейбір аудандарда атап өткен-ді. Мұны “Алаш арыстарының бетіне түкіру” деп жазып жатқандар табылады. Бұлай жалғаса берсе, біз жай ғана түкіргеніне мәз болып қаламыз-ау...


Ерлан ҚАРИН, саясаткер:

“БІЗ  ҮШІН  САЯСИ САБАҚ  БОЛДЫ”

- ...Әрине, алаштықтардың жүз жылдық тойы көлеңкеде қалып, ал комсомолдың ғасырлық тойы дүркіреп өтіп жатқаны, шынымды айтсам, мені қынжылтады. Бірақ, былай қарап отырсаң бәрі де дұрыс. Неге?! Себебі, кім, қалайша біріге, ұйымдаса алды, солай тойын тойлады, атайтынын атады.

Алаштың жүз жылдығын да солай дүркіретіп өткізуге болар еді, тіпті одан да асырып жіберуге де мүмкін еді. Бірақ, әр жерден бір шулап, айтып-айтып­ қойдық. Сөзге мықтымыз, ал нақты­ іске келгенде, әрқайсысының мыңдаған сылтауы шыға келді. Мойындау керек, Алаш идеясы риторика деңгейін­ен аспай қалды. Ал, шын мәні­сінде, алаштықтар мемлекеттілікті басты мақсат етіп қойды. Және олар азаттық үшін күресі бір бөлек, ал сол дербес, тәуелсіз мемлекетті сақтап, қорғап тұру үшін саяси мемлекеттік басқару тәсілдерін де барынша меңгеруді насихаттаған болатын. Сон­дықтан, комсомолдың  жүз  жылдығы біз үшін  қай  жағынан  болса да жақсы саяси­  сабақ болды.


 

 

Қазыбек  ИСА, ақын, журналист:

“САЯСИ  САУАТСЫЗДЫҚ  ДЕУГЕ   БОЛАДЫ”

- ...Сонда бұрын бізді отарлаушы коммунистердің идеология­сын  белсенді атқарушы органы комсомолдың 100 жылдығын тойлау қандай ұғымға сыяды? Пайымы мен парасаты бар адамға­ парадокс емес пе? Бұл тойды кімдер ұйымдастырды? Қыруар қаржы қайдан алынды? Бүгінгі парламентте отырған Косарев бастаған Коммунистік партияның (жалғыз өзінің) бұған шамасы жете қояр ма екен? Мұндай мерейтойға жеткеніне жүректері жарылардай қуанышты болып жүрген Қуаныш Сұлтанов пен бақыттан басы айналған Бақытжан Жұмағұловтар бастаған, депутат Серік Сейдумановтар қостағ­ан нұротандықтардың толып жүргеніне қарағанда билік соларда секілді. Кеңестік-комсомолдық медальдарын сыңғырлатып тағып алып, “сызып“ жүрген коммунист депутат Жамбыл­ Ахметбековтың жайраң қағуын “өз тойы” болғандықтан шығар дедік. Ал, нұротандық сенатор Бірғаным Әйтімованың  есі шыға шаттанып жүргеніне не дерсің? Әлде, Қазақстан Коммунистік жастар одағының хатшысы кезінде Желтоқсан оқиғасында жастарды қалай жазалағанының “жалыны” әлі басылмаған ба? Бұлардың бәрінің “Мен әлі құлмын” деп мақтан­ғандай, отарлаушы империяны дәріптейтін медальдарын жарқыр­атып ашып тұрып, мәз-мейрам болып суретке түсуін нағыз саяси сауатсыздық деуге болады. Иә, парламенттегі партиялардан “Ақ жолдан” басқа екі партия тайлы-таяғымен­ түгел өріп жүр. Тіпті, “Біз ғана оппозициямыз” деп кеудесін қаққанда бос жаңғырық шығатындар да босағадан көрініп қалды… Рухани  жаңғырып  жатқанымызда  бұлай  рухани-саяси­ кері кетуді қалай түсінеміз?

Ақын М.Шахановша айтсақ, бұл “Ресейдің туфлиін жалауға негізделген шара” болды. Той деуге татымайтын­ жиын туралы ойымызды осылайша қорытындыладық. Доспамбет жырау “Торы төбел ат мініп, Той тойлаған өкінбес” деп еді өз толғауында. Жоғарыдағы атқамінер ағаларымыздың (аталарымыздың болуы да мүмкін) атқа мінбегенінен бе, той  тойлағанға да  өкінетін  жағдайға  жеттік...

Ш.ШАТҚАЛ

(Пікірлер qazaquni.kz ұлттық порталынан,

www.tarlan.kz саяси сараптамалық порталынан ықшамдалынып алынды.)

 

Пікір қалдыру


Қорғаныш коды
Жаңарту

Күнтізбе

< Қазан 2018 >
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 26 27 28
29 30 31        

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары