Өзекті мәселелер

  • 08.11.18

    Халық – сыншы әрі әр­қашан әділ. Өткен аптада Арал, Қазалы аудан­дарына іссапармен барға­н облыс әкімі Қырымбек Көшербаев ел алғысын арқал­ап қайтты. Бұқараның базы­насын ескеріп, жұртшылықтың жағдайын  жақсартуда аймақ басшысы бір­қатар тірліктер атқарып жүр. Өткен аптада жер­гілікті тұрғындар сол игі істер­дің жалғасына куә болды.

    Алдымен Арал ауданы орталы­ғындағы жаңа аурухананың аш...

    Толығырақ...
  • 08.11.18

    Кез келген тауарды сырттан тасымалдау үлкен тәуеке­л мен көп шығынды талап ететіні сөзсіз. Дамыған­ елдердің көпшілігі тұтынатын тауарын өзі өндіріп, кәсіпкерлері шаруасын шыр айналдырып отыр. Ал бізде ше? Қандай өнім бар дегеннен гөрі, нендей өнім жоқ дегенге жауап табу тез болып тұр. Былай қарағанд­а, қарапайым қаламсап шығаратын зауы­тыңыз  да  жоқтың  қасы. Қайтпек  керек?

    ...
    Толығырақ...
  • 08.11.18

    Қазір әлеуметтік желі үлкен күшке ие. Ойыңызда жүрген жайтты жақсылап тұрып жазып, көпшіліктің талқысына тастай саласыз. Мұнда  сөздің  байыбына баратын, оны саралай алатын да, көкпардағы  серкедей  жүнін  жұлып, ту-талақай  ет етін де  жұртшылық бар. Ал, күшке ие дегеніміз – көп  мәселенің  шешімін  табатынында. Жама­н жері  кейде жаны ашып жазғандар да жазықты болып жатады­. Атын шыға...

    Толығырақ...
  • 08.11.18

    Нәзіктік пен әсемдіктің символы – қыз баласы қашаннан сұлулыққа құмар. Ару­лар­ға ақыл мен  әдеміліктің қатар қажет екенін қазақ бұрыннан айтып кеткен емес пе? Көріксіз қыз – тұзсыз нанмен тең. Ендеш­е  сұлулығын  арттырып, тартымды бола түсу – бұрымдылар үшін сүйікті «мәселе». Бүгінде  айқабақ,  алтын  кірпік, қызыл ерін  сылқымдар кірпігін қалай  күтіп  жүр? Сырт көзге сөз қылуға тұр­майтын т...

    Толығырақ...
  • 08.11.18

    Айжарық  СӘДІБЕКҰЛЫ

    Редакция  қызметкерінің іссапармен бармайтын жері жоқ. Асулардан асып шыңға шығады, еңіске түсіп теңіз кешеді, балықшы мен диқанның қосына­ түнейді, шопандар мен жылқышыларға жолығу үшін жайлауды аралап шаршайды. Иә, жорналшы дегендер өмір бойы солай жол үстінде жүрген­дерінде бұрын көріп білмеген пенделердің талайымен жүзд...

    Толығырақ...
ЖЕР БЕТІНІҢ ШАМШЫРАҚТАРЫ (Деректі әңгіме)
08.11.2018 11:01

Айжарық  СӘДІБЕКҰЛЫ

Редакция  қызметкерінің іссапармен бармайтын жері жоқ. Асулардан асып шыңға шығады, еңіске түсіп теңіз кешеді, балықшы мен диқанның қосына­ түнейді, шопандар мен жылқышыларға жолығу үшін жайлауды аралап шаршайды. Иә, жорналшы дегендер өмір бойы солай жол үстінде жүрген­дерінде бұрын көріп білмеген пенделердің талайымен жүздесіп сұхбаттасады. Қаламгер Дидарбек те  сондай сапарларының бірінде Сыр бойы өлке­сінің байырғы тұрғыны Жаңаберген Якияевпен тұз-дәмдес болудың орайы келіп, екеуі бір түн әңгімелескен. Дидар­бекті ел ішінің қашаннан қадірлі азаматы, ұлағатты ұстаз тарихшының тағдыры  қызықтырған.

– Бізді  кейде «соғыс балалары» дейді ғой. Десе дегендей, мен отыз алтын­шы жылғымын. Соғыс бастал­ғанда бес жаста­ екенмін, - деп тыныс созған Жәкең әңгімесін әріден бастады.­ – Осы күні көп айтылатын «бақытты балал­ық шақ» біздің өңіміз тұрғай түсімізде де болған жоқ. Ақиқатын айтқанда­, біз соғыс басталған кісәпір жылдан бастап үнемі ашқұрсақ жүрдік. Иығымыз жаңарып, жарқырап киіне алмадық. Табылғанымен  қанағаттанып өстік. Кластас достарым Алданияз, Киікбай және мен – бір жылғымыз. Жұбымыз жазылмайтын, бірге ойнаймыз, құдайдың қара суына дейін бөліп ішкенбіз.

Мен апамның айтуында бесіктен белім шықпай жатып бір созылмалы ілеге тап болыппын. Содан да болар, жасымнан әлжуаз болдым. Жиі сыр­қаттанып қала беретін едім. Алдан мен Кейкі әжемнің тапсырып айтуындай мені орталарына алып, «бәле-жаладан» қорғап жүретін. Үшеуміз бір үйдің балас­ындай едік. Мектепке бірге барамыз, бірге қайтамыз. Сегізіншінің үш айын бітіре бере мен төсек тартып жатып­ қалдым. Дәрігер қыстай инесін сұққылап, дәрі ішкізіп, жегізіп, әбден ығырымды шығарды. Ақ шөлмек болып қалдым. «Өлмеген құлға болды жаз» деп әжем айтпақшы, жазға қарай аяғыма мінейін дедім. Алдан, Кейкі үшеуміз үйге берілген тапсырмалар бойынша қысты біздің үйде бірлесіп дайындалумен өткіз­дік. Сөйтіп, сабақты ол екеуі мектепте, мен үйде жатып оқыдым. Аяғыма мінгесін емтихан­дарды жыл аяғында мектепке қатынап жүріп, класта­старыммен бірге тапсырдым.

Сөйтіп жүріп оныншыны үшеуміз де жақсы деген бағамен бітірдік. Аттестатымыз толған бес пен төрт. Алдан мен Кейкі: біздің төрт-бес жыл оқуға жағдаймыз көтермейді. Мамандық алуды әуелі тех­никумнан бастайық. Оны бітіргесін мамандығымыз бойынша жұмыс істеп, тұр­мы­сымызды жөндеп алайық. Жоғары санатта білім алуды сосын көрерміз, – деп маған келді. Менің Алматы асу ойым­да жоқ еді. Енді қайтсем екен. Ойланып-толғанып келген­де, жан дескен достарымнан қалғым келмеді. Ол екеуінен қалсам, жалғыз­сырайтын түрім бар. Сол уайым..­.

Сонымен қойшы, үшеуміз Алматыға жүретін болдық. Талаб­ымыз таудай, ал жағ­дайымыз... Кейкінің қолында бір кішігірім сандық сияқты ағаш шемодан. Шешелеріміз соны толтырып сөк, талқан, үш бүйен сары май салып берген­. Киім дегеннен бір киер баяғы. Аяғымызда сол заман­ның көпшілігі киетін презент топли. Үшеуміздің жолпұлымыз жарты жүзге я жетеді, я жетпейді. Алдан мен Кейкі маған деп плацкартқа бір билет алды, «біз ұрлыққа мініп барамыз» деп бір қап күріш пен апардай ап-ауыр шемоданды жоғарыға қойып, мені  екінші қатардағы полка­ға  орналастырып  кетті.

Пойыз сарнап келеді. Түн болды. Алыс жолға алғаш шығуым ғой, бұрын пойызға мініп көрмеген басым, қорыққаннан жылағым келді. Алдағы жай-жапсарды уайымдап жатып ұйықтап кетіппін. Адамдардың абыр-жабырынан оянғанымда білдім, пойыз Қызыл­орда стансасына тоқтаған екен. Алдан бет-ауызы күйелеш-күйелеш болып жетіп келді. «Қорықпа. Мынау есек пойыз ғой. Біз енді жүрдек пойызға ауысып  мініп, сені Алматы вокзалынан күтіп  аламыз»  деп кетіп қалды.

Айтқанындай, екеуі мені Алматының екінші стансасынан күтіп алды. «Мұнда трамвай, троллейбус деген болад­ы екен. Электр тоғымен жүретін көрінеді» деп екеуі менен бұрын «алматылық болғандарын» айтып жатыр. Ұзындауы мен, мойыным қылқиған, кәдімгі қалқан құлақ сарының сортынанмын. Кейкі орта бойлыдан жоғарылау, ол қатқан қара, ал мен кәдімгі қақталған қақбалықтай қақпыш сарымын. Алдан кәдімгі тапал тұғжым, екеу­мізге қарағанда пысық, балалармен күрескенде жығылмайды, көбіне алып ұрып, басынан аттап кетеді. Кескін-келбетіміз осындай, арып-ашып келгенімізбен қандай оқуға түсетінімізді әл-әзір білмейміз. Алматы біздің Қазалыдай емес, көк жасыл желекке оранған маңғаз қала екен. Үшеуміз айналамыз­ға таңырқай қарап, тапжылмай тұрып қалыппыз.

– Ал келуін келдік қой. Енді қайда барамыз? Автобус, трамвай, троллейбус, қайсысына мінеміз? - деді Алдан.

– Бұрымдары аш беліне түскен ана-а-ау екі қызды көріп тұрсың ба? - деді Кейкі.

– Қайда?

– Әнәу-әне. Сол екі қыз қайсысына мінсе, біз де соған мінейік. Мінгесін жөн  сұрармыз.

Қос құрбы троллейбус күтіп тұр екен. Аялдамасына келіп тоқтаған көлікке  ол  екеуі аяқ арыта  бергенде біз де ұмтылдық. Қос қыз менің алдымдағы, ал Алдан мен Кейкі ол екеуіне қарсы  орындыққа  жайғастық. Трол­лейбус жылжи бере Кейкі Алданның бүйірінен түртті. Жөн сұра дегені. Менің  назарым  екеуінде. Жөн сұрасып­ біліскесін  қос  қыздың бірі қандай  оқуға келгенімізді  сұрады. «Техникум бола ма, училище бола ма, әйтеуір біреуін­е түскіміз келеді» деді Алдан. Біздің шамам­ызды айтқызбай-ақ шамалад­ы ғой деймін, ол екеуі «жылда наборы толмай жататын еді» деп теміржол техникумы дегенге алып барды. Алдан­ның  «Алматыға  бірінші келуі­міз» деп өтінуімен ол екеуі документтерімізді жүгіріп жүріп қабылдау бөліміне тапсырып, жатақханаға орналаст­ырып кетті. Жақсы болды, Алмат­ы көшелерінде қаңғып қиналмадық. Ай,  бірақ,  дым  көрмеген аңқау­мыз ғой, жатырқамай жан тартып көмек­тескен  ол  екеуінің  жөн-жосығын біліп, танысып  алсақшы. Аңқиып қала беріппіз, апаларымызға  алғыс  айтуға  да  жарамай.

Мектепте үшеуміз де төрт пен беске оқып едік. Шамасы басымыз қатты істейтін болуы керек, емтиханды «ойнап­ жүріп» тапсырдық. Және стипенди­ясын да алатын болыппыз. Бұл не деген бақыт деп қуанышымыз қойнымызға симай жүрміз. Бірақ бұл техникумның оқуы бізге қонбады. Емтиха­нды бізден қазақ мектептеріне арналған программа бойынша алға­нымен оқуы орыс тілінде екен. Ал түс қазақтың қауымында өскен біз орыс тілінен мақұрымбыз. Курстастарымыз шетінен бөтен түстілер, орысша ағып тұр. Солардың  арасында арпа ішінде бір бидай сияқты қазақпыз деген некен­-саяқтар­дың өзі бізге қарайла­сайын демейд­і. Өзімсініп шүйіркелесейік  десек­, үркіп  тұрады. Ал біз «ымға» түсінбей қиналып жүрміз. Дүниенің қорлығы тілден жұтап түсінісе алмау екен.

Сонымен, не керек, қайткенде де осы техникумда оқуға ынтамыз бол­мады. Оқуға  түскендерді  даланың  күзгі қарбалас жұмысына алып кетпей тұр­ғанда біз бұл техникумда оқымаймыз дегенге тоқтап, директорымыз Стариковичтің алдына бардық. Докумен­ті­мізді қайтарып беріңіз деп. Ол кісі басын­  шайқап  отырып, қиналсаңдар да шыдаңдар. Орыс тілін әлі-ақ үйреніп кетесіңдер... - деген пайымда ақылын айтқанымен біз қасарысып отырып алдық. Болмағасын завучты шақырып алып документімізді қайтаруды бұйырды. Завуч ағай да бізді оңашалап: «Бізде қазақтан шыққан теміржолшы мамандар аз. Сендер оқымағанда енді кімдер оқиды?» деп көп үгіттеді. Сонда да көнбедік. Ақырында ағай ашуланып кейіп, документтерімізді алдымызға лақтырып  тастады.

Ертеңіне бізді жатақханадан шығарып­ жіберді. Аңқау басымыз оны ойламап­пыз. Баратын да, тұрақтайтын да жеріміз жоқ. Қаңғып далада қалдық. Содан бір дорба күрішімізді, салмағы жеңілдеп қалған шемоданымызды арқалап­ көшеге шықтық. Өткен-кеткендерден тағы қандай оқу орны барын білгіміз келіп жөн сұрап көріп едік, біздің «лексиконымызды» түсінбей ме, білмеймін, осы қазақ-ау дегеніміздің өзі басын шайқап өте шығады. Торығып келе жатқанымызда құдай оңдап алдымыздан қолына әдемі таяғын ұстаған­ бір келімді кісі ұшырасты. Үшеуміз­ бірдей көкемізді көргендей ассала­умағалайкүм деп, қолымызды ұсындық.  Ақсақал: «Бар болыңдар» деп тоқтады. Қайдан келгенімізді, неғып жүргенімізді білгесін: «Көше-көшеде хабарландырулар ілулі тұрады, соны қарай  жүріңдер, бірдеңе  табарсыңдар» деді. Қуанып кеттік. Біраз көшені адақтап­ әбден  шаршай бастағанымызда бір хабарламаны көзіміз шалды. Физкультура  техникумында қабылдау жүріп жатқанын оқыдық. Корпусы Ташкент­ трассасы бойындағы 171-ші ғимаратта екен. Оқу бірінші октябрьде басталады депті. Әркімнен бір сұрас­тырып жүріп оған да жеттік-ау, әйтеуір.

Бізді әуелгі емтиханда тапсырған көрсеткішіміз бойынша бірден қабылдады. Жатақханасына да ың-шыңсыз орналасып алдық. Арада бір жеті өтер-өтпесте алды-артымызға қаратпай дала жұмысына алып кететін болды. Ендігі уайым, мұнда да орыс тілінде оқытады екен. Амал жоқ, құдайдың басқа салғанын көрерміз дедік. Директоры қазақшаға судай ағып тұр. Бізді Шымкентке мақта теруге жібермекші дегенді есітіп алдына бардық. Біріншіден, артымыздан келіп тұратын көмек жоқ. Екіншіден, алдымыз қыс. Үстіміздегіден басқа (трике кәстөм-шалбар, презент топли) киіміміз жоқ. Бізді осында табыс табатындай қара жұмысқа қалдырыңыз деп жағдайымызды айтып жалындық. Ағайды­ң ұлты армян болса да жақсы кісі екен. Бір сәт ойланып отырды да: «Жарай­ды. Осы Алматының іргесінде «Горный гигант» деген колхоздың басшы­сы менің жолдасым. Соған жіберсем бола ма?» деді. Ойбай, бара­мыз!­ - дедік жарыса. Содан ағай: «Мына үшеуіне табыс табатындай жұмыс бер» деп хат жазып берді.

Кідірмей кеттік. Бір дорба күріштен басқа азығымыз да, тиын-тебеніміз де таусылуға айналған. Жұмыс істесек өлмеспіз деген есек дәмемен ентігіп жетіп бардық. Колхозбастық бізді сегізінші бригадаға барыңдар деп бір адамға  ертіп жіберді. Бригадирі Жұма­гүл деген жылы жүзді апай екен. Бізді бір топ балаларға қосып, сәбіз қазуға алып барды. Содан түскі астан кейін кешке дейін сәбіз қаздық. Жұмыс аяғында апай бізге: «Сендер қайдан келдіңдер?» деді. Айттық қайдан келгенімізді. Апай бір сәт бізге кірпік қақ­пай қарап тұрды да: «Сен үшеуің маған еріңдер» деп үйіне алып барды. Күйеуі Әбдікеш ағай жылқы фермасын бас­қарады екен. Осы үйде тұратын болдық. Апай бірімізді күнде үйге қалдырады, екеумізді жұмысқа алып кетеді. Кезекпен қалғанымыз үйге, малына, құсына қараймыз, отын дайындаймыз, мек­тепте оқитын ұлы мен қызын тамақтандырамыз. Қарнымыз  тоқ.

Қайтарда бір ай сәбіз қазған, капуста жинаған, алма қағып терген еңбегі­мізге колхоз қол қойдырып ақша төледі. Онысын алдық. Оның үстіне апай кол­хоз­бастықпен келісіп, бізге қорабын толтырып бір машина апорт алып берді. Мұндай қуанбаспыз. Апай Кейкі екеуміз­ді Алматыға қайтарып жіберді де, Алданды алып қалды, бізді жатақ­ханадан күтіңдер деп. Алданның айтуы: апай апортымызды Алматының бір курор­тына өткізіп, ақшаға айырбас­таған. Байып қалдық. Апайға деген көңіліміз  таң-тамаша!

Апай демалыс күні келемін, мені күтіңдер деп ауылына қайтып кетті. Қуанышқа толы жүрегіміз жарылмай демалыс күнге де жеттік. Қарашаның соңғы  аптасында  желтоқсанның  ызғары­  кәдімгідей дірдек қақтыра бастады­. Апай  айтқан  күні келді. Соғым­ға жылқы­ жыққан екен. Содан сыбаға­ларың деп шикі ет әкеліпті. Әдейі келген­дегі жұмысы бізге қысқы киім алып  бермек екен. Біз сияқты кедейд­ің көнтулағына  бағасы қымбат киім қайда? Апай қала көшелерін адақ­та­й жүріп бізді ақшамыздың жеткені­н­ше арзандау киімдермен табанымы­здан бастап төбемізге дейін бүтіндеді. Өңіміз тұрғай түсімізге кір­меген спорт формалы бір киер, жылы ботинка, күрте, малақай, мойын шалғы. Несін айтасыз, құдай қазақ жұртына бере  салған­  апамыздың  арқасында тұла­бойымыз жаңарып, адам болып қалдық.

(Жалғасы бар)

 

Пікір қалдыру


Қорғаныш коды
Жаңарту

Күнтізбе

< Қараша 2018 >
      1 2 3 4
5 6 7 9 10 11
12 13 14 15 16 17 18
19 20 21 22 23 24 25
26 27 28 29 30    

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары